• Тіл
  • 27 Қазан, 2010

Бір-бірімізді қалай атап жүрміз?

2011-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасында қазақ есімдерінің дұрыс жазылуына мән берілетіндігі көрсетілген. Иә, әлдеқашан толғағы жеткен бұл мәселе бағдарлама аясында шешіліп жатса құба-құп. Осыған орай бағдарламаның іс-шаралар жоспарында көзделер деген мақсатпен біраздан бері мазалап жүрген мына мәселелерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

Мектепте оқушылар мұғал­імдерді «апай», «тәтей» демей, мұғалімнің атына оның әке­сінің атын қосып атауы құлаққа түрпідей тиеді. Бұл – басқаларға еліктеп, ұлттық салт-дәстүрімізді, асыл қасиетімізді бағаламағанымыздың бір түрі. Мәселен, Сәлім Иманович, Әлия Байпақовна немесе Маратұлы, Асқарқызы деп айтып жүр. Үлкендердің аты-жөнін оқушылардың бадырайтып атауы білім, тәрбие бере­тін жерде үлгі-өнеге көрсетудің белгісі емес. Бірақ бұған мән беріп жатқан тағы ешкім жоқ. Оқушылардың фамилиясы әлі күнге дейін «ов», «ева», «ин», «ина» болып жазылып келеді. Ұлттық салт-дәстүрге негізделіп, өзгертіп жазатын мезгіл жетті. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмай­мыз. Байқап отырсақ, газет, журналда өздерінің аты-жө­нін, құжаттарын өзгертіп жазып жүр­ген адамдарды көріп жүрміз. Мысалы, Балтабай Әділ, Амантай Боранбайұлы, Заманбек Сұлтантегі және тағы басқалар. Қазақтың дәстүрі бойынша үлкендердің аттарын кіші­лер атамайтын. Ол ізеттілікті, сы­пайылықты, инабатты­лықты, адам­гершілікті көрсетеді. Ос­пан­ды – Осеке, Жұманды – Жұмеке, Мұхтарды – Мұха деп, кісі атының бірінші буы­нына жұмсартқыш жұрнақтарды жалғап айтады. Ұстаздарын Жұман ағай, Әсем тәтей, Роза апай деп атаса, оқушылар бо­йынан инабаттылық байқа­лып, жылылық туғызып тұрмай ма?! Қазіргі кезде балабақ­ша­дан бастап ұлттық салт-дәс­түрімізді, әдет-ғұрпымызды қа­лыптастырып жандандырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айтарым, дүние есігін аш­қан сәбиге «мама», «папа» дегізіп үйретпей, бесік жырын айтып, әлдилеп, «ана», «әке», «көке», «ата», «әже» дегенге құлағын үйретуіміз керек. Балаларға ар­налған «Балдырған», «Ақжел­кен», «Айгөлек», «Жылон екі ай» және тағы басқа да газет-журналдарда «папа», «мама» деген сөздер өріп жүреді. «Көке», «әке», «апа» сөздері бірлі-жа­рым ғана айтылып, жазылып жүр. Оның естір құлаққа, көрер көзге ұят екені көбінде ескеріле бер­мейді. Оны айтасыз, бастауыш сыныптарға арналған қазақ тілі оқулықтарында «папа», «мама» деген сөздерден көз сүрінеді. Сонда ақсақал қаламгеріміз Шерхан Мұртаза айтқан­дай, біздің кіндігіміз орыстың кіндігіне жабысып қалған ба?! Орысқа еліктемесек, ішкен асымыз бойымызға сіңбейтін сияқты. Мәселен, «чиновникті» «шенеунік» деп айтып, жазып жүрміз. Ойпырмай, қазақ тілі бай тіл емес пе? Қазақта «әкім», «ұлық», «төре», «атқамінер», «ақсүйек», «мырза» және тағы да басқа қыруар синонимдер бар ғой. Мырзалар, ханымдар немесе мырза, ханым деген сөздерді қолданысқа кіргізіп жүрміз. Мырза деп қайырымды, кеңпейілді, дархан, қысылған адамдарға қол ұшын беруден аянбайтын адамдарды атамаушы ма еді? Кім көрінгенді мырза деуіміз дұрыстыққа жата ма? Шындығын айтқанда, бұл мәселелердің шешім табуы аса қиындық тудырмасы анық. Бастысы, талқыланып жатқан бағ­дарламада қамтылып, нақты іс-шаралар қолға алынса, ұрпақ­тың тілі өзінің ата-бабасынан жал­ғасып келе жатқан шұрай­лы, шырайлы ағысына түседі деп сенеміз. Айса Хамзеұлы, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, педагог-жазушы Ақмола облысы

3670 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6065

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5637

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3377

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2759

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2722

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2698

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2430

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2416

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы