• Тіл
  • 20 Мамыр, 2010

Мемлекеттік тұрғыдан мән берілуі тиіс

Мен «Қазақ тілі» қоғамының басшысы әрі қоғамдық ұйым өкілі ретінде тілге байланысты толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салуды жөн көрдім. Алғашқы сөз мемлекеттік тілдің нормативтік-құқықтық актілермен қамтамасыз етілуі жайында. Бұл жерде екі түрлі мәселе туындайды. Біріншісі, қолданыстағы нормативтік актілердің әлеуетін толық пайдаланып, іске асыру. Оның ішінде «Жарнама» туралы заңды қайта қарап, жетілдіру қажет. Мемлекеттік тілді білуі тиіс мамандықтардың тізбесі осы күнге дейін бекітілмей келеді. Мұның өзі осы саланың алға басуына тежеу болып отыр. Екіншісі, тілдік қатынастарды реттейтін жаңа нормативтік құқықтық актілер қабылдау, кейбір заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Сондай-ақ «Ономастика» туралы Заң қабылдау да – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.Біз әлі де қолда бар заңдарымыздың әлеуетін толық пайдалана алмай жүрміз. Жалпы, халық та мемлекеттік тілге қатысты өз құқықтарын толық біле бермейтін секілді. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік мекеме мен қоғамдық ұйымдар өкілдері білікті заңгерлерді қатыстыра отырып арнайы жұмыс тобын құрып, «Тілдер туралы» Заң­ның баптарына түсіндірмелер дайындаға­ны жөн болар еді. Бұған Конституция­лық Кеңестің келісімін алған да теріс болмас. Дайындалған жинақты әдістемелік құрал ретінде кітап етіп шығарып, бүкіл мемлекеттік мекемелерге, қажет деп тапқан ұйымдарға тарату керек. Сонымен бірге Интернеттегі веб-сайттар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Тілдік қатынастарды реттейтін қолданыстағы заңдарымыз елдің барша азаматының қазақ тіліндегі қажеттіліктерін өтеуіне толықтай мүмкіндік бермесе де, белгілі деңгейде мұқтаждықтарын өтеуге септігі тиетінін жоққа шығаруға болмайды. Қай-қайсымыз да халықтың сол заңды құқықтарын орнымен пайдалануына ұйытқы бола білсек, ана тілімізге деген сұраныс та артар еді. Сұраныс бар жерде соған сай ұсыныстың да болатыны белгілі ғой. Ендеше, қоғамдық ұйымдардың да күш салатын тұсы осы болуы керек деп есептеймін. Ал енді жаңадан дайындалуы тиіс заң жобаларына келетін болсақ, арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын қабылдау жайы үздіксіз көтерілуде. Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкіметтің заң шығармашылығы жоспарына да енгізіліп, он шақты заң жобасының әзірленгенін де жақсы білесіздер. Сөз жоқ, бұл – өмірдің өзі талап етіп отырған заң. Алайда сол заңның бағы жанбай-ақ қойды. Бұл заң қабылданбай, қазақ тілінің тынысы ашылады деу қиын. Осы орайда мына бір жайтқа назар аудартқым келеді. Жалпы, елде белгілі бір қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуге арнап заңдар түзгенде тек сол сәттегі мәселелерді шешуді ғана қамтымай, барынша ауқымды ойлап, заң актісі кемінде 50 жылдай қолданылатын жағдайға қол жеткізуге тиіспіз. Өйткені өмір бір орнында тұрмайды. Үздіксіз өзгеру, даму үстінде. Қоғамдық даму барысына ғылыми талдау жасай отырып, заң шығармашылығы кезінде осыны нысана етіп ұстансақ, заңдарымыздың өміршеңдігі арта түсер еді. «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасын дайындауда да осы қағиданы басшылыққа алған орынды деп санаймын. Өйткені болашақтың іргетасы бүгіннен қалана­ды. Бүгінгі шешімдеріміз, іс-әрекетіміз, таңдауымыз – ертеңгі болашағымыз. Осы ретте мына мәселеге назар аударған орынды деп білемін. Заңдарды қабылдаған кезде оны қазақтың және Қазақстанның мүддесі тұрғысынан, мемлекеттілікке төндіретін қауіп тұрғысынан сараптамадан өткізу міндетті болуы тиіс. Сол сияқты халықаралық көп жақты және екі жақты келісімшарттарды да жасасу, қабылдау рәсімдері де қайта қарауды қажет етеді. Оларды Парламентте ратификациялау мәселесін ендіру керек. Белгілі бір мекеменің бірінші басшысының қол қоюы арқылы ғана күшіне еніп кететін шарттар мемлекеттілігімізге елеулі нұқсан келтіріп отыр. Мысалы, Байқоңырдағы мәселені алайық. Кезінде Қазақстанның бұрынғы Білім министрінің ұлттық мүддеге селқос қарауының салдарынан Байқоңырдағы орыс тілінде білім беретін мектептерді былай қойғанда, қазақ мектептерінің барлығы Ресейдің бағдарламасымен оқытылып жатыр. «Үй ішінен үй тігу» деген осы емес пе?! Бұл мәселені қайта-қайта көтеріп келеміз. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Қала халқының 85 пайызы – қазақтар. Ресей жағы Қазақстанға қарағанда жалақыны екі есе артық төлейтіндіктен, олардың көпшілігі Ресей азаматтығын алуға құштар. Алғандары да қаншама. Бұл еліміздің тұтастығына қауіп төндірмей ме?! Сондықтан шетелдермен және шетелдік компаниялармен жасалатын барлық мәмілелер Парламенттің ратификациялануына жатқызылуы тиіс және ол ашық жариялы түрде болғаны жөн бе деймін. Ендігі мәселе, қазақ тілінің ғылыми-терминологиялық жүйесін жетілдіру туралы. Өздеріңізге мәлім, мемлекеттік тілге артылар жүк ауыр. Ол қоғамның бүкіл тілдік сұраныстарын қанағаттандыра алуы тиіс. Жасыратыны жоқ, қазақ тілінің заң тілі, ғылым тілі ретіндегі атқарып отырған қазіргі жай-күйі көңіл көншітерлік емес. Көбінесе орыс тілінің аудармасы сипатында ғана қалып отыр. Шетелдік дереккөздерге жүгінсек, тек орыс тілімен шектелмей, тікелей сол тілдердегі түпнұсқасымен жұмыс істейік. Аудармадан аударма жасаған соң не болмақ?! Алдағы уақытта бұл қалыптасқан жағдайды бұзып, дұрыс жағына қарай түзетуіміз керек. Өйткені тіл – жанды құбылыс. Қоғаммен бірге дамып, жетіліп отыруы тиіс. Егер қоғам дамуына ілесе алмай, жұртшылықтың талап-тілегін тиісінше өтей алмайтын болса, тілдің болашағына қауіп төнетіні сөзсіз. Сондық­тан елімізде тіл саясатын ғылыми негіздеу, қазақ тілінің ғылыми-терминологиялық жүйесін барынша жетілдіру жайы айрықша назар аударуды қажет етеді. Бұл мәселеге Елбасымыздың өзі тікелей көңіл бөліп отыр. Бұрнағы жылы Президент тапсырмасымен Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев өткізген басқосу осыны аңғартады. Осыған байланысты Терминкомды ҚР Үкіметі жанынан арнайы мемлекеттік орган ретінде қайта құру және оны қаржыландыру жолдарын қарастыру жөн деп санаймын. Бұл ретте Ресейдің тәжірибесін негізге алуға болады. Оларда сонау 1933 жылы-ақ «Ғылыми-техникалық терминология комитеті» құрылған. Тұрақты штаттық қызметкерлері бар, әртүрлі ғылым салаларына арналған салалық секциялары жұмыс істейді. Тағы бір мәселе, жұртшылықтың қазақ тіліндегі ақпараттық қажеттіліктерін қам­тамасыз ету және отандық ақпараттық кеңістікті қорғау жайы. Бұл мәселе бо­йынша да көп болып кеңесер жайттар жетерлік. Бір нәрсе анық. Егер елімізде қазақ тіліндегі ақпараттық ресурстар шын мәніндегі үстемдікке қол жеткізбесе, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болады деп айту қиындау. Әрине, біз жаһандану заманында, ақпараттық қоғамда өмір сүре отырып, сырттан келетін ақпараттар ағынына толықтай тосқауыл қоя алмаймыз. Бірақ мұны жаппай бетімен жіберуге де болмайды. Мәселенің негізгі шешімі қазақ тіліндегі ақпараттарымыз бәсекеге төтеп бере алатындай болуы тиіс. Бұл ретте бар кінәні нарық ауқымының тарлығына жабудың реті жоқ. Елімізде қазақ тілді оқырман мен көрерменнің саны орыстілділерден артық болмаса, кем емес. Алайда қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының таралымы 20-30 мыңнан, ал кітаптардың таралымы 2-3 мыңнан аспай отыр. Шығып жатқан кітаптардың дені – мемлекеттік тапсырыс аясында ғана жарық көріп жатқан дүниелер. Бұл 10 миллион қазаққа не болады? Яғни халық кітаптан қол үзіп қалып отыр. Егер осы қалыппен кете берсек, қазақ­тілді қауымның өзі рухани оқшаулыққа ұшырамай ма, тілінің өзі жұтаң, дүбәра тілге айналмай ма?! Бұл үшін Байланыс және ақпарат министрлігі баспа және баспасөз өнімдерін еліміздің бар аймағына тарататын жүйенің тетіктерін ойластыруы қажет деп есептеймін. Ал қаншама тәуелсіз елміз деп бөркіміз­ді аспанға атқанымызбен, әлі күнге тәулік бойы қазақ тілінде хабар тарататын бір телеарнаға қол жеткізе алмай келе жатуымыз тіпті түсініксіз. Мұны Елбасы 29 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының жиынында да ашық айтты. «Қазақстандық эфир шет тіліндегі әртүрлі хабарлармен толтырылуда, олар қазақстандық бағдарламалар мен телеарналарды ығыстыруда. Елімізде Қазақстан туралы бір ауыз сөз жазбайтын басылымдар көп көлемде жарық көріп жатыр. Бұларға мұнда шығуға рұқсат берген кім?» – деді Президент. Бұл бассыздықтың асқынып кеткеніне күйінген Елбасы: «Маған айтыңыздаршы, қандай ел өз те­леэфирін басқа елдің бұқаралық ақпарат құралдарына басы бүтін беріп қойып отыр?» – деп мәселені төтесінен қойды. Өзімізді – қор, өзгені зор тұтатын құл­дық мінезден құтылмай, мықты ел болуымыз қиын. Әлемде 200-ден аса дербес мемлекет бар. Олардың ішінде тек қана бір ұлттан тұратындарын табу қиын. Сан ұлт өкілі бас қосқан Францияның немесе Германияның біз көпұлтты, көпдінді мемлекетпіз дегенін есіттіңіздер ме? Олай болса, Қазақстанды көпұлтты, көпдінді деп жарияға жар са­луымызға жол болсын. Қазіргі кезде қазақтың саны ресми дерек бойынша 63 пайыздан асты. Бірақ біздің бұған көңіліміз толмай отыр. Себебі мұнда ішкі миграция (көші-қон) мәселесі ескерілмеген сияқты. Оған Алматыдай үлкен қалалардың маңайында тағдыр тәл­кегімен еліміздің түкпір-түкпірінен немесе алыс-жақын елдерінен келген тіркеусіз, баспанасыз жүрген азаматтар санының көрсеткіші дәлел. Іргесі сөгілмес унитарлы мемлекетпіз. Бұл жерде АҚШ-тың бізге үлгі болмайтынын түсінгеніміз жөн. Сондықтан көпұлттылық пен көпдінділік мәселесі қайта қарауды қажет етеді деп санаймын. Тілді ұштайтын, қалыптастыратын және дамытатын орта – мектеп. Балабақша мен мектептен бастау алмаған істің берекесі ша­малы. Осыған орай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің ең үлкен қаласы Алматыдағы орта білім беру саласындағы қазақ тілінің жай-күйіне сараптама жасаған еді. Бұл ретте біз орта мектептерде білім алып жатқан қазақ балаларына ғана назар аудардық. Алматы қалалық Білім департаментінен алынған ресми деректерге сәйкес Алматы қаласында­ғы қазақ мектептерінің саны жалпы мектептер санының үштен біріне де жетпейді. Ал қаладағы тек қазақ оқушыларының саны оқушылардың жалпы санының 70 пайызынан асып жығылады. Қаладағы орыстілді мек­тептердің денінде қазақ балалары оқып жатыр. Мектептердің арасалмағы әлгін­дегідей. Сонда орта мектептердің жай-күйі осындай болып отырғанда, мем­лекеттік тіліміз қалай көктемек? Болашақ мемлекеттік қызметкерлеріміз осы мектептердің түлектері болса, оларды қайтадан қаржы бөліп, мемлекеттік тілді өмір бойы оқыта береміз бе? Бұған уақытымыз жете ме? Сондықтан біз салдармен емес, себеппен күресейік. Еліміздің, тіліміздің болашағын ойласақ, қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл болсын десек, балабақшадан, мектептен бастайық. Жұртшылық балаларын неліктен әлі күнге орыстілді мектептерге беруде? Оның жауабы белгілі. Біріншіден, қазақ тілінің болашағына деген сенімдері әлсіз. Екіншіден, қазақ мектептері жетіспейді. Үшіншіден, мемлекет тарапынан нақты әрі бағыты айқын тілдік саясат жүргізілмей отыр. Солқылдақтық басым. Екіұдайлық сезім-күй иектеген. Нық әрі сенімді, айқын да нақты бағыт ұстанбай, көздеген мақсатқа жете алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, мем­лекеттік тілдің болашағына мемлекеттік тұрғыдан кепілдік берілуі қажет. Осы тұрғыда жер-көкте жоқ дүниені ойлап таппай-ақ, әлемдік тәжірибеге зер салып, іргелі мемлекеттер қолданып отырған тілдік саясатты іске асыратын болсақ, осының өзі-ақ көп олқылығымыздың орнын толтырар еді. Өзінің туған жері мен өз Отанында тұрған қазақ балаларының өзге тілде білім алып, тәрбиеленуі, олардың ұлттық намысының тапталып, құқығының шектелуі баршамызды ойландыруы тиіс. Ойландырып қана қоймай кеше ғана жарияланған халық санағының нәтижесіне сай тиісті шаралар қабылдау қажет. Халық санағы тек статистика үшін емес, болашақты болжап, ұзақ мерзімді бағдарлама жасау үшін керек. Біздіңше, қазақ тілінің өркен жаяр өрісі – қазақ мектептерін көбейтудің ең дұрыс шешімі осы болмақ. Егер жағдайды осы қалпында қалдыра беретін болсақ, мемлекеттік тілді дамыту бағытында істеп жатқан ісіміздің ешқандай нәтижесі бол­майды. Бұл мәселе алдымыздан үне­мі қайталанып шығады да отырады. Сон­дықтан елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмайтын қолдан қа­лыптастырылған тұйық шеңберден шы­ғудың осындай жолын таңдап, тиісті шараларды жедел қолға алуға тиіспіз. Өзімізді де, өзгені де алдарқатуды, көзбояушылықты қоятын кез жетті. Елдегі балабақшаның барлығында тек қазақ тілінде тәрбие беруді жолға қойған жөн. Сол секілді орта мектептердің баста­уыш сыныптарында да бүкіл жеткіншектерге бірыңғай қазақ тілінде білім беру қажет. Бас­тауыш сыныптарын аяқтап, қазақша жетік меңгеріп шыққан оқушыларымыздың бұдан кейінгі сыныптарда қай тілге басымдық берем десе де еркі. Қалауына қарай таңдау жасауына мүмкіндік берген орынды. Сол секілді балалар үйлері мен жасөс­пірімдерге арналған абақтыларды алайық. Оларда тәрбиелеу және білім беру ісі тек қана қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Жетім балалардың әкесі де, шешесі де – мемлекет. Сондықтан мемлекеттің өз ұрпағына мемлекеттік тілде білім беруі табиғи жағдай болуы тиіс. Қазақстанда мемлекетқұрушыұлт – қазақ. Оның өзегі – қазақ тілі. Біздің бар күш-жігеріміз осы асыл өзектің беки түсуіне, қазақ тілі мен қазақ ұлтының өркендеуіне қызмет етуі тиіс.

Өмірзақ Айтбайұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик

3511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6006

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5607

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3346

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2729

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2692

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2668

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2401

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2386

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы