• Тұлға
  • 17 Қараша, 2010

Көне қалаға қызығушылық оны танымал археолог етіп шығарды

d0b1d0b0d0b9d0bfd0b0d0bad0bed0b2Археолог, академик Карл Молдахметұлы Байпақовтың маман археолог болатыны жас кезінен-ақ белгілі болған. Өйткені ол қазіргі Талғар аталып жүрген, жазба деректерде Талхир атымен сақталған көне қаланың жанында туып-өсті. Келешек археолог, жас ғалым сол көне ескі қаланың бұзылған дуалдарының үстінде жолдастарымен жүгіріп, жасырынбақ ойнап, сынып жатқан көзе сынықтарын теріп, оны мұғалімдеріне көрсетіп, үйіне әкеліп, оларды жинап жүрді. Міне, жас кезінен оның көне заттарға деген қызығушылығы, археологияға деген алғашқы қадамы осылай басталған. Орта мектепті бітіргеннен кейін оның археологияға деген арманы Ленинградтың Археология институтына жалғасып, оны ойдағыдай бітіріп, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының археология бөлімінің ғылыми қызметкері болып жұмысын бастады. Міне, содан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. Археология бөлімі жеке бөлініп, академик Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты болып құрылды. Сол институтта біраз уақыт директор болды.

Жас кезінде Талхир қаласында жинап жүрген ортағасырлық көзе сынықтары оның алғашқы маман археолог болуына жол ашты. Онда жүргізген археологиялық қазба жұмыстары оның алғашқы жетістіктерінің бірі болып табылды. Жетісу аймағындағы атақты Талхир қаласынан басталған ғылыми жұмысы біртіндеп «VІІ-ХІІ ғасырлардағы Жетісу аймағындағы қалалар мен қоныстар» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауына алып келді. Сөйтіп, жас ғалым Қазақстан археологиясында тұңғыш ортағасыр­лық маман археолог атанды, көрнекті танымал археолог болды. Ғалым археология саласында оннан астам монография, 500-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Біз оның бәріне түсінік беріп жатпайық, ол археологтарға белгілі. Дегенмен ғалымның қазақ археологиясы хақында жазған кейбір теориялық ғылыми еңбектеріне тоқталып өтелік. Өйткені олар біздің жас археологтарымызға өте қажет. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда ондай теориялық мақалалар жазу сирек кездесіп жүр. «Орта ғасырлардағы Іле аңғарындағы отырықшы тұрғындардың есебі» атты көлемі бір жарым баспа табақ ғылыми мақаланы жазуға көп күш жасайды. Дүние жүзіндегі атақты қалаларда орта ғасыр кезінде қанша адам тұрғандығын жазба деректер арқылы келтірген. Ғалым өзі зерттеп жүрген Іле аңғарындағы қалалардың тұрғындары туралы жазба деректерде тұрғындар туралы ешбір деректің болмағандығын жазып қиналады. К.Байпақов Іле аңғарының археологиялық картасын жасап, оған өзі тапқан 66 қаланы Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінің және олардың салаларының бойына орналастырған. Қалалардың сыртқы құрылыс жүйелеріне тоқталып өтеді. Олардың көпшілігінің төрт бұ­рышты болып келетіндігін, жергілікті халық оларды «төрткүл» деп атайтындығын немесе «қал­мақ қора» деп атайтындарын жазады. Мұндай жағдай бүгінгі күнде де солай айтылып жүр. Орта Азиядағы қалаларға жүргізілген архео­логиялық қазба жұмыстарды Талғардағы жүргізіл­ген жұмыстармен салыстыра отырып, Талғар қаласында қанша тұрғындардың тұрғандығын шамамен шығарған. Ол алдымен Талғар қаласындағы үйлердің санын есептеп, оның көлемдерін жалпы қаланың көлемімен салыстырады. Сонда қаланың жалпы көлемі 28 гектар болса, оның 9 гектары қала қорғанының сыртында болған, ал қала тұрғындарының үйлері 0,3 гектар (300 м3) болған. Қалада жалпы 700 үй болған. Бір үйде 5-6 адам деп орта есеппен есептегенде Талғарда 3500-4200 адам тұрған. Ғалым дәл осындай демографиялық есеппен Шелек, Сүмбе, Дүнгене, Антоновск, Көктума қалаларында қанша халық тұрғандығын есептеп шығарған. Мәселен, Шелекте 4200-5000, Сүмбеде 1870-2200, Антоновскіде 10 000-13 000 тұрғын болған. Жалпы, ХІ-ХІІІ ғасырларда Іле аңғарында 35 мыңға жуық адам өмір сүрген дейді. Әрине, мұндай тәсілмен қала тұрғындарының есебін алу оңай емес. Сондай қиындықтарға қарамастан, ғалымның Іле аңғарындағы 60-тан астам қалалардың тұрғындарын есептеп шығаруы оның еңбекқорлығын көрсетеді. Академик К.Байпақовтың екінші бір тео­риялық ірі мақалаларының бірі – «Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларын анық­тау» деп аталады. Бұл еңбектің құндылығы – ортағасырлық қалалардың соңғы кезде басқаша аталып жүргендігіне ғалым көңіл бөліп, олардың өз атауларын анықтауы. Біздің халқымыз төбе болып құлап қалған орта ғасырдағы қалаларды сыртқы түріне қарап өздерінше атай берген. Мәселен, алтын төбе, жалпақ төбе, құйрық төбе, т.б. Ал шын мәніне келгенде, олардың өз кезінде өз аттары болған. Ол кейбір жазба деректерде сақталған, міне, соны анықтап, археология ғылымына енгізуде академик К.Байпақов біраз еңбек етті. Академиктің бұл ғылыми мақаланы жазуда аз еңбектенбегені байқалады. Көптеген ғылыми әдебиеттерді оқып, зерделеу арқылы көне қалалардың өз атауларын анықтаған ғалым өзіне дейінгі археологтар мен шығыстанушылардың еңбектерін пайдаланады. Мәселен, жеріміздегі ортағасырлық қалалар туралы алғашқы мәлімет беруші, шығыстанушы П.И.Лерх, оның еңбе­гін жалғастырушы В.В.Бартольд, А.Н.Бернш­там еңбектерін түгел оқып шығады. Ал бұл мәселе жөнінде көптеген қызықты материалдар жариялаған академик Ә.Х.Марғұлан еңбектеріне де аса көңіл бөліп, назар аударған. Ғалым, әсіресе, Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларына көңіл бөлген археологтар Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтердің, көрнекті шығыстанушы С.Л.Волиннің еңбектерін пайдалана отырып, ертедегі қалалардың тұрған жерін, атауларын анықтайды. Мәселен, атақты Сайрам қаласының бірнеше атауларының болғандығын айта келіп, оның аумағындағы қалалар, олардың атаулары туралы да кеңінен сөз қозғайды. Оған басты дәлел – Ташкент қаласынан Сайрамға келетін Ұлы Жібек жолының бойындағы Газгерд деген қаланың атауы Шарапхана екендігін дәлелдейді. Ал көптеген ғылыми әдебиеттерде Сайрамның Испиджаб аталып жүргендігін, ол қала атауы емес, аймақ атауы екендігін, сол Испиджаб аймағы­ның орталығы Сайрам болғандығын атап көрсе­теді. Сайрамға жақын жерде Манкент, Жумиш­лаг, Хурлуг қалаларының болғандығын, алайда олар туралы мәліметтердің өте аз екендігін баян­дайды. Манкенттің жанында Булак-Ковал деген қала болған, алайда ғалым археологиялық жағы­нан зерттей келіп, бұл қаланың Манкент қаласы екендігін анықтаған. Ал Жумишлаг қаласының Арыс өзенінің бір саласы Құмыш бойындағы «төрткүл төбе» аталып жүрген қала екендігін археолог Н.П.Подушкиннің дәлелдегенін айтады. К.Байпақов Испиджаб аймағының орталығы болған Сайрам қаласына байланысты оның аумағында орналасқан үлкенді-кішілі қалалардың барлығын археологиялық және оған қатысты жазба деректермен нақты анықтап шыққан. ІХ ғасырдағы жазба деректерде Фараб округінің жерінде, қазіргі кезде «Құйрық төбе» аталып жүрген төбені «Кедр» қаласы деп нақтылайды. Бұл қала Отырар қаласының солтүстік-батыс жағында 6-7 шақырым жерге орналасқан. Фараб жерінде шағын мықты бекініспен салынған Висидж қорғаны болған. Бұл қала атақты Әбу Насыр әл-Фараби өмір сүргендігімен де аты шыққан. Ал бүгінгі таңда жергілікті халық қаланы «Оқсыз төбе» деп атайды. Атақты Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ қалаларының жазба деректерде бірнеше аттарының болғандығын, оларды әр кездегі жазба деректермен салыстыра отырып, өздерінің нақты атауларымен анықтайды. Академик К.Байпақовтың теориялық жағынан жазылған және бір еңбегі – «Төрткүл типтес қала­лар». Бұл мақала бүгінгі бізге жеткен орта ғасыр­дағы қалалардың сыртқы көріністеріне байланысты жазылған. Ғалым, академик В.В.Бартольдтің Жетісу аймағындағы қалаларды төрт көл деп аударғандығына көңіл бөледі. Алайда ол «төрт көл» емес, қазақша «төрткүл», «төртбұрыш» дегенді білдіреді. Сонда Іле аңғарындағы қала­лардың көпшілігі төрт бұрышты болып келген. К.Байпақовтың пікіріне қарағанда, қалалардың бұлай болып келуі мал шаруашылығына байланысты көрінеді. Мақаланың алдына қойған мақсаты – төртбұрышты қалалардың түрлеріне ғы­лыми талдау жасау, олардың пайда болуына көңіл аудару, отырықшы және жартылай отырықшы мал шаруашылығына байланысты қалалардың пайда болуын ғылыми жағынан дәлелдеу. Төртбұрышты қалаларды Тува, Моңғолия, Азов бойындағы қалалармен салыстыру арқылы олардың ара­сындағы жалпы ұқсастықты көрсетеді. Сонымен қатар археологтар арасында төрткүл қалалардың түрлері туралы әртүрлі пікірлердің бар екендігін де жасырмайды. Мәселен, Бернштамның пікірі бойынша көлемді ставкалық қалаларда соғыс кезінде тұрғындар мал-жанымен тұрған. Ал шағын төрткүл қалалар отырықшылықпен айналысқан, олар ХІ-ХІІ ғасырларда болған. Қалалар жергілік­ті жағдайға байланысты орталық қорғанымен салынған және салынбағандары да болған. Оларға қырғыз жеріндегі қалалар жатқызылған. Археологиялық зерттеулерге қарағанда Ыстықкөл ойпатында 80-ге жуық төртбұрышты қала, ал Шу аңғарында 40 төрткүл қалалар болған. Бұлар топографиялық жағынан екі топқа жатқызылған. Ғалым қалалардың ХІІІ ғасырдан ары дамымауы моңғол шапқыншылығының әсерінен деп көрсетеді. Сәйден Жолдасбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор

5419 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6545

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5886

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3627

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3013

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2974

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2950

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2679

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2664

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы