• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2009

Біздің жол

Қазіргі ақпарат тасқыны алапат. Екпіні ғаламат. Босбелбеулікке, қамсыздыққа орын жоқ. БАҚ бәсекесінде әркім бағын асыруды көздейді. Сондықтан түрлі формалық ізденістерге барып, оқырман ойын жаулауды ойлайды. Бұл – заңды құбылыс. Желтоқсанда «Ана тілі» газеті бұрынғы қалыпын өзгертті. Оған бірнеше себеп бар еді. Ең алдымен ұлт газетінің шығармашылық құрамы өзгерді. Онан бөлек «Ана тілі» газеті қарайтын «Қазақ газеттері» ЖШС-ының басшылығында да өзгеріс болғанын оқырман қауым біледі. Сайдың тасындай жастардың шығрмашылық әл-ауқатын сынап көрдік. Газеттің бетін көбейтіп, форматын өзгерткендегі басты міндет осы болатын. Алып атыраптың әр тарабынан келген хаттар мен телефон қоңыраулары жаңа құрамның жаман газет шығармағанын хабарлап жатты. Шүкір дедік. Адам жаны жақсылыққа тез үйренеді ғой. Оқырман қауым 40-беттік газетті оқып үйреніп қалса керек. Кейінгі кездері «алдағы уақытта да осылай шығасыңдар ма?» деген сұрақтың астында қалдық. Жыл бойына олай шықпайтынымыз бесенеден белгілі. Дегенмен газеттің қазіргі форматын ұстап қалсақ деген ой бар. Кең далада көсіліп өскен халыққа үлкен форматтағы газетті жамбастап жатып оқыған ыңғайлы ғой деген ниеттеміз. Газетте «жыл жабар» деген ұғым бар. Бүткіл қазақ баспасөзі тышқан жылымен қоштасып, жыл бойына жасалған жақсылықтарды тізбектеп жатыр. «Жыл жабар» нөмірлерін шығарып тастады. Бұл үрдіске бағынбайтын «Ана тілі» десек, ақиқат ауылынан алыс кетпейміз. «Ана тілі» керегесін керіп, уғын шаншығаннан бері «жыл жабар» нөмірін Наурыз мейрамында шығарады. Исі түркі жұртының жыл басы саналатын, күн мен түннің теңелетін тұста «Ана тілі» жаңа жылды қарсы алады. Мұны дәсүрге адалдық деп түсінген абзал. Жаңа жылда жұрт бір аптаға жуық демалды. Ал Наурыз мейрамында ше? Ол кезде мұндай демалыс жоқ. Ұлттық мерекені ұлықтауға тиіспіз. Өткенде Президент бір топ бас редакорларды қабылдады. Сол кезде «Ана тілі» осы мәселені көтерді. Енді Елбасының жауабын санамызда тағы бір рет жаңғыртып көрелік. – Жаһандану жағдайында байырғы дәсүрлерді сақтаудың, жаңғрытудың мәні арта түсетіні түсінікті жай. Соның бір келісті көрінісі – Наурыз. Бүгінде Наурыз Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мерекеге айналды. Мен Астанадағы Наурыз кезінде оны алдағы кезде Жаңа жылды қарсы алудың мерекесіне шындап айналдыру жөнінде айттым. Негізінде, шын мәніндегі жыл мерзімінің жаңаруы осы наурызда, яғни күн мен түн таза астрономиялық тұрғыдан да теңескен тұста, жер-дүние жаңарып, күн жылынып, қар кетіп, көк шығып жатқан шақта басталады. Мына Ресейдің өзінде Бірінші Петрге дейін жаңа жыл наурызда аталып келген. Ұлы көршіміз – Қытайдың дәстүрлі жаңа жылы да осы наурызға шамалас келеді. Айналамыздағы екі елде де жаңа жылдың келуі бір апта бойы аталады. Осы жағынан ойласуға болар еді деп айтқанмын. Бұл жөнінде ойланғанымыз жөн. Ал бұл үшін Наурыздың ұлы мәнін жете насихаттай түсуіміз керек. Наурыз ұлттық салт-дәсүрімізді жаңғрыту үшін, ағайын-туыспен қауышу үшін қажет. Сондай жағдайда ғана Наурызды жылдың ғана емес, елдің, жердің жаңаруының мерекесі ретінде жаңаша атап өту жөнінде шешім қабылдай аламыз,– деген еді. Президент Наурызды шын мәніндегі Жаңа жыл ретінде атап өтуге қарсы емес екенін білдіріп отыр. Тіпті, бір апта демалыс беріп, ел-жұртты емен-жарқын араластыруға да ынталы. Енді не кедергі? Қазақ тілді БАҚ, зиялы қауым, ақын-жазушылар Президенттің осы сөзіне жан бітіріп, іс жүзінде жүзеге асыруға тиіс-тін. Әл-әзір ондай белсенділік байқалмайды. Қайта Жаңа жыл, онан кейін орыстың ескі жаңа жылын қосып екі апта демалып жатыр. Аяқты аспанға іліп қойып беймарал демалып, ұйқысын қандырып жүр. Демалыс жақсы ғой. Бірақ ұлтты мейрамдарда демалған керемет емес пе?! Елбасының осы бір әдемі пікірінің өмірде салтанат құруына бір кісідей атсалысақ жарар еді. Өйткені ол ұлық мейрам, аталар аманаты. Ал жалғанда аманатқа қиянат жасағаннан асқан озбырлық жоқ. Басы ашық бір мәселе бар: ұлт ұпайын түгендеу жолында ұлт газеті өз жолынан жаңылмайды. Біз осы мұратта жұмыс жасай бермекпіз. Иншалла. «Ана тілі».

3202 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы