• Тарих
  • 10 Қыркүйек, 2010

Ұлағат

Адам табиғаттың түлегі боп дүниеге келіп, әлеуметтің, халықтың тұлғасы болып дүниеден өтеді. Осы бір сапалық секірістің бастау сөресі қашанда балалықтан басталған. Менің осы әңгімем – ұлағатты ұстаз, ардақты ана, ширек ғасыр бір ауылда, бір көшеде көрші тұрған марқұм Жұпар Хамзақызы жөнінде болмақ. Апаймен, оның отбасымен мен беріректе, өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында жолықтым. Жұпар апайдың жұбайы, Нарын құмының тумасы Тынымжан Сисенов ағамыз біраз жыл туған ауылдан тысқары жүріп, егде тартып, ақсақалдық жасқа жеткенде «ер – туған жеріне» деп өскен ортасына оралып, біржола табан тіреген екен. Соғыс және еңбек ардагері, отағасы Тынымжан ізгі қасиеттерден құралақан емес, абыройлы ел ағасы болды. Кеңпейілді, қазақы мінезді, Құдайына қараған тақуа адам еді. Құнарлы Нарын топырағында туып, бозаңға боз үй тігіп, боз биенің саумалын татып, тай-құлынның тәуірін мініп, ел жақсыларының қапталында өскен азамат болатын. «Қыл құйрықтан белдеуі босамаған, төрінен қонағы арылмаған, босағасына құт дарыған әулет еді» деседі бұл отбасының арғы жағын білем деушілер.

Апайдың балалық шағын көрмей, білмей өссем де, әуелде бір ауылда бірге тұрған, балалық шақтарын бірге өткізген ақын Фариза Оңғарсынованың беріректе жазған бір мақаласы еске оралады. «Егемен Қазақстанға» жариялаған мақаласы басы бүтін осы Хамзиндер әулетіне арналған еді. Жанбастарына ақ қойдың күзем жүнінен бастырған, ортасына қызыл мақпалдан қошқар мүйіз ою-өрнек салғызған ақ сөмкілерін асынып, ақ тікен төмпешіктердің арасындағы жалғызаяқ жолмен, бастаушысы Жұпар апай болып Хамзаның 3-4 баласы мектепке кетіп бара жататындығын, үйдің тұсына келгенде өзі де ілесетіндігін айтып, сонау бір балалық шақтың сағым-сағынышын көзге елестетіп жазғаны бар-ды. Фаризаның береке-бірлігі жарасқан осы от­басының ұл-қыздары бәрі бірдей білімге құш­тар, өнерге бейім екендігін айта келіп, қазақтың қара домбырасы сияқты итальяндықтардың ұлттық аспабы – примасын адамша сөйлеткен, ерекше дарын иесі, қазіргі Құрманғазы оркестрінің сахна саңлағы Өтепберген Хамзин жөнінде ақеділ тілеулестікпен ағынан жарылып, ой толғағаны есімізде қалыпты. Бұл әулеттің оқып білім алғандары ел алдынан көрініп, мемлекеттік наградаларға ие болып, қазақ зиялыларының қатарынан лайықты орындарын алған. Біздің әңгіме етіп отырған Жұпар апайымыз өз әулетіндегі зиялылардың көшбасшысы ғана емес, ауылымыздағы беткеұстар әйел-аналардың бірі де бірегейі болды. Заман бір адамның еншісінде демесек те, оның тарихы жеке адамның, тұлғаның ғұмырнамасынан құралады ғой. Біздің ауылдың ғұмырнамасының ширек ғасыр бөлігінде осы Жұпар апайдың белсенді қоғамдық қызметі, үлгі-өнегесі, ізгілікті істері, өшпес ізі жатыр. Жұпар апайдың отбасы біздің ауылға көшіп келгенде біз білек сыбана қоғамдық қызметке кірі­сіп жүретінбіз. Кеңшардағы үлкен цехтың кәсіп­одақ жетекшісі, селодағы халық жасақшылары­ның ко­мандирі, бірнеше комиссияның мү­шесі бо­латынбыз. Кезекті, кейде кезектен тыс мәселелермен аптасына екі-үш рет бас қосып тұратынбыз. Көбінесе әңгіме қоғамдық тәр­тіп, көшедегі жүріс-тұрыс, бала тәрбиесі, ата-аналармен жұмыс, т.б. мәселелер төңірегінде өрбіп, осы мәселеге тікелей қатысы бар мекеме, ұжым басшылары қатысатын. Осындай бір басқосуда Жұпар апайды алғаш рет көрдім. Сөз сөйледі. Сөз қадірін білетін адам екендігі байқалды. Осыдан бастап бұл кісі ауылымызда өтіп жататын жиын-той, жиналыс-конференцияларда жиі-жиі көріне бастады және сол басқосулардың мінберіне де жиі көтеріліп жүрді. Сөзді пір тұтқан талғамы биік, танымы терең, шешен сөйлейтін адам көпшіліктің назарын бірден өзіне қарататын. Әп дегеннен-ақ тыңдаушыларын елең еткізіп, ұйыта алатын. Аудиторияның аужайын байқап алып, әуезді де әсерлі дауыспен айтпағын иін қандыра жеткізетін. Сөздерін кестелеп те, кесектеп те айтатындықтан, сөздері мірдің оғындай нысанасына дәл тиіп жататын. Орайы келіп тұрған деректерді орнымен келтіретін. Көкірек қоймасы қазақтың мақал-мә­телдеріне толы еді. Соларды сөз арасына сыйыс­тыра, тұздықтап сөйлегенде құлақ құрышыңды қандырады. Апайдың осындай шынның жүзіндей өткір ой-толғамдарынан кейін сөзге сусындап, көңіліміз тоғайып, бойымыз биіктеп қалатын-ды. Ол сөйлесе елді өзіне қарататын шешен, болмаса білікті ұстаз ғана емес, өмірдің сан саласының университетін тәмамдаған, «қарадан шығып хан болған» адам екендігін бірте-бірте осылай таныта бастады. Бұл апайдың селодағы әйелдер кеңесінің төрайымы болған кездерінде анық байқалды. Осы қызметті атқара жүріп ауылдың әлеуметтік өмірінің сан саласына белсене араласты. 1985 жылдың аяқ шенінде елдегі қайта құру үрдіс-екпінімен облыстың басшысы ауысып, бірінші хатшы болып Асқар Алтынбекұлы Құлыбаев келді. Сол кісі­нің пәрменімен біздің Чапаев селосында типтік үлгідегі үш қатарлы мектептің құрылысы бас­талды. Сәуір айында қадасы қағылып басталған мектеп құрылысы тамыз айында, яғни бас-аяғы бес айдың ішінде аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Облыс тарихында бұрын-соңды болмаған ең қысқа мерзімде салынған мектеп болды деп газеттер жарыса жазып жатты. Бірақ мектеп құрылысындағы жіберілген кемшіліктер мен ақаулықтар сын көтергісіз болды. Осыларды Жұпар апай тамыз конференциясында бүкпесіз жайып салды. Сын облыстың бірінші хатшысына бағышталып айтылғандықтан сөз Құлыбаевтың құлағына жетті. Сынға сергек қараған әділ басшы обкомның бір қызметкерін мектепке жіберіп, айтылған сынның дұрыстығына көзі жетіп, сол кеткен кемістіктерді жоюда біраз істер тындыртты. Зейнет жасындағы адамға осы мәселені қозғамаса да болатын еді. Бірақ жас бүлдіршіндердің келешегін, саулығын ойлаған патриот ұстаз үнсіз қалуды ар санады. Тәуекелге, батылдыққа барып, істі ел пайдасына шештірді. Сол жылы Жұпар апай «Еңбек Қызыл Ту» орденін омырауына қадады. Ауылдың арын ойлап, сөзін ұстар азаматы бола алды. Жұпар апай жайлы ол кісімен аралас-құралас болған адамдардан сұрастырып көріп едім, шексіз ықылас-пейілдердің ортасына түскендей болдым. Солардың аз-кемін ғана ұсынып отырмын. Бәрін жариялау, әрине, мүмкін де емес. Әріректе Жұпар апаймен әйелдер кеңесінде мүше болып, соңынан кеңес төрайымы, ауылдағы балабақша меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Бал­ғаным Қайырлиева естелігінде былай депті: «Ты­нымжан ағайдың отбасымен дәмдес-тұздас болдық. Сонда апайдың бір қасиеті, дастарқан басында бір нәрсе тапшы болып қалса, «жоқ болып қалды» деп айтпайтын, «қазір қант әкеледі, ба­йып қалатын боламыз» дейтін-ді. Жоқты барға санаған отанасын осы кісіден алғаш кездестірдім». Балғаным әйелдер кеңесінде Жұпар апаймен жұмыстас болған кездерін де үлкен бір мектепке балайды. Жұпар апай қалыптастырған сол «мектептің» өнегесін күні бүгінге дейін бағдарға ұстап келе жатқандығын жасырмайды. Ол әйелдер кеңесінде өткен бір отырысты есіне түсіріп, былай дейді: «Бірде әйелдер кеңесінде ойнақтап жүріп от басып, кәмелет жасқа толмай балалы болып, одан сол бойда безініп, сәбилер үйіне өткізіп құтылмақ болған бойжеткеннің мәселесі қаралды. Бәрімізге белгілі мәселеге бір-екі ауыз сөз арнап, «біздерге не айтатындарың бар» деді. Олай-былай айтып көріп едік, азар да безер болып, әлгі бейбақ бет қаратпады. Ең соңынан апай өзі тұрып, безеріп отырған әйелге былай деді: «Адамның нәр беретін тамыры да, сән беретін жапырағы да – бала. Бауырыңнан өрбіген ұрпақ – Жаратқан Иемнің ұлы сыйы. Өз қанынан жаратылған нәрестеден безген ана тамырсыз таспен пара-пар. Сәби – періште, жарық дүниені көргені үшін жазығы жоқ. Күнәнің үлкені өзіңде, аз күндік қызыққа бола ұрпағыңды «тастанды» атандырма, күнә арқалама. Қайт райыңнан, қызым! Қайт райыңнан, шырағым! Қайт райыңнан, қарағым! Қайт! Қайт!» – деп бір қайтарды. Осыдан кейін тым-тырыс болдық та қалдық. Біраздан кейін әлгі жас әйел ағыл-тегіл болып жыласын келіп: «Жаздым, жаңылдым, кешіре көріңдер», – деді. Біздердің күтіп отырғанымыз да сол еді, иығымыздан ауыр жүк түскендей болды. Тарқасқасын бір-бірімізге: «Жұпар апай болмаса осы отырыс қалай аяқталар еді» десіп те жатырмыз. Бұдан менің түйгенім – апай өзінің ой қуаттылығымен, сөздерінің өткірлігімен жанды тіршілік жасай алғандығы. Сөздің түрге айналуы театр актерлеріне тән құбылыс болса да, Жұпар апай осылай жасай алатын, болмайтын істі болдыратын, ушығып кеткен істің бетін қайтаратын», – деп аяқтапты сөзін Балғаным. Қазіргі сол тасталмақ балғын бала анасын алақанына салып бағып отырғанына бүкіл ауыл куә екендігін жазуды да ұмытпапты. Осындай бір жылы лебізді естелікті мектептің химия, биология пән бірлестігінде әріптес болған Қабира сіңлісі де келтіріпті. Бірде мектептің бір мұғалімі әйелін жәбірлеп, дене жарақатымен ауылдағы ауруханаға түсіреді. Үйінде емшектегі баласы, шиеттей сәбилері қалады. Әйел ерін сотқа бермекші болады. Шұғыл шара қылмаса іс насырға шап­пақ. Мектептің оқу ісінің меңгерушісі, марқұм Мұ­расбек Көркембаев Жұпар апайды қасына Қа­бираны қосып, ауруханаға жұмсайды. Таң­сәріде ауруханаға барған екеуі Жұпар апайдың бе­делі­нің, сөзінің өтімділігінің арқасында әлгі әйел­ді ешкімге арыздандырмай, анықтама алғыздыр­май үйіне жетелеп алып келеді. Түнде «үлкен соғыс ашқан» екеуін татуластыру, табыстыру керек болады. Апай баласын емізіп болған әйелге: «Біз саған енді қонақпыз, шайыңды қой, дастарқаныңды жай», – дейді. Осы шай ұзақ ішіледі, апай 2-3 сағат әйелге өсиет сөзін айтады, неше түрлі мысалдар келтіреді. Сосын әңгімесінің соңында апай: «Біздер сендердің құрметтеріңді риясыз көрдік, біздерге ұлықсат етіңдер, ертеңгі күндеріңнің қамын жасаңдар, сабақтарыңа әзірленіңдер», – деді. Екеуі біздердің алдымызда кінәлі болған адамдарша кешірім сұрай бастады. «Өлімнен ұят күштіні» ойлаған болу керек, содан бері бұл отбасынан ыдыс-аяқ сылдырын естімеппін», – дейді Қабира. Қабира бұдан басқа апайдың адамгершілігі, педагогикалық шеберлігі, ұстаздық үлгісі турасында да қадау-қадау ойлар айтады. «Мектептегі мұғалімдер бөлмесінің төрінде көлденең қойылған столда Жұпар апай отыратын. Содан есікке қарай жалғастырып мұғалімдер столы қойылатын. Үзілісте кім қалай болса солай бос тұрған отырғыштарда жайғаса салатын. Бірде апайға жақын тұрған отырғыштарға институтты жаңадан бітірген мұғалім қыздар сыбырласып әңгіме айтып, ара-тұра күлісіп отырды. Осыны көріп, тыңдап отырған апай орнынан тұрып: «Бұл бөлме үзіліс кезінде уақытша демалыс орны болғанмен, үлкен қарашаңырақтың ішіндегі шағын отауымыз. Ұстаздардың қасиетті орны, үйіміз. Бұл орында да отбасында отырғандай сыйлауымыз керек. Анау босағада отырған Қабира апаларыңды жоғарыға оздырыңдар, өз­дерің төменнен орын алыңдар. Бұл – қазақтың жасымызға қарай отыруы деген сөз. Ал жасымызға қарай сөз айтатын болсақ, осындағы үлкенді-кішілі бәріміз бір мақсатқа, жас ұрпақты оқытып тәрбиелеу үшін қызмет жасап жүрміз. Сондықтан осы бөлмеде айтылатын әңгіме ортақ мүддеге, биік адамгершілік мұраттарға қарай бағышталып айтылуы керек. Басқа әңгімелеріңді үйлеріңе барғасын айтуларыңа болады», – дегені. Содан бастап жас қыздарымыз төрге озбады, бөтен әңгіме айтуды сап тыйды. Апай сыныптағы оқушыларға ғана емес, өзінің әріптес сіңлілеріне де осылай үлгі бола алған адам. Апайдың ел алдында үнемі көрсетіп жүретін осы бір ізетті істері ұлық ұстаздарға тән өнеге ғой деп ойлаймын», – деп еске алады Қабира. Кезінде осы мектептің үлгілі оқушыларының бірі болған, қазір осы мектептің бастауыш сыныптары оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқаратын Қадирова Гүлжан Құзайырқызының айтқандарын сол қалпында келтірейін: «Апай біздің сыныпқа 7-сыныптан бастап сабақ берді, 3-4 жыл шәкірті болдым. Сабақ барысында оқушылардың ынта-ықыласын өзіне ерекше аударып, жан жүрегімен беріле жұмыс жасайтын, жан дүниесі нұрлы болатын, қатып қалған қабақ, жаттанды сөздерімен емес, жылы сөзімен, жылы жүзімен әрқайсысымызға аялай қарап, бәрімізді назарынан тыс қалдырмайтын, әр сабағын жүйелі жоспар құрғызып барып бастаушы еді. Жұмысы қаншама көп болса да әрбір сабағына үлкен дайындықпен, көрнекі құралдарымен келіп, бізге беймәлім әлемнің сырына үңілуге, танытуға тырысатын. Үні де күміс қоңыраудай сыңғырлаған құлаққа жағымды естілетін, жиындарда, сынып сағаттарына қатысып сөз алғанда халықтық педагогиканың тағылымдарын, мақал-мәтелдерді, би-шешендердің сөзін әңгіменің мәнісіне қарай шебер қолданып, тыңдаушыларын ұйытып айтатын, ойға қалдыратын, әнді де бабына, сәніне келтіріп жақсы айтатын», – дей келе: – «Бүгінде Жұпар апай сияқты мен де мұғаліммін, сол кісінің дәрісінен «дәм татқан» көп шәкірттерінің бірімін. Сол кездегі кеңестік білім беру жүйесі қазір біраз өзгеріске ұшырады. Жаңа оқу бағдарламалары қосылып көбеюде. Осыларға қарап отырсам, сонау өткен ғасырдың 80-жылдардағы Жұпар апай еске түседі. Ол кісінің заманынан озып, жаңалыққа құштар болғаны, реформашылдығы сол тұста басталған екен ғой. Айталық, апай әрбір баланы жеке тұлға ретінде тануды, өзара сыйластық пен адамгершілік қарым-қатынасты қалыптастыруды, жас ұрпақты мейірбандыққа тәрбиелеуді, халық даналығын, рухани құндылықтарды бала бойына ерте сіңіруді әр сабағының басында не аяғында 2-3 минут уақыт бөліп, сол кезде-ақ айтатын. Қазір осы айтқандары «Өзін-өзі тану» пәнінің негізгі атрибуттары болып шыққандығын көріп отырмын. Ол сонау Совет педагогикасы кезіндегі адамгершілік тәрбиесін бүге-шігесіне дейін зерттеп, біліп, қазақтың ұлттық этнопедагогикасымен байланыстыра алғандығы қайран қалдырады», – дейді. «Апай сыныпқа кіріп, сыныпты ойлы көзімен бір шолып өткенде-ақ, сабаққа кімдердің дайындықсыз келгенін бірден аңғарататын. Ол балаға дауыс көтеріп ұрыспайтын, жандарын жәбірлемейтін, ар-ождандарына тимейтін. Сол сабақ білмейтіннің бірі күнелтісі төмен не әке-шешесінің біреуі жоқ жаны жүдеу жүрген бала болса, апай оны маңдайынан сипағандай етіп: «келесіде оқып келетініңе сенемін» деп көңіліне қылаудай қиқым түсірмей отырғыза қоятын. Халықтық педагогиканың қайнарынан нәр алған, соны санасына жастайынан сіңірген, көп адамның (педагогтардың да) бойынан табыла бермейтін осындай ізеттілікті, көсемдікті, көрегенділікті ой елегінен өткізіп қарасам, нағыз ұлағатты ұстаз осы Жұпар апай болар деген ойға әлсін-әлсін орала беремін», – деп жазады өзімнің қызым – Исатай аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Анаргүл Қарасайқызы Сапарова. Осы сөздерден-ақ апайдың ұстаз атын үлкен биіктіктің, тазалықтың, даналықтың символы етіп ұстап өткен адам екенін аңғарамыз. Ар, ұят, иман дегенді алдыңғы кезекке қойып, тек шәкіртке ғана емес, халыққа қызмет қылудың сол кездегі биік талғамынан шығып, үлгісін танытқан ұстаздардың бірі де бірегейі бола алды. Өз бауырынан 5 ұл, 3 қызды өмірге әкеліп, оларды оқытып, тәрбие беріп, мамандық алуға жағдай жасады. Шәкіртің өсіп топталар, Ізіңе Сіздің көп қарар. Қамқор болған қауымың, Ілтипатпен еске алар, – деп келесі жылы 80-ге толу жасыңызда халқыңыз тағы да бір еске алар сізді, ұлағатты ұстаз, аяулы ана! Иманыңыз саламат болғай. Қарасай Сапарұлы, өлкетанушы Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылы

3938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы