• Тарих
  • 22 Қыркүйек, 2010

Күш атасы - Қажымұқан

Автор жайлы. Қалиәкпар Көшкімбайұлы Әміржанов 1926 жылы Омбы облысының Шарлақ ауданындағы Киров ауылдық кеңесіне қарасты Қаратомар ауылында туған. Балалық шағында құрбы-құрдастары қатарлы мектепте оқып, білім алды. Есейген кезінде туған ауданында әртүрлі жұмыстарда істеді. 1949 жылдан бастап Қ.Әміржановтың қызметі Қазақстанмен, оның ішінде Ертістің Павлодарға қарайтын өңірімен тығыз байланысты болды. Мұнда ол он жылдан аса мәдениет саласында бел шеше еңбек етті. Әуелі қалалық атқару комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі, содан кейін облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. Бұл жылдары, тоталитарлық жүйе дәуірлеп тұрған кезде, халқы жағынан орыстілділер басым Ертіс өңірінде қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамытуға ұйытқы болды. Атап айтқанда, қазақ жастары көркемөнерпаздығының серпілісі, қазақ тілінде кітап оқушылар конференцияларының өткізіле бастауы – осы тұс. 1959-1963 жылдары Қ.Әміржанов Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) жоғарғы кәсіподақтар мектебінде оқыды. Оны ойдағыдай бітірген соң жолдамамен Алматыға келді. Мұнда ол әуелі Қазақстан кәсіподақтары кеңесі мәдениет бөлімінің инспекторы, ал 1965 жылдан бастап 1984 жылға дейін мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы, 1984 жылдан 1988 жылға дейін республика мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мамандығын жетілдіру институтының директоры болды. Қ.Әміржановтың мә­дениет мәселелері жайында жазған мақалалары облыстық, респуб­ликалық, одақтық баспасөзде әр кезде жарияланған. Өзінің балалық шағында бірге дойбы ойнау бақытына ие болған даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов және оның ұрпақтары жайында жазған естеліктерінің толықтырылған нұсқасын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Зейнолла ӘЙТІМОВ, ғалым-журналист, Қазақстан Журналистер одағы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған, Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан, Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан... Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң, Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған. Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман, Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан... Мұхтар Шаханов Қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасов жа­йында көптеген естеліктер, көркем фильм, хроникалық киноленталар бар. Ол кісімен кездескен адамдар айтып жүрген аңыз-әңгімелер де аз емес. Кейінірек шыққан Ғазизбек Тәшімбаев құрастырған «Күш атасы» жинағындағы («Қазақстан» баспасы, Алматы, 1990 ж.) естеліктерде оның палуандыққа қандай қиын жолмен келгені, бүкіл Еуропа, Америка, Азия халықтарына өзін қазақтан шыққан тұңғыш палуан екенін көрсеткені тәп-тәуір берілген. Оның ішінде Қазбек Сүлейменовтің «Палуанның балалық шағы», Дихан Әбілевтің «Алыптың ақ батасы», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Өз аузынан естігендерім» бар. Қадыр Мырзалиевтің «Бұлшық еті даланың» өлеңіндегі: «Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең, Сол далаға тартпай туған аз екен. Осындай ұл таба алам дегендей, Тапқан сені қазекең», – деген шумағы кімді болса да бір тебірентіп тастайды-ау. Сәкен Сейфуллин­нің «Қажымұқан», Сырбай Мәуленовтің: «Ұл тартып туса игі енді өзіңе» өлеңдеріндегі теңестіру, сипаттама, тірі адам түгілі, өлген аруақтардың өзін бір аунатып тастайтындай. Қажекеңнің тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын бір ғана автор (Ж.Бектұров. «Күш атасы», 248-б.) жазбайды, оны бәрі өздерінің естеліктерінде дәлелдеп келтіреді. Талиға Бекқожина «Әншілігі де бар еді» деген әңгімесінде: «Көпшіліктің сұрауы бойын­ша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр дауысымен шырқай жөнелді: Атандым Қажымұқан бала жастан, Ішінде империяның болдым асқан, Кешегі Омскінің қаласында Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан», – деп жазады. Бұл шумақ Қажекеңнің әншілігін, шы­ғармашылық өнерін байқатса, «Ал қазақтың қара сөзін мақалдап, мәтелдеп сөйлегенін, соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім» дей отырып, Ә.Қоңыратбаев: «Әттең, ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз», – деп өкінішін білдіреді. Маркс Қазыкеновтің Бәтима апайдың (Қажекеңнің бірінші әйелі) өз аузынан жазып алған Қажекең туралы әңгімесі маған өте ұнады. Себебі өз басынан кешкен өмір шындығы, жұртшылыққа аттары әйгілі болған, сол уақыттағы палуандардың дұрыс берілген мінездемелері, қай жылдары, қай жерде күрескені – тарихи шындық. Бәтима апай Қажымұқанның 1914 жылы Вестергад Шмидтпен Нижний Новгородта кездескені жөнінде: «Шмидт тәжірибелі палуан ғана емес, сонымен бірге пайда іздеген алаяқ ретінде де танылған болатын. Бұл кездесудің өз пайдасына шешілмейтіндігіне көзі жеткен ол Қажымұқанмен тек жеке жүлде үшін күресетінін мәлімдейді. Жүлдені 100 сомға бағалайды. Қалтасында ақшасы жоқ, амалы таусылған Қажымұқан жиналғандардан көмек сұрайды. «Топ ішінен екі жас жігіт шығады да, төрешіге 100 сом ақша тастайды. Олар Нұрлан және Абдолла Есбергеновтер еді» дейді. 1970 жылдары болуы керек, белгілі жазушы Зейін Шашкиннің үйінде бір фотосуретке көзім түсті. Қарасам, ортасында еңгезердей, бұлшық еттері бұлтылдаған, жалаңаш, жалғыз шолақ дамбалмен тұрған Қажекең, ал екі жағында біреуі орысша (еуропаша), екіншісі кавказша, басында ақ сеңсең бөрік, әдемі, сол уақыттағы модамен киінген екі қазақтың жас жігіттері. Үй иесі Мариям жеңгемізден «Мына жігіттер кім?» деп сұрасам, «Бұ­лар: Абдолла – менің әкем, Нұрлан – әкемнің інісі, семейліктер. Н-Новгород жәрмеңкесіне барып жүр­генде Қажымұқанмен кездесіп түскен суреттері» деді. Бәтима апай айтқан Нұрлан мен Абдолла осы фотосуреттегі жігіттер болып шықты. Олардың сондай ерлік, азаматшылық жасағанын «Күш атасы» кітабынан оқып білдік. Сол «Күш атасында» (15-29-б.б.) Қажымұқанды көрген, білгендердің ішінде ең ма­ңыздысы – Бәтима апайдың естелігі және оны жазып алған Маркс Қазыкеновтің зор еңбегі. Осы «Күш атасы» кітабының кіріспесінде Ғазизбек Тәшімбаев: «Қажымұқанның замандас­тары, ол кісіні көзімен көргендер азайып барады. Көпшілігін (көргендердің – Қ.Ә.) көре алмай қалдық», – деп өкінеді. Бірақ осы уақытқа дейінгі Қажымұқан жөніндегі шығармалар – Қ.Әбдіқадыровтың «Қа­жы­мұқан» кітабы, М.Танекеевтің 1964 жылғы зерттеу еңбегі, Ә.Бүркітбаевтың деректі повесі – келесі ұрпаққа үлкен мұра. Қажекеңді көрмегендердің бірі Тұманбай Мол­дағалиев: «Бөліп берген олжасын бар адамға, Алғыс алып анадан, ағадан да. Қажекеңді көргендер бақыттырақ, Көрмей қалған біздерге қарағанда», – деп өкінішін білдіреді. Дұрыс қой. Ал біздің міндетіміз – көрген, білгендерімізді жариялап, айтып кету. Сол көргендердің, Омбы жағындағы Қажекеңнің отбасымен араласып жүргендердің біреуі мен едім. Алғаш көргенім Мен Қажекеңді 8-11 жасымда көргенмін. Ол кезде Омбы облысындағы Шарлақ (бертін Дробышев, Нововоршавка) ауданындағы Қаратомар ауылында тұратынбыз. Қажекең әр уақытта сондағы Г.Дмитров атындағы колхозда орналасқан ауылдық кеңестің сессиясына бір топ белсенділермен бірге келіп жүретін. Еліне бара-келе жатқанда жолшыбай түсетін жері – менің әкемнің үлкен ағасы Аманжолдың үйі. Еш уақытта жалғыз жүргенін көрмедім. Бір келгенде қасында басқалармен бірге Құдайберген ақын (Иса ақынның ұстазы) немесе Төлеш әнші, тағы басқалары жүретін. Бір келгенінде суық тиіп, сыздауық шыққан екен. Келісімен: «Әй, Аманжол, бір әлді жігіт бар ма ауылда, мына сыздауықтың іріңін сығып алатын» дейді Қажекең. Әлді жігіт деп Сейсенбайдың Шайқысы шақырылады. Шайқы Алматыдағы атты әскерлер эскадронында әскери борышын өтеп келген-ді. Палуан шалқасынан жатып, Шайқы күректей ала­қанымен сыздауықтың маңайын басып отырса керек. Бұл қимыл Қажекеңе ұнамай басын көтеріп: «Мен саған қатты бас дедім ғой!» – деп ақырғанда, Шайқы жалаң аяқ, жалаң бас үйден қашып шығады. Артынан жеңгелері Шайқыны көргенде қалжыңдап: «Сен Шайқы немене гүжілдеп отырсың, әнеукүні палуанның сыздауығына шамаң келмей, қалай қашқаныңды айтшы» деп әжуа қылатын. Есенбай атам жуан талдан дойбы жасап, соны ойнауды үйреткен-ді. Қажекең бір келгенде үйдегілер: «Айналайын, Қажыатаңмен ойнап көрші», – деді, менің дойбыны жаман ойнамайтынымды қызық көріп Қажекең: «Кел, ойнаймыз» деді де, іске кірістік. Артынан жеңіліп қалғанда (әдейі жеңілген шығар) дойбымды ұрлағандай қимыл көрсететін, үйде отырғандар бұған мәз болып жататын. Тағы бір келгенде кешкі тамақтан кейін, жатарда, төсек салардың алдында қонақтар далаға шығып келеді. Далаға шығып келген соң Қажекең: «Апырай, жаңа көкте, ұшып бара жатқан қырғауыл сияқты бір ғажайып дүниені көрдім. Бұл не қараңғы түнде ұшып жүрген?» – дейтін. Біреулер: «Ия, ия» деп құптап, қарқылдап күліп жататын. Бертін келе ойласам, онысы мені бала деп қорқытқан болып, үлкенмен де, кішімен де жасайтын кішіпейіл қалжыңы екен. Бала кездегі таңғалдыратыны – көз алдыңдағы құбылыс, көрініс. Бірде жазды күні көргенім: ұзын трашпан (арба), оған жегілген есік пен төрдей қара айғыр, арбаның ортасына отыра кеткенде ағаштары майысып, сынғалы тұратын. 1935 жылы Құлан елінде (6-шы Ауыл кеңесі) сабантой өтті. Сол тойда Қажекең ойын көрсетті, үстінен «полуторка» машина жүргізді. Анда-мында Шарлақ аудандық партия комитеті бірінші хатшысының ашық жеңіл машинасымен жүрді. Есімде қалғаны, сол машинаға отыра кеткенде бір жағы қисайып бара жататын. Сол сабантойдағы тағы бір көрініс көз алдымда. Самсаған халық бөлініп, жолдың екі жағында ат бәйгесін күтіп отыр. Бір жақ ортасында таудай Қажекең, ақ көйлек, ақ қалпақ, әйелі, балалары – бәрі ақтан киген. Сол көрініс ерекше эстетикалық әсер берді. Ол да қазақ халқына көрсеткен үлгісі ме, тартуы ма деген ойда қаласың. Ал біздің елге келіп жай жүргендегі киімі – қарасұр әскери жағалы бешпет, белбеуімен, шалбарының балағы етіктің қонышында болатын. Сібірдің қысында – баста түлкі тымақ, аяқта саптама етік, иығында қасқыр ішік, сыртынан үлкен жағалы тон киетін. Осы киген киімдерімен тұрған тұрысына, бойына көз салсаңыз, Қажекеңнің жанында еріп жүрген сапарластары ергежейлілердей болып көрінетін. Мен көргендегі келбеті астыңғы ерні, сол құ­лағының ұшы жырық болатұғын. Өзінің айтуынша, Саракики деген жапон палуаны күрестің ережесін бұзып, зақым жасаған. Осы арада америкалық, бокстан әлем чемпионы, өз қарсыласының құлағын тістеп алған М. Тайсон еске түседі. Мұндай қылық XX ғасырдың басында да болғаны байқалады. Ең ақырғы есімдегі – 1937 жылдың қысы, «Шар­лақ» совхозының орталығы. Кеңсенің алдында тыпырлап, буы шығып тұрған үш ат шанаға жегілген. Қажымұқанды совхоздың директоры Д.П.Гутовский қабылдап жатыр екен. Балалармен бірге көреміз деп тосып-тосып, содан суыққа шыдамай тарап кеттік. Ол – қазақтың ұлы Қажымұқан өзінің бір отырысында әндетіп айтқан: Сұрасаң арғы атам ұзын қыпшақ, Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ. Шын бабам қарақыпшақ Қобыланды, Тең келер ондай ерге қандай қазақ. («Күш атасы», 157-бетте). Осы қысқаша ғана берілген шумақта өзінің арғы заты, ата-бабалары қазақ тарихында болған белгілі тұлғалар екені менмұндалап тұр. Оған талас жоқ. Бертін келе кейбір жерде, тіпті қазақтың зиялы азаматтарымен кездесіп қалсақ: «Осы Қажымұқан кімдікі?» деген өрескел сұрақтар пайда болып жүр. Бұл сұрақтардың аржағы белгілі. Ашып айтсақ, шымкенттіктер: «Қажымұқан біздікі» десе, ақмолалықтар «Жоқ, ол біздікі» деп шығады. Мені 2006 жылы Қазақ радиосының тілшісі шақырып: «Аға, шынын айтыңызшы, Қажымұқан солтүстіктікі ме, әлде оңтүстіктікі ме?» деп қойып кеп қалды. Мен: «Қажымұқан солтүстіктікі де, оңтүстіктікі де емес, ол – қазақ халқының ұлы» дедім. Кеңес өкіметі үстемдік жүргізіп тұрған кезде Қажымұқан жайында шыққан естелік-кітаптарда көп құпия сырлар айтылмады. Оның қажылығы, Алаш партиясымен болған тығыз байланысы, 1937 жылдардағы зобалаң кезінде Омбыдан (Ресейден) Шымкент (Қазақстан) өңіріне қашып келгендігі, тағы басқалары да жазылмады. Қажекең туралы білу үшін әлі іздену керек-ақ. Батырды «кімдікінің» аржағы – оның қай өңірде дүниеге келгені, қай аймақта өсіп-өнгені. «Кімдікі» деп таласып жүрген азаматтарға ақпарат ретінде туған, өскен жерін айтуға болады. Онда тұрған не бар? «Қажымұқан Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген» («Күш атасы», 150-бетте). Қазіргі орны Астанадан қырық шақырымдай солтүстік-батыс бағытында. Тағы бірі, Ж.Бектұровтың жазып кеткені: «Қажымұқанның туған топырағы – Целиноград іргесіндегі Сарытерек маңы. Есіл өзенінің оң жақ қапталы. Оның ағайындары осы Сарытерек (Максимовка) пен Тасмола (Семеновка) арасында отыр. Жиырмасыншы жылдары ел ішін бір аралағанда атақонысына салдырған өз үйінің орны да осы арада жер болып жатыр» («Күш атасы», 245-бетте). Бұл аралар сол уақытта Запсибкрайға бағын­ған, орталығы Омбы қаласы болған. Осы жерлер – Қажекеңнің кір жуып, кіндік кескен Арқаның аяулы кең даласы. Бай-көпестердің: Қалипа, Козулин, Масляковтардың жалшысы, малшысы болған кез; өскен, өнген, ерекшелігі білініп, палуандығы халықтың көзіне түсіп, білек-күш өнерін әрі қарай үдетуге себеп болған киелі аймақ. Құдайға шүкір, қазақ халқының киелі де қасиетті ер­лері, жерлері Шығыста да, Батыста да, Оңтүстікте де, Солтүстікте де мол. Қажекеңді бөлісетін қажеттілік жоқ. Жұбайлары жөнінде Атышулы адамдар жөнінде аңыз-әңгімелер көп болады ғой. Менің есімде қалғаны, Қажымұқан атамыздың бүкіл Ресейді, Қа­зақстанды аралап жүріп негізгі қоныстанған жерлері – «Сибкрайда» (Омбы маңайы) және «Киркрайда» (Оңтүстік Қазақстан облысы). «Енді ол неге Омбы жерінде қоныстанды?» деген сұрақ тууы мүмкін. 1910-37 ж.ж. дейінгі келіп, кетіп тұрған елі – төре ауылы, «Жаңа жол» колхозы, Шарлақ ауданы, Омбы облысы. Менің әкем Көшкімбай 1939 жылы қайыншылап осы араға көшіп келді. Сол 40-шы жылдары Халиолла бірінші әйелі Бәтимадан (Н.Н.Чепковскаядан) туған, екінші алған әйелі Ырыс­ты үш қызымен «Жаңа жолда» – төре ауылында тұратын. Төре ауылына қоныстануы – бір уақытта әлді, әйгілі ел болған. Оның өзіндік тарихы бар. XIX ғасырдың басында әр елде өзінің төресі болуы керек деген салт бар екен. Мадияр – Қыпшақ: «Біздің төреміз жоқ» деп «Қызылғақ» (Ертіс ауданы, Павлодар облысы) деген жерден Самай атты төрені алып келіп, жер беріп, алдына мал салып, өздері малшысы, жылқышысы болып жүреді. Самай туған баласының атын Абылай деп қояды. Сол Абылайдан тарағандар бір рулы ел болып, Төре ауылы атанып, бертін «Жаңа жол» колхозына ұйымдасты. Қажекең Омбы циркінде өнер көрсетіп жүрген кезінде тамыр-танысқа жиі барып, қонақтап жүреді. Омбы маңайында қазақ жұрағаты көп қой: керей, найман, қосқұлақ, уақ, атығай, қарауыл, қаржас. Ал енді қыпшақ рулары: Мадияр, Жанайдар, Қосайдар және Құлатай – Төбет­тің төрт ұлы дейтіндер Омбының оңтүстік жағында, Көкшетау, Павлодар облыстарының төңірегінде мекендеген. Қазан төңкерісінен кейін Орынборда, әсі­ресе, Омбыда зиялы, оқыған қазақ азаматтары шоғырлан­ды. Солардың ішінде Міржақып Дулатов та болған. Міржақып (өзі мадияр – арғын, қостанайлық) елге шыққанда, көбінесе менің мына өңірде де ма­дияр қыпшақ ағайындарым бар екен деп Қажымұқанды, тағы басқаларын жанына ертіп жүретін болған. Қа­жекеңе мадияр-қыпшақ жұрағаты ұнап, оның төре қыпшақ болып кеткен Төре ауылына отбасын көшіріп әкеліп, өзі осы арада 1937 жылға дейін тұ­рады. Тағы бір жайт, жұрттың айтуына қарағанда, ақ­сақал, қарасақалдар жиналып: «Айналайын Қажеке, жас болса келе жатыр, сені екі әйел алды деп ешкім сөкпейді. Мына тұрған «Ақшада» (Дробышево) ма­дияр-қыпшақ Тыныбай дегеннің үкілеп өсірген Ырысты атты бойжетіп тұрған сұлу қызы бар» деп, сол қызды ел болып, құдалық жасап алып береді. Біз сол мекенде 1939-41 ж.ж. Қажымұқанның Ырысты тоқалымен, оның қыздарымен үй арасында үй жоқ – көрші тұрдық. Қажекеңнің үрім-бұтағын айтудан бұрын алған, бірге тұрған жұбайлары жөнінде аздап болса да мәлімет беру керек болып тұр. 1909 жылы Қажекең Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбай қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мүнәймге, 1946 жылы Ай­шагүлге... Менің жақсы білетінім – «Сибкрай» өңі­­ріндегі жұбайлары, жұрағаттары. Бірінші неке қиып алғаны Н.Н.Чепковская – 16 жастағы, аттың құ­ла­ғында ойнайтын, «цирковая наездница» атанған әртіс қыз. Өзінің айтуы бойынша: «Омбыға келгеннен соң ұзамай мені мешітке апарып, Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сол күннен бастап мен Қажымұқанның зайыбы Бәтима атандым. Осының өзін әлі күнге дейін менің басыма Қажымұқаннан қонған зор қасиет деп санаймын», – дейді. («Күш атасы», 17-18-беттерде). Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толар-толмаста Шәпен атты қызды алып беріп, отау жасап, жеке шығарады. Біз сол елде тұрған жылдары (1939-41 ж.ж.) Халиолла үйлі-баранды, іргелі отбасы, сол «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені Шабдан – 1927 жылғы, менің досым. «Екіағаш» орта мектебінде бірге оқыдық. Ұзын бойлы, палуан, атасына тартқан. Ол әскерге барып, сол жақтан бірден елге қайтпады. Қажекеңнің (Шымкент облысына) қолына келіп, атасы үйлендірді. Қазір зейнеткер. Омбы облысындағы «Шарлақ» совхозының Платоновка деген бөлімшесінде тұрады. Мен ағайын аралап жүріп, 1999 жылы әдейі барып кездестім. Халиолланың балалары: Фарида, Рәзия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет. Орыс әйелінен туған баласының атын білмеймін. (Жалғасы бар) Қалиәкпар Әміржанов, Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер, мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері Алматы

10079 рет

көрсетілді

150

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы