• Мәдениет
  • 23 Маусым, 2010

Қуырдақтың көкесін Португалия көрсетті

Оңтүстік Африка Республикасында футболдан өтіп жатқан әлем біріншілігінің қызықтары толастар емес. Өз тобында бірінші орында келе жатқан кейбір командалар сүрінсе, ал кейбір мақтаулы құрама жоқ жерден жеңіліп қалып жатқандары баршылық. Әйтеуір біріншіліктегі топтық екінші матчтан кейін Камерун, Солтүстік Корея және Гондурас мемлекеттері жүктерін арқалап, еліне қайтуына алдын ала дайындалғаны абзал. Себебі бұл үш құрама соңғы үшінші матчта ұтысқа кенелсе де, бәрібір де плей-офф ойындарына шыға алмайтыны белгілі болды. Ал Голландия және Бразилия екі ойында қарсыластарынан айласын асырып, жүз пайыздық көрсеткішпен 1/8 финалына шығуына біртабан жақын тұр.  Алаң қожайындарының бапкері, бразилиялық Карлос Альберто Паррейра ОАР құрамасын өрге сүйрей алмады. Соңғы матчта француздықтардан 2:1 нәтижемен басым түскенімен, бәрібір де топтық кезеңде үшінші орынды иеленуіне тура келді. «А» квартетінде испан тілдес Уругвай мен Мексика кезектен іркілмей өтті. Ал Франция болса «Еуро-2008» чемпионатының сүреңсіздігін айнытпай қайталады. Чемпионаттағы алғашқы сенсацияны Швейцария құрамасы жасады. Қарт құрлықтың екі дүркін жеңімпазы, мақтаулы Испанияны 1:0 есебімен тізерлетті. Жасыл алаңға шықпай жатып Испанияның нөмірі бірінші қақ­пашысы Джабулиано добының нашар сапада жасалғандығы туралы айтып шағымданған Икер Касильяс, расында да, Швейцарияға қарсы өткен матчта доп ұстай алмаумен әлектенді. Алайда эспаньолдықтардың қақпасына гол соғылуы Касильястың өзі емес, қорғаушылар­дың сауатсыздығынан туындады. Францияның «Сент-Этьен» клубының жейдесін киіп жүрген Желсон Фернандес гол соғып, Швейцарияны алға сүйреді. Азулы құраманы жеңгенімен, сағаттар елі Чилиге ұтылды. Бірақ Швейцария біріншіліктегі өзіндік рекордқа қол жеткізді. Жалпы, бір ескерерлігі, сонау 2006 жылдан бері санағанда Швейцарияның қақпасына гол 645 минуттан кейін ғана еніпті. Германия бұрынғы Югославия, қазіргі Сербия құрамасынан күтпеген жерден жеңіліп қалды. Ал Гана құрамасы болса Австралиямен итжығыс болып тең тарқасты. Бір ескерерлігі, Гана тағы да пенальти бойынша гол соқты. Диего Марадона бастаған аргентиналықтар Оңтүс­тік Кореяны 4:1 есебімен жеңді. Бұл матч қызықты оқиғаға толы болды. Аргентинаның 1/8 финалға шығуына 80 пайыз мүмкіндігі бар. Грекия мемлекеті алғашқы гол ғана емес, тіпті бірінші жеңісін тойлады. Отто Рехагель шәкірттері Африкадағы азулы команданың бірі Нигериядан 2:1 көрсеткішімен айласын асырып кетті. Элладалықтар­дың жеңуіне Вассилис Торасидистің үлесі мол болды десек, қателеспейміз. Әртістігін сәтті пайдаланған Торасидис Кайтаны «алаңнан қуды». Көптің аты көп емес пе?! Жеңіліп жатқан гректер сәтті мүмкіндікті уыстан шығармады. Димитриос Салпингидис Грекияның алтын әрпімен жазылатын футболшысы ре­тінде тарихқа енді. Өйткені ол – Эллада та­­рихындағы бірінші­лікте алғашқы гол соққан ойыншы. Айта кету керек, «В» тобындағы соңғы шешуші ойында Аргентина Грекияны, ал Нигерия Оңтүстік Кореядан айласын асырды. Жеңілгеніне қа­­рамастан Оңтүс­тік Корея доп айыр­машылығымен плей-оффқа шықты. Ал Аргентина барлық мә­селені алдын ала шешіп қойғаны белгілі. Жалпы, біріншілік қара құрлықта өтіп жатқанына қарамастан, Африка мемлекеттерінің жолдары болар емес. Мәселен, Камерун ортанқол Данияға жол берсе, ал Кот Д' Ивуар азулы Бразилияға жеңілді. ОАР өз алаңында Уругвайдан оңбай ұтылды. Бразилиялықтарға қарсы тұра білген КХДР футболшыларына көз тиді ме, жоқ әлде сөз өтті ме, белгісіз, Португалияға қарсы матчта бар білгенінен жаңылысқанын аңғардық. Португалия Солтүстік Кореяны 7:0 ірі есеппен тізе бүктірді. Бірінші таймда жергілікті Портуда өнер көрсететін Рауль Мейрелеш Ли Мен Гуктың осал жерін тапты. Үзілістен соң Симау Саброса, Угу Алмейда, екі мәрте Тиагу, Лиеодсон және Криштиану Роналду көзге түсті. Осылайша Ким Юн Хун бастаған команда оңбай таяқ жегеннен соң, үйіне қайтуына әзірлік жасай беруіне әбден болады. Ағылшындар мундиальға осымен екінші рет бақ сынап отырған Алжирді жеңе алмады. Тіпті есеп те аша алған жоқ. Қазір ағылшындықтардың халі мүшкіл. Соңғы турда Словенияны міндетті түрде екі доп айырмашылығымен жеңуге тиісті. Ал АҚШ пен Словения нағыз футбол өнерін көрсетті. Бірінші кезеңде 0:2 есебімен жеңіліп жатқан америкалықтар намысты қолдан бермейтіндігін дәлелдеді. «Лос-Анджелестің» жұлдызы Лэндон Донован және жаттықтырушының ұлы Майкл Брэдлидің арқасында ғана АҚШ құрамасы таразы басын әйтеуір теңестірді. Тіпті жеңіп кетуіне біртабан жақын тұрды. Донованның орындаған айып добына бірінші жеткен Морис Эду Самир Ханданович қорқаған қақпаның кілтін тапты. Алайда қапталдағы төреші таза соғылған голды санамай тастады. Іріктеу кезеңде Чехия, Польшаны қапыда қалдырған Словакия біріншілікте сүреңсіз нәтижемен көзге түсуде. Жаңа Зеландияны ұтып отырып, нәтижесінде тең тарқасқаннан кейін Парагвайдан 0:2 көрсеткішімен ұтылды. Дүлдүлдерден құралған, әлемнің 4 дүркін чемпионы Италия құрамасы Жаңа Зеландияның осал жерін таба алмады. Нұрлан ҚҰМАР

2786 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы