• Мәдениет
  • 14 Шілде, 2010

АФРИКАҒА – САЛАУАТ, БРАЗИЛИЯҒА – АМАНАТ

Бір айға созылған футболдан әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Жартылай финалда Испания неміс мәшинесін тоқтатса, ал Голландия тәжірибелі Уругвайдан айласын асырды. Үшінші орын үшін Германия құрамасы Уругваймен жасыл алаңда кездесті. Шиеленісті де тартысты өткен матчта есепті алдымен немістер ашты. Жиырма жастағы Томас Мюллер жасындай жарқырады. Бұл Мюллердің біріншіліктегі бесінші голы болатын. Алайда еуропалықтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Эдинсон Кавани араға 9 минут салып есепті теңестірді. Бірінші тайм итжығыс болып тең аяқталды. Екінші кезеңде Диего Форлан Уругвайды алға шығарды. Биыл Еуропа Лигасының финалында «Атлетикоға» жеңіс әперген Форлан біріншілікте өте сәтті өнер көрсетті. Дегенмен Германия құрамасы сабырлық таныта отырып, есепті теңестіріп қана қоймай, тіпті бір доп айырмашылығымен жеңіске жетті. Ислам дініндегі бауырымыз Сами Хедира Германияға жеңіс сыйлап, қола жүлде алуға мол үлесін қосты.

Испания – чемпион! Ақтық сайыс қос Еуропа құрлығының өкілдері арасында өтті. Испания мен Голландия құрамалары Йоханнесбургтегі «Соккер Сити» стадионында бас жүлде үшін күш сынасты. Бір қызығы, бұл қос команда біріншіліктің жеңімпазы болып көрмеген екен. Сондықтан екі мемлекетке де чемпион атану ауадай қажет болатұғын. Қос команданың тегеурінді әрі қауіпті шабуыл өрнегін көрсетті. Голландияның гол соғатындай мүмкіндігі мол е­ді. Әттең, сәттілік жетіспеді. Негіз­гі уақытта есеп ашылмаған­нан кейін төреші қосымша уақытты белгіледі. Көпшілік қа­уым матчтың тағдыры пенальти сериясы анықтайтын шығар деп болжады. Бірақ матчтың 116-минутында «барселоналық» Андрес Иньеста есеп ашты. Қалған төрт минуттың ішінде голландтық футболшылар қауіпті шабуылдаса да, есепті теңестіре алмады. Осылайша Испания құрамасы өз тарихында алғаш рет бас жүлдені олжалады. Бұдан екі жыл бұрын қарт құрлықта үздік атанған «қызыл фурия» Францияның ер­лігін қайталады. Естеріңізде болса, Франция 1998 жылы әлем және араға екі жыл салып қарт құрлықтың үздігі атанған-ды. Бақ пен бап Қалыптасқан дәстүр бо­йынша қазақ «бақ шаба ма, әлде жоқ, бап шаба ма?» деп тегін­нен-тегін айтылмаса керек. Биылғы барыс жылындағы біріншілікте бақтан бұ­рын бап жанғандай. Испания, Голландия, Герма­ния – барлығы дүлдүл фут­болшылардан құралғаны белгілі. Дегенмен Оңтүстік Америка командаларының жолы болмағаны өкінішті-ақ. Сонау 1966 жылдан бері бірде Еуропа, келесі де Оңтүстік Америка құрамалары кезектесіп жеңімпаз атанып келген-ді. Биыл Бразилия немесе Аргентина ұтуға тиіс болатұғын. Тіпті біріншіліктің басы осы пікірге дәл келе жатқандай әсерде қалдырды. Топтық кезектен қарт құрлықтың 13 командасынан алтысы 1/8 финалға әрең өтті. Бұдан төрт жыл бұрын мундиальдың финалында жолыққан Франция мен Италия топтық електе ең соңғы орынды иеленді. Оңтүстік Америкадан барлығы іркілмей 16 үздіктің қатарына қосылды. Алғашқы сегіздік те осыны растады. Тек Бразилиядан жеңілген Чили қатардан шығып қалды. Тұңғыш рет біріншіліктің ¼ финалында еуропалықтардан гөрі Оңтүстік Америка командалары көп болды. Көз тиді ме, жоқ әлде сөз өтті ме, әйтеуір жартылай финалға шығу жолында Оңтүстік Америка құрамаларының барлығы қарт құрлық өкілдерінен ұтылып жатты. Бразилия Голландияға, Аргентина Германияға, Парагвай Испанияға жол берді. Тек Уругвай ғана төрттікке ілікті. Оның өзінде Уругвай Ганамен болған кездесуде тең нәтижемен аяқтап, тек пенальти бойынша ғана айласын асырды. Әрі Гана Африканың өкілі екенін ескерген жөн. Қара құрлықта өтіп жатқанына орай, көбісі биыл африкалықтар жеңімпаз атан­­баса да, жақсы нәтиже көр­сететін шығар деп ойлаған-ды. Алайда олай болмай шықты. Барлығы дерлік топтық кезектен өте алмады. Нигерия, Кот Д'Ивуар, Камерун, Алжир тым сүреңсіз ойнады. Ал алаң иесі Оңтүстік Африка Республикасының ойы­ны тым жүйесіз негізде өрбіді. Тек Гана ғана жарады. Үздік сегіздікке енген Гана Сенегалдың 2002 жылғы жетістігін қайталады. Есесіне азиялықтар жарады. Оңтүстік Корея мен Жапония топта екінші орын алып, 1/8 финалына шықты. Ал Солтүстік Корея мен Австралия ғана топтан шықпағаны заңдылық деп бағаланды. Бір қызығы, Солтүстік Америка өкілдерінен, тәжірибелі Мексикадан бөлек, АҚШ-тың келесі айналымға өтуін жетістік деуге толық негіз бар. Пауль қателеспеді Әлем біріншілігі тұ­сын­да букмекерлік кеңседе жұмыс істе­гендер біраз байып алғаны белгілі. Бүгін ана команда, жоқ мына команда жеңеді деп тәуекелге бет бұрған мил­лиондаған адам қаншама қар­жысынан айырылды десеңіз­ші. Біздің елімізде де бәс тігіп жатқандар қаншама? Мәселен, Германияда бір жігіт жартылай финалда жерлестерінің Испанияны жеңетіндігіне сенімді болып, 500 мың еуроға бас тіккен көрінеді. Нәтижесінде немістердің жеңілгені құрамаға ғана емес, қарапайым халыққа зардабын тигізбей қоймады. Қомақты қаржыдан айырылған жанкүйер енді алдағы уақыт­та ақылға жүгіне­тін болар. Осындайда адам­­нан гөрі жан­уар ақылды ма деп ойлайсың? Себебі Германиядағы хайуанаттар бағында тіршілік етіп жүрген Пауль деген сегіз­аяқ қай команданың жеңіске жететіндігін дәл анықтаумен ерекшеленуде. Қос мемлекеттің жалауы тұрса болғаны, сегізаяқ ұтатын құраманың жалауын орап алатын көрінеді. Мәселен, Пауль Германияның Англия, Аргентина сынды азулыларды жеңетіндігін, финалда Испания басым түсетінін дәл анықтапты. Әзірге жануар 100 пайыз көрсеткішпен бірде-бір рет қателеспепті. Үздік үштік Жеңімпаз пен жүл­дегер­ді мара­пат­тағаннан кейін бі­рінші­ліктегі үздік футбол­шы­лар­дың есімдері аталды. Уругвай құ­ра­масының шабуылшысы Диего Форлан чемпионат­тың үз­дік ойыншысы деген атқа ие болды. «Алтын бутсы» бі­рін­шіліктің бас мергені, Гер­мания құрамасының жартылай қорғаушысы Томас Мюллерге бұйырды. «Алтын қолғап» деген атқа Испания қақпашысы Икер Касильяс лайық деп танылды. Себебі Касильяс біріншілікте небәрі екі доп жіберіп алды. Бір қызығы, екі доп топтық кезеңде (Швейцария және Чилиге қарсы ойналынған матчта) ғана қақпаға енген. Ал финалда бірнеше мәрте 100 пайыздық голдардың бетін қайтарды. Бағы жанбаған жұлдыздар Чемпионатта шабуыл­ды жүйелі ұйым­дас­тырған команда үнемі жеңіске жетті. Дегенмен сен­сация болмай қойған жоқ. Атақты дүлдүл ойыншылардың бірнеше мәрте гол соққанын не болмаса тамаша ойнағанын байқадық. Десек те, биылғы чемпионат кейбір өте танымал жұлдыздардың жолын тұсады. Испания құрамасы мен Тұманды Аль­биондағы «Ливер­пуль­дің» намысын қорғап жүрген Фернандо Торрес бірде-бір гол соға алмай қойды. Ол аз болғандай, әріптестеріне жөнді пас бере алмады. Нашар ойнағанына қарап бас бапкер Висенте дель Боске Торрестің орнына басқа футболшыны алмастырумен болды. Бұдан екі жыл бұрын қарт құрлықта жасындай жарқыра­ған Торрес биылғы біріншілікте бар білгенінен жаңылысқан­дай әсерде қалдырды. Әйтеуір шет­ел­дік БАҚ-та Торрестің ден­саулығының нашарлап, ауы­­рып жүргенін тілге тиек етіпті. Ал аргентиналық Лионель Месси тіпті түсініксіз мінез танытты. «Барселонаның» бас қа­һарманына айналған мерген біріншілікте көзге түсе алмады. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ болғанына қара­мастан шабан қимылмен ерек­шеленді. Рас, допты кей кезде ұршықша иірді. Бірақ ол ша­буылшының орнына жартылай қорғаушының қызметін көбірек атқарды. Ескере кету керек, Мессидің еңбегінің қы­зығын құрдасы Гонсало Игуаин (екеуі де 1987 жылы дүние есігін ашқан) көрді. 2008 жылғы әлемнің үздік футболшысынан қарсыластары көбірек сақтанды ма екен, адымын аш­тыртпауға тырысты ма екен, белгісіз Мессиге доп келген кезде бірнеше футболшы жабылып кететін кездер аз болмады. Германияға қарсы ойнаған матчта Лионель тіптен жөнсіз ойнап кетті. Чемпиондар Лигасында «Интерге» алтын кубок сыйлаған Диего Милито да жарытып ойнаған жоқ. Германия бундеслигасында жарқырап жүрген Марко Мариннің ойыны жанаспай қойды. Атақты Криштиану Рональду әрең дегенде бір голды тоғытты. Оның өзінде әлсіз болып санала­тын Солтүстік Кореяға ғана енгізді. Есесіне Дидье Дрогба бір гол соққанымен бабында екендігін аңғартты. Өйткені Дрогба Бразилия қақпасына доп енгізген біріншіліктегі алғашқы африкандық атанды. Әрі командаластары оған тамаша пас шығарған жоқ. Есесіне өзі ша­буылшымен қоса жартылай, тіпті қорғаушының рөлін атқар­ды. Бұл жолы бағы жанбаған жұл­дыздардың Бразилияда қан­жы­ғасы майланар. Африкаға – салауат, Бразилияға – аманат. Нұрлан ҚҰМАР

2760 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы