• Тіл
  • 13 Қазан, 2010

Тілдің шұбары сөздің құнарын бұзады

Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың бір жолы – ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту. Мысалы, бұрынғы кезде «Жыршы», «Жыраумен» қатар «Қиссашы», «Жоқтаушы» деген өнер адамдары болған. Қиссашылар қисса-дастандар мен терме-толғауларды, ертегілер мен аңыз-әңгімелерді, өсиет сөздерді белгілі бір мақаммен айтып, елдің рухани байлығына үлес қосып отырған. Осы қиссашылардың өнерін радио мен теледидарда кең түрде насихаттау қажет. Сондай-ақ бүгінгі күнде «Асар», «Биебау», «Жылқы күзеу», «Кеусен», «Келі түбі», «Көген той», «Қолүздік», «Қолкесер», «Қазық майлау», «Қымызмұрындық» және т.б. ұлттық дәстүрлерді БАҚ құралдары арқылы насихаттау қажеттігі туындап отырғаны рас. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін аталмыш бағдарламадағы «Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту» деп аталатын екінші бағыттың «Тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейту» деп аталатын тараушасына: «Ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді халыққа насихаттау» деген бап енгізілгені дұрыс деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлігі, Бағ­дарламаның «Тіл мәдениетін жетілдіруге» бағытталған «Сөйлеу мәдениетін дамыту» деп аталатын бабына: «Мемлекеттік тілді қолдану аясында мемлекеттік тілді шұбарлап сөйлеудің алдын алу» деген сөйлемді қосу қажет. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді шұбарлап сөйлеу белең алып бара жатқаны жасырын емес. Мысалы: «бара жатырмыз» деген сөз тіркестері «баратырық», «келе жатырмыз» деген сөз тіркестері «келатырық» деп айтылып жүр. Сонымен бірге мем­лекеттік тілге орыс, ағылшын сөз­дерін қосып сөйлеу де «дәстүрге» айналып барады. Мысалы, телефонда, ауызекі сөйлеуде «мақұл», «сау болыңыз» деудің орнына «давай», «хорошо» деп тіл «бұрап» жүрміз. Мұның бәрі мемлекеттік тілімізді шұбарлауға әкеліп соқтыратыны әмбеге аян. Көптеген мемлекеттерде тілдің тазалығын сақтау үшін арнайы заңдар қабылданған. Мысалы. Францияда «Француз тілінің тазалығын қорғау туралы» Заң бар. Қазақ балалар әдебиетінің атасы, көрнекті педагог Ы.Алтынсарин тіл шұбарлығы, оның зияны туралы былай деп жазған: «Қазақтың тілі соншалық мол. Ләкін қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұнша­лық жатық һәм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе...» (Ы.Алтынсарин. «Қазақ тілі туралы», «Мұсылман күнтізбесі», 2006-2007 жыл, 15 жел­тоқсан). Сондықтан бағдарламадағы «Тіл мәдениетін жетілдіру» деп аталатын екінші бағытты «Мемлекеттік тілдің мәдениетін жетілдіру» деп өзгертсек, тіпті де дұрыс болар еді. Мемлекеттік тіл мәдениетін жетілдіру үшін дүниеге келген сәбилердің де аттарын қазақшалап қоюды ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, ер балалардың есімдерін: Нұрсұлтан, Сұлтанбек, Лесбек, Алмасбек, Нұрлыбек, Майқы, Аяз, Бауыржан, Мөңке; қыз есімдерін: Шолпан, Айсұлу, Айдана, Жібек, Баян, Жансұлу деп қойғанымыз тіліміздің шырайын келтіреді. Қазіргі күнде ұмыт болған әдеби жанрларымызды жаңғырту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Соның бірі – жазбаша айтыс. Жазбаша айтыстың ауызша айтыстан ерекшелігі – айтыскер ақындар қолына қалам, қағаз алып, жазып айтысады. Демек, жазбаша айтыс – өз алдына әдеби жанр. Ұмыт бола бастаған газет жанрлары да бар: очерк, суреттеме, жолжазба, фельетон және т.б. Осыған орай «Мемлекеттік тіл­ді қолдану аясын кеңейту» деп аталатын екінші бағыттың «Тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейту» деп аталатын тараушасына: «Ұмыт бола бастаған әдеби жанрларды, газет жанрларын қайта түлету» деген сөйлемді қосу қажет деп ойлаймын. Бағдарлама жобасында тіл мә­дениетін жетілдіруге баса назар аударылған. Тіл мәдениеті дегенде алдымен мемлекеттік тілдің мә­дениетін жетілдіру қажеттігі бірінші орынға қойылатыны түсі­нікті. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Назар аударатын тағы бір маңызды мәселе – көше аттары мен елді мекендерді, қала аттарын қазақшалау. Мысалы, «Заречная», «Восточная», «Западная», «Столичная», «Березовая» тәрізді көше аттарын, «Степное», «Славный», «Каменка» және т.б. елді мекендер, Петропавловск, Павлодар қала атауларын өзгерту керек. Сондықтан бағдарламада­ғы «Сөйлеу мәдениетін дамыту» деген тұсқа «Көше аттарын, елді мекендерді, қала аттарын қазақшалау» деген сөйлемді жазуға ұсыныс білдіремін. Астанада, облыс орталық­та­рында, аудан орталықтарында аялдама, мейрамхана, кафе, театр, кинотеатр, дүкен және т.б. атауларын мемлекеттік тілде жазуды қолға алу – бүгінгі күннің талабы. Кейбір қалаларда белгілі ны­санның атын жазуда көптеген қа­теліктерге жол қойылып отыр. Мұның өзі тіл мәдениетінің бұзылуына алып келді. Мысалы: «Магазин-Арай-дүкені». Дұрысы: «Арай» дүкені – Магазин «Арай» болуы керек емес пе? Немесе: «Кафе-Жібек-Кафесі». Дұрысы: «Жібек» кафесі – Кафе «Жібек» емес пе? Тағы бір айта кетерлігі, бұдан былай мемлекеттік тілдегі жазудың биіктігі мен орыс тіліндегі жазудың биіктігінде айырмашы­лық болуы керек. Мысалы, мемле­кет­тік тілдегі «Арай» деген жазу­дың биіктігі 20 сантиметр болса, ресми тілдегі «Арай» деген жазу­дың биіктігі 10-15 сантиметрден аспағаны жөн. Сонда мемлекеттік тілдегі жазу жұрттың назарын аударып тұрады. Сондықтан Бағдарламадағы «Тіл мәдениетін жетілдіру» деп аталатын екінші бағыттың «Сөйлеу мәдениетін дамыту» деген тараушасына мынадай бап енгізуді ұсынамын: «Қала ішіндегі белгілі нысандардың (мейрамхана, кафе, дүкен, театр, оқу орындары және т.б.) атаулары мемлекеттік тілде жазылуы тиіс» немесе «Мемлекеттік тілдегі жазудың ресми тілдегі жазудан үлкен болуы шарт». 2011-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасының орындалуына ықпал жасайтын тағы бір нәрсе –қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілде сөйлеуді қамтамасыз ету. Автобус­тарда, трамвайларда, троллейбус­тарда, өзге де жолаушылар тасымал­дайтын көліктерде аялдама атаулары мемлекеттік тілде аталуы тиіс. Сонымен бірге әуе көліктерінде, суда жүретін жолаушылар тасымалдайтын көліктерде берілетін хабарлар мемлекеттік тілде жүргізілуі бағдарламаның тиянақты орындалуына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда ұялы телефондар тұрмысымызға тереңдей еніп, оны жастарымыз бен қарттарымызға дейін қолданып жүр. Ұялы телефондардың басқару тетіктерін (түймешіктерін) қазақшалау ар­қылы біз мемлекеттік тілдің қол­данылу аясын жетілдіруге ықпал етуіміз керек. Тіл мәдениетін же­тілдіру дегеніміз – күнделікті қол­данып жүрген тұрмыстық техникаларды (ұялы телефон, үй телефоны, рациялар, компьютерлер, т.б.) толық қазақшалау. Өйткені осы күнде ұялы телефондарды пайдаланып жүрген жастарымыз бен қарттарымыз «сотка», «сотовый», «сообщение», «маяк», «гудок» және т.б. сөздерді ана тіліндей қолданатын болды. Сондықтан біздің алдымызда ұялы телефондардың басқару тетіктеріндегі (түймешіктеріндегі) сөздерді қазақшалау міндеті тұр. Ұялы телефонға «көру», «саралау», «жаңа хат», «жою», «көру», «есімі», «жаңа түйіспе», «таңдаулылар», «бос», «іздеу», «құлыптау», «құ­лыпты ашу», «кіру жәшігі», «дауыс поштасы», «үнсіз», «қоңырау», т.б. сөздерді жазуға болады. Әри­не, қазақша сөздерді жазу үшін ұялы телефондарда қазақша әріп таңбасы болу қажеттігі түсінікті. Мемлекеттік тілдің мәдение­тін жетілдіруді көздеген әрбір қазақстандық азамат ұялы телефонды сатып аларда ең бірінші қазақша әріп таңбасы бар ұялы телефонды сатып алуы керек. Менің ұсынысым: «Тіл мә­дениетін жетілдіру» деп аталатын екінші бағытқа: «Ұялы телефондарда қазақша әріп таңбаларын орналастыруды мемлекеттік органдар қадағалау керек» деген бапты енгізу қажет. Тағы бір мәселе инновациялық-гуманитарлық бағыттағы жоғары оқу орындары мен колледждерде ұлтымыздың мәдениетін ба­йытуға, тіл мәдениетін дамытуға ықпал ететін мамандықтар ашуды қолға алу қажет. «Жыршылық», «жыраулық», «қиссашылық» және т.б. Осыған орай Бағдарламадағы «Тіл мәдениетін жетілдіру» деп аталатын екінші бағытқа: «Жоғары оқу орындары мен колледждерде тіл мәдениетін жетілдіруге бағытталған жаңа пәндер, мамандықтар ашуды қолға алу» деген бапты қосу қажет деп ойлаймын. Жалпы, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» Қазақстанда мем­ле­кеттік тіл мәртебесін көтеру, өзге ұлт өкілдері тілдеріне қамқорлық жасауға негізделгені ұлт бірлігін нығайтуға септігін тигізетіні анық. Меңдібай Әбілұлы, Тараз инновациялық-гумани­тарлық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

6019 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6382

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5805

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3547

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2929

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2890

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2868

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2599

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2583

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы