• Мәдениет
  • 18 Ақпан, 2010

«Заманға сай саз керек»

www.anatili.kazgazeta.kzӨткен аптада Елордадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында отандық композиторлар мен драматургтердің, ақындардың шығармашылығын тікелей қолдауға, ұлттық опера және балет, драмалық театрлар, жалпы музыка саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жариялаған тұңғыш республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы театр қайраткерлерімен кездесуінде тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін насихаттап, жаңа рухани құндылықтарын, мәдени өміріндегі жетістіктерін айшықтайтын жаңа туындылар жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі былтырғы жылдың мамыр айында «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық байқау жариялаған еді. Байқауға КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығай, Халық әртістері Рамазан Бапов, Есмұхан Обаев, Қайрат Байбосынов, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Тілеухан сынды қазақ өнері мен мәдениетінің маңдайалды қайраткерлері қазылық етті. – «Тәуелсіздік – бабаларымыз ғасырлар бойы армандап біздің ұрпақ жүзеге асырған барлық қазақстандықтар үшін ең қасиетті құндылық». Елбасымыздың осы сөзі – бүгінгі «Тәуелсіздік толғауы» атты халықаралық байқауымыздың басты байламы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан кешегі посткеңестік елдердің ішінен әлем таныған үлкен мемлекетке айналды. Еліміздің беделін Еуропа мен Азия түгел мойындады десек артық айтқандық емес. Биыл Елбасының басшылығыменен Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығын бастады. Міне осындай кезде ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, «заманға сай саз керек». Сондықтан Елбасымыз Тәуелсіздік мұраттарына, идеалдарына сай, осы заманғы көрермендер шын көңілімен көретін, қазіргі тәуелсіздік заманында туған жастардың жүрегінің төрінен орын алатын жаңа музыкалық шығармалар жазу және оны сахналау жөнінде тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы орындау мақсатында біз осы байқауды жарияладық, – деді салтанатты кештің ашылуында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұған дейін қалтарыста қалып келген опера мен балет сынды класси¬калық жанрлар соңғы жыл¬дары жаңа сипатқа ие болып, тың туындылар дүниеге келе бастады. Әсіресе, ұлттық опера мен балет қойылымдарына ерекше назар аударылуда. Үздік авторлар, компози¬тор¬лар мен либреттошылар тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-рухани келбетін айшықты өрнектейтін жаңа шығармаларымен сахналық репертуарды байытып, отандық туындыларды әлемдегі айтулы өнер сахналарында насихаттауға мүм¬кіндіктер туды. Мұхтар Абрарұлы ел ішінде «тапсырыспен жазылған дүние жүректен шықпайды» деген ұғым қалыптасуы мүмкін екенін айтып, негізінен алғанда әлемдік опера мен балеттің ұлы шедеврларының кем дегенде үштен бірі тапсырыспен жазылғанын еске салды. Ұлы композиторлар жазған бұл шығармалар әлі күнге дейін әлем сахналарының репертуарынан түспей келе жатыр. Айта кетерлік жай, республикалық деңгейде өткізілген байқауға еліміздегі өнер қайраткерлерімен қатар Канада, АҚШ және Германия елдерінде тамаша табыстарға қол жеткізіп жүрген қандастарымыз да қатысыпты. – Біздің АҚШ, Германия, Канада елдерінде қызмет істеп жатқан және өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін осындай алып мемлекеттерде көрсете білген композиторлар осы байқауға қатысты. Байқау осынысымен құнды. Енді жеңімпаз болған шығармалар биылғы жылдың өзінде Қазақстанның жетекші театрларында қойылады, – деді министр. Республика¬дағы драмалық және опералық театрлар¬дың көкжиегін кеңейтіп, авторлар¬ды молынан тартуда үлкен рөл атқаратын, сыйақысының көлемі 24 миллион 200 мың теңгені құрай¬тын, музыка мен драматургияның алты саласын қамтитын аталған байқау «Ең үздік драмалық пьесалар», «Ең үздік опера¬лық шығармалар», «Ең үздік балеттік шығармалар», «Ең үздік камералық музыка», «Ең үздік қазіргі заманғы әндер», «Ең үздік балалар әндері» атты алты аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. Сонымен «Ең үздік балеттік шығармалар» аталымы бойынша байқауға жолдан¬ған төрт шығарманың ішінен бірінші жүлдеге Ә.Бестібаевтың «Жерұйық» ба¬леті лайық деп танылып, жеңім¬пазға жүлдені Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Бапов табыс етті. Екінші орын Б.Қыдыр¬бектің «Адамзатқа аманат» балетіне бұйырды. Айта кету керек, отандық хореография өнерінің ең алдыңғы беттері Р.Бапов, Р.Байсейітова, Б.Аюханов, С.Көшербаева сынды танымал тұлғалардың есімдерімен толыққан. Дәстүр жалғасып, олардың ізінен бүгінде Қазақстанның қазіргі заманғы балет мектебін лайықты дәрежеде танытып жүрген талантты балет әртістері еріп келеді. Сондықтан алдағы уақытта қазақ балеті жаңа шығармаларымен әлемді мойындатады деген сенім мол. «Ең үздік балалар әндері» аталымынан «Егемен¬ді елім-ай» әнімен бірінші орынды жеңіп алған М.Ілиясовқа жүлдені белгілі композитор Марат Омаров табыс етті. Ал екінші орын С.Еркінбековтің «Свет дальней звезды» әніне, үшінші жүлде Ш.Қорған¬бекова¬ның «Бала бақыты» әніне берілді. Балаларға арналған шығар¬маларға соңғы кездері ерекше назар аударыла бастауы жаңа есімдердің қалыптасып, әлемдік сахналарда танылуына өз септігін тигізуде. Биыл байқауға 44 шығарманың жолдануы балалар әндеріне деген сұраныстың алдағы уақытта да кемімейтінін байқатып отыр. «Ең үздік камералық музыка» аталымы бойынша байқауға 19 шығарма түссе, бірінші жүлде Арман Жайымовтың скрипка, фортопияно, виолончель аспаптарына арналған «Көроғлы» триосына берілді. Жүлдені Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев тапсырды, екінші жүлде А.Тоқсанбаевтың «Дала нақыстары» поэмасына бұйырса, үшінші орын Ә.Мәмбетовтің «Трио-элегиясына» бұйырды. «Ең үздік қазіргі заман әндері» аталымы бойынша Р.Байдалының «Туған елім, дархан жерім» әні бірінші орынды иеленіп, жеңім¬пазға жүлдені «қазақтың бұлбұлы» Бибігүл Төлегенова табыс¬тады. Ал А.Тәниеваның «Астана» әні екінші жүлдені иемденсе, Е.Әлікеевтің «Алға, Қазақстан!» әні үшінші жүлдені қанжығасына байлады. Бұл жеңімпаздарға жүлдені Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов табыс етті. «Ең үздік драмалық пьесалар» аталымы бойынша үміткерлерден 42 шығарма түсіпті. Солардың ішінен қазылар алқасы сараптай келе драматург Дулат Исабековтің “Жаужүрек” пьесасын бірінші орынға лайық деп тапқан, жүлдені белгілі сыншы Әшірбек Сығай тапсырды. Екінші жүлделі орын жазушылар Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз» пьесасы мен Ж.Әлмашұлының «Жапон аруының арманы» пьесасына бұйырды. Үшінші жүлдені еншілеген И.Оразбаевтың «Портмо¬не» пьесасы мен Т.Жандәулетовтің «Жұбай саудасы» пьесасына жүлдені белгілі режиссер Есмұхан Обаев табыстады. Ал «Ең үздік опералық шығар¬малар» аталымы бойынша төрт шығарманың арасынан А.Серкебаевтың “Байтерек” операсы жеңіп шығып, жүлдені Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі табыстады. “Тәуел¬сіздік толғауы” байқауын қоры¬тын¬дылаған министр, «Бәсекеге қабілетті бір сала болса, ол мәдениет саласы. Біз өткен жылы Еуропаның бірталай елдерінде өнер көрсеттік. Қазір Ла Скала театрын¬да тоғыз балет әртісі тәжірибелерін байытуда. С.Байғожин, Б.Әмір¬жанов, С.Ахметова Италия¬да өнерлерін ұштап жүрсе, баритон дауысты жас дарын А.Жыл¬тыркөзов жақында Венаға аттанбақ. Ең бастысы, бұл байқау театр репертуарларын байытуға мүмкін¬дік туғызады», - дейді. Салтанатты шара барысында министрліктің 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан маңызды шараларының бірі – VІ республикалық “Елім менің” патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқаудың «Атамекен» аталымы бойын¬ша бірінші жүлде композитор Т.Нағашыбаевтың «Қызыл¬орда» әніне, «Аманат» аталымнан бірінші жүлде композитор А.Кәкиевтің «Ақанға арнау», ал «Елдің ері – Бауыржан» аталымының бірінші жүлдесі Д.Әбілдиновтің «Елдің ері – Бауыр¬жан» әніне тиді. Жүлдені Парла¬мент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл тапсырды. Мерекелік кешке К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының әртістері, халықаралық конкурстардың лауреаттары Эльдар Сәрсенбаев, Әсем Құсайынова, астаналық “Бәйтерек” тобы, белгілі әнші Алтынай Жорабаева, Бақыт¬жан Мұсақожаева дирижерлік ететін камералық оркестр және басқа да өнер шеберлері қатысып, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Әбіш Кекілбайұлының “Абылай хан” драмасынан монолог оқыды. Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

3757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы