• Тарих
  • 06 Қазан, 2010

Әр таңы арайлы Отырар

Алғашқыда Шәуілдір, сосын Қызылқұм, кейіннен Отырар ауданы атанған ауданымызда адамдардың рухын асқақтатар қуанышты тірліктер көбейіп келеді. Бұған қыркүйек айының соңғы күндерінде өткен әлемге танымал ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1140 жылдығы, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығы, ауданымыз бен аудандық газеттің 75 жылдығы, сатира сардары Көпен Әмірбектің 60 жылдығы мерейтойларына қатысушылардың көзі анық жеткендей болды. Сол күндердегі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев пен облыс әкімі А.Мырзахметовтің құттықтауынан бастау алған Отырар тойы қазақы қанды қозғайтын, көңілдерге шаттық, ақындарға шабыт беретін айтулы шараларға ұласып жатты. Әсіресе, халық ақыны Әселхан Қалыбекованың: Біреуі біреуінен күмәнданып, Басынан не кешпеді мынау халық. Отаны ұлылардың бір сілкінбек, Жетпіс бес жыл парағын бір аударып, – деген тебіреніске толы жырлары ұлылардың Отаны атанған Отырарда туып-өскен әрбір адамның көңіл-күйін шарықтатып, жан сарайын аша түскендей болды.

Шежірелі Отырар Әлқисса, сұлу Сыр мен әсем Арыс өзендерінің түйіскен тұсына орналасқан Отырар ауданы тұнып тұрған шежіреге толы. Олай дейтініміз, әлемге танымал ғұлама ғалым – Әбу Насыр әл-Фараби осында туыл­ған. Күллі мұсылман дүниесінің ардақтысы – Арыстанбаб осында жерленген. Тәуелсіз еліміздің Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов та шыр етіп осынау киелі өңірде дүниеге келген. Сондай-ақ өз зерттеуін күтіп жатқан «Алтынтөбе», «Пышақшы төбе», «Қалам төбе» секіл­ді сырын ішіне бүккен дархан дала жәдігерлерінің де айтары көп. Солардың бірін айтар болсақ, сонау ХХ ғасырдағы 30-шы жылдың аяғына таман аудан тарихындағы ерекше оқиға «Шәуілдір съезі» деп аталып кеткен үлкен жиын болды. Онда халық колхозға бірігуге, Арыс өзенін бөгеп, Шәуілдір каналын қазуға шешім қабылдады. Ал 1931 жылдың мамыр айының 6-жұлдызында Дүйсенбай Алтынбековтің басшылығымен Арыс өзеніне бөгет салынды. Сол жылы ауданда 5 колхоз ұйымдасты. Ал 1932 жылы колхоздар саны 17-ге жетті. Темір станциясынан МТС ұйымдастырылды.Оның алғашқы директоры Дүйсенбай Алтынбеков болды. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің 1934 жылдың 27 желтоқсаны күнгі № 106 қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім шықты. 1935 жылдың 9 қаң­тары күні Қазақ автономиялық Рес­публикасы Атқару Комитетінің шешімі бойынша Шәуілдір Түркістан ауданынан бөлініп, өз алдына отау тікті. Ауданда Партбюро құрылып, оның құрамына аупартком хатшысы Нығмет Жалелов және ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков енгізілді. Жаңа құрылым «Шәуілдір ауданы» деп аталып, аудан орталығы Шәуілдір ауылы болды. Шәуілдір аудандық ұйымдастыру бюросының 1935 жылғы 22 наурыздағы №3 қаулысымен С.Боранбаев аудандық газеттің редакторы болып бекітілді. Және де газетті «Социалистік Шәуілдір» деп атау жөнінде шешім қабылданды. Осы шақтарда Отырар өңіріне кеңестік білім беру мен дәрігерлік көмек келе бастады. Ауданда тұңғыш бастауыш мектеп 1926 жылы Темір стансасында ашылды. Онда алғашқы ұстаз – Бегім Басов болды. Ауданда қазір 46 мектеп бар, оның 21-і типтік мектептер. Оларда 1798 ұстаз қызмет етеді. Шәкірттер жүрегіне жол тапқан Кішмат Досанов, Құтым Ордабаев, Сейіт Есенбаев, Бекболат Нәдіров, Келдебек Жабатаев, Қалжан Махатов, Күләйхан Шәріпова, Қожахмет Партаев, Құрманбай Әлшериев, Алма Мұғжанова, Орынбек Дербісов, Аймахан Жанатаев, Сұлтан Барлыбаев, Иманбек Махатай, Қуатбай Өкшебаев сияқты көптеген ұстаздардың ерен еңбектері ғасырлар бойы айтыла береді. Ауданның орталық ауруханасы 1935 жылы ашылды. Оның алғашқы бас дәрігері Н.Сергеева, кейіннен 1936 жылы көрнекті ғалым Естөре Оразақов болды. Бүгінде ауданымызда 51 медициналық ошақтар бар, оның ішінде 8 аурухана, 14 емхана, 29 медициналық тірек бар. Бұл орайда Әліхан Көкішеев, Жұмахан Әбдешов, Бегалы Қалымбетов, Тас Мұсаев, Төле Сыздықов, Роза Махатова, Жолдасбек Тұрсынбаев сияқты елге сыйлы дәрігерлеріміздің қызметі кейінгі жас мамандарға үлгі-өнеге деп білеміз. Тағы бір маңызды жайт, 1935 жылы ауданда мақтадан бүкілодақтық кө­лемде рекордтық өнім алынды. Бір топ озат колхозшылар 1936 жылы Мәскеуде өткен екпінді колхозшылар­дың Бүкілодақтық съезіне қатысып, марапаттар алып қайтты. Мұнымен қатар ауданға жас ақын Асқар Тоқмағамбетов көшіп келді. Уақыттың қиындығына қарамастан, ол өлеңдер, мақалалар, фельетондар жазды. Керек десеңіз, Асқардың Шәуілдір халқының өмірінен жазған романы да бар. Бір ғана бұл емес, ақын Ғали Орманов «Шәуілдір» деген поэма жазды. Шәуілдірде бұл жылдары атақты жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров те болды. Оның қарымды қаламымен 1935 жылдың 23 қазанында орталық «Правда» газетін­де шәуілдірліктердің өнегелі істері жөнінде үлкен очерк жарияланды. Иә, бұл отырарлықтардың жаңа өмірге деген, туған жерді түлетуге деген зор құлшынысының үлкен өрлеуге ұласқан жылдары еді. Ұлы Отан соғысы кезінде 3371 отырарлықтар майданға аттанды. Сол бір сұрапыл жылдарда аудан халқы асқан төзімділік танытты. Елдегілер майданға азық-түлік өнімдерін, жылы киімдер, мыңдаған сом ақша жөнелтіп тұрды. Соғыс жылдарында «Ақтөбе» колхозында тұрған атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз майданға 100 мың сом қаржы жөнелтіп, Амангелді Иманов атындағы соғыс ұшағын жасатты. Өз кезегінде соғыс жылдарында екі адам – Сейітқа­сым Әшіров пен Темірбек Ибрагимов Кеңестер Одағының Батыры атанды. 1946 жылы ауданда мәдениет бөлімі ашылып, оның алғашқы меңгерушісі Рысқұл Қасымбеков болды. Қазір 1 мәдениет сарайы, 4 мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб, 25 кітапхана халыққа қызмет етуде. Өзінің 75 жылдық тарихында колхоздастыру, зұлмат аштықтың азапты күндері, репрессия, соғыс, со­лақай саясат, осының бәрін бастан өткізген ауданымызда 1957 жылы барлық қолхоздар таратылып, совхоздар құрылды. Алайда кейбір солақай үстірт кеткен саясат салқыны ауданымызға зиянын тигізбей қалған жоқ. Айталық, 1962 жылы ірілендірілген өндірістік-аумақтық басқармалар ұйымдастырыл­ды. 1963 жылы бірінші қаңтарда бұрын­ғы Шәуілдір ауданы негізінде жұртқа кеңінен танылған «Қызылқұм ауданы» ұйымдастырылды. Сондағы басшылық тарапынан «орталығы – Арыс қаласы, келешекте Байырқұм ауылы болады» деп шешілді. Осы орайда айта кетейік, бұл шешім Шәуілдір халқына ауыр тиді. Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбжаппар Жылқышиев ағамыз аудан орталығын қайтадан Шәуілдірге көшіру керек деп бастама көтерді. Сөйтіп, 1963 жылы бұрынғы Шәуілдір ауданының негізінде Қызылқұм ауданы ұйымдастырылды. Аудандық газет енді «Қызылқұм» деген атпен шықты. Тәуелсіздіктің арқасында 1991 жылдың 18 қаңтарында Қызылқұм ауданы – Отырар ауданы болып өзгертілді. Орталығы тағы да Шәуілдір болды. Аудандық газет «Оты­рар алқабы» деген атпен шыға бастады. «Жақсының жақсылығын айт» де­мекші, газеттің өзіндік қайталанбас дәстүрлерін қалыптастыруда және жас тілшілерді тәрбиелеуде Сабыр Қамбаров, Тоқтасын Қысмұратов, Молбай Бабашев, Әуелхан Есжанов, Сейділдахан Елбасиев, Абылай Бейсенбиев, Икрамхан Бәкіров, Қойшыбай Мамасерік, Оразбай Мұратов сияқты журналистердің еңбегі орасан зор болды. Облысқа, республикаға танымал қаламгерлер – Жұмамұрат Тұяқбаев, Ілес Мыңбай, Аманхан Әлім, Көпен Әмірбек, Нұрлан Кенжеғұлов, тағы басқа да талантты азаматтардың арқасында аудан аса зор рухани мүмкіндікке ие болды. Сондықтан да отырарлықтар тәуелсіздігімізді қалай қадірлейтін болса, көне Отырарды да солай қастерлеп келеді. Өйткені әр мемлекеттің тарихы сол жерді мекен еткен халықтың өткені мен кеткенінен құралатыны айтпаса да белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақ елінің тарихы үлкен бір том десек, көне Отырар тарихы соның алып тастау­ға болмайтын мағыналы бір тарауы еді. Жаңарған өңір Әрине,75 жыл тарих үшін зулап өте шыққан сәт қана. «Осы уақыт ішінде ауданның рухани келбеті қаншалықты өзгерді» десек, бұл салада Елбасымыз бен Үкіметіміздің қамқорлығын айқын сезіне түсесіз. Әсіресе, әне бір жылдары тасқын судан зардап шеккен маяқұмдықтар Елбасы­мыздың тікелей қамқорлығының арқасында қоныс тойын тойлағанын әлі ұмытқан жоқ. Елге көрсеткен қамқорлығы үшін Елбасымызға жеделхат жолдап, Президентімізді ауылға шақырды. Елбасымыз да 2005 жылғы 2 қыркүйекте ауданымызға арнайы ат басын бұрып, олардың қолынан дәм татты. Мұның бәрі Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа деген ел құрметі еді. Сондай-ақ Үкіметіміздің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі көне Отырарды қайта қалпына келтіру жөніндегі №1009 қаулысы елдің рухын биіктете түссе, 2009 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі А.Мырзахметовтің өзінің жұмыс тобымен ауданымызға келіп, барлық 43 елді мекенді аралап шығып, ауыл тұрғындарымен кездесуі де аудан тарихында бұрын-соңды болмаған айшықты оқиға болды. Онда киелі өңірдің келешегі мен оны өркендетудің жайы кеңінен сөз болған еді. Осыған байланысты облыс әкімінің тікелей қолдауымен Отырар ауданын өркендетудің өзекті мәселелері жөнінде бағдарлама қабылданды. Бағдарламада аудан дамуының барлық көкейкесті проблемалары қамтылды. Сөйтіп, бұрын таудай болып көрінетін талай тірлік тізгінделіп, көптеген салмақты шаруалар еңсерілді. Жиырма жылдан бері жарықсыз отырған елді мекендерге электр бағанасы тартылып, ауызсудың тауқыметінен мезі болған ауылдарға таза су жеткізілді. Аудан көлемінде 125 шақырым аудандық және облыстық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өткізіліп, демеушілік тәсілмен 8 шақырым жол салынды, оның 2,5 шақырымына тас төселіп, асфальтталды. Осындай үдерістер арасында Алтынбеков, Кенжалиев каналдарын қаптау жұмыстары мен аудан орталығындағы «Менің Қазақстаным» кешенінің құрылысы аяқталды. Ауданның көрнекі тұсы – «Жібек жолы» даңғылы қазіргі заманауи талаптарға сай жөндеуден өткізілді. Биылдың өзінде 5 мектептің іргетасы қаланып, жаңа құрылыс жұ­мыстары қарқынды жүргізілуде. Отырар орта мектебі мен бірнеше балабақша пайдалануға берілді. Бір мәдениет сарайы, екі мәдениет үйі, екі клуб күрделі жөндеу­ден өткізілді. Ауданнан жаңадан бір кітапха­на, бір мұражай ашу үшін жекеменшіктен ғимарат сатып алдық. Бұрын тозып кеткен «Аққу» мәдениет үйін күрделі жөндеу­ден өткізіп, «Жастар» орталығы ашылды. Дәрігерлерге арнап ауданнан 10 үй берілді. Демеушілікпен бір медициналық тірек салынды. Аудандық білім беру мекемесі мен «Бір терезе» халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа жайға көшірілді. Бұлардан бөлек, кешегі Жеңістің 65 жылдығы мерекесіне орай 33 ардагерге 20 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оның ішінде 2-еуіне үй берілді. 9-ына үй салуға, 6-уына монша салуға, 13-іне үйін жөндеуге, 3-еуіне тұрмыстық қажеттіліктері үшін қомақты қаржылай көмек берілді. Ауылшаруашылық, өнеркәсіп өнімдерін өндіру артты. Мал басы өсті, кәсіпкерлік дамыды. 2010 жылдың 6 айында аудан бойынша өнім 9,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға өсті, оның ішінде ауылшаруашылық өнімі – 4,2 %-ға, өнеркәсіп 50,6 %-ға өсті. Кәсіпкерлер көмегімен бүгінгі таңға 97,8 млн. теңгенің жұмыстары атқарылды. 2666 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың қыркүйегіне дейінгі мерзімде ауданда 190-нан астам игі істер атқарылып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімінің алдында есеп берілді. Отырарлықтар жұмысы оң бағаланды. Ауданның таяу жылдардағы қажеттілігінен туындайтын міндеттер ой сарабынан өткізіліп, қайта жүйеленді. Мүлдем жаңа, озық қағидаларға құрылған бағыты айқын бағдарламалар қолға алынып, аудан бойынша шешімін табуды қажет ететін мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Осылайша Елбасымыздың биылғы рухты Жолдауынан қанаттанған отырар­лықтар еліміздегі 160 аудандардың арасынан рейтингілік көрсеткіштер бойынша 7-орынға шығып отыр. Дала-думан Рас, ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Ауданымыздағы Отырар археологиялық қорық мұражайы мен «Отырар руханияты – Әбу Насыр әл-Фараби мұражай-кітапханасын» аралап, көрген адам осындай ойға қалары анық.... Иә, сол күні ауданның 75 жылдығы туралы баяндама жасаған аудан әкімі Бейбіт Сыздықов осылай толғады. Десе дегендей-ақ, тойдың беташары әлем ақыны Мұхтар Шаханов пен жазушы Амантұр Мұсаев, композитор Мыңжасар Маңғытаев, сенатор Рахманберді Орынбай бастаған меймандары Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен және әл-Фарабидің 1140 жылдығы­на арналған халықаралық ғылыми конференцияның салтанаты ашылуымен басталды. Оған елімізден және шетелдерден 40-қа жуық белгілі ғалымдар, академиктер қатысты. Онда сөз алған Араб мемлекетінен келген академик, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмуд Фаһми Хижази мен сенатор, ғалым Қуаныш Айтаханов және басқа да ғалымдардың мазмұнды баяндамалары көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Конференция конақтарының қатысуымен сол күні Шәуілдір ауылындағы Жібек Жолы даңғылы бойынан орын тепкен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ескерткіші мен «Қобыз бен домбыра» композициясы және Шәмші ауылындағы «Шәмші саябағы» ашылды. Кешкісін мәртебелі меймандар аудандық мәдениет сарайына ат басын тіреп, Ш.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» драмалық шығармаларын тамашалады. Әсіресе, ертесіне басталған ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығы, ауданымыз бен аудандық газеттің 75 жылдығы, сатира сардары Көпен Әмірбектің 60 жылдығы мерейтойлардың мазмұны мен ажарын аша түсті. Жиналған халықта есеп жоқ. Бәрінің жүздерінде қуаныш лебі есіп тұрды. Той салтанатына келген атақты ғалымдар – Өмірзақ Айтбаев, Әмір Мұсақұлов, Құлбек Ергөбек, Оразбек Нұсқабаев, қаламгерлер – Мырзагелді Кемел, Қазыбек Иса, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр сияқты ел жүрегінен орын алған Алаш ұлдары отырарлықтардың рухын көтере түсті. Бұдан бөлек, аталмыш тойға байланысты жариялан­ған республикалық бәйгеде Көпен Әмірбек, Әділхан Мәлік, Рухабыз Халдарбек, Ба­уыржан Рысбеков, Сейтісхан Кішібайұлы, Қалдыбек Құрманәлі, Еркін Қыдыр, Сәрсенбек Алтынбеков, Гүлназ Файзулла, Шерәлі Біләл, Ғалым Есенсариев сынды жандардың марапатталуы аудан тарихына жазылып, ұрпаққа үлгі болар рухани жаңалық болды. Мұны аз десеңіз, мерекелік бе­зендірулер аудан орталығындағы саябақтар мен ескерткіштерді гүлге көмкерді деуге болады. Бәрінен де Алтынбеков каналын жағалай орналасқан «Менің Қазақстаным» кешені көрермендердің көз жауын алды. Саябақтың кіреберісіне орналасқан Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші, одан әріректе орналасқан Кеңестер Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовтің бюсті, «Батыр аналар гүлзары», онымен жалғасып жатқан «Жастар саябағы» – бәрі де ойлы адамның ойын байытар, саналының санасын сергітер, жас ұрпаққа тәлім- тәрбие беретін орталыққа айналып тұрғанын көріп куанасыз. Кешкісін сатира сардары Көпен Әмірбектің мерейтой кешін жүргізген қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза-Әлі Отырар аспанын қуаныш пен күлкіге орады. Екеуіне деген халықтың құрметі шексіз болды. Бұның бәрі аудан әкімі­нің үлкен іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өткізілген игі шаралар еді. Осыған орай біз де Бейбіт Шалдарұлынан өткізіліп отырған мерейтойлардың негізгі мәні, мақсаты жайлы айтып беруін өтінген едік. – Өздеріңізге белгілі, ұлылардың Отаны атанған Отырардан 20-дан астам әлемге әйгілі әл-Фарабилер дүниеге келген, – деп бастады ол өз сөзін. – Ал бүгінгі жыл санап жаңарып, жасарып келе жатқан ауданымыздан 2 Кеңестер Одағының Батыры, 22 Социалистік Еңбек Ері, жүзден астам ғұлама ғалымдар, партия, мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер адамдары, еңбектің небір дүлдүлдері өсіп шықты. Мен өз басым киелі Отырарды, оның мәдениеті мен ғылымын, тарихын және даңқты перзенттерін халқымыздың рухани қуат көзі деп бағалаймын. Әсіресе, әл-Фараби бабамыз бен Әнұранымыз­дың авторы Шәмші Қалдаяқовтың есім­дері қазақ деген халық барда ұмытылмақ емес. Ал сатира сардары Көпен Әмірбек – біздің мақтанышымыз. Сондықтан да олардың және ауданның мерейтойларын өткізудегі мақсат – елдің рухын көтеру, жігерін шыңдау әрі көне Отырардың бүгінгі таңда жеткен жетістіктерін, келешегін, өркендеу мен өрлеу жолындағы баянды батыл қадамдарын халыққа жеткізу. Осы арқылы көпшілікке бабалар рухы сіңген Отырар топырағының қасиетін сезіндіріп, жастарға туған өлке тұнған рухани байлық иесі екенін білдіріп, отансүйгіштік сезімін ояту... Айтса айтқандай, біз де аудан әкі­мінің сөзі мен ісінен киелі өңірдің кемел келешегін көргендей болдық. Соған қуандық. Файзулла Рахматуллаұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы

8001 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы