• Тіл
  • 29 Шілде, 2010

Ықылас болса, тіл үйренудің еш қиындығы жоқ

Қай мемлекет, қай халық болмасын оның ұлттық мақтанышы, рухани бастауының қайнар көзі – ана тілі. Ол туралы Елбасымыз: «...Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы тіл – қазақ тілі», – деп тебірене толғанған, туған тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуына тоталитарлық билік кезінде-ақ өзі бас-көз болған. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап тіліміздің мәртебесін арттыру жолында көптеген келелі істер тындырылды. Ең алдымен тіліміздің мемлекеттік мәртебесі ел Конституциясында бекітіліп, тиісті тілдік заңнама қабылданды. Ал Қазақстан Республикасының «Қазақ­стан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 23-бабында «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдылығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі» деп атап көрсетілген. Заңның осы талабын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы № 127 Жарлығына сәйкес Алматы облысы­ның жергілікті атқарушы және өкілетті органдарында 2008 жылдан бері іс жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік органдарда іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшірудің үлкен стратегиялық маңызы бар. Өйткені, қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын мемлекеттік органдар арқылы басқарылады. Сондықтан басқару органдарындағы тілдік ахуал әр салаға ықпал етеді десек асыра айтқандық болмайды. Сол себепті жергілікті атқару құрылымдарындағы мемлекеттік тілді орнықтыру жұмысын түпкілікті әрі нәтижелі етіп жүргізуге баса көңіл бөлінді. Соның ең бастысы – қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыру, мемлекеттік тілде іс жүргізудің материалдық-техникалық базасын жасау сияқты маңызды іс-шаралардың тиісінше атқарылуы. Қазір облысымызда қазақ тілін оқып-үйренуге, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге қажет барлық жағдайлар жасалған. Бұл жағынан Алматы облысы бүкіл респуб­ликада алдыңғы қатарда деп мақтанышпен айтуға болады. Облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов туған тіліміздің мәртебесін көтеруге жете көңіл бөліп отырады. Үстіміздегі жылы облыс орталығы Талдықорған қаласында республика бойынша тұнғыш «Тіл сарайы» салынып пайдалануға берілуі соның жарқын айғағы. Облыс орталығында соңғы үлгіде жаб­дықталған осындай оқыту ғимаратының пайдалануға берілуі, сөз жоқ, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқытудың ма­териалдық-техникалық базасын нығайта түсті. Соның нәтижесінде қазір 96 сағаттық бағдарлама бойынша Тіл сарайында 240 адам 6 ай бойы, ал 1 жылда 480 тыңдаушы өздерінің тілдік білімдерін жетілдіре алады. Елбасымыз халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп енгізу міндетін қойған болатын. «Тіл сарайын» салудағы басты мақсат та осы талаптарды жүзеге асыру болды. Соған сәйкес бүгінгі күні облыста мемлекеттік тілді, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерін тиімді меңгеруде ең үздік, инновациялық әдістемеліктерді, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейне материалдарды қолданудың тың бастамасы қолға алынып отыр. Жалпы облыстың басқа ұлт өкілдері тығыз қоныстанған 8 ауданы мен 3 қаласын­да бүгінгі күн талабына сай жабдықтал­ған 14 мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұ­мыс істейді. Оларда ұйымдастырылған тілді үйрету курстарында бүгінгі күнге дейін 5 мыңға жуық адам оқып шықты. Мемлекеттік тілге көшу барысында туындаған тағы бір үлкен мәселе оқулықтар, сөздіктер мен әдістемелік нұсқаулар бола­тын. Қазіргі таңда бұл жағынан да қиын­шы­лық жоқ. Соңғы уақыттарда баспадан шы­ғып жатқан түрлі оқу құралдары, техника­ның жетістігі, электрондық оқулық­тар, интерактивті тақталар оқытушылар­дың сабағын жеңілдетуде. Бүгінгі күнге дейін мекемелерге 80 мың дана осындай көмек­ші оқу құралы тегін таратылып берілді. Оның үстіне облыстық тілді оқыту орталы­ғы­ның ұстаздары әзірлеген әдістеме­лер тыңдаушылардың да, оқытушылар­дың да сұранысын қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ Қапшағай, Қаратал, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ұстаздарының оқыту бағдарламалары, іс-тәжірибелері, шығармашылық ізденістері құптарлық. Облыстағы тілдік ахуалды үнемі назарда ұстау мақсатында зерделеу, тексеру, сауалнама жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының «Қа­зақстан Республи­касындағы тіл туралы» Заңының сақ­талуын қадағалау мақсатында жыл басынан бері басқарма қызметкерлері облыстың барлық 16 ауданы мен 3 қаласында, облыстық мекемелерде болып, күнделікті жұмыста мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайына сараптамалар жасап, әдістемелік көмек көрсетті. Өткен жылы облыс әкімінің қатысуымен тіл мәселесін талқылаған алқалы жиын облысымызда мемлекеттік тілге көшу ісін одан әрі пәрменді жүргізуге қозғау салды. Соның нәтижесінде қазір облыстағы тілдік ахуал күннен-күнге жақсарып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейе түсті. Жақында «Нұр Отан» Халықтық демо­кратиялық партиясы» Алматы об­лыстық филиалы мен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы арасында облыстағы тілдік ахуалды барынша жақсарту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта аса маңызды деген тілдік іс-шаралар «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының» аудандық және қалалық филиалдарының қатысуымен жүргізіледі Бұл әрі тіл саясаты бағытындағы жұмыстарға қоғамдық бақылау орнатудың бір тиімді жолы болмақ. Тілдік ахуалды жақсартудың аса маңыз­ды буыны – тілдік ортаны қалыптастыру. Мұның қайнар көзі балабақша, мектеп екендігі дәлелдеуді керек етпейтін жайт. Тәрбие, білім ошақтары қазақша сөйлемей, қоғам, бүкіл халық қазақша сөйлемейді. Кешегі дәурені өткен кеңестік идеология ұлтты, халықты мәңгүрттендіруді ең алдымен қазақ тілді балабақшалар мен мектептерді жабудан бастағаны бәрімізге мәлім. Бүгінгі таңда бәрімізді де аса толғандыратын мәселе – ертеңгі күні қоғам тұтқасы болар азаматтарға айналатын қазіргі бүлдіршіндер тәрбиесі, олардың туған тілі мен еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мәселесі. Осы шындықты ескере отырып, облыс басшылығы балабақшалардағы тілдік ахуалды өз назарынан тыс қалдырған емес. Мектептерде, балабақшаларда басқарма тарапына тұрақты жүргізіліп тұратын зерделеу жұмыстарының мақсаты да олардағы тілдік жағдайды саралап, кемшіліктердің бетін ашып, дұрыс бағыт-бағдар беру. Қазір облыста жалпы білім беретін 746 орта мектеп бар. Оның 392-сі қазақ, 322-сі аралас, 21-і орыс, 11-і ұйғыр мектебі. Аралас мектептер есебінен таза қазақ мектептерінің санын арттыра беру алдағы уақыт еншісінде. Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылғы Жолдауында балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырды. Қазір осы міндетке сәйкес дәйекті жұмыстар атқарылуда. Облысымызда соңғы 2 жылдың өзінде оннан астам қазақ балабақшаларының ашылуы - қуантарлық жағдай. Бүгінгі таңда облыста 87 балабақша болса, соның 38-і қазақ, 9-ы орыс, 40 аралас тілді. Бұған қосымша алдағы уақытта 28 балабақша ашу жоспарланып отыр. Оның 26-сы таза қазақ тілді болмақ. Жүргізілген зерделеулер мен сараптамалар қазақ тілінде білім алуға сұраныстың күн санап артып келе жатқандығынан көрсетіп отыр. Ендігі міндет – осы оң өзгерісті үнемі қуаттап, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру. Білім ошақтарындағы қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің оқытылуының материалдық-техникалық базасының жетілдірілуі, жаңаша оқыту тәсілдерін ізденіспен меңгерген ұстаздардың көбеюі, аудандар мен қалалардағы жекелеген мектептерде лингафондық және мультимедиялық кабинеттердің талапқа сай жабдықталуы, электрондық оқулықтардың кеңінен пайдаланылуы соған дәлел. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлі, алар орны тайға таңба басқандай «мен мұндалап» айқындалып тұратын жері – көрнекі ақпарат. Облыстағы көрнекі ақпараттың жай-жапсары, ондағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі туралы айтар болсақ, бұл бағытта біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Сонымен қатар кемшіліктеріміз де баршылық. Бұл бағыттағы жұмыстың мән-жайы жақында болған облыс әкімінің жанындағы тіл туралы заңдардың сақталуын бақылау комиссиясының кезекті отырысында егжей-тегжейлі талқыланып, орын алған кемшіліктерді жою жолдары белгіленді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма үстіміздегі жылдың шілде-қазан айларында облыс аумағында «Көрнекілік мінсіз болсын!» акциясын жариялады. Оның мақсаты облыстың елді мекендері аумақтарында орналастырылған барлық көрнекі ақпараттарды (билбордтар, ұрандар, маңдайша жазулар, жарнамалар, елдімекендер мен көше атаулары және т.б. көрнекіліктер) жазып, ілуде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы талаптарының сақталуын анықтау және бұл істе орын алған кемшіліктерді жою. Бұл шараны БАҚ құралдары арқылы көпшілікті тарта отырып жүргізу тетіктері қарастырылды. Мемлекеттік тіл саясатын пәрменді жүзеге асырудың жолдарының бірі – тілдік шаралар десек, осы тұрғыда тіл саясатын түсіндіру, насихаттау бағытында үстіміздегі жылы 13 ауқымды шара өткізу жоспарланып отыр. Оның алғашқы легі басталып та кетті. Сәуір айында болып өткен «Тіл - барлық білімнің кілті» атты орыс тілі білгірлерінің облыстық байқауының жеңімпазы Талдықорған қаласының қазақ-түрік лицейінің 10 сынып оқушысы Данияр Кенжеханов Астана қаласында болған республикалық байқаудың ІІІ дәрежелі дип­ломымен марапатталды. Тіл мәртебе­сін көтеру, ел арасынан дарынды, талапты, ділмар азаматтарды табу мақсатында Шымкент қаласында өткен «Кәнеки, тілім сөйлеші» атты республикалық байқауға Талғар ауданынан қатысқан Әбдіғани Бәзілхан жүлделі ІІ орынды иеленді. Мамыр айында ақиық ақын М. Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай өскелең ұрпаққа ақынның қуатты да киелі шығармаларын насихаттау мақсатында өткізілген «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты облыстық ақындар байқауы туған тіл қуатының едәуір артқандығын көрсетті. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Тіл айлығы қарсаңында облыста алғаш рет көлемді түрде «Қазақстаным – ортақ ша­ңырағым» фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік тіл саясатының аса үлкен саласының бірі – ономастика. Жасыратын несі бар, кеңестік дәуір адамдардың санасынан халықтың тарихын өшіру мақсатында ең әуелгі кезекте жер-су атауларын өзгертті. Ұлы жазушымыз М. Әуезов: «Біздің қазақ - жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су, жапан түзде кездесетін бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпиясы жатады»,-деген екен. Осыған орай ономастиканы оңалту бағытында елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін барлығы 52 топонимдік атауды өзгерту туралы жасалған ұйғарымдар облыстық мәслихат сессияларында бекітіліп, әділет органдарының тіркеуінен өтті, 47 құжат Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясына жіберілді. Қазіргі таңда ономастика саласының негізгі функцияларына сәйкес респуб­ликалық «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректер базасына түгел енгізіліп болған облыс аудандары мен қалаларын­дағы округтер, елді мекендер және көше атауларының транскрипциялануы мен орыс тілінде дұрыс жазылуын салыс­тыру жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы ел, жер, су, көше және басқа да ономастика нысандарының атауларын бірізділікке салу мақсатында «Облыс ономастикасы» атты көлемді анықтамалық жинақ жарыққа шықты. Мемлекеттік тілді электронды ақпарат құралының тіліне айналдыру мәселесі бойынша көлемді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 20 об­лыстық басқармалардың барылығында дербес веб-сайттар ашылды. Сондай-ақ барлық 19 аудандық және қалалық әкімдіктердің де дербес веб-сайттары бар. Оның көмегімен жергілікті атқару органдары қазақ және орыс тілдерінде ақпараттық қызмет көрсете алады. Қазіргі уақытта ақпараттық қызметті толықтыру және одан әрі дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік органдардың ақпа­раттық инфрақұрылымын дамыту мақ­сатында екі тілді интерфейсті қол­дайтын «электрондық құжат айналымы» ақпараттық жүйесі енгізілді. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-ның базасында бірыңғай ақпарат тасымалдау ортасы құрылды. Бұл жүйеге барлық облыстық басқармалар, аудандық және қалалық әкімдіктер қосылған. Үстіміздегі жылы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тамамдалып, жаңа онжылдыққа аяқ басамыз. Осы уақыт ішінде тіл мерейін көтеру жолында көптеген игі істер тындырылды. Сонымен қатар «әттеген-ай» дейтін де жерлеріміз аз емес. Олар туралы алқалы жиындарда да, баспасөз бетінде де аз айтылып жатқан жоқ. Соның бәрі туған тілге деген шын жанашырлық көңілден, оң ниеттен туып жатқан ойлар. Алдағы уақытта біздің көк байрағымыз қалай желбіресе, туған тіліміз де халқымыздың бірлігін, елдігін солай паш етіп тұратынына сенімдіміз. Ол үшін өткен қателіктерді қайталамай туған тіліміздің биік мәртебесі үшін жұмыла еңбек етіп, тер төгу бәріміздің азаматтық парызымыз.

3686 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5920

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5552

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3290

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2675

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2636

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2612

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2347

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2329

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы