• Ақпарат
  • 29 Сәуір, 2010

Келісім мекені – Қазақстан

d184d0bed180d183d0bcӨткен сейсенбі мен сәрсенбіде Алматыдағы «Интерконтиненталь – Алматы» қонақүйінде дәстүрлі ІХ Еуразиялық медиафорум болып өтті. Онда адамзатты толғандырып отырған сан түрлі тақырыптар, Батыс пен Шығысқа тел мәселелер әлемнің БАҚ өкілдері мен белді саяси тұлғалары тарапынан талқыға түсті. Әуелгі күні форум беташарын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашты. Ол жиылған көпшілікті осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған пікіралмасу мерекесі ашылуымен құттықтай келіп, салиқалы, сындарлы мұндай сұхбат орнының Қазақстанда қалыптасуы кездейсоқ емес екендігін атап өтті. – Батыс пен Шығысты тоғыстыратын қазақ жері бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналды. Өркениетті үнқатысудың өзіндік моделі орныққан Қазақ елінде әлемдік діндер мен дәстүрлі конфессиялардың 3-құрылтайы өтті. Татулықты ту еткен еліміз дүниежүзіне ізгіліктің өнегесі болуда. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Халқымызда бағзыдан жеткен «Жол – жүрсе, өнеді» деген даналық сөз бар. Жолдың өнуі үшін нақты қадам керек. Бүгінде жаһандық БАҚ-тың назары Қазақстан мен Орталық Азияға ауып тұр. Небәрі 18 жыл бұрын біздің өңір әлемге беймәлім шет аймақ еді. Ал қазір Орталық Азия – әлемдік экономика, қауіпсіздіктің аймақтық және жа­һандық жүйесінің аса маңызды бөлігі, – деді Мемлекет басшысы. Мұнан кейін сөз тізгіні Еуразиялық ме­диафорумның ұйымдастыру комитетінің тө­райымы Дариға Назарбаеваға тиді. – Біз тоғызыншы рет осы арада бас қосып отырмыз. Мақсат – артта қалған бір жылға көз салып, ғаламдық БАҚ-та көрініс тапқан қайшылықты құбылыстар мен оқиғаларды түсінуге талпыну, – деп және бір серпілісті ұмтылыстың бетін ашты ұйымдастыру комитеті төрайымы. Оның айтуынша, әркез өткенді ұғынып, болашақ оқиғаларды болжамдау әрі оларды толық дайындықпен қарсы алу, ылғи да оңай бола бермейді. Өйткені біздің ғаламды болжап-білу қиын болып барады. Әрине, басқосудың алғы сөзінде айтылған бұл сөздер кейінгі талқылардың бүкіл ба­рысына әсер етті деуге болады. Себебі әрбір сөз алушы спикер өз лебізінде сонда айтылған ой-пікірлерге сілтеме жасап отырды. Осы орайда бір айта кетерлігі, биылғы конференция жұмысына өзгертулер енгізілді. Шараға қатысам деушілер санының көбеюіне байланысты биыл қатысушыларды тіркеу ақылы болды. Бұл тура­лы ЕМФ Бас директоры Руслан Жамков ал­дын ала хабарлаған болатын. Айтса айтқан­дай-ақ, аталмыш шараның сапалы өткендігін оған қатысқан өте белгілі медиасарапшылар, ғалымдар, саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлердің мол шоғырынан білуге болады. Жалпы, екі күнге жалғасқан форумда «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: ма­ңызы, үміт және мүмкіндіктер», «Белгісіз Иран», «Үрей індеті», «Ғаламтор аумағын рет­теу және тәуелсіз БАҚ: үрей мен шындық», «Әлеуметтік желілердің дамуы феномені және «еркін» журналистиканың ерекшеліктері», «Саяси имидж мәселесі: Шоу жалғасуда ма?» тақырыптарында пленарлық мәжілістер өтті. Абылайхан ҚАЛНАЗАР

2550 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы