• Мәдениет
  • 23 Маусым, 2010

«Адасқан жұлдыз»

«Адасқан жұлдыз» – адасқан ғұмыр. Алақан жайып, көше кезген қайыршы. Өмірін өнерге арнаған жас жұлдыз. Өз жолында өзгені құрбан ететін шенеунік. Міне, мұның бәрі де Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» драмасында көрініс табады.«Адасқан жұлдыз» – заманауи пьеса. Шығармадағы ең басты интрига – өмір бойы сахна деп өткен актер қайыршы рөлін ойнағаннан кейін өмірде біржола өзге жолға бетбұрыс жасап, қарапайым халықтың арасына сіңіп кете барады. Неге бұлай болды? Неге бұл қоғамда өнер адамы мен зиялы қауым табалдырықта телміріп қалды? Оларға қарағанда көшеде алақан жайған қайыршы әлдеқайда еркін, ешқандай идеологияға байланбаған, азат жан. Адамның бақыты – бас бостандығында емес пе? Осыны түсінген кейіпкер өнер деген бұғауда өзін-өзі алдағанша, өмірде өз рөлімді ойнағаным дұрыс деп шешеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазір мәдениет саласын дамытуға мемлекеттік қатысуды оңтайландыратын, яғни біздің таланттарымыздың өз шығармашылық еңбегі есебінен өмір сүру деңгейіне жетуіне мүмкіндік беретін жағдайлар жасайтын кезеңдер туды” деген тұжырымы мәдениет пен өнерді мемлекет тарапынан қолдауға, шығармашылық адамдарын ынталандыру мен марапаттау жүйесін қалыптастыруға, қоғамдық сектордың рөлін нығайтып, мәдениет пен өнер саласын одан ары жаңғыртуға негіз болуда. Биыл осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі тұңғыш рет “Тәуелсіздік толғауы” конкурсын өткізді. Осы конкурста «Ең үздік драмалық пьесалар» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынды иеленген Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» пьесасы кеше Көркемдік кеңеске тапсырылды. Бүгінгі күннің қаны тамып тұрған мәселесін қаузаған бұл қойылым қонақтар тарапынан оң көзқарасқа ие болды. Театр анасы атанған, Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Әшірбекова қойылымнан алған әсерін тебіреніспен айтып берді. Кез келген жан көзге іле бермейтін тақырыпқа терең бойлаған жазушыға ілтипатын білдірді. Маусым айының 25, 26-жұлдызында Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында аталмыш спектакльдің премьерасы болады. Спектакльде Қадырғазы Қуандықов, Сүндет Бектауов, Әсет Иманғалиев, Ербол Садырбаев, Сәния Ерзатқызы, Әлия Әбсаттарова, Лиза Серікова, Рау­шан Байзақова, Есжан Хамидуллин, Самат Абдилдаев, Жарқын Барақбаев сынды театр әртістері өнер көрсетеді. Анар ДҮЙСЕНБАЙ

3628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы