• Тарих
  • 18 Тамыз, 2010

Патша генералы Черняевтің сұрқия саясаты

Қоқан хандығы тұсында оңтүстік өңірде билік жүргізген датқалар туралы тың деректер табылып отыр. Бұл деректерді шымкенттік тарихшы-ғалым Д.Даниярбеков Ташкенттегі архивтен алған. Оңтүстік өңір мен Ташкентті бағындырған, жергілікті халықты аяусыз қырғыншылыққа ұшыратқан, әсіресе, Әулиеата мен Шымкент бекіністерін алуда қатыгездік көрсеткен, әскери жорықты басқарған генерал Черняев әр атқарған істеріне Петербордағы соғыс министрі Борисовке есеп беріп отырған. Генералдың жіберген құпия хабарламасын оқып танысқанда, Байзақ датқаның қайғылы өліміне тікелей өзі себепші екенін, бәрін өте құпия ұйымдастырғанын ашық жазған. Құпия хабарламада тө­мен­дегідей ақпар жібер­ген: «Аса мәртебелі соғыс министрі. Патша ағзамның тапсырмасын орындауда аянып жат­қанымыз жоқ, өздеріңіздің берген нұсқауларыңыз бойынша өзіміздің солдаттардың өмірін сақтау мақ­сатында, елді мекендер мен бе­кіністерді алу кезінде зеңбіректер мен жергілікті адамдарды (туземцы) көбірек пайдаланудамыз. Өзіңізге, алдындағы хабарламаларда жазғанымдай, бұрын Қоқан хандығы тұсында, оңтүстік өңірді билегендер Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалар (датқа-генерал шеніндегі әскери билеуші) бізге азық-түлікпен, аттармен, сарбаздармен көмектесті. Байзақ датқаның өзі 1000 сарбаз бөлді, басшысы – өзінің ұлы. Бұл кісілерге патша ағзамның келісіміне орай, сіздің бұйрығыңызбен бе­рілген офицерлік шен, майор атағын киімдермен, сый-сияпатпен қоса бердім. Осы офицерлік атаққа, сыйларға бұл кісілер риза болды. Иелігіндегі жерлерін бала-шағаларымен мәңгілік пайдалану жөніндегі куәлік құжаттарды да бердім. Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Орыстарды жатдінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда Оңтүстік өңірде, халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды. Оңтүстік өңір Батырбек датқаның ықпалында болған. Өз қаражатына жергілікті халық үшін, өңірдің бірнеше елді мекендерін­де, Самарқандтан құрылысшылар, күйдірілген кірпіштер алдыртып, зәулім, сәулетті мешіттер (біздіңше, храм) мен медреселер (школа) салдыртқан. Бұлар қазір халыққа қызмет жасауда. Школда жас туземецтер Ислам дінінде білім алуда. Бірнеше шақырым каналдар, көптеген су қоймаларын (тоған) салдыртқан, талдар еккізіп, жергілікті халықты ауыл-ауыл (село) етіп орнықтырып, тамдар салдыртқызып, халықтың тұрақты отыруына жағдай жасаған. Жергілікті халық каналдарды пайдаланып, бидай, тары, жүгері, т.б. азық-түліктерін егіп, дайындап алуда. Бұрынғыдай Иран, Қоқан, Самарқанд саудагерлерінен қымбат бағаға азық-түліктерін сатып алмайды. Осы еңбегі үшін оңтүстік өңір халқы Батырбек датқаны қатты қадірлейді. Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң, екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақырып сөйлестім. Бірінші кездесуімізде әңгімеге ротмистр Ш.Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізге ротмистер қа­тысқан жоқ, ол маған ренжіп экспедициядан кетіп қалған. Рот­мистрдің маған ренжіп кетуіне, ест­уімше, Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі екеуі оңаша кездескен, ротмистрді жатдінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқына қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті. Батырбек датқа кездесуге баласы, тағы да 4-5 кісімен келді. Ешнәрсе сездірмейді. Бағынған пішін көрсетеді. Бірақ сенбеймін. Өте айлакер, ұстамды, шебер саясаткер, бәрін бейбіт жолмен шешуді қалайды. Сарбаздарға азық-түлік беремін деп алдында уәде бергенімен, дәлелді себептер айтып, ешқайсысын орындаған жоқ. Ашық жазалайын десем, халықтың толқуынан қауіптенемін. Өз билігіндегі халықты, алдын ала біздің экспедиция әскерлері жүретін жол бойынан, ұрыс болатын жерлерден алысқа көшіріп жіберген. Әулиеата бекінісін алу кезінде біздің экспедиция құрамы біраз шығынға ұшырадық. Шымкент бекінісін алуда шығынға жол бермес үшін, бекініс басшысынан (гарнизон) бекіністі бейбіт жолмен беруді талап ету үшін келіссөзге датқаларды жіберу үшін Байзақ, Шоқай, Сапақ, Батырбек датқаларды шақырттым. Бұл шақыруыма тек Байзақ датқа баласымен келді, ол Әулиеата бекінісіне жақын тұратын. Қалған үш датқалар кездесуге келмеді. Хабаршыларын жіберіп, дәлелді себептер айтыпты. Бұл датқалардың мекендері бізден алыста болатын. Уақыт тығыз болғандықтан, Шымкент бекінісінің басшысына ультиматумды жеткізуді Байзақ датқаға тапсырдым. Шымкент бекінісін ұрыссыз берсін, әйтпесе қырғын болады деп ескерттім. Байзақ барудан бас тартты, бара салысымен Қоқан әскербасылары мені кәпірлерге сатылдың деп өлтіреді деп ашық айтты. Мен Байзаққа: «қорық­паңыз, сізді өлтірмейді, сіз патша ағзамның әскери экспедициялық корпусының өкілі ретінде, дипломат болып бара жатырсыз» деп түсіндірдім. «Қасыңызда тілмаш, екі кіші офицерлер болады» дедім. Байзақ баруға көнді, амалы жоқ еді, қатын-балалары, ауылдары Әулиеата бекінісіне жақын орналасқандықтан, менің бақылауымда болатын. Байзақ датқаның келіссөзден тірі қайтпайтынын білдім, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер-офицерлерін қостым, барлығы мұсылмандар ғой (магометиандар). Қоқан әскербасылардың датқа­ларға деген ашу-ызасын алдын ала біліп отырдым, орыстарға көмектескендері үшін олар аямайтын еді. Менің мақсатым ке­ліссөзге барлық дат­қаларды жібертіп, көз­дерін Қоқан әскери басшы­лық­тың қолымен жойып, жергілікті халықты көсемсіз қалдыру еді. Бірақ Байзақтан басқалары дәлелді себептер айтып, келмей қалды. Бірақ көздеген мақсатыма аз да болса қол жеткіздім. Байзақ датқаны қасындағы нөкерлерімен қоса өлтірген, тек Байзақтың баласы аман қашып шыққан. Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады. Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс та­раттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыстары басқа датқалардың туыстарымен араз болуда. Бірақ бұл сыбысқа ру, тайпа ақсақалдары, халық сенбейтін көрінеді. Менің әрекетімнің ісі дей­тін көрінеді. Датқалардың кезінде ұсақ-түйек араздасуы болғаны­мен, бір-бірлерін сатпайтындығы­на, өлімге қимайтынына ақсақалдар, халық сенімді. Байзақты қасындағы нөкер­лерімен бірге тұтқындап, өлтірді деген хабарды аман келген баласынан естіп, Шымкент бекінісін алуға тез аттандық. Жергілікті сарбаздарды, халықты Байзақтың өлімі үшін қоқандықтардан кек алуға үгіттедім. Бекініске жақындап, әскери бекініс басшысынан бейбіт берулерін талап еттім, олар жауап ретінде біздерге оқ атты. Мен бекіністі зеңбірекпен атқылауға бұйрық бердім. 2000 қырғыз-қайсақ сарбаздарын ұрысқа қостым, өзіміздің орыс солдаттарын ұрысқа жібергенім жоқ. Бекіністі 7 күннен соң алдық, қырғыз-қайсақ сарбаздарынан 300-дей сарбаз аман қалды. Бекініс ішіндегі халық көп қырылған, санау мүмкін емес. Жинап, көмдірдім. Бейбіт халықтың көп қы­рылғанына біздер емес, қоқандық әскери басшылық пен датқалар кінәлі, бейбіт келісімге келмеген деп тағы да сыбыс тараттым. Қанша әдіс-айла жасағанымызбен, жергілікті халық осы зорлық-зомбылықты, қырғынды кәпірлер, жатдінділер жасауда, бұлар мұсылмандардың қас жауы деп түсінеді. Бізге сенбей­ді. Сондықтан оңтүстік өңірдің көсемдері Шоқай, Сапақ, Батырбек датқалар арқылы әрекет етуіміз керек. Алдында Шоқай, Сапақ, тірі кезінде Байзақ датқаларға офицерлік атақтар, (майор) басқа да сый-сияпат жасадық, олар риза. Батырбек датқа ол кезде бұл сыйлықтардан бірден бас тартты. Батырбек – ақылды, көреген тұлға, бәрін ой таразысынан өткізіп, елі­нің Ресейдің қарамағына өткендігін уақыт өте өзі де түсінеді. Бірден болмаса да, біртіндеп мойындайды. Батырбек қазір 70-тен асқан, ары кетсе 10-15 жыл өмір сүрер, діндері, салт-дәстүрлері, мешіт-медреселері бұрынғыдай қалулары қажет, араласпауымыз керек. Иелігіндегі бар жерлерді мәңгілік өзіңіздің, ұрпақтарыңыздың иелігінде деп куәландырып беруіміз керек. Бар­лық мұсылман мемлекеттеріне барып келуіне еркіндік беруіміз керек, Мекке мен Мединеге де. Батырбек датқаға басқа дат­қаларға қарағанда өзгеше сыйлық тартуымыз керек. Бәсекелес датқа­ларды араздастыру үшін. Мәртебелі соғыс министрі, сіз патша ағзамға менің өтінішімді жеткізіп, Батыр­бектің өзіне полковник шенін бергіздіріп, арнайы мундир тіккізіп, қылыш (есімі жазылған) жасаттырып жіберсеңіздер екен. Батырбек бұл атақтарды, сыйлықты бәрібір қабылдамайды. Бірақ халық арасына патша ағзам мен соғыс министрі Батырбекті ерекше еңбегі үшін осындай атақ, сыйлықтармен марапаттады деп сөз таратамын. Бәрібір ол атақ пен сыйлықтар Батырбектің өзі қайтыс болған соң балаларының еншісінде болады ғой. Жергілік­ті халықтың көсемдеріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы араздастырып, бір­тіндеп өзімізге тәуелді етеміз. Патша ағзамымыздың, ми­нистр­лердің білгірлікпен жасаған жоспарлары, айла-тәсілдері, саясаты кезінде солтүстік өңірді мекендеген қыр­ғыз-қайсақтардың көсемдерінің алауыздығын өршітіп, Ресей қа­рамағына өтулерін қамтамасыз еткен жоқ па? Осы саясатты, әдіс-айланы оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздас­тыру мақсатында сіздердің қам­қорлықтарыңызбен тездетіп іске асыруым керек». Міне, зымияндық саясат ұстан­ған, патшалық Ресейдің экспеди­циялық әскери корпусының бас­шысы, генерал Черняевтің оңтүстік өңірді жаулап алу кезінде қандай айла-тәсіл қолданғаны архив деректерінен белгілі болып отыр. Билік басында болған датқа­лар­дың туған-туыстарын, ұрпақ­тарын, бір-бірлерімен қалай жау­ластырғанын архивтегі дерек ай­ғақтайды. Бір жарым ғасыр бойы айлалы генерал Черняевтің қасақана ұйымдастырған өсегіне, жаласына қазақ халқы сеніп келдік. Байзақ датқаның қайғылы өлімін өзінің замандастарынан, бір-бірлерімен сыйласып жүрген датқалардан көріп келдік. Айлалы жала, өсек санамызды бір жарым ғасыр бойы улады, сендірді. Черняевтің таратқан өсек-жаласының уыты әлі де санамыздан өшкен жоқ, өкінішті-ақ. Кеңес өкіметі Черняевтің Оңтүстік өңірде уақытында жүргізген, іске асырған айлалы саясатын одан әрі дамытып, өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Кеңес өкіметінің саясаты, үгіт-насихаты бір мақсатты көздеді, ол – қазақ халқы Ресейге өз еріктерімен қосылды, отарлау, зорлық-зомбылық болған жоқ. Черняевтің оңтүстік өңір­ді басып алу кезінде, әскери экспедициясына азық-түлікпен, сарбаздары­мен көмектескен датқалар, билер, т.б. Ресейдің достары деп есептелді де, Исламды, мұсылман бауырларын жақтаған, халқы мен елін жатдінділердің отарлауына ашықтан-ашық қарсы болған Батырбек датқа мен оның туған-туыстары, ұрпақтары патшалық Ресейдің кейін Кеңес өкіметінің жаулары деп есепке алынып, жасырын қудалауға ұшырады. Кеңес өкіметі Батырбек датқаның оңтүстік өңірде, билік басында болған уақытында өз қаражатына тұрғызылған Жуалы ауданындағы Батырбек датқа сазындағы (Күрең­бел ауылы), Қошқарата өзені бо­йындағы Қошқар ата ауылы, Талас ауданындағы Көктал, Қызыләуіт, Сай­рам ауданындағы Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елді мекендерінде күй­дірілген кірпіштен тұрғызылған зәулім, сәулетті мешіт-медреселері аяусыз талқандалды. Өзінің күмбезі де қиратылды. Түлкібас, Сайрам, Жуалы аудандарындағы қаздыртқан су каналдары, Талас ауданындағы Көктал (қазір шипажай), Қызыләуіт су қоймаларын салдыртқан, (тоған) қаздыртқан су каналдары, халықты ауыл-ауыл етіп, орнықтырған, тамдар салдыртқан, тал-ағаштар еккізген, т.б. еңбектерін Кеңес өкіметі халықтың жадынан өшіруге тырысты. Батырбек датқаның бұл ең­бектері жазушы М.Қалдыбаев­тың «Бәйдібек баба арманы» атты кітабында нақты деректермен көрсетілген. Батырбек датқаның ұрпақта­рын қудалауға ұшыратып, күн көрсетпеді. Лауазымды қыз­мет­терге алмады. Т.Рысқұлов­тың қамқорлық көрсетуінің нәтиже­сінде үрім-бұ­тақтары аман қалды. Мемлекетіміздің тә­уелсіз­дігіне бір жылдан соң 20 жыл толады. Осы мерзім арасында Шоқай, Байзақ, Сапақ дат­қалардың есімдері елді мекендерге, аудан, мектептерге, Тараз қаласындағы көшелерге берілді. Еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Халқына, еліне өлшеусіз еңбек сіңірген Батырбек датқаның еңбегі ескерусіз қалуда. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ халқының, патшалық Ресейдің, кеңестік дә­уірдің тұсында дінсізденуден, өз­дерінің салт-дәстүрінен тұтастай ажы­рап қалмауынан, мәңгүрттенуден сақтап қалған, біріншіден, Алланың рахымы болса, екіншіден, оңтүстік өңірде Батырбек датқаның, сол­түстік өңірде Құнанбай қажы­ның салдыртқан мешіт-медреселерінің жер­­­­­гілікті халықтың, әсіресе, жас жет­кіншектердің діни сауат­ты­лықтарын ашудағы, салт-дәстүр ұстанымдарын берік ұстаудағы үгіт-насихат, оқыту жұмыста­рының орны ерекше болды. Батырбек датқа мен Құнанбай қажы 1874 жылы қажылыққа бар­ғанда, Меккеде өзге де қазақтың игі жақсыларымен бірігіп, қаражат шығарысып, үш қонақүй (тәқия) тұрғызған. Батырбек датқа қазақтың 19-ғасырда өмір сүрген беделді игі жақсыларымен араласып, сыйлас болған. Датқаның үйінде (Датқа сазындағы қыстауы) Кенесары хан, Құнанбай қажы, Мұса Шорманов, Тезек төре, Сыпатай батыр, датқалар, атақты билер, ақын-жыраулар, қырғыз манаптары бір­неше рет қонақта болған. Батырбек датқа – ұлтымыздың тарихи тұлғасы. Осы уақытқа дейін «Егемен Қазақстан», Жамбыл облыс­тық «Ақ жол» газеттерінде тарихи тұлғаның еңбегінің ескерусіз қалып келе жатқандығы туралы филолог-ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ақсақалдар, т.б. атынан бір­неше көлемді мақалалар жазылды. Батырбек датқаның есімі өзі туып-өскен Күреңбел елді мекеніне (Жуалы ауданы), мектепке, Тараз қаласының бір көшесіне берілсе, тарихи орын негізінде қыстауы мен мешіті орналасқан орынды «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде мемле­кеттік тізімге енгізіп, тарихи орын деп жарияланса деген зиялы қауымның, халықтың, мәслихат депутат­тарының, т.б. (бас­пасөз беттерінде жариялаған) өтініштері Жамбыл облысының Жуалы ауда­нының басшылары тарапынан қолдау табады, Батырбек датқаның тарихи еңбегі лайықты бағаланады деп сенеміз. М.Мырзахметов ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор; С.Жошыбаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі кардиохирург, профессор; Қ.Бөлеев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор; А.Өтеулин, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

3624 рет

көрсетілді

48

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы