• Мәдениет
  • 16 Маусым, 2010

Қысқы спорт түрлерінің халі нешік?

Қысқы Азия ойындары жақындаған сайын дайындығымыздың деңгейін ойлап, дегбірсіздене бастадық. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Алматы мен Астанада құрылыс нысандары қарқынды жүріп-ақ жатыр. Десек те, 2011 жылы 30 қаңтарда еліміздің еңселі екі қаласында жалауын көтеретін Қысқы Азия ойындарына «дайындығымыз қандай?» деген сұрақ кімді болса да мазалайтыны рас. Өйткені мұндай көлемдегі жарыс елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр. Сондықтан жауапкершіліктің жүгі қаншалықты ауыр екенін жақсы білеміз. Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындары еліміздегі қысқы спорт түрлерінің қан­шалықты деңгейде екенін көрсетіп берді. Әрине, сол ақ Олимпиадада еліміздің намысын абыройлы қорғап, күміс жүлдеге ие болған биатлоншы Елена Хруста­лева болмағанда, жағдайымыздың нешік екені беймағлұм еді. Ресейдің негізгі құрамынан шеттелген Елена Хруста­леваның бағы да, бабы да қазақ жерінен табылды. Араға 12 жыл салып жеткен күміс жүлденің бағасын жақсы білеміз. Десек те, «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз жетерлік. Қазақстандықтар сол жарысқа 39 жолдамамен барды. Мысалы, биатлоннан саңлақтарымыз 9 жолдама жеңіп алса, шаңғымен тұғырдан секіруден 3, тау шаңғысынан 2, фристайлдан 5, мәнерлеп сырғанаудан 2, конькимен жарысудан 5, шорт-тректен 2 жолдама. Жарысқа қа­рамызды көбейтіп барғанымыз көңілді көншітті. Ал «сол жолдамаларымыздың са­нына қарай сапасы қалай болады?» деген сұрақ төтесінен қойылғанда тілімізді тістейміз. Жалғыз шеттен келген Хрусталева ғана абыройымызды аман сақтап қалған жоқ па? Сондықтан Ванкувер Олимпиадасы біздегі қысқы ойын түрлерінің деңгейін анық көрсеткен жарыс болды. Біз мұны сөз арасында жоғары жаққа құлаққағыс ретінде әдейі айтып отырмыз. Кеңес Одағы кезінде еліміздің әр аймағында қысқы спорт түрлерінен шәкірттер даярлайтын спорт мектептері жетерлік болатын. Мысалы, Алматы облысындағы Райымбек ауданы Нарынқол елді мекенінде сонау жылдары шаңғы спорт түрінен осы өңірдің азаматы, қысқы спорт түрінің жанашыры Ноғай Мөсербаевты еске алуға арналған облыстық жарыс өтіп келген. Жарыс өтетін аймақ Хан Тәңірі тауы­ның етегіндегі табиғаты тамаша жерде ор­наласқандықтан, қысқы спорттың қан­­дай түрінен сайыс өткізем десең де қо­лайлы болатын. Ноғай Мөсербаев өз күшімен сол таулы аймақта аспалы шаң­ғы жолын жасап, ауылдың қарадо­малақтарын қысқы спорт түріне үйретіп, көп нәтижеге қол жеткізген екен. Өкінішке орай, «өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, қысқы спорттың жанашыры дүниеден озған соң, көзі тірісінде жасап кеткен аспалы шаңғы алаңдарының қазір шаңы шығып жатыр. Егемендіктің елең-алаңында қысқы спорт түрлері біраз тоқырауға түскені белгілі. Көптеген қысқы спорт түрінен даярлайтын мектептер жабылып, білікті де білгір бапкерлеріміз шетел асып кетті. Шулы стадиондар базар алаңына айналды. Осының кесірін қазақтың қысқы спорт түрлері әлі күнге дейін тартып келеді. Оған дәлел ретінде жоғарыда ай­тылған Ванкувер Олимпиадасы. Қазақ жастары неге қысқы спорт түрлеріне бармайды? Әрине, қаракөздеріміз тек қана бокс, күрес түрлерінен ғана оқшау­ла­нып тұрған жоқ. Егер де еліміздің спорт тарихының беттерін парақтай қарасақ, Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов секілді желаяқтарымыз, волейболдан Еуропаның екі дүркін жеңімпаздары Жәнібек Сауранбаев, Октябрь Жарылғапов, футболдан Тимур Сегізбаев, Сейділда Байшақов, Құрал­бек Ордабаев, елімізде бессайыстың не­гізін қалаушы Б.Елғондинов, көгалда­ғы хоккейден КСРО спорт шебері, КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы Қ.Байболов, семсерлесуден Темір Досымбетов, шахматтан Аида Мүсілімова, тағысын тағы айта берсең, сансыз қазақ таланттары спорттың әр түрінен кезінде аттары атойлап шыққан болатын. Сондықтан «қысқы спорт түрлерінен, жеңіл атлетика және көптеген олимпиа­далық спорт түрлерінде қазақтар жоқ» деген ерсілеу болады. Дей тұрғанмен, көптеген спорт түрлерін әлі күнге дейін қазақ баласының маңдайы жарқырап мәреден бірінші келмеуіне не себеп? Бүгінгі сұрақтың көкесі осы болып тұр. Қазір шайбалы хоккейден ел құра­масы мен «Барыс» клубында жасындай жарқырап жүрген бауырымыз Талғат Жайлауов, волейболдан ерлер арасында жұлдызы жарқырай түскен дарынды жас Нариман Сүлейменов, футболдан Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев сынды қазақ жастары еліміздің туын ұстап шы­ғар халге жетіп келеді. Бірақ бұған тоқ­­мейілсуге болмайды. Себебі тәуелсіз ел­дің тобын өз тарландары бастауы керек. «Спортқа бөлінетін қаржы қоры Ванкувердегі қысқы Олимпиада ойын­дарының нәтижесіне қатысты болады» деп Премьер-министр Кәрім Мә­сімов мырза әзіл-шыны аралас ойын айтқаны есімізде. Бұл, әрине, шындығына қарағанда, әзілі басымдау сөз. Өйткені Еуропа елдерінде Олимпиада ойындарынан алып қайтқан медальдардың санына қарай ақша бө­лінбейді, керісінше, спортшылар бай­рақ­ты жарысқа аттанар алдында ақша мәселесі шешіліп қояды. Әрине, бізде әлі де болса бұл бір жүйеге түспей келеді. Соның салдарынан қысқы спорт түрлеріне де тиісінше қаржы бөлінбей келеді. Қысқы спорт түріне мемлекет тарапынан біржақты қамқорлық болмай, белгілі бір жетістікке жету мүмкін емес. Ал барға қанағат етіп, алға қарай қозғалыс жасамасақ, баяғы жартас сол жартас күйінде қала береді. Алдағы жылы өтетін Қысқы Азия ойындары Қазақстанның қысқы спорт түріне қаншалықты көңіл бөлетіндігін айшықтап беретін емтихан іспеттес үл­кен сын болғалы тұр. Сонымен бірге менмұндалап Ресейдің Сочи қаласында алауы тұтанатын 22 Қысқы Олимпиада ойындары да келіп жетеді. «Еменнің иілгені – сынғаны» деген қанатты сөз бар. Қысқы спорт түрлерін дамыту жолында кездесетін қиыншылықтарға мойымай, алға қарай әрекет жасасақ, бек жақсы болар еді. Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

3364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы