• Тарих
  • 13 Тамыз, 2015

«От тұяқ кең даланы дүбірлетіп...» Алматыда суретші М.Кенбаевтың көрмесі өтті

Ұлттық рухтың қайта жаңғырып түлегені рухани егемендікке қол жеткізгеннің бір айғағы. Халқымыздың дәстүрлі таным түсінігінен бастау алатын кәсіби кескіндеме өнерінде сананы селт еткізер туындыларды өмірге әкеліп ұлттық көркем мектепті жаңа бір деңгейге көтерген суретші Молдахмет Кенбаев есімі ел ішінде ғана емес, өзге елдерде де жақсы таныс. 1950-жылдары қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік із қалдырып, бейнелеу өнерінің ұлттық көрінісін жасаған суретші шығармалары бүгіндері Ресейдің Третьяков галереясында және ТМД елдерінің мұражайларында сақталған. М.Кенбаевтың «Құрық салу» суретін тамашалағанда көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың: «...Шап айыл, төс айылды шірей тартып, жүйрікпен жол тартатын көңіл-жігіт. От тұяқ кең даланы дүбірлетіп, терлікті терге малар со күнді күт!» деген жыр жолдары ойға оралады. Биыл қылқалам шеберінің туғанына 90 жыл толуына орай Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында жеке көрмесі ашылды. Көрмеге оның 40-қа тарта туындысы жұртшылық назарына ұсынылды. Далалық көшпелі халық мәдениеті жанрын өз жұмысына арқау еткен Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығында ұлттық нақыш, ұлттық бояу бірден байқалады. Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков суретшінің осы ерекшелігін баса айтты. «Молдахмет Кенбаев еуропалық суретшілік мектепті жақсы меңгеріп, оған өзіндік ұлттық жаңалықтар мен өзгешеліктер қоса білген үлкен дарын иесі. Оның қай шығармасын алсаңыз да ұлттық мәдениет, қазақы тұрмысты, көшпелі өмір салттың көріністері шынайылықпен табиғи түрде жеткізілген. Осылайша ол биік те асқақ өнері арқылы қазақтың бай мәдениетін таныта білді» деді Б.Өмірбеков. Молдахмет Кенбаев туындыларында қанық та ашық түстер молынан кездесіп отырады. Өнер иесінің бастапқы кезеңдердегі салған суреттері мен кейінгі суреттерін салыстырсақ, о баста ұстанған бағытын жоғалтпай, қайта оны тереңдетіп кеңейте түскені аңғарылады. Қазақтың кең даласы суретшінің басты тақырыбына айналған. Ол өз естеліктерінде даланың кеңдігі мен шексіздігін, сұлулығын сурет арқылы халыққа жеткізуден асқан бақыт жоқ екенін айтады. Көрмеден суретшінің 1957 жылы салынған «Сұхбат» және «Құрық салу» деп аталатын әйгілі екі шығармасын тамашалауға болады. Аталған туындылардан суретшінің ұлттық құндылықтарға ерекше мән бергенін айқын көреміз. Түстердің үйлесімділігі, композицияның біртұтастығы даланың сұлулығы шебер қиюласқан. «Құрық салуда» бар екпінмен шапқан ақ боз ат пен оны құрықтауға ұмтылған екі жылқышы бейнеленген. Осы шығарманың өн бойынан қазақтың далалық рухы, ат тұяғының дүбірі ерекше сезіледі. Ал «Сұхбат» атты туындысы лирикаға толы. Суретші бұл арқылы табиғат пен адам арасындағы көзге көрінбейтін үндестікті айшықтап, ұлттық бітім-болмысты ашуға тал­пынғанын байқаймыз. Көрмедегі туындылар ішінен «Киіз басу» туындысы көлемі жағынан шағын болғанымен, көрерменін бірден өзіне баурайды. Мұнда да ұлттық бояу басым. Суретші өз шығармасында қазақ әйелдерінің еңбекқорлығын сәтті бейнелей білген. Сонымен бірге суретші шығарма­шылығында тың игеру тақырыбына арналған туындылар да аз емес. «Қойшының әні» атты туындыда алғаш рет адам мен табиғаттың тұтастығы айшықталған. «Сабан той» деп аталатын триптихы сол заманды, қазақтың кең жайлауын көз алдыңа әкелуімен ерекше. Сол сияқты «Қара айғыр», «Жайылымда», «Суат басында» сынды туындылары туған жерін ардақтайтын суретшінің жан дүниесін айғақтайды. Ұлттық ерекшелікті іздестіру жолында көп еңбек еткен қылқалам шеберінің Құрманғазы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Шаляпин мен Горькийге арнап салған портреттері де кейіпкерлердің әлемін, болмыс-бітімін даралай түскен.кенбаев 2 Өнертану ғылымының кандидаты Г.Сарықұлова: «М.Кенбаевтың шығармашылығында табиғатқа деген шынайы ғашықтық, шат-шадыман қуаныш сезімі, дүниедегі бар құбылысты ақындық шабытпен қабылдау қасиеті назар аударады. «Шопан әні» туындысындағы қазақ бейнесі ұлтқа тән асқақ сезімге, парасатқа толы, сонымен қатар бұл – қазақ эпосындағы батырлар бейнесімен үндесіп жатқан қаһарман тұлға. Шығарманы көргенде туған ауылына қайтып келе жатқан жас Абайдың: «Сағындым ғой өзіңді! Туған ауылым, сүйікті сары далам менің! деп еміренген сөздері еріксіз еске түседі» деп атап өткен болатын. Иә, қазақтың халық шығармашылығындағы ең жақсы әрі бай дәстүрлерімен ұштасып, өріліп жататын, бейнелердің ашық та мәнді әуезділігімен, сезімдік өткірлігімен көз қуантып, көңіл баурайтын бояулардың декорациялық тұрғыдан саралануы – қазақ суретшілерінің кескіндемелік шығармаларына тән ерекше қасиет екені сөзсіз. Қылқалам шеберінің өмірді ұғынуы, түйсінуі бояу түстерінің ғажап жарасымымен, мейлінше нәзік әрі кемеліне келіп, толысқан әсем құрылымынан да айқын көрініс табары анық. Ол өмірдің сырларын бояулар әлемі мен дүниесі арқылы жеткізген. Шығармаларының ерекшелігі сыр-сезімнің тазалығында, түстердің поэ­зиясында, ұлттық лебінің тынық тереңдігінде екені күмән туғызбайды. Суретші туындыларының қай-қайсысы да талғамының нәзіктігімен, орындау шеберлігімен сүйсіндіріп, ерекше көз тартады. Бұл таңдап алған тақырыбын ерінбей-жалықпай терең зерттеудің, оған деген қалтқысыз ықылас-ынтаның, шабытты еңбектің жемісі. Ел табиғатының сұлулығы мен ерекшелігін эмоциялық түйсіну шынайылықпен, лирикалық сезімталдықпен ғажап ұштасып, ұласып жатқандай әсер қалдырады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

9087 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы