• Тіл
  • 20 Мамыр, 2010

Кәсібіне сай үйретcек. Жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытудың ерекшеліктері

Өткен жылы Халықаралық бизнес университетінде «Ғаламданудағы Қазақстан: Әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалары» атты халықаралық ғылыми конгресс аясында «Үш тұғырлы тіл саясаты және қазіргі жағдайдағы мәдениетаралық қатынастардың мәселелері» деген тақырыпта конференция өтті. Тақырып – өте өзекті әрі бүгінгі таңдағы өркениетті елдердің басты ұстанымына айналып отырған маңызды мәселе. Бірақ осы тақырып ішіндегі «үш тілдің бірлігі» елімізде қолданылу аясында қатар сақталып жүр ме? Бұл – үлкен сұрақ... Тіпті алысқа бармай-ақ, еліміздегі жоғары оқу орындарында осы үш тілдің оқытылуындағы айырмашылықтың арасы жер мен көктей екені баршамызға аян.

Мұны айтқанда үш тілді бір-біріне қарсы қойып, бірінің артықшылығын, бірінің кемшілігін тергелі отырғаным жоқ. Өйткені бір тілдің екінші тілден айырмашылығы жоқ. Барлық тіл – бірдей, адам баласының қатынас құралы, бірақ түрлі ұлт тілдерінің атқаратын рөліне қарай, оның мәр­тебесі әрқалай. Мәселен, Қазақ елі өз тілінің мемлекеттік мәртебесіне, тек 1989 жылы ғана қол жеткізді. Бұл оның республикамыздағы барлық ұлт өкілдеріне ортақ тіл екендігінің ресми мойындалуы болатын... Арада табаны күректей 20 жыл өтсе де, мемлекеттік тілдің мүддесі көңіл толарлықтай нәтиже шығарған жоқ. Қазіргі уақытта қазақ тілі – ресми-іскери тіл деңгейіне жете алмай отыр. Мекемелерде жүргізілетін іс-қағаздарын жүргізу құжатнамалары «аударма тіл» деңгейінен аспайды. Оның өзі – өлі тіл іспетті, арнайы тексеретін бақылаушы ұйымдар үшін ғана қатталған «оқылмайтын папкілер жиынтығы». Бұл – ащы да болса – шындық. Осындай көз­бояушылықтан арылатын кез жетті. Мемлекеттік тілге деген жа­нашырлық, республикамыздың ті­ліне деген құрмет, жалпы елдігімізге деген азаматтық парызымыз, адами міндетіміз қайда?! «Үш тұғырлы тіл» саясатында ағылшын, орыс тілдері – ғылыми жүйеленген, ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие әрі ешқандай көмек­ке тәуелсіз, кәсіби қалыптасқан дербес тілдер. Мұндағы өзінің мемлекеттік мәртебесін іс жүзіне асыра алмай отырған әрі республикамызда тұ­ратын түрлі ұлт өкілдерімен қатар, орыстілді жаңа қазақтарға тәуелді, халі мүшкіл, қандай да қолдау-көмекке зәру тіл, ол – қазақ тілі. Бүгінгі ЖОО-да негізгі пәндерден сабақ беретін оқытушылардың басым көпшілігі – ғылыми дәрежесі бар ғалымдар. Олар ғалым ретінде қазақ тілінің ұзақ жылдар бойғы қалыптасу тарихында әдеби тіл, ғылыми тіл деңгейінде әбден жетілген ресми-іскери тілге лайық «тілдік қоры бар» лексикалық бай тіл екенін білуге тиіс. Сондықтан «үш тұғырлы» тіл саясатында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өз Отанымызда қатынас тілі дәрежесіне жетіп, ағылшын, орыс тілдерімен тең деңгейде қолданылуы олардың қолдау-қалауларында... Қазақ елінің мемлекет болып қалыптасу тарихында өлшеусіз еңбек еткен, оның ішінде Қазақ әліпбиінің ұлттық графикасын жасаған (бұл әліпби бүкіл әлем ғалымдары тарапынан мойындалған!), ұлттық тіл ғылымының негізін салған, көрнекті ғалым әрі мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы ғасыр басында «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген болатын. Шындығында, ұлт ретінде түрің сақталғанымен, тілің сақталмаса, мәртебесі басым тілдің (ағылшын, орыс, латын, т.б.) жетегінде кетіп, бірте-бірте жойылуың ғажап емес. Мемлекеттің мемлекеттік дербестігін білдіретін рәміздер: елтаңба, байрақ, әнұранның қа­тарында тіл де бар. Бірақ тілге деген көзқарас әлі енжар қалпында, енжарлықтан арылып, тілге ден қойып, оны үйрену әрбір Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматшаларының (еліміздегі барлық ұлт өкілдеріне қатысты) өз қолында. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемле­кеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» деп анық жазылған. Одан әрі: «Қазақстан халқын топтастырудағы аса маңыз­ды факторы болып табылатын мем­лекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Рес­публикасының әрбір азаматының парызы» екендігін атап көрсеткен. Міне, осы Заң қаншалықты орындалып отыр? Осы жоғарыдағы Заңды басшы­лыққа алған республикамыз­дағы ЖОО-ның басым көпшілігінде қазақ тілі пән ретінде ғана оқы­тылып қоймай, ол мемлекеттік емтихандардың қатарына енген. Нәтижесінде мемлекеттік тілді игерген кәсіби маман (кадр) дайындалып шығады. Бұл – үлкен жетістік. Шындығында, жалпы білім беретін мектеп бағдарламасы негізінде, он бір жыл бойы қазақ тілін оқып келген оқушы, бүгінгі студент (келешек маман) ЖОО-да қандай қазақ тілін оқуы тиіс? Әлбетте, ең бастысы, келешек маман иесіне кәсіби бағдарлы тіл оқытылып-үйретіліп, нәтижесінде ресми іскери тіл меңгерілуі міндетті. Яғни іскери қазақ тілі (ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу) курсы толық оқытылуы қажет. Біріншіден, бұл ЖОО-да оқытылатын қазақ ті­лінің негізгі ерекшелігі болып табылады. ЖОО-ның көпшілігінде орта, жоғары, жетік деңгейлер жүйесінің толық курсы сақталып, 1-2-курс студенттеріне 4 семестр бойы іскери қазақ тілі пәнінен практикалық сабақтар оқытылады. Қажетті жағ­дайда (ол оқу орнының ішкі ере­жесіне байланысты) соңғы курста қазақ тілі – мамандық тілі ретінде оқы­тылып, одан мемлекеттік емтихан тапсырылады. Бұл қазақ тілін оқытудағы ЖОО-ның екінші, бірақ басты ерекшеліктерінің бірі екені даусыз. Ал осы іскери қазақ тілінің толық курсы барлық ЖОО-да қан­дай дәрежеде жүргізілуде? Бұл – үлкен өзекті мәселе. Кейбір оқу орындарында қазақ тілін оқы­тудың жалпы сағаты – «270» шең­беріндегі жүктемемен шектелген. Осы шектеулі сағат мөлшеріне сый­дыру мақсатында 1-курстың студенттеріне қазақ тілі пәнінен практикалық сабақ үш топта: баста­уыш, жалғастырушы, тереңдетілген деп бөлініп, түрлі деңгейде 1-ақ оқу жылында оқытылады, сонымен қазақ тілінің миссиясы бітеді. Мұның ең жағымсызы сол – 2 семестр бойы үш түрлі деңгейде: негізгі, орта, жоғары оқытылған студенттердің білім деңгейі бірізділік көрсеткішпен бағаланып, оның нәтижесі дипломға қойылады. Сонымен бастауыш, жал­ғастырушы, тереңдетілген топ­тар­дың көрсеткіштерінің аражігі ажыратылмастан, 1-курс студенттерінің барлығы дерлік іскери қазақ тілді меңгерген болып шығады. Соның салдарынан студенттер арасында мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген қөзқарастары әрқалай қалыптасқан, тіпті менсінбейтіндер баршылық десек, қателеспейміз. Өйткені, өздеріңіз байқап отыр­ғандай, қазақ тілін оқытудағы үш түрлі деңгей жүйесінің аражігі ажыратылып, оған қойылатын талаптар әділ болуы керек. Мәселен, бастауыш топтың ЖОО-да оқытылуы шарт емес, біздің студенттер жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі пәні бойынша белгілі дәрежедегі лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін то­лық оқыған. Мемлекеттік бағдар­лама талабы негізінде ҰБТ-ның сына­ғынан өткен, орта білім иесі. Сондықтан ЖОО-да қазақ тілін кәсіби бағдарлы тіл ретінде оқытып-үйрету барысында студенттерді жал­ғастырушы (қалыптасқан деңгей) және тереңдетілген (жоғары деңгей) топқа бөліп, мамандық тілін меңгерту институттар мен университеттердің басты мақсаты болуы керек. Тереңдетілген топ – қазақ тілінен ресми-іскери деңгей бойынша кәсіби тілді оқып үйренеді. Нәтижесінде жоғары деңгейден кәсіби мамандық тілін меңгерген жетік деңгейдегі мемлекеттік тілді толық игерген дайын кәсіби тілдің маманы бо­лып шығады. Ал жалғастырушы топ – қа­зақ тілінен кәсіби бағдарлы деңгей бо­йынша кәсіби мамандық тіліне терең­детіле қалыптасқан игеріммен оқытылып, нәтижесінде – жоғары деңгейдегі: ілгерілей қалыптасқан ресми-іскери тілге дағдыланады. Осы жоғары деңгей игертілген жалғастырушы топ келесі оқу жылының 3-4-семестрінде жетік деңгейдегі кәсіби тілді игеру үшін тереңдетілген топтың бағдарламасы бойынша оқуларын жалғастыруы қажет. Сөзіміздің түйіні, сонда ғана кәсіби мамандық тілі ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу деңгейінде толыққанды игерілмек. Әрине, іскери қазақ тілін жетік деңгейде меңгерген кәсіби маман дайындап шығу үшін, оған ЖОО-да оқытылатын мамандықтарға сәй­кестендірілген типтік оқу бағ­дарламасы негізінде жазылған арнайы оқулықтары болуы міндетті. Мұндай оқулықтар өте тапшы. Ал негізгі оқытылатын лексикалық та­қы­­рыптар мен грамматикалық тал­дауларға арналған жаттығулар қамтылған оқу құралдары жоқтың қасы. Біздер қазақ тілінен оқу-әдіс­темелік нұсқаулықтар мен кө­мекші құралдарды басшылыққа алып оқытып жүрген кәсіби ма­мандықтарға арналған оқулық­тар­дың авторлары қазақ тілінің маманы болмағандық­тан, бұл оқулық­тардың лексикалық, грамма­тикалық кемшіліктері жет­кі­лікті... Сондықтан бірінші кезекте өз оқу орындарында оқытылатын мамандықтарға лайықталған іскери қазақ тілі оқулығын жазу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екені басы ашық нәрсе. Әрбір ЖОО-ның іскери қазақ тілін оқытатын төл оқулығы болуы – заңды құбылыс. Мұндай қазақ тілі пәнінің арнайы оқулығын қазақ тілі пәнінің маман-оқытушыларының жа­сақ­талған құрамы дайындаулары тиіс. ЖОО-ның орыстілді дәрісха­на­ларында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ресми-іскери тілін оқыту барысында бүгінгі күн талабындағы ғаламдану үрдісінде бәсекелестікке түсе алатын, мемлекетіміздің мақсаты мен мүддесіне қызмет ететін білікті маман даярлауда аса маңызды екені анық. Райхан Имаханбетова, А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты

5711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5978

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5589

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3327

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2711

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2674

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2649

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2383

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2368

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы