• Тұлға
  • 17 Қараша, 2010

Тағылымды, зерделі өмір

Қазақ баспасөзінің ардагерлері дегенде бүгінде еске түсетін есімдердің бірі Баймырза Дәуренбеков – бүгінде сексеннің сеңгіріндегі байырғы журналист, көптеген мемлекеттік жоғары марапаттардың иегері. Байекеңнің өзімен қатарлас қызмет істеген әріптестері қазақ журналистикасының сонау елуінші-алпысыншы жылдардың тұсындағы жанрлық, сапалық өрлеуінің баста­уында тұрған қаламгер майталмандар еді. Олар - Ұзақ Бағаев, Кемел Тоқаев, Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Жүніс Бектепов... Өмірдің алыс-алыс жылдарының бейнесі ойына оралған мезеттерде сол замандастарымен, тағдырластарымен бірге жүріп өткен уақыт белестерінің суреттері оның көз алдына келер еді.

...Қырқыншы жыл­дар­дың соңы, елуінші жылдардың басы. Алматы. Университет. «Социалистік Қазақстан». Көрікті астанадағы сәтті басталған осы алғашқы қадамына дейінгі өмір жолында оның көргені – Шелек ауданындағы жетім балалар тәрбиеленетін Қорам балалар үйі мен Жалаңаштағы мектеп-интернат болатын. Жыл аралатып әке мен анасынан айырылған жетімдік тағдыры оның басына алты жасар кезінен бастап үйірілді. Бір ұядан өрген ұлдардың үлкені, есейіп, өз тірлігін өзі жасауға талпына бастаған жас жігіт Әлібек ағасы көзі жәудіреген кішкентай екі інісін – Баймырза мен Нүсіпжанды балалар үйіне орналастыруға мәжбүр болды. Өйтпейінше, бұлардың сол отызыншы жылдардың алмағайып кезін­де тірі қалуы екіталай еді. «Қайран ағамның жасаған жақсылығының арқасында аштықтан, азып-тозудан құтылып, жан сақтап қалғанымды қалай ұмытайын, – деп есіне алады Байекең балалық шағының ауыр күндерін. – Өзі арқалап әкеліп балалар үйіне орналастырды. Оқу жасына жеткесін екеумізді Қорамдағы балалар үйінен Жалаңаштағы мек­­теп-интернатқа ауыстырып жі­берді. Майданға кеткен Әлібек біз­дің ізімізді жоғалтып алып, от-жа­лынның ортасында басын қатерге тіге жүріп Мәскеуге, Калининге хат жазып, аласұрып іздеу салып, ақыры тауып алды. Соғыстан аман-сау оралғасын да бізді көзінен таса қылмады. Үйленіп, балалы-шағалы болды, мектепте мұғалім болып көп жыл еңбек етті. Өмір бойы біздерге деген туыстық сезімін аялап өтті ағамыз. Қатарластарыммен бас қосып әңгіме-дүкен құрған кездерімізде «мені жер бетінде осы кезге дейін тірі сақтап, адам қылған – әуелі Құдай, содан соң Кеңес өкіметі мен Әлібек» деймін. Бұл – менің еш бүкпесіз рас сөзім... Өз қолым өзімнің аузыма жеткенше қиындыққа мойымағаным, қайта содан шыңдалып, шымырланғаным – өмірдің маған берген үлкен сабағы болды. Университеттен соң қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Социалистік Қазақстанда» он төрт жыл табан аудармай газет жұмысының қазанында қайнап, журналистік кәсіптің қыр-сырын меңгердім. Жауапты хатшымыз Кемел Тоқаев қалам-қайраты алымды да шымыр журналист әрі әдебиетте өз жолын, жанрын тапқан көрнекті қаламгер еді. Соғыста болған, оған дейін де өмірдің талай қатал сынынан өткен, сабыр-парасаты жоғары, өз ісіне адал да тиянақты осы азаматтың көп жақсылығын көрдім. Кемекең сол кездегі Жоғарғы Кеңестің ресми басылымы «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Ведомостарының» бас редакторлығы қызметіне ауысқанға дейін жауапты хатшының орынбасары болып қарамағында жұмыс істедім. Бірге қызметтес болғасын менің жұмысқа беріле істейтін ынта-қабілетімді көкейіне түйген болуы керек, көп ұзамай мені өзіне жұмысқа шақырды. Партиялық бас газетке Орталық Комитеттің жолдамасымен келген мені «СҚ»-ның басшылары жібермеді, бірақ екі жылдан соң Кемел ағамыз осы өтінішін тағы қайталады. Жай қайталаған жоқ, Жоғарғы Кеңес Төралқасының Хатшысы Бижамал Рамазанованың алдына апарып, мені қайткенде де қызметке алу туралы мәселені турасынан қойды. Ақыры не керек, мені газетке жіберген Орталық Комитет­тің араласуымен заң шығарушы жоғары биліктің ресми басылымынан бір-ақ шықтым. Менің алдымда осы қатардағы редакторлық қызметте «Ведомостарда» Жүніс Бектепов істеп кетіпті. Өте сауатты, білікті аудармашы-қаламгер адам еді Жүкең. Заң аудармасында қаламы жорға ол кісі көркем аударманы да – орыс және әлемдік классиканы кереметтей шебер аударды. Кемел аға Жүніс Бектеповты ерекше атап отырушы еді. Жалпы, бұл кісі ісіне адал адамды өзіне жақын тартып, оған үлкен сенім артатын. Мен де көп жыл бірге қызметтес болған Кемекеңнің сенімінен шыққанымды мәртебе тұтып жүрдім. Бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге сенім артып қызмет істеген сол күндерімізді жиі есіме түсіріп отырам. Осы басылымда жүріп Кемекеңнің ресми құжаттардың – заң актілерін, терминдерді қазақша сөйлетудегі шеберлік мектебінен дәріс алдым десем, артық айтқаным емес. Жоғары Кеңес депутаттарының талқысына түсетін заң мәтіндерінің аудармасын жасауға, сараптауға – республиканың белгілі журналист-қаламгерлерін, заңгерлерін тартып, солармен бірлесе отырып жұмыс істегенбіз. Заң терминологиясына да ай­рықша көңіл бөлінді, ол кезде Мемтерминком Үкімет жанында болатын, оған Үкімет басшысы орын­басарының өзі жетекшілік жасайтын, Шәңгерей Жәнібеков ұзақ жылдар осы термин мәселесін өзінің қадағалауына алып, бұл жұмысты тиянақты атқарды. Мемтерминком мүшесі ретінде өз басым бұған куәмін. Терминдердің сапалы болуына мемлекеттік деңгейде назар аударылғасын және оның аудармасына Кемел Тоқаев, Кәкімжан Қазыбаев, Хайдолла Тілемісов, Сапар Байжанов, Жүніс Бектепов, Мүфтах Жантикин сынды қаламгер-аудармашылар атсалысқасын заң мәтіндері шын мәнінде көп ретте жатық, ұғынықты шығып жататын. Кемел аға шығармашылық қыз­метке ауысқан кезде мені өз орнына ұсынып, бөлім меңгерушісі болып он төрт жыл қызмет істедім. Ал жалпы алғанда жиырма бес жыл бойы Жоғарғы Кеңесте ресми мәтінімен қызмет істеген менің көз жеткізген бір ақиқатым, сөзбен жұмыс істеу үшін тілді академиялық тұрғыдан сауатты меңгеру жеткіліксіз. Сол тілдік құралды күнделікті кәсіби тұрғыда пайдалана білгенде ғана сөзге жан бітіріп, әр бере аласың. Газет-журналда, баспаларда жұмыс істеп келген журналист, редактор мамандар аударманы, әсіресе, заң аудармасын тез меңгереді. Тіл байлығын қаншалықты мол меңгерсең, аударма мәтіні соншалықты табиғи, өзіңнің төл сөзіңдей болып құйылып тұрады. Қазіргі заң мәтіндерін қасаң, түсініксіз, оқылмайды деп сынап жатады кейде. Мұның себебі, заң мәтінін министрліктерде қазақша білетін, бірақ қаламгерлік жұмыс­тың ыстық-суығынан өтпеген филологтар немесе журналист дипломын алған, бірақ баспасөзде бір күн істемеген мамандар аударады. Ал термин мәселесіне келсек, бүгінде қоғам өмірі әр қырынан жаңаша сипат алды, жаңа ұғымдар пайда болды, соған сәйкес терминдердің де тұлғасы өзгерді. Бұл арада терминді баламалап аударудың тәжірибесін басты назарда ұстау қажет, меніңше. Қазақ тілінің ұшан-теңіз байлығы, мүмкіндігі бұған мінсіз қызмет етуге тиіс. Заң тілінің табиғаты, әрине, кәдуілгі көркем, образды тілден бөлекше, бұған жеті рет өлшеп, бір кесетіндей дәлдік қажет. Ал дәлдік болмаған жерде – заң нормасы бұзылады. Сондықтан, бір жағынан, тілді қасаңдатпай, екіншіден, жатық оқылып, түсінілетіндей жасау заң аудармашысынан айрықша шеберлікті талап етеді. Кезінде Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы Сабыр Біләлұлы Ниязбеков: «Сендер заңды бұдан да жақсы қазақша сөйлетуге тиіссіңдер» деп отырушы еді біздерге. Бұл Төрағаның қызметі тұрғысынан ғана қойылған талап емес, ана тіліне деген ол кісінің үлкен құрметі де еді. Жоғарғы Кеңесте қызмет істеген жылдардың ішінде Аударма бөліміне өзім қызметке шақырған жігіттердің көпшілігі осы үдеден шықты. Ау­дармашылық қызметі – білім мен біліктілікті, адамның өте жоғары интеллектісін қажетсінетін кәсіп, онсыз қарабайырлыққа ұрынудың, өз мүмкіндігін шектеудің ауылы алыс емес. Осындай ұстанымды шә­кірт әріптестерімнен талап етіп, қызмет істедім және осы қағидамнан айныған бірде-бір сәтім болған емес...» Албырт жас жігіт шағынан бері өзі бауыр басқан көрікті Алматының қазір қоңыр күздің құшағына енген шағы. Осы күндердің бірінде сонау жылдары қызметтес болған, тіпті одан әріректе Жоғарғы Кеңес қабырғасында жұмыс істеген ардагерлер өз кеңестеріне жиналып, бас қосып, әңгіме-дүкен құрғаны бар. Байекеңнің өмір жолын, маңдай терін төгіп, адал атқарған қызметін жақсы білетін замандастары оны мерейлі жасымен құттықтап, небір марапатты тілегін білдірді. Қырық жеті жыл жарасып, жадырап бірге өмір сүрген оның аяулы жары, марқұм Анарды еске алысты. Қыздары – Гүлзира мен Нұрзияның, олардан өрген немерелерінің, немереден көрген шөберелерінің қуанышын қызықтап баянды өмір сүріп жатқан азамат ардагердің мәртебесін көтерісті. Адам жанын жылытатын өмір шуағын замандастарының лебізінен сезіну де – зор демеу. Замандастарының да, бүгінгі жас әріптестерінің де өзіне деген осындай адами демеуіне, шынайы құрметіне Байекең мейірбан, кіршіксіз көңілмен қуанады. Ал адамға қуанып өмір сүруден асқан бақыт жоқ! Мәди АЙЫМБЕТОВ, жазушы

3687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6728

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5977

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3716

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3105

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3061

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3038

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2767

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2752

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы