• Әдебиет
  • 18 Тамыз, 2010

Атлантида және атланттар

«Ана тілі» газетінің өткен №6 (999) санында Орынбасар Көшекбаевтың «Атлантида, қайдасың?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Кім-кімді де қызықтырар, еліктірер дүние әлемі, әрине, бізді де бей-жай қалдырмай, тереңіне үңілдірді. Сонымен...

...мыңдаған жылдан бері сыры ашылмай келе жатқан Атлантиданың біз білмейтін қырлары көп-ақ. Негізгі орналасқан жері, тұрғындары, олардың мәдениеті, өмір сүрген уақыты, т.б. жайлы табылған деректер мен зерттеушілердің топшылаулары әлі күнге бір арнаға тоғыспай келеді. Қандай ғалым болмасын, Атлантида туралы сөз қозғағанда әуелі Платоннан бастайды. Грек ғұламасы бұл әңгімені Критий атты бабасынан естіген, бабасы он жасында тағы да Критий деген тоқсандағы атасынан білген. Ал ол атасы кезінде әкесінің досы мен жақын туысы болған Дропид пен әлемнің жеті ғұламасының бірі саналатын Солоннан тыңдаған. Солонның өзі болса, бұл тарихты сонау бізге беймәлім ерте замандардан бергі бүкіл оқиғаларды жазып отырған және Атлантида туралы жақсы білген Саистағы Нейт храмының мысырлық қызметшісінен алған. Платон өзінің «Тимей» және «Критий» деп аталатын екі атақты диалогтарында Атлантиданы сөз қылады. Онда мифологиялық батыр Геракл әскері мен бөгде бір арал тұрғындары арасында болған соғыс айтылады. Зерттеушілердің пікірінше, Платон еңбектерінде қандай да бір мезгілден шатасып, елінің саяси көзқарастары мен ұстанымын жақтау мақсатында өз ойынан оқиға қосып немесе грек халық ертегілері мен аңыздарына сүйеніп те құрастырып жазуы мүмкін. Шамамен 460 жылдары Геродот та Солтүстік Америкада өмір сүрген белгісіз атланттар туралы жазады: «Бұл тұзды көлге жабыса Атлас деп аталатын тау тұрады. Ол шағын, жан-жағы берік, басын қысы-жазы тұман басып, көзге көрінбейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тау аспанмен жалғасып кеткен, тұрғындары соған сай есім де иемденген – атланттар. Олар тірі жандыны жемейді және түс көрмейді деген әңгіме бар». Чех ғалымы Зденек Кукалдың ойынша, Платон «Атланттар» есімін осы Геродоттан алған. Платон еңбектерінен білеріміз, Атлантида Атлант мұхитында болған. Әлгі храм қызметшісінің айтуынша, атланттар әскері сол мұхиттан келген. Геракл әскері де аттана шыққанда олардың алдынан көлемі Ливия мен Азиядан да үлкен арал шыққан. Жанындағы шағын аралдарын қоса алғанда, басқа да құрлықтарға еркін шыға алатындай мүмкіндігі болған. Атлантологтардың көбісі, оның ішінде оқиға 9500 жыл бұрын болған деген пікірді жақтаушылар Атлантиданы Атлант мұхитының тұңғиығынан немесе осыдан 11500 жыл бұрын биік тау болған қазіргі майда аралдарынан іздеу керек деп ойлайды. Атланттардың алғашқы он патшасының бірі – Гадирдің есімі бүгінгі заманға дейін облыс аты болып жеткен. Яғни Гадир деп отырғаны­мыз – финикиялық көшпелілер, қазір Кадикс деп аталады. Тап осы есім атлантологтардың бір тобына бүкіл Атлантида Пиреней шығанағында болды деген тұжырым жасауға сеп болды. Осы Гадирға жақын жерде Тартесс атты әйгілі қала болған. Тұрғындары – этрусскалар оның тарихын 5000 жылға дейін жетеді деп есептеген. Неміс Х.Шультен 1922 жылы Атлантида – осы Тартесс деп жариялады. Ал 1973 жылы Кадикске жақын жерден, 30 метр тереңдіктен ежелгі қаланың қирандылары табылды. Испанияның солтүстігінде өмір сүріп жатқан тұрғындарының саны миллионға жуық «баск» деп аталатын тайпалық бірлестік бар. Олардың сөйлеу тілі жер бетіндегі ешбір халық­қа ұқсамайды. Сондай қызуқанды, әр мезгілде елде бүлік шығарып отырады. Сол басктардың сөйлеу тілі мен америкалық үндістердің сөйленісінде ішінара ұқсастықтар кездеседі екен. Бұл мәлімет те сол басктардың сонау атланттардың тікелей ұрпақтары деген жорамал жасауға итермелейді. Себебі мая, ацтек тайпаларын зерттеушілер оларды атланттардың тікелей ұрпағы деп есептейді. 1968 жылы ағылшын ғалымы әрі саясаттанушысы Фрэнсис Бэкон Веруламский өзінің «Nova Atlantis» атты кітабында Бразилияны Атлантиданың түп-төркіні етіп көрсетеді. Кейінірек француз географы Сансон Американы қоса жаңа атлас карта жасап, онда Бразилиядағы Посейдон ұлдарының провинцияларын көрсетіп береді. Дәл осындай картаны 1762 жылы Роберт Вогуди деген ғалым да құрастырады. Бірақ картаны Вольтер алғаш көрген­де ішек-сілесі қата күліпті деген алып-қашпа әңгіме де бар. Атлантидашылардың тағы бір тобы Атлант мұхитынан іздеу бекер, афиналықтардың арғы тек аталарымен соғысқан бұл өркениет мекенін Жерорта теңізінен іздеу керек деген байламға келді. 1854 жылы орыс зерттеушісі А.С.Норов «Атлантида туралы зерттеу­лер» деген еңбегін жазады. Еңбегінің басында ол Үлкен Плинийдің сөздерін мысалға алады: бір кездері Кипр Сириямен бір бүтін болған. Жер сілкінісінен кейін ол жерлер бір арал болып тұтасады. Және Плинийдің өзі ибн Якут есімді араб географына сілтеме жасайды. Ол арабтың айтуы бойынша, бір зілзала болғанда, құрлықтың бірталай бөлігін су алып кеткен, тіпті апат Грекия мен Сирияға да жеткен... Осыдан соң Норов Платон­ның еңбегін сараптайды. Сөйте келе, мысырлық храм қызметшісі Жерорта теңізін Атлант мұхиты деп санаған деп қорытындылайды. Оған мысал ретінде Бербериядағы Атлас тауларын, Алжирге жақын жердегі Юрьора тауларын алады. Тағы сондай бірер мысал көрсетіп, ақырында, бір заманда Жерорта – Атлант болып аталған деген тоқтамға келеді. Оның үстіне Солонның әңгімесінде «океанос» емес, «пелагос» сөзі қолданылады. Яғни мұнда әңгіме мұхит емес, теңіз жайында болып отыр деген сөз. Платон еңбегіндегі мына бір жолдарға назар салайық: «Сендердің әскерлерің алапат дауыл күндері жер астына түсіп жоқ болды, атланттар да дәл солай белгісіз тұманға айналып, жоқ болған». Осы үзіндіге назар салсақ, Афины әскері Грекиядан алыс­та болмаған, яғни Атлантида да сол маңда болуға тиіс. Ербол Тұрымбетов

6058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8769

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы