• Әдебиет
  • 23 Маусым, 2010

Перзенттік махаббат

Бала кезден анасы не айтса да сене салатын Гүлфарида осы кезге дейін анасының «Сенің әкең кішкентай кезіңде қайтыс болған», – деген сөзіне еш күмәнданбайтын. Ауылдан келген нағашы әжесі таяуда бұған ұрысып отырғанда, оның тірі екенін абайсызда айтып қоймаса, ол бұл өмірден әкесі туралы мүлдем бейхабар халде өтер ме еді, кім білсін. Сабақтан соң мектепішілік түрлі жиналыстар мен үйірмелерге қатысып, үйге кеш келген, әжесі ашудан жарылардай болып отыр екен:– Әкеңнен сендерге қайыр жоқ, саған бір тиын алимент те төлемейді. Есесіне ұпайы түгел, басында үйі, бауырында баласы...Қатынын көрсең, пай-пай, ақ борықтай боп, майдан мамырлап, аяғын баса алмайды, – деп тоқтаусыз бір бұрқылдасын. Гүлфарида аузын ашып, аң-таң отырып қалды. Тіпті оның ұрысып жатқаны миына кірсейші. Әжесіне ренжудің орнына екі көзі шырадай жанып, қолынан шап беріп ұстап алды: – Әже, әжетай, рас айтасыз ба? Алдап тұрған жоқсыз ба? – Нені, ойбай?.. Пайғамбар жасына келгенде, енді өтірік айтып мені не жын ұрыпты? – деді ол балаша өкпелеп. – Әкем... әкем тірі ме, шынымен? Соңғы рет қашан, қайдан көрдіңіз? – деді бұл қарақаттай қап-қара көздері мөп-мөлдір жасқа толып. – Е, құлыным-ай, оны Құдай алсын ба? Тап осы күні кеше ғана тірі еді. Астында – қып-қызыл шетелдік машина, қасында – үлпілдеген қатыны. Екеуінің сөмке-сөмке тамақ, жеміс-жидектер түсіріп жатқанын өз көзіммен көргем, – деді әжесі көзі жыпылық-жыпылық етіп. – Ол мені танымайтын да шығар, баяғыда-ақ, мен қайдан ұмытайын... Бәлкім, ол мені таныса да танымағанси ма, кім білсін... – Сонда ол кісі осы маңайда тұра ма? – деді жас қыз көзі бақырайып, оның таңданысында шек жоқ. – Кәне, бері кел, анау жолдың арғы бетіндегі биік көк үйді көріп тұрсың ба? Соның тап жанынан күнде көремін оны, – деп әжесі саябаққа қарсы тұрған тоғыз қабат үйді сыртынан көрсетті. Сол күннен бастап, Гүлфарида саябақтың ішіндегі ағаш орындыққа отырып алып, үй сыртынан телміріп, екі көзі боталап қарайды да отырады. Қанқызыл машинадан түсіп жатқан сұлу мұртты, ұзын бойлы еркекті де, бөлішке нан сияқты аппақ әдемі әйелін де, анасынан аумайтын он бес-он алты жасар ұлдарын да жақсылап көріп алды. Бір күні ол әкесін тап жанынан жақсылап көру үшін онымен бірге қосамжарланып, қабаттаса лифтке бірге кірді. – Қызым, саған қай кнопканы басайын? – деді ол жып-жылы дауыспен. Тұңғыш рет оны бүгін тап жанынан көріп тұрса да, оның «Қызым» деген жылы сөзін естіп, қатты толқығаны соншалықты, Гүлфариданың түсі бір қызарып, бір бозарып, тіпті қорыққаннан сөйлей алмай, тұтығып, дыбысы шықпай, тіпті тілі байланғандай бір сәт бөгеліп қалды да: – Өзіңіз баса беріңіз, мен ең жоғарыға көтерілемін, – деді дауысы дір-дір етіп, тұла бойы қалтырап кетті. Ол бұның абдыраған түріне қарап, таңғала басын шайқады да: – Немене лифтіден қорқатын ба едің? Бірінші рет мінген жандай соншалықты қобалжығаның не, қы­зым-ау? – деп жылы жымиды ол. Өте келбетті, кер­без кісі екен. Қымбат одеколонның иісі аңқиды. – Жоқ, бұрын да мініп жүрмін ғой, лифтіден неге қорқайын, одан қорықпаймын. Тек жай...Бір түрлі ауа жетпей тұрған сияқты, – деп күмілжіді бұл. Әп-сәтте әкесі тұратын қабатқа келіп қалғанымен, лифт есігі ашылмады. Сосын басқа кнопкаларын басты. Ол қабатта да есік ашыла қоймады. Сосын көмекке диспетчерді шақырмақ оймен Гүлфарида қабырғадағы ілулі тұрған қара телефонға қол соза бергенде, оның қолына қолы тиіп кетіп, дір ете түсті. – Кешіріңіз, – деді ол Гүлфаридаға қысыла қарап. Оның саусақтары салалы, ұзын, жып-жылы екен. Бұл қысы-жазы базарда тұратын, анау-мынау жүкті бір өзі көтеріп кете беретін өз анасының мүйіздене күстенген қатқыл алақанын, дөкірлеу қатты саусақтарын ойша салыстырып, көз алдына елестетті. – Қап, диспетчер де орнында жоқ екен?! Енді қайттік? Сірә, бүгін үйінде демалып жатқан болды ғой, – деді ол сәл-пәл сасқалақтап. Қалтасынан ұялы телефонын суырып алды да: – Қазір онда мен әйеліме телефон соғайын. Қара жер қақ жарылып, астына түсіп кетсем де, құтқарып алады. Ол мен дегенде өзін құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайды, – деді, сосын: «Жаным, мен тұтқынға түсіп қалдым. Жо-жоқ, жолдастарым жібермей ұстап тұрған жоқ. Шын айтамын, қалжыңым емес. Лифтіде қамалып қалдым. Қасымда айдай сұлу бір жас қыз бар. Шын айтамын, өте сұлу қыз. Жарайды, болды, қызғанбай-ақ қой, біздің Еркебұлан шамалас жасөспірім қыз бала екен. Ол менен неге қорықсын, оның да мендей әкесі жоқ дейсің бе?» – деп лекіте бір күліп алды. Сосын қоянның көжегіндей бұғып тұрған бұған қарап: – Қызым, қазір бізге «құтқару қызметі» көмекке келеді. Сәл шыдай тұр, – деді қамқор үнмен. Сосын: – Осында тұрасыңдар ма?.. – деді ол Гүлфаридаға. – Жоқ, осында бірге оқитын құрбым тұратын, соған келіп едім, – деп амалсыз өтірік айтты да, өрттей қызарып кетті. – Неше оқисың? – деп сұрады ол қадалып – 11-сыныпта, – деді тез-тез тақырыптың өз­гер­геніне қуанған ол. – А, менің баламмен құрдас екенсің. Ол да 11-сыныпта оқиды. Сен біздің Еркебұланды танисың ба? Мүмкін екеуің бірге оқитын шығарсыңдар? – деді ол бұған сұрақты қарша боратып. – Жо-жоқ, мен оны тек сырттай білемін, – деп қыз шынын айтып қалды да, онысына қатты ұялып кетті. – Бірде сіздің әйеліңіз «Еркебұлан, тамаққа кір!» деп терезеден айғайлап шақырып жатқан кезде, есік алдындағы топ баланың ішінен бөлініп шығып, үйге кетіп бара жатқанын құрбыма келгенде көргем, – деді жуып-шайып. – Ағай, сіздің одан басқа да балаңыз бар ма? –деді ол дереу батылдығын бойына жиып. – Жоқ. Ол – менің жалғыз балам, – деді ол біртүрлі мақтана. – Неге Сізде жалғыз ұл ғана, қызыңыздың болуын қаламадыңыз ба? – деп сұрауға оқтала бергенде лифт есігі тарс-тұрс ашылып сала берді. – Ал, қызым, жарайды! Сау бол! – деп күле қоштасқан әкесін көзбен ұзатып салған ол үйіне көңілсіз оралды. Әжесі мен анасы кешкі тамақты дайындап қойып, бұны күтіп отыр екен. – Сандалып қайда қаңғып жүрсің? – деп екеуі екі жақтан дүрсе қоя берді. Бұл да қорықсын ба, екеуіне қитыға жауап берді: – Әкемді көріп келдім, – деді мүлдем тайсалмай. Шешесі оның сөзін естіп, шошып кетті. Бірден бұның әжесіне қарады да: – Сіз бе, бұған бірдеңені бықсытып жүрген? – деді қатқылдау үнмен. Түрі өрт сөндіргендей, түтігіп кеткен... – Е, не боп қалды айтсам? Оны білгенде не тұр? Сенікі дұрыс емес, тірі адамды өлді деп... Ол – үлкен күнә... – деді діндар әжесі. – Ол – мен үшін баяғыда-ақ өлген адам. Өз перзентінен өзі безіп, «аборт жасат, көзін құрт» деп ақша берген адамды да әке деп... Әке деген ардақты аттан садаға кеткір! – деді де, Гүлфариданың анасы ашудан булыға жылап жіберді. Гүлфариданың да көзінен жас шығып кетті. Отырған орнынан ұшып тұрып, басқа бөлмеге кетіп бара жатқанда құлағы шалып қалды, әжесі байғұс жалғыз қызын жұбата сөйлеп: – Оның әйелі барын біле тұра өзің ғой, сүйемін, күйемін деп, үйлі-баранды жігітке ғашық болған... Енді келіп, оған неге өкпелейсің? – деді әжесі. – Қартайғанда жалғыз болмайсың. Мен қашанғы тірі жүрермін дейсің. Бұл қызды өзің үшін туып алдың, Аллаға шүкір, қандай сұлу қыз боп өсіп келеді. Құдай енді осы қызыңның өзің құсап, от баспай, аман-сау өсіп, құтты орнына қонуын тіле, – деді әжесі. Бір күні Гүлфарида бұрынғы әдетімен тағы да сол үйдің маңында жүрген, кенет қанқызыл машинаны көзі шалып қалды. Ол да бұны байқап қалыпты: – Қай жаққа бара жатыр едің, ала кетейін? – деп дауыстады. – Орталық саябаққа, – деді, ойына келгені сол болды. – О, онда жолымыз бір екен. Кел, келе ғой, менің офисім де сол жақта ғой, – деп ол қалбалақтап машинасының есігін ашты. – Рахмет, аға! Машинаңыз тамаша екен. Қымбат машина ғой деймін, сірә? – деді бұл жайғасып жатып. – Иә, – деді ол. – Менің әкем жоқ, жалғыз анам ғана. Ол – мені бір өзі тәрбиелеп, барлық ғұмырын маған арнаған жан, – деді қыз мақтанышпен. – Әкең қайтыс болған ба? – деп сұрай бергенде, бірдеңе сарт ете қалғанын ғана біледі. Шофер жақ есіктен ұрған қатты соққыдан сыртқа ұшып кеткен қыз төңірек азан-қазан у-шу болып жатқан кезде есін жиды. Дереу шырқырай жүгіріп, жүргізуші отырған көлікке ұмтылды. Басынан атқылаған қан бетін жуып, рульде отырған әкесін көріп, шошып кетті. Көп ұзамай, жер-дүниені басына көтеріп, «Жедел жәрдем» көлігі келді. Оны зембілге салып әкеткелі жатқанда, бұл да қалмай, көлікке мініп алды. «Қан көп кетіп қалыпты, қан құюға бұл кісінің қанының тобына сәйкес қан жоқ бізде. Бұл кісінің қаны сирек кездесетін 4-топтағы қан екен», – деп дабырлап жатқан дәрігерлердің сөзін естіп қалған Гүлфарида: – Менің қанымды құйыңыздар, менің қаным 4-топ, – деді жалынып. – Резусы қандай? – деп сұрады олар бұдан. – Отрицательный, – деді ол тақ-тақ етіп. – О, жақсы болды, көретін жарығы бар екен онда, – деп дәрігерлер қуанып кетті. – Айтпақшы, сіз оның кімісіз? – деп сұрады олар. – Туған қызымын. – О, онда тіпті жақсы болды, – десті бәрі көңілдері жайлана. Арада оншақты күн өткен соң, ол жазылып, ауруханадан шықты. Дәрігерлерге үлкен ризалығын білдіріп, алғысын айтып, қоштасып жатқан сәтте емдеген дәрігері: – Ой, ағай, бізге несіне рахмет айтасыз? Анау туған қызыңыздың арқасында ғана аман-сау өмірге оралдыңыз. Сіздің қаныңызбен тура келетін донор табылмай жатқан сәтте жас болса да саспай, өз қанын беріп, көзіңізді ашып, өзіңізге келгенше әкем деп шырылдап, қасыңыздан кетпей, осында жүрген сол қызыңыздың арқасында тірі қалдыңыз. Сондай тәрбиелі, ақылды да сезімтал қызыңыз бар қандай бақытты әкесіз?! – деді қаршадай қызға деген ризалығын жасыра алмай. Ол дәрігер әйелге таңғала қарап қалды. – Кімді айтасыз? Қайдағы қыз, ұлымды айтасыз ба? Менің тек жалғыз ұлым ғана бар ғой? – деді ол көзі жыпылықтап. Дәрігер оны қатты соққыдан әлі есін жия алмағанға жорыды ма, ойына бөтен ештеңе алмай, тәптіштей түсіндіре бастады: – Өзіңізбен бірге жол апатына түскен қызыңыздың жарақаты жеңіл болып, сізге сол қанын берді. Сіздің қаныңыз өте сирек кездесетін 4-топ, «отрицательный резус» қан екен. Қайта әйтеуір, ол қан бермегенде, сіз қансырап өлетін едіңіз, – деді сабырмен. Бұл қақ төбесінен біреу қос қолдап ұрғандай аңтарыла отырып қалды да, осыдан он жеті-он сегіз жылдай бұрынғы оқиғаны есіне түсірді. «Көзін құрт» деп ақша ұсынған қара торы нәзік қызды есіне түсірді. «Мен оған өлім тілесем, ол маған өмір сыйлапты ғой» деген ой оны жерге тірідей сіңіріп жібергендей болды... Мақсат Рсалин

3182 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9342

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7402

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5144

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4525

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4490

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4449

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4185

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4177

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы