• Тұлға
  • 10 Қараша, 2010

Жақсылықпен нұрланған Сыр бойы

akimkzҚызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовпен сұхбат

– Тәңірі жарылқап, экономикалық табыстарыңызға қоса мемлекет үшін идеологиялық маңызы орасан тағы бір игі істі аяқтапсыздар. Жалаңтөс баһадүр бабамызға орнатқан айшықты да айбынды ескерткіштеріңіз құтты болсын.– Ескерткіш Елбасының айрықша құптауымен тұғырына қонғанын атап өткім келеді. Қандай күрделі, нендей кәделі істің де алдымен кісі қиялында сағымдай бұлдыраған сұлбасы пайда болып, сонан соң ғана бірте-бірте айқындала бастайтын кезі ұшырасады. Кейінірек пенде атаулы сол ғажайып қиялдың кәделілерін жүзеге асыруға бел байлайды. Егер мәселеге осы тұрғыдан келіп, мемлекеттің іргетасы саналатын іргелі істерге назар аударар болсақ, онда отар ұлт өкілінің біразы тәуелсіздік­ке жету идеясының жетегінде қауіп-қатерге бас тіксе, бостандықта өмір сүріп жатқан елдің зиялылары басқа қонған бақыттан айырылып қалмау үшін дамыл таппайтынын көрер едік. Нақ сондай тынымсыз еңбек, сабылған ізденіс негізінде ғана ұлттың ұлы тұлғалары идеяны идеологияға дейін жетілдіріп алып барып, қалың бұқараның санасына сіңіре алған ғой.Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың экономикалық жүйені қалыптастырумен ғана шектелмей, мемлекеттік мүддені де қорғап, әлемдік түрлі идея мен мемлекеттік идеологияның игілігіне Қазақстан жұртшылығының қолын жеткізе алған ерен еңбегімен көруге болады. Әсіресе, Елбасының Қазақстанның барша халқына ортақ ұлттық идеологияны қалыптастырудағы жүргізіп келе жатқан саясатын нағыз көсемге тән көрегендік десек те қателеспейміз. Өйткені экономикаға қатысты мәселені аз уақыт ішінде жөнге келтіру мүмкін болса, ұлттық идеология жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы мемлекеттің дербестігін сақтауға ықпал ететінін небір дана ойлы ғұламалар атам заман­да-ақ айтып кеткен ғой.

Елбасының 1998 жылды «Тарих жылы» деп жариялап, онан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасын өмірге енгізуі – басқаға ұқсамайтын қазақстандық идеологияны өмірге енгізе алғандығының бірден-бір дәлелі. Қазіргі кезде қазақ елінің түкпір-түкпіріне –ақыл-ойдың күшімен, найзаның ұшымен қорғаған бабаларымызға ескерткіш тұрғызу сол ұлттық идеологияны жетілдіре түсудің, қазақтың өзінің байырғы жұртында өмір сүріп жатқанын нақты айғақтармен дәлелдеудің айқын жолы екені даусыз. Мұндайда біз де сол игі істі жұмыла атқаруға тиіспіз. Өйткені біздің басты міндетіміз – Елбасы айқындап берген жолмен жүріп, нұсқауларын орындау. Қазіргі кезде ежелгі тарихымызды зерделеп, ұмытыла бастаған бұрынғы-соңды салт-дәстүрімізді қайта жаң­ғыртып жатсақ, ол да сол Елбасы ұстанған саясат жемісі. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынған және өмірден өз жалғасын тапқан іс-шара барлық аудан, барша ауылда өрістеп, көптеген келелі іс жүзеге асып жатса, бұл да – тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқандығымыздың нәтижесі. Әсіресе, бұл салада өткен жылы Қызылорда қаласының 190 жылдығы мен облыстың 70 жылдығын атап өткен кезде үлкен серпіліске жол ашқанбыз. Көптеген кәсіпкерлер жаңа әлеуметтік нысандарға қоса елін қорғаған тұлғаларымызды есте сақтауға атсалысқан. Сонымен қатар әр аудан өкілдері Қызылорда қаласына келіп, өздері таңдаған тақырыпта­ры бойынша күрішшілер мен балықшылар­ға, басқа да қарапайым еңбек адамдарына арнап бір-бір сквер мен аллеяны жасанды­рып кеткен. Ал биыл әңгіме арқауына ертеректе айналғанына қарамай, сөз күйінде қалып келе жатқан Жалаңтөс баһадүр бабамызға ескерткіш орнату мәселесін қолға алғанбыз. Ол үшін алдымен қор құрдық. Осы жердегі бірсыпыра үлкен ағаларымыз атсалысып, қолдарынан келгенше қаржы жинастырды. Олармен бірігіп бірнеше эскиздік нұсқасын әзірлеп, ескерткішті орнатудың жай-жап­сарын ойластырдық. Әдепкі пікір алысу тек қана эскиздік жоба бойынша жүрді. Дизайнерлерге, мүсіншілерге, сәулетшілерге: «Ескерткіш Жалаңтөс баһадүрдің атағы мен даңқына сай еңселі де аруақты болуы керек» деп талап қойдық. Құрылған мемлекеттік комиссия жобаға бірнеше маңызды өзгерістер енгізді. Сөйтіп барып, екі гектардай жерді дайындап, ескерткішті құтты тұғырына орналастырдық. – Бұларыңыз келесі жылы болатын ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орайлы тарту сияқты екен. – Шынында да, бұл оқиғаның көп жағ­дайды еске түсіретіні белгілі ғой. Қазіргі шақты өткен өмірмен салыстыра отырып, ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқан ұлтымыздың кемеңгер тұлғаларын жарыққа шығарсақ деймін. Ол үшін Жалаңтөс баһадүрдің ескерткішінің сырт жағын пайдалануды ойластырып, қазірдің өзінде сол төңірекке шам орнатып, гүл егіп, жерді абаттандырып та қойдық. Жақында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы дайындыққа байланысты жиын өткізген болатынбыз. Сол жиында баһадүр ес­керт­кішінің жанында батырлар аллеясын жасауды ұсындым. Өйткені Жалаңтөс барша қазақ халқына ортақ батыр ғана емес, елді соңынан ерте білген көсем де ғой. Сол пікірді негізге ала отырып, баһадүр ескерткішінің сырт жағындағы бос жерге көрген кісі бүкіл Сыр бойынан шығып қазақ жерін қорғаған батырлардың, ерлігі мен халыққа жасаған қамқорлығын сезінетіндей етіп композиция жасау ниетіндеміз. Бұл бірақ әзірше жоба ғана. Сондықтан да алдымен дизайнерлер, сәулетшілер, мүсіншілермен қатар басқа да зиялылардың ойларын тыңдап барып бір тұжырымға келіп, кешенді құрылыстың үлгісін айқындап алмақшымыз. Ойымыз жү­зеге асса келешекте көрген кісі Сыр елінің бүкіл батырларын соңынан ерткен Жалаңтөс баһадүрдің өзі қол бастап, ал оның соңынан ерген Сыр елінің сарбаздары қазақ жерін қорғауға аттанып бара жатқандай әсерге бөленетін болады. Мұндай ойға келген се­бебім, кезінде елі үшін қанын төгіп, жанын берген ерлердің біреуінің артында іздеуші ұрпағы болса, басқаларында болмауы мүмкін ғой. Немесе ескерткіш тұрғызатын қаржыға мұқтаж болса ше? Сондайда елі үшін тер төгіп, жанын берген бабаларымызды неге ескерусіз қалдыруға тиіспіз. Ешқайсысын ерекшелемеймін, бір өлшемде орындалады. Сонда, Елбасымыз айтқандай, Сыр елінен шығып білектің күшімен, найзаның ұшымен қазақтың жерін ешкімге бермей сақтап қалуға өз заманында үлес қосқан, еліне қамқор болған тұлғалардың тас мүсін арқылы рухын бір жерге жинамақшымын. Сол кезде – ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қоятын жастар саны қазіргіден он есе өсетініне, олардың әрқайсысының мақтаныш сезімге бөленетіндеріне күмән келтірмеймін. Бұл – бір. Екіншіден, елі­міздің тәуелсіздігінің 20 жылдық мере­ке­сінің қарсаңында Р.Бағланова, М.Ералиева, К.Дүйсекеев, Р.Тайманов есімдерін ар­дақтайтын «Сырдың өнер әлемі» деген атпен сквер жасамақшымын. Қала ішінде бос жатқан жерді сквер мен аллеяларға айналдырып, оларды тақырып бойынша өнер адамдарының өсиет сөзімен өрнектесек, жастар демалып жүрген кезде оқып-үйреніп, үлгі-өнеге тұтар еді. Сонда жастарымыз өздерінің Сыр елінде туғанын мақтаныш етер еді. Елбасы біздің облыс­қа келгенде «Сыр – Алаштың анасы» деді. Бұл сөздің философиялық мәні ұшан-теңіз. Айтар болсақ, адам баласының өмірі ана құрсағынан бастау алмай ма. Ал Елбасы Сыр елін Алаштың анасы десе, Алаш жұртының басын біріктірген қағанаттың кіндігі осы мекен болғандығын – Сыр елінің бүкіл қазақ жұртына ортақ қасиетті де ортақ мекен екенін жария еткені ғой. Рас, дәл қазір Қызылорда облысының экологиялық жағ­дайы бәлендей мәз емес. Түрлі қиын­дықтары да жетерлік. Дегенмен өзіне өмір сыйлаған анасын кім құрметтемейді, оған кім басын имейді. Ал менің көтеріп жатқаным да, Елбасы тапсырғандай, әрбір азамат пен азаматшаны отансүйгіштікке баулу. Сондықтан да мен біздің жергілікті ғалымдарға «тарихи және ғылыми деректер­ді жинай отырып, «Сыр – Алаштың анасы» атты еңбекті нақтылап және барлығына түсінікті етіп жазып шығыңдаршы» деп оларға ұсыныс жасағанмын. Егер кітап неге «Сыр – Алаштың анасы» деп аталуы керек дегенге келсек, Елбасы атап көрсеткендей, халқымыз қай заманда да басына қиындық түсіп қиналғанда Сыр бойына келіп, ес жинаған. Тұрмыстары түзелген соң өз қо­ныстарына қайта көшкен. Мысалы, әріге бармай-ақ беріні айтсақ, кешегі ашаршылық кезде бүкіл ел Сырдың бойына келіп осы жерде жан сақтаған ғой. Тек қазақ емес, ішінде кәрісі де, шешені де, түрігі де бар. Ал байырғы халық өздерінің халінің мүшкіл екеніне қарамастан қолындағы барын бөліп беріп, сырттан келгендерге әжептәуір жағдай жасаған. Кейін олар тұрмыстарын түзеп, әрі қарай өсіп-өркендеп, дамып кеткен. – Шамасы, тарихы әріде жатқан дәстүр болды ғой бұл. – Әрине. Бізде тарихқа қатысты зерт­телетін дәстүр де, түрлі киелі орын да жетерлік. Айтар болсақ, Сырдың жерінде қырықтан астам ескі қаланың ізі сайрап жатыр. Қаланың қай-қайсысы да Сырды жағалап өтетін Жібек Жолы бойында орналасқан. Аты әлем жұртшылығына танымал Қорқыт бабамыздың кесенесі де осы Сырдарияның жағасында. Бұдан басқа да осы жерде дүниеге келіп, осы жерде көз жұмған ғұлама әулиелерге сан жетпейді. Соның барлығы да қазір рет-ретімен зерттеліп, жастардың игілігіне айналуы керек. – Сіздерді Сыр елі – жыр елі дейді ғой. – Иә, бізді Сыр сүлейлерінің Отаны дейді. Бірақ әу деп ән салып, сөз құрап өлең жазғанның бәрін сүлей демеген. Жүзден озып жүйрік шыққан Балқы базар, Ешнияздың Жүсібі, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омарын ғана сүлей деп таныған. Шындығына келгенде, Тұрмағамбеттің бір өзі не тұрады. Тұрмағамбет шайырға кезінде ескерткіш қойылған. Былтыр ақын өз қолымен жазған «Шаһнама» дастанының түпнұсқасын жи­нақтап, факсимиленімен біріктіріп кітап етіп шығардық. Бірақ Тұрекеңнен басқа да Сыр сүлейлері бар екенін жоғарыда атадық қой. Алда тұрған тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында оларды қайтадан көтерсем бе деймін. Мақсат – Сыр сүлейлері скверін ашу. Сонда аруақтарды риза етумен қатар жастардың демалыс кезінде қыдыратын орындарын да көбейтер едік. Бұл бір жағынан қаланың көркіне көрік берер еді. Жақында Әбділда Тәжібаев атындағы жаңадан салынған кітапхананы аштық. Алдына «Сазгер» атты тасмүсін орнаттық. Өте жақсы, ойдағыдай шықты. Көше бетінде алты, кітапханаға қараған жағында жеті нотаны белгілейтін жуан түтік бар. Жел көтерілген кезде түтіктер Қорқыт Ата басындағы қобыз сияқты әрқайсысы әртүрлі дыбыс шығарады. Бұл Сыр өнерінің құрметіне қойылған белгі. Бұл – мүсінді кәсіпкерлермен бірлесе отырып жасадық. Енді тағы да бір қолымызға алғалы отырған ісіміз – мына Сыр бойынан шыққан Со­циалистік Еңбек Ері, Кеңес Одағының батырлары мен атақ алмаса да қарапайым еңбегімен елдің аузында жүрген, о дүниелік болып кетсе де әлі күнге дейін халық ұмытпаған, Кеңес өкіметі кезінде жұмыс істеп, сол кездегі қиыншылықтарға қарамай, елге, халыққа болысқан тұлғаларды тарихта қалдыру. – Сырдария бойын жайлаған жұрт­шылықты Сыр елі дейді ме? – Иә, солай. Қызылорда облысы осы дария бойына орналасқан. Халыққа нәр беріп, барды байытып, жоқты жарылқап отырған да – осы Сырдария. Сондықтан да арналы суды Сыр-Ана деп ардақтаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін ұлы дарияны ұлықтайтын белгі жоқ. Сондықтан белгі қоятын оңтайлы орынды көп іздедім. Оны Тасбөгет гидроузелінің жанынан таптым да. Кезінде әлдекім Сырдария мен Тасбөгеттің арасындағы аумағы азғантай ашық қолтыққа жай темірден үш таған етіп құрастырып белгі қойыпты. Басқа ештеңе жоқ. Бірақ кісі дарияның құдіретін, күшін сол жерде байқай алады. Кешке болсын, күндіз болсын немесе азанда болсын, қай уақытта барсаң да судың гүрілдеп тұрып ағып жатқанын көресің. 1000 куб метр су тас тосқауылдан өткен кезінде оның қасында тұрған адам айқайлап сөйлемесе ештеңе есітпейді. Соған қарамастан көптеген қала тұрғыны, әсіресе, үйленіп жатқан жастар сол орынға барып, суретке түседі. Мұнда қандай сыр бар деп еріксіз ойға батасың... Мәселенки, ертеде жұртшылық айдалаға тыңнан жол салу керек болған жағдайда, алдымен көлікті қақпайламай еркімен жіберіп, ол қай жермен жүріп өтсе сол жерге ғана жол салған ғой. Егер халық сол жаққа өз еркімен барып жатса, сол соқпақты өзіне ыңғайлы санаса, сол жерді қатты құрметтейтін болса, біздің жұмысымыз сол жерді дұрыстап, әдемілеп, сәнге бөлеп, баратын халыққа жағдай жасап қою емес пе. Бәлки, темір шартақ сол шақтарда қолда бар мүмкіндікке сәйкес Сырдарияға қойылған белгі шығар. Өткенге өкпеміз жоқ. Қазіргі менің мақсатым – тәуелсіз еліміздің мүмкіндігіне сай сол араға дұрыстап «Сыр-Ана» композициясын айшықты етіп орнату. Сол кезде ағылып келіп жатқан жастар, Сыр-Анамызға құрмет ретінде гүл шоғын қойып, тағзым етіп жатар еді. Мұндай қадамның халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігін де арттырары сөзсіз. – Бұл тәуелсіздігіміздің қиялымызға қанат бітіріп, ойымызды өрістете ала­тын­дығымыздың белгісі ғой. Бұрын атқарылуы арман болған істі енді орайын келтіріп орындап жатқандарыңыз сезіліп тұр. – Нақ солай. Қызылорданың Қазақ­станның қазіргі аумағындағы тұңғыш Астана екенін айтудың да орайын енді келтіріп жатырмыз. Осы күнге дейін біз бұны ауызша айтып жүргенімізбен, оған да қойылған белгі жоқ екен. Тіпті Қазақстанда астана атанған үш қала бар ғой – Қызылорда, Алматы, Астана. Солардың ішінде Қызылорда бірінші астана атанғандықтан олардың тарихи мәнін ашып, белгі қою міндеті біздің үлесімізге жататын сияқты көрінеді. Белгі қойғанда мақсат тек астана болған шаһарлардың атын ғана жазып қою емес, солардың эмблемасы арқылы, олардың тарихи мәні мен табиғатын көрсете отырып, халқымыз бастан кешкен белестерді де жұртшылықтың көз алдына елестеткіміз келеді. Үлкен алаңға салынатын кешенді құрылыстың дарбазасынан ішке енген кісі алдымен алғашқы астана Қызылорда қаласының, онан кейін Алматының, сонан соң Астананың арғы-бергі тарихына қоса тәуелсіздіктің 20 жылынан кейінгі хал­қымыздың бойындағы оңды өзгерістерді сезінерліктей болғанын қалаймын. Бас­ты мақсат – өткен ғасырдағы екі астана мен қазіргі тәуелсіз елдің астанасының кемел кезеңін ұштастыра білу. Сондай-ақ тәуелсіздік символын да сол орталық алаңға тұрғызуды мақұл көріп отырмын. – Енді кіші Арал мәселесіне тоқталып өтсеңіз. – Ең бірінші кезекте айтуға тиіс әңгіме – Елбасының тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ел экономикасының қиын кезінің өзінде Арал теңізінің мәселесін көтеріп, оны сақтап қалу үшін барлық күш-жігерін жұмсағандығы. Қазір көп жыл бойы атқарылған нәтижелі жұмыс өз жемісін беруде. Бұрынғыдай емес, халықтың келешекке, болашаққа деген үміті зор. Сол жағымды жаңалықты еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізу мақсатында «Томирис» компаниясымен бірігіп, екі сериялы деректі фильм түсіріп жатырмыз. 90-жылдардың басында Арал теңізі не күйде еді. Енді 20 жылдан кейін қандай оң өзгеріске бет алды, ол кездегі жиырма жастағылар қазір қырықта, қырықтағылар алпыста, балалы-шағалы болды. Бұрын көшіп кеткендер мен өмірінде теңізді көрмей өскен жастардың атақонысына қайта оралуларының сыры неде? Жаңа буынның теңізге, болашаққа деген көзқарасы қандай, осының барлықтары сол фильмнің ішінде. Ең негізгісі, Елбасының елге жасаған үлкен қамқорлығы, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарғаны фильм­нен көрініп тұрады. – Қызылорда өндірістен гөрі ауыл шаруашылығы өнімдерін басымырақ өндіретін аграрлық облыс қой. – Шындығы сол, мал өсіріп, егін егеміз. Негізгі егетін дақылымыз – күріш. Бір кездерде «Бізге күріштің қажеті не. Күрішті сырттан сатып алып, суды үнемдеп, басқа азық-түлік түрін егумен айналыссақ, дұрыс болар еді» дейтіндер де ұшырасқан. Әрине, олай етуге де болар. Бірақ ол үшін алдымен қолдағы барды сараптап алуымыз керек қой. Өйткені біздегі ауылшаруашылық құрылымдары негізінен Сырдың бойына орналасқандықтан әрі диқандарымыз күріш дақылын өсіруге көп жылдан бері бейімделгендіктен, техника да соған сәй­кестендірілгендіктен, енді соны бұзып алмау керек қой. Жаңадан бір нәрсе жасаймыз деп жүріп бұрынғыларымыздан айырылып қалып жүрсек ше. Ондай қателіктер басымыздан өтті емес пе. Сондықтан да күріш егу әзірше біздің негізгі ауыл шаруашылығы дақылы болып қала береді. Әрине, шешілуге тиіс мәселе жетерлік. Дегенмен көптеген қол жеткізген жетістіктеріміз де баршылық. Бұл дақылды өсіруді жылдан-жылға жақсартып келеміз. Құдайға шүкір, өткен жылы да, биыл да өнімді жақсы жинадық. Оның үстіне жаз айларында су тапшылығын сезінген емеспіз. Көксарай су реттегіші судың мол болуына өзіндік үлесін тигізді. – Енді мұнайға байланысты мәселе­лерге тоқталсаңыз екен. – Біз көптеген мәселелерді мұнай компанияларымен бірігіп шешеміз. Олардың облыс экономикасының дамуына өзіндік үлесі бар. Дегенмен біз мұнаймен ғана шектелмей, келешекте Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін жаңа технологиялар енгізуге міндеттіміз. Біз Қазақстанның екі жағында екі алып мемлекет Қытай мен Ресей жатқанын естен шығармауымыз керек. Екеуінде де халықтың саны көп. Әсіресе, келешекте Қытайдың азық-түлікке зәрулігі арта түсуі мүмкін. Сондықтан осындай суы бар, жаңбырға ешқандай тәуелді емес, дарияның жағасына орналасқан, егін ексе, күтсе, мол өнім жинай алатын облыс екенімізді есте тұтқан жөн. Экологиялық таза өнім жинап, оны сұранысы бар елге сатуды ойластырған абзал. Бірақ оны сату үшін алдымен өз жерімізде өңдеп, ұзақ мерзімге сақтайтындай жағдайға жетуіміз қажет. Қазір сол бағытта қомақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мал шаруашылығын дамытуға байланысты айтарым, бізде қазір жыл сайын мал басы 4-5 пайызға өсіп отыр. Соңғы үш жыл, яғни 2008-2010 жылдар ішінде ірі қара басы 34 пайызға, түйе 30 пайызға өсті. Шүкіршілік, қай салада да жетістік бар. Біртіндеп асыл тұқымды малдың санын да көбейтіп келе жатырмыз. – Малға берілетін жем-шөп, азық-түлік жеткілікті ме? – Біз биыл жем-шөп жоспарын 108,1 пайызға орындап отырмыз. Орылған шөпті тайлап, күделеп жинап, дайындап қойдық. Қажет жағдайда басқа облыстарға да қолұшын созуға мүмкіндігіміз бар. Солай дегенмен бізде әліге дейін жем дайындайтын зауыт жоқ. Қазіргі таңда құрама жем зауытын салу күн тәртібінде тұр. Ол үшін алдымен үлкен кешенді ұн диірменін салуымызға тура келеді. Себебі бізде ұн тартатын да диірмен жоқ. Ұнды басқа облыстардан сатып алып отырмыз. Ал енді сыртқа алақан жайғанша алдын ала ақша төлеп, арзан бағамен бидайды сатып алып, осы өзіміздің облыста ұн шығарып, неге халыққа арзан бағамен сатпасқа. Қазір осыған байланысты шұғыл шара үстіндеміз. Егер де біз басқа облыстардан бидайды ғана алып келіп, одан ұн тартатын болсақ, оның қалдығынан құрама жем де жасар едік. Оған қосатын жүгеріні өз жерімізде өсіріп жатырмыз ғой. Бидайдан қалатын жепік пен күріштің кебегін араластырып, құрама жем жасау арқылы мал азығын қамтамасыз етер едік. – Жаз айларында бұрқыраған ала шаң, қыста аңыраған қара суық соғатын қытымыр өлкенің табиғатын жұмсарту үшін қандай әрекет жасап жатырсыздар? – Қызылорда қаласын да, аудан мен ауыл орталықтарын да көгалдандыруға шұғыл бет бұруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін облыс орталығының сыртындағы 2000 гектар жерді тегістеп, арықтарын қаздырып, айналасын қоршатуды қолға алдық. Бұл жұмыс биылғы күзде басталып, алдағы көктемде онан әрі жалғасын табады. Негізінен, алқапқа жерді жерсінетін көктерек пен сыр талын отырғызбақшымыз. Астана қаласының айналасын көк-жасыл орманға айналдырған Елбасының бастамасы – біздерге таптырмайтын үлгі-өнеге. Біздің кейде егін егіп, мал бағып жүріп, басқа тіршілікке мойын бұрмай кететініміз бар ғой. Сол кемшілікті жалғастыра бермес үшін біз бағдарлы бағдарлама жасап, 2000 гектар жерге биыл 1 миллион түп ағаш, келесі жылы тағы 1 миллион түп ағаш отырғызбақшымыз. Су жүйелері қазылып, дайын тұр. Бұларға қоса қала ішінде де жаппай ағаш отырғызуды қолға аламыз. Сонда ғана біз елді тұншықтырып, көкті көрсетпей басып қалатын ала шаңға тосқауыл қоямыз. Терістік шығыс бет – Қаратау жақтан өрши соғатын қатты желдің пәтін қайтара аламыз. Оған қоса отырғызылған шыбықтарды кү­тіп-баптайтын, малдан сақтайтын көптеген кісіні де жұмыспен қамтамасыз ете аламыз. Қазір өзіміздің орман шаруашылығы мен питомниктерімізде өсіріліп жатқан 1 мил­лион түп көшет дайын. Мұндай жұмыс аудандарда да өз жалғасын табатын болады. – Бұрыннан келе жатқан теміржолдың арғы беті, бергі беті аталған мәселені қалай шешіп жатырсыздар? – Біздің қала теміржолдың екі бетіне орналасқан. Терістік бетте 50 мыңға жуық халық тұрады. Сол арғы бет пен бергі бетті байланыстыратын өткізгіш жол салып жатырмыз. Өйткені әр күн сайын кем дегенде теміржолмен 40 шақты состав өтеді. Оған тағы да маневр жасайтындарын қосыңыз. Олардың әрқайсысы өткен кезде шлагбаум жабылады. Сондай жабылған 5 минут ішінде теміржолдың арғы беті мен бергі бетінде өткісі келіп кезек күткен түрлі көліктер шақырымнан асып кетеді. Соңғы бес жыл ішінде машина саны еселеп көбейді. Соның салдарынан бұл мәселе шешімін таппаған жағдайда келешекте ол жерден өту мүмкін болмай қалатын түрі бар. Сондықтан да тәуекелге барып, 40 жылдан бері айтылып сүрленген бұл мәселені шешу үшін өткен күзде жобасын дайындатып, былтырғы қа­раша айында жұмысты бастап та кеткенбіз. Құдай қаласа, осы жылдың қараша айында, 1 жыл ішінде аяқтасақ деп отырмыз. Бұл көпір емес, өткізгіш жол. Ұзындығы 900 метрге жуық. Техниканың ең соңғы жетістіктерімен салынып жатыр. Іс сәтімен аяқталар болса, үлкен қаланың тұрғындары үшін жақсы бір жеңілдік туғызатын құрылыстың бірі болмақшы... Өзен жағасына орналасқан небір қаланы көріп жүрміз ғой. Мысалы, Өскеменге барсақ, Ертістің жағалауының бәрі бетонмен қапталған. Сол сияқты етіп біз де Қызылорда қаласының бергі жиегін бетонмен қаптатсақ дейміз. (Ұзындығы шамамен 6,5 шақырымдай). Ойға алған іс орындалып жатса, әрі ерте көктемде сең бұзылған кезде қалаға су апаты да төнбес еді. Және жұртшылық дария жағалауына салынған сәнді жолмен жүріп тыныстар еді. Сөйтіп, бір жағынан халық демалып, екіншіден, тұрғындардың дарияны өз көзімен көрулеріне мүмкіндік туар еді. Мұны айтып отырған себебім, біз қазір су жағасында тұрып, ағып жатқан дарияны өзіміз де көре бермейміз. Себебі жеке секторлардың қорасының арты дарияға тіреле қоршалып тасталған. Сондықтан да оны реттеу үшін мұқият ойлану қажет болып тұр. Оның бәріне біраз қаражат керек. Бұл да – бүгін болмағанмен ертеңгі күннің кезегінде тұрған мәселе. Орындалған кезде қалаға жақсы бір көрік беретін құрылысқа айналмақ. Келешекте дария үстіне екінші бір көпір салу да – ойда жүрген жұмыс. Тасбөгеттің бергі жағында бір көпір бар ғой, соған қосымша етіп. Неге? Өйткені қаланы дарияның екінші жағалауына қарай өрістетуіміз қажет. Дарияның екі бетіне ел қоныстанса, қандай жарасым табар еді. Бұ­ған жұмсалатын қаражат шамамен 2 мил­лиард теңге болып қалады. Мұндай қаражаттың бәрін бюджеттен шығаруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан инвесторлармен біріге отырып салуға келіссөз жүргізіп жатырмыз. Құдай қалап, келісім тауып жатса, келесі жылдары бастап жіберуіміз мүмкін. – Күз бен көктем айларында Сырдария­ның екі бетінде тұратын халықтың бір-бірі­мен қатысуы қай кезде де күрделі болғанын білеміз, халық бұл шақты абыржы кезі деп те атаған ғой. – Осы абыржы кезінің қиындығы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек қыс­тағының тұсында болып тұр. Рас, қазір дариядан өтетін жерде қалқымалы көпір бар. Өйткені Сырдария ауданды ортасынан қақ бөліп ағып жатыр. Халықтың басым көпшілігі дарияның түстік бетінде. Аудан орталығы терістік бетте. Егістік алқаптарының дені ауданның орталық жағында. Қиындық мұз енді ғана іліне бастағанда, қалқымалы көпірді алып тастаған ерте көктем мен күз айларында туындайды. Ондай кезде машинаның да, адамның да жүруі өте қауіпті. Жаңадан қатқан жұқа мұз көлік пен кісіні көтере алмай, ойылып кетуі мүмкін. Соны ескеріп, жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауданның экономикасын дамыту мақсатында көпір салуға байланысты квотаны жасап жатырмыз. Қаржысы бөлінді. Келесі жылы құрылысты бастаймыз. Енді спорт саласына тоқталар болсам, оны дамыту үшін де жасаған жоспарымыз бар. Әсіресе, ұлттық спорттың түрі – қазақша күреске ерекше көңіл бөлгіміз келеді. Өйткені спорттың бұл түрі негізінен Қызылорда облысында жақсырақ дамыған. Біздің жерде қазақша күреске деген көзқарас пен құштарлық ерекше. Биыл диқандарға арналған «Алтын дән» мерекесі кезінде орталық алаңда қазақша күрестен үлкен жарыс ұйымдастырылды. Іріктеу жарыстары бірнеше ай бұрын ауыл­дан басталып, ауданда жалғасын та­уып, ұйымшылдықпен өткізілді. Біздің есебіміз бойынша облыс орталығына жет­кенге дейін 20 мыңдай адам қатысты. Бар-жоғы 700 мың адамға жетпейтін облыс тұрғындары үшін бір ай ішінде 20 мың қыз-жігіттің қазақша күреске қатысуын мұны енді үлкен қозғалыс десе де болады. Болашақта бұл дәстүрлі жарысты рес­публика бойынша да өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Сонда спорттың бұл түрі бо­йын­ша 150-200 мыңдай жас өрімдер шаршы алаңда өз бақтарын сынауға мүмкіндік алар еді. Мұны тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында жандандыра түспекшіміз. Барлық этностың басын біріктіретін, жігерді жанитын, ата-бабамыздан мұраға қалған дәстүрді дәріптейтін бірден-бір жол осы емес пе. Екіншіден, сайысқа шыққан­да палуандарымыз жапонның, қытайдың кимоносын емес, өзіміздің ұлттық қазақша күреске бейімделген, бабаларымыз киген киімді тігуді ойластырмақшымыз. Палуандар сайыс алаңына қарай беттегенде ұлт­тық сазға билеп шығатын болады. Сондай-ақ қазақша күреске қатысқандарды медальдармен емес, тайтұяқпен марапаттауды көздеп отырмыз. Оларды алтыннан, күмістен, қоладан жасасақ па дейміз. Медаль Олимпиада ойындары кезінде Грекияда берілген ғой. Ол да дұрыс. Бірақ біздің жанымызға жақынырағы, тайтұяқ, жамбы, тағы сол сияқтылар. Қазақстан бойынша жеңіп шыққан түйепалуандарды республикада насихаттау да ойымызда бар. Бүкіл спорт мектебіне солардың суретін неге іліп қоймасқа. Спортқа қатысты тағы бір іске асыруды күтіп тұрған жоспар – ұлттық спорт өнерін дамытуға бағытталған үлкен кешен тұрғызу. Қазір жобасын жасап жатырмыз. Ішіне осы күнге дейін ұмыт қалып келе жатқан дәстүрлі ойындарды өрісте­туге мүмкіндік беретін құрылымдарды енгізбекшіміз. Елбасының бізден талап етіп отырған тапсырмасы да осы ғой. Темекі тартатын, ішімдікке әуестеніп, бос сандалатын жастарды салауатты өмір сүруге, соның ішінде спортқа бейімдеу... Олар футбол немесе волейбол ойнасын. Біз жас кезімізде бос уақытта үйдің қасында ләңгі тебетін едік. Ол кезде компьютер атымен жоқ. Телевизор да тапшы. Кейде қолдан садақ жасап, ермек қылатынбыз. Асық ататынбыз. Әйтеуір жаман жолға баспайтынбыз. Соны ойлап спорт түрлерінің бәрін қамтитындай, оған қоса ұмыт қалған ұлттық ойындарды қайта жандандыруға мүмкіндік беретіндей құрылыс тұрғызбақшымыз. Ең негізгі міндет – Елбасы берген тапсырманы мүлтіксіз орындап, тәуелсіздіктің көк байрағын аспанымызда желбіретіп, халқымызды қуанышқа кенелту. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Адам Мекебаев

2536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6761

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5993

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3732

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3121

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3076

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3054

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2783

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2768

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы