• Мәдениет
  • 21 Шілде, 2010

"Өмірге өкпелеуге болмайды"

Дәуірхан Жәлиұлы Айдаров – елге танымал азамат. Осыдан аттай алпыс жыл бұрын Қызылорда пединститутын бітірген жас жігіт содан бергі өмірін тәрбие ісіне, идеология саласына арнады десек еш қателеспеспіз. Комсомол органдарында шыңдалған жас облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, облыстық радиохабарлар тарату комитетінің төрағасы болды. Сол кездегі елдегі биліктің жоғары сатысы саналатын Қазақстан КП Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, мұнан соң он жылдай Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Зейнетке шығар алдында республикалық «Білім» қоғамына басшылық жасады.

Бұл күнде Дәуірхан аға сексеннің сеңгірінде. Құдай берген денсаулық қой – әлі тың, ширақ. Әлгінде сөзіміздің басында Дәукең барлық шаруаларды бітіріп, алаңсыз тіршілік етіп жатқандай сыңай таныттық па, қалай... Жоқ, олай емес. Дәуірхан аға бұл күнде қолы­на қалам алып, артындағы ұрпағы­на аталы сөз арнауды дағдыға айналдырған. Өмірдің біраз белесін артқа тастады. Көп көрді, көп нәрсені бастан өткерді. Өмір жайлы, адамдар хақында өзіндік ой-пікір, көзқарас қалыптасты. Соларды ақ қағаз бетіне түсіргісі келеді. Адамдардың, әсіресе кейінгі толқын – жас ұрпақтың жамандық атаулыдан аулақ болып, жақсылыққа, азаматтық пен адамгершілікке, ізгілікке жақын болғанын қалайды. Демек, бұл кісі Алла тағала о баста нәсіп еткен кәсібі – тәлімгерлікті, тәрбиешілікті әлі жалғастырып келе жатыр деген сөз. Міне, алдымызда Дәуірхан Жәлиұлының кейінгі кезде жарық көрген жаңа кітабы – «Туған жердің тағылымы». Туған жер. Кіндік қан тамған топырақ. Әркімге де ыстық. Дәукеңе де солай. «Адам бар жақсы қасиетті туған жердің топырағынан алады» деген ескі сөз бар. Туған жердің топырағы торқа, ауасы жұпар, суы бал, жусанының да исі бөлек. Мен 80 жасқа таяндым, осы жасқа келгенше талай жердің топырағын бастым, дәмін таттым. Мен үшін Қазалы мен Арал аудандарының теңізге қараған өңірлері бәрінен де ыстық көрінеді». Осылай деп тебірене сөз қозғаған ағамыз өзі өскен өңірдің қазақтың қасиетті бір пұшпағы саналатынын тілге тиек етеді. Онысы рас. Қазалы жеріндегі Жанкент, Күйікқала, Бегім ана ескерткіштері небір аласапыран тарихтардан сыр тартатыны еш күмәнсіз. Бұл топырақ дала данышпаны Қорқыт атаның, Жалаңтөс баһадүрдің, Әйтеке бидің, Жанқожа батырдың, талай Сыр сүлейлерінің кіндік қаны тамған жер. «Кім де болса туған топырағына қарыздар» деп сөзін шегелеген кейіпкеріміз бір сәт ұлттық намыс және ұлттық құндылықтар жөнінде төгіле жөнеледі: «Ұлт дегеніміз не, ұлттық мүдде, намыс, мінез, дәстүр дегеніміз не деген сауалдарға саяси-ғылыми әдебиеттерде әртүрлі жауап, анықтамалар берілген. Бұл басқа әңгіме. Менің айтайын дегенім осы ұлттық қасиеттеріміз қалай қазаққа қызмет етеді. Бұл ойымыздан қазақшылық атансақ атанармыз, бірақ бұл жерде таза ұлтшылдық жоқ. Ал өз ұлтына беріле қызмет еткен ұлтшылдықтың не артықшылығы бар. Қазақшылық болса – өз халқын жақсы көру, адал болу, қазаққа беріле қызмет ету. Қазақшылық – ұлтын көркейту, кіндігі ұлтқа байланған деген сөз». Міне, көрдіңіз бе, қазақшылық деген біреулер келте ойлайтындай, ескіліктің, жабайылықтың емес, ол – нағыз ұлтжандылықтың, ұлтты жақсы көрудің белгісі. «Ұлттық мүдде өмірдің бар саласында алғашқы орынға шығуы тиіс. Бар мәселе ұлттық мүдде тұрғы­сы­нан шешілуі керек. Уақытша табыстың қызығына беріліп кет­пеу керек. Ұлттық мүдденің қорғаушысы – намыс. Ұлттық на­мыс – азаматтықтың жаршысы, намыс бар жерде құлдыққа орын жоқ. Ұлттық намысы оянған ел жеңдірмейді». Сөз болғаныңа, шіркін! Ұлт зиялысы осылай сөй­лесе керек-ті. Бәрінен қымбаты – ұлттық мүдде, ұлттық намыс деп тұрған жоқ па Дәукең?! Осындай алтын сөзге де құлақ аспайтынымыз бар-ау. Өзіміз айта алмайды екенбіз, айтылғанға неге көңіл бөлмеске? «Намысты болу үшін ұлттық мінез керек. Мінезсіз адамда қа­сиет болмайды. Бұл ұлтқа да тән. Мінезді халық – намысты халық» деп келетін даналық сөздерге бергісіз асыл сөздер одан әрі былайша жалғасады: «Әдет, ғұрып, салт-дәстүр дейміз. Әрқайсысының өзіндік ұғымы, мән-мағынасы бар. Бірін-біріне шатастырмау керек. Ата заңымыз – Конституцияның баптарын, түрлі заңдарды дайындағанда алдымен ұлттық дәстүр басшылыққа алынады, өзге елдердің, халықтардың дәстүріне негізделмейді. Дәстүр бір ұлтқа ғана тән, басқа ұлттың ортақтығы жоқ. Дәстүрді заң дейміз, ал заң бұзушы қылмыскер есептеледі. Дәстүрдің күші осында, оның тамыры тереңде. Тамырынан айрылса не де болса құлап түседі. Дәстүр бұзылған жерде халықтың халықтығы бұзылады. Күре тамырымыз – халықтық дәстүр. Әдет-ғұрып салт-дәстүрмен үндес, дәстүр ұғымын толықтырады, өз функциялары арқылы халыққа қызмет етеді. Дәстүрінен айрылған ел халықтығынан айрылады». Дәуір­хан ағамыз философия ғылымының кандидаты. Әлгіндегі сөздерден-ақ Дәукеңнің осы ғылым саласынан кандидаттықты жайдан-жай қорғамағаны көзге ұрып-ақ тұр. Кітапта «Ұлыға құрмет, талантқа тағзым» деген тарау бар. Мұнда автор скифтер патшасы Анарыстан (Анахарсис), Еділ бабамыздан (Аттила), Тұмар анамыздан (Томирис) бас­тап, Шоқан, Абай, Ахмет, Әлихан, Мағжан... одан кейін Д.Қонаев, Н.Назарбаев, Ө.Жәнібеков, Ш.Есенов, С.Әшімбаев... секілді қай­­раткер азаматтардың ел үшін тындырған өнегелі істерін тіз­белейді. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, өз бағасын береді. «Тарих локомотиві – бұқара халық. Халықты бастайтын кемеңгер тұлғалар. Кемеңгерлік – негізінен саяси ұғым. Олар өзгенің көре алмағанын көреді, сезе алмағанын сезеді, дамудың дұрыс жолын таба біледі. Сол ұлы тұлғаларымызды танып, анықтау, оларды бағалай білу парыз» деп сөз аяғын түйіндейді. «Айналаңның амандығы керек» деген бөлімдегі материалдар да тартымды оқылады. Мұнда Дәукең көз көрген, қатар қызмет атқарған Саттар Имашев, Сағидолла Құбашұлы, Досмұхамед Кішібеков, Сапар Байжанов, Елеу Көшербайұлы, Дүйсенбай Маханұлы, Көмекбай Қаракөзов, Әбен Асқарұлы, Мұхамедғали Сужиков және басқалар жайында ағынан жарыла әңгімелейді. Кітап «Сөз соңымен» аяқталады. «Сөз соңы» – өмір туралы мағыналы сөз. Айналдырған оншақты бет қана. Алайда осы жолдарды оқи отырып, он томға татыр ғибрат, тағлымы мол көркем ойға қанығасың. Кәне, оқып көрелік: «Аға болуға жараған азаматқа іні болуға тырыстым, мұның өзі бір бақыт деп санаймын. Сондай-ақ өзімнен ақылы асқанды қызғанбай, оны мақтан тұттым, дос­тарымның бойынан мін іздемедім. Ар мен абыройды азық еттім. Бүгін көрген жарық, татқан дәмге қанағат деймін. Дәтке қуат, тіршілікке тәубе!», «Өмірдің аты өмір, бәрі де болады. Өмірге өкпелеуге болмайды. Небір өмір сынынан өткен сияқтымын. Өмір сынын көрмеген кісі өмір көрдім деп айта ала ма?», «Бір ойшыл: «Адам өмірі қып-қысқа. Егер осы қысқа ғұмырда ештеңе тындырмай кетсең, онда бұл өмірге келмегенмен бірдейсің» депті. Тындырғаныңның ең керегі – кісіге жақсылық жасау»... Ізгі ойлы, көңілі тұнық адам қашан да қадірлі, құрметті. Адамдарға жақсылық жасауды тындырған ісі санайтын Дәуірхан Жәлиұлы жайлы оны біліп, танитындар да ардақты азаматтан жылы сөздерін аянып қалған емес. Қайыспай өскен ауырдан, Артық боп кеткен бауырдан. Көңілі дала, жаны жаз, Жақсы ағасың Дәуірхан – деп Мұхтар Шаханов жырын арнаса, қа­зақтың қайраткер азаматтары­ның бірі Сағидолла Құбашұлы «Алматыда жолдасым көп, бірақ досым біреу, ол – Дәуірхан Айдаров» деуі де жайдан-жай айтыла салған сөз емес-ау, сірә. Жоғарыда сөз етілген кітапта Дәукең былай дейді: «Үлкенді сыйлап, ақсақал сыйлап өскен халықпыз. Жол білетін, жөн білетін, көсем сөйлеп, көрегендік көрсететін ақсақалдардың жастар алдында, қоғам алдында орны бөлек». Тауып айтыпсыз, Дәуірхан аға. Біздің қоғамда, қазақта үлкеннің, ел ағаларының орны айрықша. Солай болған. Солай бола берері хақ. Міне, сол көсем сөйлеп, көрегендік көрсетіп жүрген алдыңғы толқын өкілдерінің бірі өзіңізсіз. Мұны сіз байқамауыңыз да мүмкін. Алайда, «Туған жердің тағылымын» қолына алып, осындағы дүниелерге көз жүгірткен кім-кім де бұған шүбәсіз көз жеткізері анық. Артыңызға қарайламай, армандарға құлаш сермей беріңіз, абыз аға! Нұрперзент Домбай

3683 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы