• Мәдениет
  • 04 Ақпан, 2010

Сонымен Ка мырза кім екен?

Сонымен Ка мырза кім екен?Соңғы уақытта Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ туындыларынан соны леп, арынды қарқын байқалғандай. Әсіресе, ұлттық компанияның өнімдері шаң басқан архивтерде қалмай, көрерменмен қауышып, тіпті кейбірі халықтың жүрегіне жол тауып жатқандығы қуантады. Сондай туындылардың бірі де бірегейі жақында таныстырылымы өткен «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі.Кеңес дәуірінен бері жүйеленіп, даңғылы дараланған «Қазақфильмнің» ендігі ізденістері өзіндік бағыт пен ұлттық сара соқпаққа сілем тарту екені белгілі. Осы тұрғыда едәуір еңбек атқарылып, игі шаруалар да игеріліп тасталған сыңайлы. Кино – визуалдық жадыны жаңғырта отырып, санаңа көркем дүниені қотара салатын сиқырлы өнер. Сондықтан онда сыр мен сымбат тұнып тұрғаны абзал. Осы аталған құбылысты жандандыра, жаңарта түсу мақсатында биыл «Қазақфильм» сандық замануаи техникаға көшті. Оның алғашқы жемісі де пісіп, ел игілігіне рухани азық болар кезі де алыс емес. Бір қуанарлығы дәуір үндестігі де қайта жаңғырып, ұрпақ жалғастығы қайта жалғанғандай. Соның дәлеліндей, Ш.Аймановтың жасаған кесек образдары мен терең де көркем жұмыстары кейінгі жаңа туындылардың да денесіне қан боп тарап, өзіндік өміршеңдігімен тамыр-тамырды қуалап, тін тартып келеді. Ол кісінің сонау жетпісінші жылдардың бас кезінде экранға шығарған, көрерменмен қауышқан бетте сол сәттегі кеңес киноларының алғашқы қатарынан орын алып, өзіндік шытырман оқиғалы желісімен, актер ойынының қуаттылығымен көрерменін баурап алған «Атаманның ақыры» көркем туындысы одан кейін де сол рухтас талай киноның қозғаушы күші болды. Бертінде түсірілген «Транссібір экспрессі», «Манчжур варианты» атты дүниелер де әр алуан киногерлердің қолынан шыққанымен, өлмейтін сом образдар сол күйін жоғалтқан жоқ. Бастапқыда Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» мен Эльдар Оразбаевтың «Транссібір экспрессі» туындыларының қорытыныдысы ретінде жоспарланған «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмінің сценариі 8 рет қаралып, өзге арнаға ауысқанымен, уақыт өзгергенімен образ, характер сол қалпы. Тағы да сол дарабоз актер Асанәлі Әшімов сомдайтын фильмнің бас кейіпкері – қилы-қилы кезеңдерді басынан өткеріп, соқтықпалы-соқпақты жолдардан өткен есіл ер атамекеннің түтінін аңсап, туған ел, өскен жеріне сапар шегеді. Сұмдығы мен айласы асып төгілген «Гонконг» түрмесінен әккілігімен, талай құқайды көрген сайыпқырандылығымен сытылып шығып, жұртына жол тартады. «Ит тойған жерінде, ер туған жерінде» дейтін нағыз қазақы түсінік біле білгенге. Әр елдің сұм-сұмырайы ошаған тәрізді жабысып, небір сұмдықты ішіне жасырған жылтыр жігіт Игорек (Игорь Волошин) суға кеткен адамның тал қармайтын әдетіне салып, Ка мырзаны есірткі торына шырмайды. Бар бәлені қулығына салып, қарт адамға арта берген сәтте қауқары қайтты деген ержүрек жанның қайрат көрсеткен шынайы күрескер бейнесін көреміз. Фильмнің осы сәтінен басталған Асанәлі сомдаған тау бейненің шымырқанған кезі мен әлемді қанды шеңгеліне салып бүрген есірткі мәселесінің қасіреті қатар бас көтереді. Дегенмен де бас сауғасы үшін басқаны жығу – оған жат. Әлгі жанның пасық пиғылын сезе тұра жолдасына қас қылмайтын арлан қасқыр іспетті, қиыншылық пен қасіреттен қатар құтылуға талпыныс жасайды. Қандай жағдайда болса да әлдеқандай себептермен теріс жолға түскен Игоректің қақпанын қабуға тура келеді, сол қисынмен есірткі билік құрған қасірет мекеніне жол бастап баруға бел буады. Арам іспен қарын томпайтып, есебін түгендеген Алексеев (ресейлік экран шебері Александр Феклистов) пен Қаркеннің (Талғат Теменов) тас зынданына қамалып, шарасыздықтың тар қамытын киуге мәжбүр болады. Қым-қиғаш тағдырларды ерекше құлшыныспен сомдап шыққан Байрам, Килбилл, Ерлан, Лысый секілді тың образдарды дүниеге әкелген актерлер (Гүлшарат Жұбаева, Мұрат Бисенбин, Ержан Түсіпов, Дәулет Әбдіғапаров) құрамы да сәтті ансамбльдік үйлесім тапқан. Отқа оранған жапан далада ию-қию зулаған автокөліктер, қым-қиғаш атыс-шабыс, шытырман оқиғалардың шиеленісіп-тарқауы Голливудтық әдістерге сүйсіне қарайтын жас жеткіншектер мен көпшіліктің назарын аударары хақ. Бұл да жетістік. Көрерменді еліктіру – көп киногерлердің қазіргі таңда оң жамбасына келе бермейтін шаруа, осы тұрғыда заманауи өзгерістер мен қалыптың аңдысын байқап, көрермендерге түйіндеп бере білген режиссер Хуат Ахметовтің де шеберлігін айтпай кетпей болмайды. Фильм оқиғасы географиялық ауқымымен де назар аударарлық. Шығарма желісіне Ресей, Тайланд, Қазақстан елдері арқау болған. Осынша елді қамтыған жайттар әп-сәтте көз алдыңыздан еш кедергісіз толқып өте шыққан. Мұны біз көркем дүниенің композициялық жымдасуының шеберлігіне жорыдық. Толымды дүниенің бір толғаумен бойға сіңгеніне қарап осындай ой түюге әбден болады. Ка мырзамен шахмат тақтасы үстіндегі іштей арбасуы Алексеевтің осал тұлға емес екенін дәлелдей түседі. Осы әрекет есірткі бизнесінің жиренішті қалпын актердің бет бейнесі арқылы аша түскен. Жаһан дертінің ауыр азаптары айқындалып, зардаптары андыздата айғыздап тастаған жараның беті көрініп, онымен бітіспес күреске шақырғандай болады. Көрермен қауымға да мұның бір ғана халықтың емес, дүниежүзі халықтарының бірігіп атқарар ұлы күрес екенін санасына салып, саралауына ұсынылады. Қашан да ұрпақ бойында отаншылдық, патриоттық сезім, еліне, жеріне деген махаббат, ұлтқа деген, адамзатқа деген сүйіспеншілік орныққанда ғана азаматтық, адалдық, парасат секілді ізгі сезімдер жөнінде егіле сөз қозғауға болады. Сонда ұланның да, ұлдарын ұлықтаған елдің де бойы дерттен аулақ болмақ. Фильмнің сан тарауды қуалаған ой қорытпасының бір парасы осыған үндейді. Жақсылық пен жамандықтың күресі – мәңгілік мәселе. «Жаңа тоқынның» туындыларында көп шыға бермейтін қазақ киносының майталманы Асанәлі Әшімовті де бұл фильмдегі адамдар қарым-қатынасының философиясы толғандырса керек-ті. Сөз соңы Иә, оны өзгелер гүл өсіруді жаны сүйетін қарапайым бағбан ретінде таниды. Бірақ бұл Ка мырзаның хоббиі емес, туған жерге деген сағынышы, «өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болсам» деген арманы. Даланы аңсаған қарт ұлдың жусан исін бір иіскесем деген талпынысы. Сондықтан болар, барлық қиындыққа шыдас беріп, туған елге табан тіреген қылмыс әлемінің сақасының ата-баба бейітінің басында елжіреуі. Иә, сонымен жанары құпияға толы Ка мырза кім? Меніңше, ол – рухы күшті, отан алдындағы парызы мен қарызын түсінген азамат. Осындайда Қасым Аманжоловтың өлеңі еске түсері сөзсіз. «Неткен ғажап, неткен ұлы жер едің Неткен күйге жүрегімді бөледің Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем Арманым жоқ бұл өмірде дер едім». Ка мырзаның да айтпағы осы шығар. Қысқа-нұсқа «Кino.kz» сайтының рейтингі бойынша «Сіз кімсіз, Ка мырза?» осы айда алғашқы ондыққа еніп отыр. Ал сауалнамаға сүйенсек, бұл фильмге қатысты ойларын жеткізген 670 адам (23,58% ) – «қатты ұнады», 385 адам (13,55%) – «ұнады», 716 адам (25,2%) – «орташа» деп жауап берген. Таңшолпан Қанатқызы

3435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы