• Мәдениет
  • 16 Маусым, 2010

Африкадағы аламан

Бір айға жуық жалғасатын футбол біріншілігі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Теледидардан бүкіл уақытын сарп қылып, телміріп қарау нөмірі бірінші спортқа деген құмарлығы бар жанкүйер қауымын өзіне баурайтыны айдан анық. Жергілікті жанкүйердің ыстық ықы­ласына бөленген ОАР футболшылары алғашқы минуттарда ширақ қимылдады. Десе де, тәжірибелі мексикандықтар бірте-бірте допқа иелік етіп, шабуыл жү­йесіне көшті. Тіпті бірінші кезең аяқ­талған кезде қонақтардың допты көп игергенін статистикалық мәлімет растады. Ол аз болғандай, мексикалықтар алғашқы голды соғып үлгерді. Алайда қапталдағы төрешілердің бірі ойын­шының ойыннан тыс қалғанын анық­тап, қақпаға енгізген добын санамады. Екінші таймның алғашқы оныншы минутында алаң иелерінен жартылай қорғаушы Сифиве Тшабалала әдемі голды қақпаға тоғытып, есеп ашты. Осылайша Тшабалала алғашқы доп­тың авторы атанды. Алайда турнир қожайындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Қонақтардан Рафаэль Маркес таразы басын теңестірді. Испанияның Барселонасында өнер көрсететін Маркес әуелеп ұшып келген допты тоқтатты да, шірене тепті. Осылайша таблодағы көрсеткіш тең нәтижемен аяқталды. Рас, алғашқы матч аса қызықты болды деп айта алмайсыз. Өйткені бұдан төрт жыл бұрын Германия – Коста-Рико матчы 4:2 есебімен аяқталған-ды. Бір сөзбен айтқанда, неміс жеріндегі тұсаукесер ойында 6 гол соғылса, биылғы біріншілікте небәрі екі-ақ доп қақпаға енді. «А» тобындағы екінші матч та екі дүркін қарт құрлықта үздік атанған әрі 1998 жылғы әлем чемпионы Франция және екі мәрте әлем чемпионы Уругвай құрамалары арасында өтті. Раймон Доменек бастаған француздықтар қанша жерден шабуылдаса да, нәтиже шығара алмай әлек болды. Айта кету керек, уругвайлық қақпашы Фернандо Муслера бар шеберлік қасиетімен ерекшеленді. Алайда Оңтүстік Америка командасы осал еместігін дәлелдеді. Қорғана отырып, қауіпті шабуылдаумен ерекшеленді. Биыл «Атлетикоға» Еуропа Лигасының финалында жеңіс әперген Диего Форлан франциялық қақпашы Уго Льористі біраз әбігерге салды. Дегенмен Льорис допты ұстай алмай бірде жұдырықпен, бірде алақанымен қағып отырды. Жалпы, шиеленісті өткен матчта есеп ашылмады. Бір қызығы, бұл матчта голландық «Аяксте» өнер көрсетіп жүрген уругвайлық Николас Лодейро екі рет сары қағаз алып, қорытындысында 81-минутта алаңнан қуылған бірінші футболшы атанды. Чемпионаттың екінші күні «В» тобын­дағы Оңтүстік Корея – Грекия арасындағы кездесу қызыққа толы болды. Олай дейтініміз, азиялық арыстан командасы болып саналатын Корея мемлекеті 2004 жылғы Еуропа біріншілігінің жеңім­пазы Эллада аяқдоп шеберлерінен айла­сын асырды. Көптеген мамандар бұл қос мемлекет арасындағы кездесу қызықсыз өтеді деп болжаған еді. Алайда олай болмай шықты. Ойынның небәрі жетінші минутында Ли Чжон Су есеп ашып үлгерді. Қақпашы Костас Халкиас қате жібермегенімен, қорғаушылардың өз қызметін дұрыс атқармағандығы байқалды. Өйткені Су қақпаның жанында бағып тұрған еді. Елеусіз тұрған Су гол соққаннан кейін, элладалық футболшылар жүйелі шабуылға шықты. Екінші кезеңнің басында жаттықтырушы Отто Рехагель не себептен шабуылшы Карагунистің орнына қорғаушы Христос Пацацоғлыны шығарғаны түсініксіз болды. Әрі гректер қорғаныста жарытып ойнай алмады. Кәрістердің капитаны Пак Чжи Сун қақпаға доп тоғытты. Бұл матчта аңғарғанымыз, кәрістер ұйымшыл команда екендігін байқатты. Бір-біріне пас берулері тамаша. Бұдан он бес жыл бұрын сары құрлықта болмаса, әлемдік деңгейде нашар ойнайтын Кореяның ойнау стилі біраз жақсарғандығы байқалды. Аргентина футболшылары кілең дүл­дүл­дерден құралған. Бәрі де – «сен тұр, мен атайын» дейтін шеберлер. Тек команданың бір кемшілігі бар. «Ол – жаттықтырушы Диего Марадона» дейді екен мамандар. Рас, Марадона – футболшы ретінде алтын әріппен жазылған тұлға. Алайда жаттықтырушы ретінде Аргентинаны төрге сүйрей алмауда деген сыбыс әңгімелер баспасөз беттерінде жиі жазылып жүр. «В» квартетінде Аргентина Африка құрлығындағы халқы ең көп Нигерия (халқының саны 123 миллион адамды құрайды) құрамасымен жолдары түйісті. Қызықты қараңыз, Нигерия биыл төртінші рет әлем біріншілігіне қатысып отыр. Соның үшеуінде Аргентинамен жолыққан. Алғашқы қатысқан чемпионатта (1994 жылы) аргентиналықтарға 1:2 есебімен жол берген-ді. Ол аздай, 2002 жылы тағы да кездесті. Бұл жолы тағы да 0:1 көрсеткішімен жеңілді. Ескерте кету керек, 1998 жылы Фран­циядағы біріншілікте ғана кездеспеген болатұғын. Ал 2006 жылғы біріншілікке қатыспағанын бәріміз де білеміз. Тартыс­ты да шиеленісті матчта тағы да Аргентина құрамасы минималді есеппен жеңді. Алтыншы минутта ардагер ойыншының бірі Хуан Себастьян Веронның бұрыштама берген пасын тиімді пайдалана білген алтыншы нөмірдегі Габриэль Хайнце 12 метрлік жерден баспен қақпаға әдемі гол енгізді. Дәл тоғыздыққа барып кірген допқа қақпашы Венсан Эньяма бір орында мелшиіп тұрып қалды. Шынын айту керек, қақпашы емес, қорғаушылар қателік жіберді. Әрі қарай Лионель Месси, Гонсало Игуаин қақпаға өте қауіпті соққы жасаумен ерекшеленді. Венсан Эньяма кем дегенде 3 рет міндетті түрде кіретін доптың бетін қайтарды. Сөз жоқ, егер Эньяма шеберлік танытпағанда, бұл матч Аргентина-Жамайкадағыдай болар ма еді?! Әлем біріншілігінде арнайы Джабулани (Jabulani) деп аталатын ресми добы көптеген футболшылардан теріс бағасын алып үлгерді. Тіпті жасыл алаңға Испания құрамасы шықпаса да, қақпашы Икер Касильяс доптың нашар жасалғандығын тілге тиек етті. Расында да, бір байқа­ға­нымыз, чемпионаттың алғашқы матчтарында допқа ие бола алмай жатқан қақпашыларды байқадық. Көбісі ұстай алмай, еріксізден сыртқа қарай не болмаса қайтарып жіберумен ерекшеленуде. Алайда «А» және «В» тобында қақпашы­лар ұстай алмай, өз қақпасына байқаусыз­да доп жіберіп алды. Әйтсе де келеңсіз жайт «С» тобын айналып өтпепті. Англия – АҚШ және Алжир – Словения кездесуінде доптың нашар сапада жасалғаны рас па деп ойланып қалдық. Ресми түрде футболдың отаны болып саналатын ағылшындар аса керемет ойын өрнегін көрсетті деуге келмейді. Алайда, бір қызығы, біріншілікте ең тез гол соғылғанын көрдік. Англия – АҚШ матчында ливерпульдік Стивен Джеррард төртінші минутта қақпаға доп тоғытты. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Ағылшын қақпашысы Роберт Грин өрескел қателік жасады. Ұстап тұрған добына иелік ете алмай қалды. Бұндай қателікті тіпті бірінші диви­зионда өнер көрсететін қақпашылардың жасамайтындығы белгілі. Америкалық Клинт Демпси өз кезегінде мүмкіндігін пайдаланып, 40-шы минутта есепті теңестірді. Ал Алжир – Словения матчында тағы да қақпашы болмашы жерден қателесті. Франция футболын алға сүйреген, тегі алжирлік араб болып саналатын Зинеддин Зидан тамашалағанына қарамастан, Алжир құрамасы жоқ жерден жеңіліп қалды. Тең дәрежеде өрбіп жатқан кезде бітуге он бір минут қалғанда Роберт Корен тепкен добына Лунес Гауауи ұстаймын деп серпіліп кеп секірді. Алайда күтпеген жерден доп траекториясын сәл өзгертіп, Гауауидің қолынан шығып кетіп, қақпаға еніп кетті. Сөз жоқ, Гауауи оңбай қателесті. Ұстаймын дегенше допты сырт алаңға шығарып жіберуі керек болатын. «D» тобында Сербия күтпеген жерден Ганаға жол берді. Бірнеше мәрте гол соғатындай мүмкіндікті жіберіп алған сербтер 85-минутта жаңылысты. Здравко Кузмановичтің қолына доп тигеннен кейін төреші бірден 11 метрлік пенальтиді белгілетті. Асамоа Гьян пенальтимен есеп ашып, Гананы ғана емес, бүкіл африкалықтарды қуанышқа бөледі. Өйткені бұл матчта Африка құрлығының өкілдері алғашқы жеңіске қол жеткізді. Әрине, матчтан кейін төрешінің бұл қы­лығына қарсылық білдіргендер аз болмады. Десе де, бір қызығы, біріншілікте алғашқы пенальти орындалды! Ал Германия болса чемпионатта алғашқы команда болып ірі жеңіспен бастады. Австралияға қарсы ойналынған матчта жауапсыз төрт голды соқты. Лукас Подольски, Мирослав Клозе, Томас Мюллер, Какау сынды футболшылар бір-бірден гол соғып көзге түсті. Жалпы, Клозе біріншілікте 11-ші голын соғып, атақты бразилиялық Рональдоға (15 доп) бір табан жақын қалғандығын аңғартты. Қызғалдақтар мемлекеті Данияны қапы қалдырды. Кілең жұлдыздардан құралған голлан­дықтардың тегеурінді шабуылына тойтарыс беріп әрі доп­ты біраз иелік ете білген дат футболшылары бірінші таймда қателеспеді. Әйтсе де барлық гәп екінші таймда басталды. Басталғанына бір минут өткенде Симон Паульсен (46-минутта) ав­тоголдың авторы атанды. Голланд шабуылшыларының бірі тепкен доп Паульсеннің арқасына тиді де, қақпаға қарай еніп жатты. Ал ойынның бітуіне бес минут қалғанда Эльеро Элиа қорғаушылардың тас қамалын бұзып, Томас Соренсен қорғаған қақпаның кілтін тапқандай болды. Алайда доп бағана­ға қарай тиіп, кері серпілді. Осы сәтте Дирк Кейт аяғын қойды да, матч­тың нүктесін қойды. Осылайша ойпатты ел (кейде Голландияны солай атайды) өкілдері айқын (2:0) басымдықпен жеңді. Бұл топта Жапония мен Камерун арасындағы матч азиялықтардың пайдасына шешілді. Ресейдің ЦСКА командасының жейдесін киіп жүрген Кейсуке Хонда бас қаһарманға айналды. Соңғы әлем біріншілігінің алтын тәжін иеленген итальяндықтар Парагвайдан айласын асыра алмады. Қорытынды есеп 1:1 есебімен аяқталды. Апенин түбегінен келген футболшылар гол соғатындай тамаша мүмкіндіктерді жіберіп алды. Ал Парагвай болса нағыз футбол драмасын көрсетті. Бір қызығы, «F» квартетіндегі Жаңа Зеландия – Словакия матчы да 1:1 есебімен тең аяқталды. Өлім тобында айдарынан жел ескен айдаһар Бразилия Солтүстік Кореяны небәрі бір доп айырмашылығымен ғана ұтты. Екінші таймда Майкон мен Элано пентакампеондықтарды алға шығар­ғанымен, матчтың 89-минутында Чжи Юн Нам есепті қысқартты. Қарт құрлықтың ақ бразилиялықтар болып есептеле­тін Пор­тугалия құрамасы Кот Д' Ивуарды жеңе алмады. Нұрлан ҚҰМАР

2733 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы