• Ақпарат
  • 13 Қазан, 2010

Астана Саммиті – абыройлы міндет

Кейінгі онжылдықта, әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде бүкіл елдердің халықаралық деңгейдегі байланысы күн санап артып келе жатқандығы айқын аңдалады. Төрағалықтың тізгінін ұстағаннан-ақ Қазақстан ең алдымен төрт құрлықтағы дүмпуі айрықша қатты естіліп жатқан елдердің мәселесіне белсене кірісіп-ақ кетті. Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың әуелден Еуропа, Азия, Кавказ, Палес­тина аумағы елдерін аралап, сондағы саяси жағдайлармен етене танысуы – осының нақты айғағы.

Еларалық байланыстар cан салалы халықаралық ұйымдар аясында жұмыс іс­тейтін комитеттер арқылы жүзеге асып жатады. Қазіргі уақытта халықаралық комитеттер байланысының белгілі бір жүйесі қалыптасқан деуге болады. Бұл жүйе үкіметаралық негізде халықаралық ұйымдар және аймақтық деңгейде көрініс тауып отыр. Әлемдік қауымдастық көлеміндегі мұндай байланыс ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қабырғасында қаланатыны белгілі.Ұйымның жауапкершілігіне қақтығыстарды алдын алу мен реттеу мәселелері жатады. Қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде ЕҚЫҰ дипломатиялық өзара байланысқа негіз­делген кешенді және корпоративті тәсілдерді қолданады. Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы байланыстар дамуының алғашқы кезеңінде нарықтық экономикаға өтуге қажетті реформалар жүргізу, ашық азаматтық қоғамның дамуы мен аймақтық қауіпсіздікті бекітуге арналған ақпараттық-тәжірибелік пікір алмасулардан тұрды. Өзара қатынастардың дамуындағы жаңа кезең Қазақстанның 2003 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы идеясымен жалғасты. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіз­дік, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамыту, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселе­лер­ді шешудегі халықаралық қатынастарды жүзеге асыру БҰҰ Жарғысының 1-бабында-ақ айтылған болатын. 1950 жылдың 1 желтоқсанындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының № 415 қарарында «байланысты дамыту және нығайту жөніндегі мәселелерді қарауды ұйым өз мойнына алады» деп атап көрсеткен-ді. Мұндай мәселелер БҰҰ көптеген салалық буындарының, оның ішінде Қауіпсіздік кеңесі, Бас Ассамблея, ЕҚЫҰ экономикалық және әлеуметтік кеңестердің ұдайы назарында болды. ЕҚЫҰ халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны баршаға мәлім. Мемлекетаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге — ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, Еуропалық Қауымдастық, Америкалық мемлекеттер Ұйымы, Араб елдері Лигасы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Қауымдастығы, Африкалық бірлестік Ұйымы және басқалары сияқты аймақтық халықаралық ұйымдар зор үлес қосуда. Бұл салада Батыс Еуропа елдерінде тәжірибе молынан жинақталған. ЕҚЫҰ дәстүрі бойынша, төрағалық ету қызметін бастаған ел жаңа ұсыныстар мен шешімдер ұсынады. Сөйтіп, ұйымның беделін арттыруға өз үлесін қоспақшы. Төрағалық еткен әрбір елдің аты оның тарихына сонымен жазылып, сондай игі ісімен қалары хақ. Төрағалық мәртебе берілген біздің еліміздің де бұл бағыттағы атқарған игі істеріне бүгінде әлем жұртшылығы куә. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға­лығының не­гізгі басымдық­тарына қазіргі таңда әлем үшін аса маңызға ие мәселелерді алып отыр. Оған терроризмге, наркотрафикке, қару мен адам саудасына қарсы біріккен күрестерін атасақ болады. Өзі де бейбітсүйгіш, өзге де сол сезімді сіңіруге ұмтылған еліміз туралы Батыс сарапшылары ойларын ортаға салуда. Олардың пікірінше, біздің еліміз Батыс Еуропаның кез келген еліне қарағанда Кавказдағы қақтығыстық жағдайды реттеуге мүмкіндігі мол бірден-бір ел. Сонымен қатар еліміз ЕҚЫҰ-ның Ислам әлемімен серіктестігін кеңейту мүмкіндігіне ие. Бұл болса, өз кезегінде еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктеріне берілген баға деп білген абзал-ды. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Қазақстанның төрағалығына қолдау жасады. Бұл ненің көрсеткіші? Ол ең әуелі – Қазақстанда демократиялық инс­титуттар дамығандығының, елімізде тұ­рақтылықтың салтанат құрғандығының және қазақ елінің өркениетті келіссөз жүргізе алатынды­ғы­ның көрсеткіші. Екінші – мүше елдер Қазақстанды ұлттар мен діндер арасындағы татулықты, олардың мүдделерін халықаралық дәрежеде қорғай алатын ел деп білгендігі. ЕҚЫҰ-ға төраға болу үшін қажетті шартты критерийлердің барлығын иеленгендігін айғақтайды. Алпысқа жуық елдің басшылары бас қосатын саммит атты салиқалы жиынды өткізуге еліміздің рұқсат алуы да – соның жарқын көрінісі. Құдай қаласа, қазақ бұл тарихи саммитте «төртеу түгел болғанда төбедегінің келеріне» әлем елдерінің көзін жеткізеді. Төрағалық тапсырылған жыл басынан бері Қазақстан елдер арасындағы шиеленістерді шешуге, тыныштықты қа­лыптастыруға елеулі еңбек етті. Білгірлер тарихында бір тыншу көрмеген, үнемі дүмпудің үстінде ғұмыр кешкен Ауғанстандағы ахуалды біршама жеңілдеткен төраға – Қазақстанның қызметін ерекше атайды. Сондай-ақ Таулы Қарабахтағы ахуалдардың күрмеуі қиын шешімін тарқатуға тың талпыныстар жасалғанына ұйымға мүше ел­дердің Сыртқы істер министрлері қатыс­қан Алматыдағы саммитте орынды баға берілді. Көрші қырғыздағы саяси жағдай­ды тыныштандырудағы Елбасының еңбегі жоғары бағаланды. «ЕҚЫҰ төрағасы және бауырлас елдің бірінші басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы саяси және экономикалық тұрғыдан қайта өрлеуі бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Ал Астана Саммиті халықаралық қоғамдас­тық тарапынан әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтады, Батыс пен Шығыстың арасындағы қарама-қайшылықтарды шешуге бағытталған саясат болады» дейді сарапшылар. Саммиттің маңызы мен мәнінің зор екендігін көкірегі ояу, көзі қарақты Қазақстан азаматының әрбірі жете түсінуі тиіс. «ЕҚЫҰ Саммиті – Қазақ­станның жа­һандық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа лайықты үлес қоса алатын беделді мемлекетке айналғандығын көрсетеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында өтіп жатқан ағымдағы жыл еліміз үшін ерекше маңызды. Осындай беделді халықаралық Ұйымға төрағалық етудегі табысымыз да аз емес. Оған алдағы желтоқсан айында өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті дәлел. Қазақстанда мұндай саммит өткізу туралы шешім қабылдау оның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамудағы қол жеткізген жарқын табыстарын объективті түрде тану болып табылады. Сонымен бірге бұл шара еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа лайықты үлес қоса алатын беделді мемлекетке айналғанын айғақтайды. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік бет-бейнесін қалыптас­тырып, іргесін нығайтуға баға жетпес үлес қосқан Елбасының еселі еңбегінің нәтижесі екендігі анық. Сондай-ақ мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы Мемлекет басшысы ретінде танылып отырғанын көрсетеді» («Егемен Қазақстан» 8.09.10 ж). «Саммитке дайындық барысында Қазақстан осындай дүниежүзілік көлемдегі шешімдерді әзірлеуге басшылық жасайды. Сонымен қатар кездесу тарихта Астана саммиті деген атпен қалады. Саммиттің бүкіл қабылданған құжаты Астана мәлімдемесі, Астана декларациясы, Астана меморандумы, Астана хаттамасы деген атпен есте қалады. Мұның өзі келешекте біздің билікті осы құжаттарды жүзеге асыруға мүдделі етеді. Демек, әрбір іс келешекте сөзсіз өз жемісін береді. Әрине, Қазақстан азаматы ретінде біз оң өзгерістің ел ішінде тез жүзеге асқанын қалаймыз. Бірақ „барлық өзгерістер бүгін болмады екен” деп қолдауға лайық игі бастамаларға әділ баға беруден қашпаған жөн. Осы жиынның өзі біздің қоғамға, әсіре­се, билікке жаңа жауапкершілік жүктейді. Себебі ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының басын қосатын жиын өзге емес, өз елімізде өтейін деп жатыр. Жиынға төрағалық етуші де біздің Елбасымыз болмақ. Кейбіреулер мұның тек имидждік жағын көреді, пиар ретінде қарайды. Бұлай етуге болмайды. Мұның мазмұнды әсері бар екенін түйсінуіміз керек. Қазақстан – біздің мемлекетіміз. Біздің әрбіріміз мемлекетімізді ортақ перзентіміз ретінде қарауымыз керек. Адам өзінің туған баласына, жарына, досына өне бойы тек кемшілігін айта бермейді ғой. Жақсысын да айтып, түзеуге тырысады. Сондықтан кімнің болмасын кемшілігімен қатар жетістігін де көре білу керек. Билікке де осылай қарауымыз керек. Яғни біржақтылықпен кетіп қалмауымыз керек» («Жас қазақ үні» 29.08.10 ж). Бұған дейін Қазақстан беделді аймақ­тық ұйымдарға төрағалық жасағаны белгі­лі. Төраға ретінде қандай міндеттер мен мақсаттар орындалуы тиіс екенін еліміз сондықтан да жетік біледі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жалпыұлттық стратегиялық жоба болып табылады және барлық мемлекеттік органдардың жемісті әрі үйлестірілген жұмысын қажет етеді» деген болатын. Қазақстанның атағын айдай әлемге паш ететін Астана саммитінің де салмағы бір мысқал да кем емес. Осыдан көп жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2005 жылы Болгарияның «Бизнес-Вести» басылымында Қазақстан «ұлы мемлекет» деп аталған-ды. Онда «Халықаралық еңбек ұйымының бас хатшысы Хуан Сомавия «бұл ұлы мемлекет» деп бекер айтпаған болар. Бұл – әлемдік аренадағы Қазақстанның бола­шақ рөліне берілген әділ баға» деп жазылып­ты («Бизнес-Вести» (Болгария) 2005 жылғы 25 наурыз). Жұртымыздың сол ұлылығын енді дүниежүзінің басқа елдері де ұлықтап жатқандай... Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

3888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы