• Ақпарат
  • 18 Наурыз, 2010

Ендігі керегі – нақты іс

Ендігі керегі – нақты іс«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мемлекеттік тілдің көкейкесті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, жазушы Дидахмет Әшімхан, «Арыс» баспасының директоры, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес, филология ғылымдарының докторы Жамал Манкеева, Алматы қалалық Тіл басқармасының бастығы Мамай Ахетов, сонымен бірге «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим қатысты. Дөңгелек үстелді «Ана тілі» газеті тіл бөлімінің редакторы Нұрперзент Домбай жүргізіп отырды. Кіріспе соз сөйлеген Ж.Кенжалин биылғы жылғы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында да тіл мәселесі атап өтілгенін айтты. Сонымен бірге қазіргі таңда Тілдерді қолдану мен дамытудың алдағы жылдарға арналған жаңа Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын, бүгінгі дөңгелек үстел басында ортаға салынар ойлар мен ұсыныс-пікірлердің аталған бағдарламаны қабылдарда көмегі болатынына тоқталды.

Іргетас мықты болсын

Нұрперзент Домбай: – Мемлекеттік тіл қоғамда үстемдік құру үшін ең алдымен қажеттілік, сұраныс болу керек дегенді жиі айтамыз. Осы қажеттілік пен сұранысты тудырудың жолдары қандай? Бұл туралы не айтар едіңіздер? Әңгімемізді осыдан бастасақ. Шерубай Құрманбайұлы: – Тілге мемлекеттік мәртебе берген кез келген мемлекет елде сол тілдің қолданылуын қамтамасыз етуі керек. Өйткені, мемлекеттік тіл Әнұран, Елтаңба, Туымыз секілді негізгі нышандарымыздың бірі. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін оны бүкіл азаматтар білуге тиіс. Мемлекеттің кез келген аймағында, қоғамдың өмірде, мемлекеттің барлық саласында қолданылуы керек. Мемлекеттік тілдің негізін бекітеміз десек онда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғаны жөн. Осы мәселе орынды көтеріліп жүр. Міне, осы заңда мемлекеттік тілдің мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, әсіресе ұлттық компанияларда («Казахтелеком», «Қазақстан теміржолы» және т.б.) қолданысы тайға таңба басқандай көрсетілуі керек. Тіл туралы заңның қабылданғанына да жиырма жыл болды. Алайда экономикада, банк жүйесінде, сот жүргізу ісінде, іс қағаздарын жүргізу саласында мемлекеттік тіл толыққанды жұмыс істеп жатыр деген жауапкершілікті ешкім мойнына ала алмайды. Қажеттілікті туғызудың бір жолы ретінде тілдік жоспарлауды айтуға болады. Онда атқарылар шаруалар нақты көрсетілуі керек. Тілдік жоспарлау деген мемлекеттік тілді жүзеге асырудың нақты механизмі. Ол негізделуі керек. Ол ғылыми негізде, қазіргі тілдік жағдаяттар, статистикалық мәліметтер, әлеуметтік зерттеулердің негізінде жасалуы тиіс. Негізін қалау деп отырғанымыз – ол іргетас. Үйіміз жақсы тұруы үшін іргетасын жасаймыз. Біздің іргетас деп отырғанымыз – балабақша, бастауыш мектеп, орта мектеп және жоғары оқу орны. Жалпы, мемлекеттік тілдің жүзеге асырылуының негізі осы білім беру жүйесі арқылы қалыптасуы керек. Егер біз жиырма жылда балабақшаларымызды дұрыс жолға қойғанда, бүкіл қазақ баласы қазақ балабақшасына баратындай жағдайды, қазақ мектептерін сапалы оқулықтармен, білікті ұстаздармен, қазіргі заманға лайық ғимараттармен қамтамасыз еткенде тілдік жағдайымыз басқаша болар еді. Тіл туралы қабылданар жаңа Бағдарламада осы іргетас мәселесін ойластырмасақ, 2040 жылы біз тағы да қазақ тілін оқыту орталықтарын ашып, бүгін мектепке барған қазақтың баласын жиырма жылдан кейін мемлекеттің қалтасынан ақша төлеп, қаржы бөліп, орталықта оқытып отыруымыз мүмкін. Бұл кімге қажет? Бізге онда балабақшаның, мектептің қызметінің керегі не? Егер біз балаға он жыл мектепте, одан кейін бес жыл жоғары оқу орнында мемлекеттік тілді үйрете алмасақ, бұл сонда қандай білім жүйесі, қандай ата-анамыз, қандай ұлтпыз?

Терминологиядағы екі үрдіс

Дидахмет Әшімхан: – Бірінші айтайын дегенім, тілге байланысты қабылданатын мемлекеттік бағдарлама он жылға емес, бес жылға арналып жасалуы керек. Екінші, қажеттілікке байланысты жаңа сүйекті мәселелер айтылды. Енді сүйекшелерден бастайық. Барлық кілтипан солқылдақта. Мысалы, бір жерде «магазин» деп тұр, соның қасында «дүкен» деп тұр. «Магазинді» құртпай түк те болмайды. «Ресторан», «мейрамхана» дейді. «Мейрамхана» сөзі қолдан жасалған. «Ресторан», «кафе», «парк», «аптека»... дүние жүзінде осылай аталады. «Перестройка» орыс сөзі болғанымен дүние жүзінде «перестройка» болып кетті. «Колбасаны» «шұжық» деп аударып жүр. Ол ешқандай шұжық емес. «Қазыны» орыстар да «қазы» дейді. Жер-су атауларына қойылған белгілердің үлкен әсері бар. Алматы облысында «Үшарал» деген жер бар. Сонда «Учарал» деп жазулы тұр. Елден сұрасаң «Учаралға бара жатырмын» немесе «Учаралдан келе жатырмын» дейді. Негізі, қазақша күйінде қалу керек қой. «Редакторлар клубы» деген құрылса деймін. Көп мәселелерді бірлесіп шешуде мұның көмегі зор. Қоғамдық белсенділік болмаса түк шықпайды. Қоғамдық белсенділікті арттыруымыз керек. Терминкомда бекітетін дүние көп. Орынды сөздер бар. Ал, жоқ дүниеден сөз жасау миға кірмейді. Оралхан Бөкеев айтатын: «Ақсағын қойып, сауын түгендеп алайықшы» деп. Менің де айтпағым сол – «сауын» түгендеп алайықшы. Шерубай Құрманбайұлы: – Әлемде терминологияны қалыптастыруда екі үрдіс бар. Біріншісі – терминологияны халықаралықтандыру, екіншісі – терминологияны ұлттық негізде қалыптастыру үрдісі. Біз кеңес кезінде терминологияны халықаралықтандыру бағытын ұстанып алдық. Шектен тыс ұстанғанымыз соншалық, біз термин шығармашылығы, термин жасау, ұлт терминдерін қалыптастыру, термин жасауда ұлттық лексикалық қорды пайдалану... дегендердің алдына бөгетті өзіміз қойдық. Біз жетпіс жыл бойы терминді көп жағдайда орыс тілінен көшірумен келдік. Термин шығармашылығы болған жоқ. Термин жасауға мүмкіндік беру керек. Дидахмет Әшімхан: – Терминді аударуға қарсы емеспін. Бірақ аудара алатындай деңгейге жету керек. Барлық нәрсені жаппай аудару – жиіркендіреді. Терминдерді біртіндеп аударуымыз керек. Ғарифолла Әнес: – Бізде терминология, ономастика деген комиссиялар бар. Енді бізге орфография және әліпби деген комиссия қажет. Не болмаса, осы үш комиссияны біріктіріп, бір комиссия құрып, оны ғалымдарға беру керек. Тілдің мәселесін басқалар емес, ғалымдар шешеді. Қажеттілік дегеннен шығады. Әрине, үкіметтің саясаты дұрыс. Тілді үйрету керек. Халықты мойындату керек. Бірақ, шын мәнінде үкіметтен қаржы шығарып, олай үйреткеннен гөрі әр адам өзі үшін жанталасып үйренгені дұрыс. Осы болмай тұр. Меніңше, мемлекеттік тіл туралы заң, ономастика туралы заң... дегендердің керегі жоқ. Бізде Тіл туралы заңымыз бар ма? Бар. Оның тек қана бір бабын алып тастау керек. «Қазақ тілі мен орыс тілі тең қолданылады» деген. Жаңа Бағдарлама туралы айтылып жатыр. Осының алдында да Бағдарлама болды. Міндет – сондағы мүмкіндіктерді жетілдіру. Дидахмет Әшімхан: – Бәрібір де Мемлекеттік тіл туралы заң керек. Бір-ақ заң. Басқа заң емес. Мемлекеттік тіл туралы заңның керектігі жөніндегі ұсынысты бәріміз де қолдауымыз керек. Бір заңға сүйенуіміз керек. Заңсыз ештеңе бітпейді. Шерубай Құрманбайұлы: – Конституциямызда мемлекеттік тілге түсініктеме берілген. Айрықша мәртебеге ие тіл. Сол айрықша мәртебесін мемлекеттік туралы заңда анық көрсетуіміз керек. Заң сол үшін қажет.

Балабақша қазақша болуы керек

Ғарифолла Әнес: – Қазаққа қатысты нәрселерді қазаққа зияны тиер деп айтпай келдік. Сонан өзіміз зардап көріп отырмыз. «Арбаны да сындырмайық, өгізді де өлтірмейік» деген сияқты қазақ тілін де дамытамыз, орыс тілін де дамытамыз, ешқандай тілге шектеу қоймаймыз дедік. Негізі, шындыққа келсек, бір тілді шектемей, екінші тіл дамымайды. Орыс тілін шектегенде Ресейдің орыс тілін шектемейміз. Біздің айтып отырғанымыз Қазақстандағы орыс тілінің мәселесі. Қазақ тілін дамыту үшін міндетті түрде шеттеу керек. Барлық балабақша қазақша болу керек. Онда қазақтың да, орыстың да, немістің де..., байдың да, кедейдің де баласы, бәрі қазақша тәрбиеленуі керек. Сосын, қазақ мектебі, орыс мектебі, өзбек мектебі... деген болмау керек. Дүние жүзінің бар елінде мектеп деген сөз ғана жазылып тұрады. Мынандай тілдегі мектеп деген болмайды. Балабақша таза Қазақстанның балабақшасы болу керек. Қазақ тіліндегі балабақша болу керек. Осы жүйені кіргізсек мектептің жағдайы түзеледі. Шерубай Құрманбайұлы: – Біз өзімізді сыйлай алмай отырған халықпыз. Қазақтар жүз пайыз балаларын қазақша оқытатын болса, кәріс те, неміс те, орыс та балаларын қазақ мектебіне апарады. Жамал Манкеева: – Балабақшаларда тәрбиелік жұмыс жүргізетін бағдарлама жоқ. Сол баяғы кеңестік үлгілер. Содан кейін тәрбие қайдан оңсын. Отбасындағы тәрбиені түзеуіміз қажет. Біздің кейбір атақты жазушы, ғалым ағаларымыздың балалары қазақша білмейтінін көргенде қатты қынжыламыз. Самат Ибраим: – Орыс мектебіндегі бала қазақ тілін он жыл оқиды. Университетте тағы да оқиды. Сол он-он бес жылда бір ауыз қазақша білмейтіндері – ойланарлық мәселе. Ғарифолла Әнес: – Бізде оқыту бағдарламасын өзгерту керек. Бір мектеп болу керек. Қазақ мектебі ғана болу керек. Балабақша да солай. Басқа балабақша болмау керек. Өйткені біз – мемлекетпіз. Қазақ мемлекетіміз. Өз билігіміз өзімізде. Бізде бір-ақ жол бар. «Балапан» бағдарламасы бойынша Қазақстандағы балабақша жүз пайыз қазақша болу керек. Бастауыш мектеп жүз пайыз қазақша болу керек. Сөйтіп, сөйтіп сатылап көтеріле береді. Бұл болмай ештеңе өзгермейді. Осы жерде, мәселен, орыстың баласы неге қазақ балабақшасына бару керек деген әңгіме шығуы мүмкін. Таңдау болу керек деулері де мүмкін. Мынаны айтайын, ешбір ел таңдатпайды. Мен Иранда болдым. Жергілікті халық отыз-қырық пайыз ғана екен. Бірақ сол елде ешқандай халықтың мектебі жоқ. Түркияда да солай. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау» саясатымен жиырма жыл жүрдік. Осымен жүре берсек тағы да жиырма жылымызды жоғалтарымыз анық. Ендігі керегі – нақты іс. Бәрін балабақшадан бастау керек. Жетім балалар үйі немесе Балалар үйі деген бар. Жетім балаларға үкімет жүз пайыз ақша төлейді. Неге біз оларды орысша тәрбиелейміз? Түрмені алайық. Мұндағылар құқтарынан айрылғандар. Неге біз оларды орыс тілінде тәрбиелеуге тиістіміз? Неге бұл мекемеде орыс тілінде іс жүргіземіз? Мамай Ахетов: – Біз нақтылы іске жоқпыз. Алматыда көптеген қоғамдық ұйымдар бар. Олар үкіметтен қаржыландырылып отыр. Осылардың мемлекеттік тілді орнықтырудағы белсенділіктері төмен. БАҚ-тардың ішінде қазіргі таңда теледидардың алар орны ерекше. Қазақтың беделін түсіретін, қазақты мазақ ететін хабарлар шықты. Бұлардың ұлттық санаға тигізер зияны көп. Жамал Манкеева: – Теледидар жүргізушілеріне айтар сын көп. Олар мәтін қалай жазылған, солай оқиды. Бұлар ұсақ нәрселер емес. Теледидардағы қазақша бағдарламаларды жастар қызығатындай жасау керек. Олар соны күтіп отыратындай болуы керек. Көп бағдарламалар Ресейден көшіріледі. Олар біздің психологиямызға сай келмей жатады. Ғарифолла Әнес: – Қоғамдық ұйымдардың белсенділігі төмендігі екендігі жақсы айтылды. Бірақ... Мемлекеттік органдар да көп іс тындыра алады. Астанада Үкімет үйі, Қазақстанның Жоғарғы Соты, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі деген жазулардың бір-ақ тілде – қазақ тілінде ілінгеніне жеті-сегіз жыл болды. Ақорда өзгелерге үлгі көрсетіп отыр. Осыны неге іліп алып кетпеске? Мен Атырау, Маңғыстау облыстарының аудандарын аралап шықтым. Қазақы аудандар. Бұл аудандарда бір орыс жоқ. Осыларда жазу екі тілде. Не қажеті бар? Шерубай Құрманбайұлы: – Олардың екі тілде жазып отырғаны заңда солай көрсетілген. Бір тілде жазылу үшін – заңда солай айтылу керек. Мемлекеттік тіл туралы заң қажет деуіміздің себебі осы.

Ортақ мәселеде оқшаулану бар

Ғарифолла Әнес: – Төртжұлдызды, бесжұлдызды қонақүйлердегі теледидарда Қазақстанның бірде-бір телеарнасы болмайды екен. Самат Ибраим: – Кейбір кабельдік теледидарда Қазақстанның телеарналары қамтылмай қалғанын көрермендер өкінішпен айтады. Біздің бүгінгі айтып жатқанымыз орыстілді оқырмандарға жетпейді. Қазақ тілі мәселесін көтеруде Қазақстанға арналған қосымшалары бар ресейлік газеттер, орыстілді отандық газеттер мен теледидарлар шет қалып отыр. Шырылдап айтып жатқан проблемаларымыздың бірде-біреуін көтерген емес. Солардың дені мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Олар неге бәрімізге ортақ мәселеге араласпайды? Сонымен бірге Ассамблеямыздың да, ұлттық орталықтардың да мемлекеттік тілді насихаттаудағы белсенділігін күшейту керек. Шерубай Құрманбайұлы: – Орынды мәселе көтеріліп отыр. Қазақ тілі жөнінде жазатындар негізінен қазақ басылымдары. Орыс тілді басылымдар ләм демейді. Бұл дұрыс емес. Олар мемлекет қаржысына шығып отырған газеттер. Осы жерде бұқаралық ақпарат құралдарын қадағалап отырған министрліктің ықпалы өте қажет. Сондай-ақ тілдің көкейкесті мәселелерінен хабардар ғалымдар, журналистер, мемлекеттік қызметкерлер орыстілді басылымдарға мақалалар жариялап отырғандары, тіптен, маңызды болар еді. Бұл іс мақсатты, жүйелі атқарылып отырса. Жамал Манкеева: – Тілші ғалымдардың орыстілді басылымдарға мақалалар жариялап отыруы көңіл көншітпейтіні рас. Қазір заман басқа. Самарқаулықтан арылуымыз қажет. Мамай Ахетов: – Қазақ басылымдарын интернетке енгізудің де маңызы зор. Қазір көп адам интернетті пайдаланады. Осы да ескерілетін жайт. Ұлттық орталықтарда жексенбілік мектептер деген бар. Олар өз ана тілдерімен қатар, қазақ тілін де оқытып жатыр. Алматы қаласының бюджетінен қаражат бөлінген. Биылдан бастап осы қолға алынуда. Мемлекеттік тілді білмесең, мемлекеттік қызметте, басқа да жерлерде істей алмайсың деген түсінік, ой қалыптасып келеді. Жамал Манкеева: – Кейбіреулер «тілді білмегенде тұрған не бар?» деп шолақ ойлайды. Қазақша сөйлеген баланың ар жағында қазақы рух болады. Біздің жастар қазір неге орысша сөйлейді. Өйткені олар өз ұлтының құндылықтарын білмейді. Мәдениет орыстарда, Еуропада ғана бар деп ойлайды. Нұрперзент Домбай: – Біздің елімізде қазақ тілін оқытатын көптеген орталықтар бар. Осыларға көпшіліктің көңілі толмайды. «Қаржыны текке шашып отырмыз. Орталықтардың пайдасы жоқ» дегенді айтады. Мамай Ахетов: – Орыс аудиториясына сабақ беретін арнайы мамандар жоқ. Аударма саласында да солай. Қаншама жарнама агенттіктері бар. Бұларда да білікті аудармашылар тапшы. Кейінгі кезде оқытудың жаңа бағдарламаларын қолға алдық. Теледидардағы «Қазақшаңыз қалай?» деген хабар – солардың бірі. Шерубай Құрманбайұлы: – Қазақстанның үлкен қалаларында тілді оқыту орталықтары ашылды. Мәжбүрлегеннен кейін қызметкерлер сонда барып оқиды. Алайда сол оқығандарын өмірде пайдаланбағаннан кейін аз-маз үйренгендерінен ажырап қалады. Менің де осы орталықтардың тиімділігіне үлкен күмәнім бар. Біріншіден, тіл орталықтарының басында кімдер отыр? Әдебиетші, тарихшы... Мамандығы басқа адамдар. Негізінен қазақ тілінің лексикологиясын, тіл тарихын, синтаксисін... білетін, оқыған, яғни әдіскер маман отыру керек. Басты кемшілік – кәсіби маманға басқартпаймыз. Филолог мамандығы болса болды – қызметке ала береді. Ағылшын тілін, әдебиет бөлімін бітірген, осы секілді мамандарды алады. Әдістеменің не екенін білмейді. Міне, сондықтан да нәтиже нашар. Оқулықтар, оқу құралдары сапасыз. Тағы бір кемшілік жұрт мәжбүрлікпен оқиды, жұмыс уақытында оқиды. Үлкен басшылар да тіл үйренуге жазылады. Солардың елу пайызы сабаққа қатыспайды. Бірақ кейін сертификат алып шығады. Осыдан кейін қандай нәтиже болады? Дөңгелек үстелді Ж.Кенжалин қорытты. Ол өз сөзінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған Бағдарламасын орындауда бірқатар жұмыстардың жүзеге асырылғанын, алайда бүгінгі әңгімеден аңғарылғандай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде әлі де көп шаруалар тындырылу керектігін тілге тиек ете келе дөңгелек үстелге қатысушылар көтерген мәселелер алдағы жаңа Бағдарламаны әзірлеуде ескерілетініне үмітті екенін айтты. Сонымен қатар ортаға салынған ой-пікірлер тіл мәселесін жан-жақты жазып жүрген «Ана тілі» газетінің де назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.

3672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы