• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

Қара базар қамықтырды

Батыс Қазақстан облысында теңгенің құнсыздануынан кейінгі әлеуметтік жағдайды нақты сараптап беретін ешкім жоқ. Қаладағы қара базарды аралап, бағаны өз көзімізбен көруге бел будық.

Теңгенің “абыройын айрандай еткен” Ұлттық банктің әмірі Оралға да келіп жетті. Бірақ ресми бағам 1 АҚШ долларына – 150 теңге деп бекітілгенімен, мұнда доллар құны 160-165 теңгеге дейін шарықтады. Халық тек түске таман ғана ұйқысынан оянып, жағдайды естіп, “ойбай-ау, көк қағаз қымбаттап кетіпті ғой” деп таң-тамаша боп жатқанда, құлағы түрік “валютчиктер” сәрсенбінің таңы атар-атпастан айырбас пункттеріндегі шетел ақшасын бастапқы 120-122 теңгеден түгесіп сатып алып, оны 160-165 теңгеге қайта сатып, екі ортада қалталарын қалыңдатып алды.

 Орал қаласындағы “Мир электроники”, “Планета электроники”, “Сулпак”, тағы да басқа тұрмыстық техника бұйымдарының сауда үйлері мен дүкендері теледидар, тоңазытқыш, кір жуғыш мәшине секілді тауарлардың бағасын бірден 25-30 пайызға өсіріп жіберді. “Талап” АҚ-ның дәріханаларында кейбір дәрі-дәрмек 15-50 теңгеге қымбаттады. Тұрмыстық техника мен дәрі-дәрмектің қымбаттауына қатысты кәсіпорын басшылары мен сатушылар: “Бұлар – импорттық тауарлар, сондықтан тауар бағасын көтеруге мәжбүрміз” деген уәж айтты.

 Халықтың былайғы қызметтен қолы босап, қара базарға баратын уақыты,  әрине, сенбі-жексенбі. Оралдағы ең үлкен әрі ең арзан сауда орны саналатын қаланың қақ ортасындағы орталық “Мирлан” базарында баға аумалы-төкпелі болды. Ең бастысы, қазіргі билік “алғашқы қажеттіліктегі тауарлар” деп тізімін бекітіп, ат қойып, айдар таққан, қазақшалап айтқанда, кәдімгі ас-су, азық-түлік қымбаттаған жоқ. Наубайханалардың арнайы дүңгіршектеріндегі нан бағасы өзгермеді. Жоғары сортты нан – 50-55 теңге, “әлеуметтік” нан – 40 теңге, тіпті “Желаев” АҚ-ның дүңгіршектерінде 35 теңгеге түсті. Бірақ бұл – арнайы дүңгіршектегі баға, ал дүкендерде нан бағасы – 60-65 теңге.

 

Ардақ НЫҚМҰҚАНОВА, Орал

3069 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы