• Мәдениет
  • 18 Ақпан, 2010

Сезімге тұсау жүрмейді

(Ымырттағы махаббат - 100 қойылым) 19 ақпанда Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың қазақшаға аударған Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектакльінің 100-ші қойылымы өтеді. Қоюшы режиссер – ҚР халық әртісі Рубен Андриасян және суретшісі - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов. Алғаш спектакльдің премьерасы 2002 жылдың 29-маусымында өткен еді. Содан бері, міне аттай сегіз жылдың ішінде, қойылым өзінің көрерменінен алыстамай, қайта жұртшылықты әр барған сайын ыстық ықыласқа бөлеп, әркімнің санасында жаңа толғаныстың алауын жағып келеді. Атаулы күнге файеде арнайы қойылымға байланысты мұражай көрмесі болады. Кешке еліміздің танымал ақын-жазушылары, өнер қайраткерлері, өзге де облыстардың театр режиссерлары шақырылып отыр. Алдымен, қойылымның мазмұнына тоқтала кетсек. Ежелден өлмейтін тақырып – әке мен бала арасындағы тартыс. Жетпістегі шал жиырмадағы жас қызға ғашық болып, екеуі де жарасып қосылған екен. Ер жетіп, үйлі-баранды болған ұл-қыздары өгей шешеден дүние-мүлікті қызғанып, ақыры әкелерінің түбіне жетеді. Мұндағы махаббат- тартыстың тілге тиек ілгешегі. Негізінде дүниеқоңыздық пен көрсеқызарлықтан туған қаскөйлік, адамдардың азғындауы. Оқиға 30-шы жылдардың басындағы қоғам өмірінің іріп-шіруі, ақыры Германияда үкімет басына фашизмнің келуіне себепкер болған жағдайлардың алғашқы сарынын мезгейді. Басты рөлде - Маттиас Клаузеннің образын сомдайтын КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреатыт - Асанәлі Әшімов, Инкен Петерс- Назгүл Қарабалина - Тарлан сыйлығының иегері және өзге де танымал театр майталмандары қойылымды сахналайды. Ең алғаш рет «Ымырттағы махаббат», естеріңізде болса 2002 жылдың 29 маусымында сахналанған еді. Содан бері, міне аттай сегіз жылдың жүзі өтсе де, көрермен көңілінен суымай, қайта әр қойылған сайын құлашын кең жайып, шарықтап келеді. Рубен Андриасян, қоюшы режиссер: «Мен бұл пьесаны Асанәлі Әшімовке лайықтап дайындадым. Бұл жиырмасыншы ғасырдағы өте трагедиялық қойылым еді. Адамзаттық болмыс және биік мораль жөнінде толғайды. Қойылымның ғұмыры әлі де ұзаққа созылатынына сенем» Есмұхан Обаев, театрдың көркемдік жетекшісі: «Бұл шығарманың құндылығы сонда, бірінші қойылымның қазақша аударымын жасаған Қалихан Ысқақ, екінші негізгі тізгінді әлі ұстап келе жатқан, 100-ші рет ойнағалы отырған Асанәлі Әшімов және білікті режиссер Рубен Андриасянның еңбегінің жемісі деп бағалауға болады. Қойылымдағы тартыстар, кейіпкерлердің образы арқылы жеткізілген сан қилы типтер бүгінгі қоғамда әлі де бар. Және ең басты бәрінің басында тұрған махаббат, мәңгілік тақырыптың арқасында «Ымырттағы махаббаттың» көрермені ортаймайды. Ғұмыры ұзақ болсын деп тілейік. Амандық болса 200-ші қойылымының да куәсі боларсыздар». Назгүл Қарабалина - Инкен Петерс: «Қойылымның жоғары бағалануының басты себебін спектакльді біздің мәдениетімізге лайықтап дайындаған режиссер Андриасян мен бас кейіпкер Асанәлі Әшімовтің еңбегімен байланыстыруға болады. Екеуі де өнер әлемінде қос мэтор жұлдыз. Рас, ең алғаш Инкенді сахналағанда қиындықтар болды. Бірақ, театрдың ғажаптығы сол, спектакль жүрген сайын бұрын байқамаған әр түрлі кейіпкердің қырлары ашылып, шеберлігіннің шыңдалуыңа ол да бір септігін тигізеді. Жас қыз Инкеннің мұңы мен қуанышы, бақыты мен қайғысы, Маттиасқа деген махаббаты, бәрі мен үшін өмір, өмірімнің бөлшегі. Өйткені, қандай ойнайтын рөл болса да, көңілінде алатын орны бөлек. » «Ымырттағы махаббаттағы» сезім шырғалаңы, жоғарыда айтылған қазіргі қоғамның дертіне айналған адамдар арасындағы тартыстың куәгері болғыңыз келсе, 19-ақпанда сізді театрда күтеміз, ағайын.

Асқарбек ҚАЗАНҒАП, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 1-курс студенті

3259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы