• Ақпарат
  • 29 Сәуір, 2010

Телеарналарымыз кімге тәуелді?

Қазақ телеарналарының жүргізіп отырған саясатына қатысты көптеген пікір айтылды. Бағдарламалардың сапасы туралы да түрлі сынды естідік. Дегенмен бүгін телеарна төңірегінде тағы да сөз қозғағалы отырмыз. Неге?

\Соңғы кездері тәуелсіз еліміздің телеарналары Ресей Федерациясының бағдар­ламаларына тәуелді бола бастаған секілді. Бір ғана мысал. Жаңа жыл күні теледидар тамашалаған адам түрлі келеңсіздіктің куәсі болғаны хақ. Мен де сол көптің бірімін. Енді көзіммен көргенді, көңілге түйгенімді баян етейін. Жаңа жылдың алғашқы күнінде «Хабар» арнасы Ресейдің «Песня года» атты бағдарламасын; «КТК» арнасы орыстың «Кривое зеркало» телебағдарламасын; «31-арна» РФ-ның «Уральские пельмени» атты КВН командасының қойылымдарын көрсетумен болды. «СТВ» (бұрынғы «Рахат ТВ») ғана аздап қазақша бейнебаяндар мен әзіл-оспақтар көрсетті; «Астана» телеарнасынан хоккейші маймыл туралы АҚШ-тың көркем фильмін тамашаладық; «Хит ТВ» арнасы болса, орыс тіліндегі бағдарламаларынан бір танбады, тек кешкісін ғана жас әнші Сырым Исабаевтың бейнебаяны берілді. «7-арна» бұрынғы «Эра ТВ» орыс тіліндегі жаңалықтарды көрсетуден ары аспады; «Алматы» арнасы «Қазақфильм» киностудиясының «Жігіт пен қыз» («Джигит и девушка») атты көркем фильмін орыс тілінде берді; «Таң» телеарнасы ресейлік әнші Лолитаның «Без комплексов» деген телебағдарламасын көрсетті; «НТК» арнасы Мұрат Оспановтың жүргізуіндегі орыстілді «Такси» бағдарламасын (ол да болса өз­гелерден көшіріліп алынған), Ресейдің «Смешные люди» атты бағдарламасын көрсетті. Осыдан-ақ тәуліктің қалған уақытында не тамашалағанымыз түсінікті шығар? Енді отандық өнімдерді санамалап көрейік. Бүгінде қазақстандық қай телеарнаны қоссаңыз да, музыкалық бағдарламаларынан «METI’SS» тобының «Звон бокала» атты мас­қара клипі көрсетіліп жатқанын тамашалайсыз. Жастардың өзіндік стилі шығар десек те, шоу-бизнеске тиісті органдардан қа­дағалаудың керектігі көзге ұрып тұрады. Өйт­кені аталмыш бейне-клипте жартылай (тырдай десе де болады) жалаңаш қыз­дың билегені біздің өсіп келе жатқан ұрпағымыздың психологиясына кері әсерін тигізері анық. Қазіргі кезде көптеген мектеп оқушы­лары мен студенттердің ұялы телефондарында жас қазақ қыздарының музыка әуенімен жалаңаштанып билеп немесе бір-бірімен қырықпышақ болып төбе­ле­сіп жатқаны туралы роликтер көптеп кездеседі. Осы жағдайлар «METI’SS», «RINGO», «MYSTERIONS» және «TEQUILLA» секілді түр­лері қазақ, істері орыс-ағылшын топта­ры­ның әсерінен орын алып отырғаны белгілі. Сондықтан да тиісті органдардан комиссия құрылып, еліміздегі телеарналарда көрсетілетін бағдарламалар мен киноларға және олардың сапасына қатаң бақылау жасалатын мезет жетті. Өзіміз менсінбей қарайтын өзбек елі тәулігіне жиырма төрт сағат бойы тек қана өзбекше клиптер мен киноларды көрсетеді. Шетелдің фильмдерін көрсететін болса, тек қана өзбек тілінде береді. Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанмен шекаралас Мақ­таарал, Сарыағаш және Қазығұрт аудандары халқының тілдері өзбекшеленіп бара жатқаны да – соның салдары. Өйткені ол аудандарда «Қазақстан», «Хабар» және «Ел арна» телеарналарынан басқасы көрсетпейді. Бізге ресейлік Тимати немесе шетелдік «50 CENT» сияқты ұятсыз әншілердің клип­терінің отандық көшірмесін жасайтын, түнгі клубтар мен корпоративтік отырыс­тарда ән шырқаудан әріге бара алмайтын дүбәралардың емес, қазақылықты насихаттайтын «Жігіттер», «Музарт» және «Арнау» сияқты топтардың туындылары қажет. «Қазақстан», «ОРТ-Еуразия» телеарналарынан берілетін қазақша КВН ойындары, «КТК» арнасынан көрсетілетін «Мәссаған» бағдарламасы, «31-арна» телеарнасынан берілетін «Әзіл студиясы» және «Қазақстан» телеарнасынан берілетін «Екі жұлдыз» секілді хабарлар көбейсе, нұр үстіне нұр. Отандық ақпарат кеңістігін өзгенің табанының астына салып беруге болмайды. Оны Елбасының өзі де айтты. Сондықтан халықтық, ұлттық бағдарламалар жасамай, телеарна эфирін өзге жұрттың билегені – билеген. Нұржан БИЖАНОВ

3468 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы