• Тіл
  • 29 Шілде, 2010

Шенеуніктердің беті бері бұрылып келеді

Мемлекеттік тіліміздің анасы –ауыл. Сондықтан қаймағы бұзылмаған ауылда ғана тіл байлығымызға ерік беріп, білмегенімізді үйренетініміз рас. Кезінде, еліміздің солтүстік аймағында, өзге тілде білім алса да, отбасында ұлттық тәрбие көрген азаматтар туған тілдерін ұмытқан жоқ, қайта олардың құнарлы ана тілімізге деген құрметі артты. Мәселен, соңғы жылдары қазақ тілінде білім бе­ретін мекемелердің саны үш-төрт есеге көбейген аудандардың бірі Ертіс ауданы. Ауданның ресми сайтынан аудандағы 31 мектептің 10-ы қазақ тілінде білім беретінін, ал аралас мектептердің саны 18 екенін білдік. Бұрын бұл өңірде ана тілінде оқитын қазақ балаларының саны тым аз болса, мемлекеттік тілде білім алуға ден қойған балалар саны соңғы жиырма жыл бойы үздіксіз артып келеді. Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, 2007-2008 оқу жылы Ертіс ауданындағы 3338 оқушының 49%-і (1636 оқушы) мемлекеттік тілде білім алуды жөн көрсе, келесі оқу жылында бұл көрсеткіш 52%-ға өскен. Қазақ тілінде білім алуды қош көрген өзге ұлт өкілдерінің саны соңғы бір жылда 7 баладан 21 балаға өскен. 2009-2010 оқу жылы ұлты қазақ оқушылар саны 2245 бала болса, соның 1663-і (74%) ана тілінде оқиды, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 69,85%-ды құраған көрінеді. Осындай жетістік өзге аудандарға да тән. Айталық, Железин аудандық білім бөлімінің бастығы М.Шабамбаева: «Железин ауданында 2009-2010 оқу жылында 38 мектеп жұмыс істесе, соның ішінде қазақ мектептері 8, орыс мектептері 19, аралас мектептер 11. Қазақ тілінде білім алатын бала саны 583, орыс тілінде 1748 оқушы білім алады, олардың ішіндегі 555 оқушы қазақ ұлтының өкілдері, аудан бойынша өзге ұлт өкілінен 6 оқушы қазақ тілінде білім алады. 2004-2005 оқу жылында қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны 20% құраса, 2009-2010 оқу жылында 25% құрады» дейді. Демек, қазақ балаларының 51,2%-ы ана тілінде білім алады екен. Сондай-ақ, соңғы жылдары Башмачин, Береговой, Жаңа жұлдыз, Еңбекші, Веселорощин, Новомир, Михайловка, Жаңа жұлдыз, Захаровка, Березовка Ш.Уәлиханов атындағы т.б. мектептерде мемлекеттік тілде мектепалды даярлық топтары, шағын-орталықтар, сыныптар ашылуда. Айта кетерлігі, облыс бойынша мемлекеттік тілдегі мектептер санының артуы қазақ балаларының ана тілінде білім алуы құқын ескеру барысында жүзеге асып жатыр, бұған облыстағы қазақ тілді БАҚ-тар да үлес қосуда. Кезінде, Кереку өңірі қазақ тілі кеңістігін кеңейтуді бұқаралық ақпарат құралдарын реттеуден бастаған. Тоқсаныншы жылдары облыстық радио сақталып қалынды. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы да қол қусырып отырмады, қалалық «Шаһар» газетін аяқтандырды, «Туған тіл» қосымшасы мен «Айдын» журналын шығарып тұрды, ал балаларға арналған «Айналайын» қосымшасы осы күнге шейін үздіксіз шығып келеді. Ізденіс үстіндегі облыстық «Сарыарқа самалы» газетінен қалалық «Шаһар» газеті де қалысқысы келмейді. Бұл газеттерді қаламыздағы кез-келген дүңгіршектен сатып алуға болады. Павлодар мемлекеттік университеті (ректоры Е.Арын) «Білік», «SМS+» газеттерін шығарса, қаламыздағы №19 орта мектеп қабырғасынан «Үкілі үміт» газеті жарық көреді. «Ертіс дидары» тіл газетінің (редакторы Арман Қаниев) интернет нұсқасы да бар. Кереку өңірі отаншыл азаматтардан кенде емес, солардың бірі балалар ақыны М.Жаманбалинов еді. Ол қазақ балаларын ана тілінде оқытуға шақырып, мемлекеттік тілге жастардың, балалардың сүйіспеншілігін арттырған болатын. «Ақынның ел болашағы үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегінің қайсы бірін айтамыз» дейді жерлестері. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауылдарда мемлекеттік тіл өрісінің кеңеюіне жағдай жасау, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қажет, ел тәуелсіздігін баянды ету үшін маңызды. Аймақтағы мемлекеттік шенеуніктер бұны өзге өңірлердегі әріптестеріне қара­ғанда жақсырақ түсінетіндей. Өйткені нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Төлен РАМАЗАНҰЛЫ Павлодар облысы

3217 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5913

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5546

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3284

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2668

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2630

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2606

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2340

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2323

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы