• Тұлға
  • 17 Қараша, 2010

Әке өнегесі

Музыканың, тура мағынасында «музалар әлемінің» образдарды түгелдей дыбыстық үн құралдары арқылы суреттеуде мүмкіндігі мол. Адамның музыкалық іс-әрекетінің үш түрі бар. Олар: музыка шығарушылық, орындаушы, қабылдаушы. Ал қабылдаушы дегеніміз – біздер, яғни ән-күйді тыңдаймыз, әсерленеміз, қуанамыз, қайғырамыз. Бірте-бірте музыка әлеміне жақындаған сайын бұл да бір өз алдына күрделі, сан қырлы дүние екеніне көзіміз жетеді. Осы орайда елімізде тұңғыш халық аспаптары оркестрін құрған әрі дирижерлік жасаған Ахмет Жұбановтың еңбектерін жан-жақты зерттеген ғалым, сазгер, педагог-ағартушы Бисенғали Ғизатовтың есімін аттап өтуге болмас. Өйткені А.Жұбановтың ғылыми, танымдық еңбегін музыкатанушы ғана талдай алады, насихаттайды. Мәселен, қазақ халқының музыкалық аспаптары мен олардың бөлшектерінің толып жатқан атауларын, дауыс пен әуен сазына қатысты терминдерді музыка саласының білгір маманы ғана бір ізге салып, жүйелей алады емес пе!?

Сонымен Б.Ғизатовтың «Қазақша музыкалық терминологиялық сөз­дік», «Құрманғазы атындағы қа­зақ­тың мемлекеттік академиялық оркестрі», «Домбыра ойнау мектебі» сияқты кітаптары бар. Осыған қоса музыка мен ән сабақтарына, домбыра ойнау әдістеріне арналған бірсыпыра оқу құралдары, ғылыми жұмыстары халық игілігіне айналуда. Алаш жұртының музыкалық мәдениетін көтеруге 70 жылдық ғұмырын бағыттаған музыкатанушы ғалым 2005 жылдың мамыр айында дүниеден өтті. «Артында қызы қалғанның – көзі, ұлы қалғанның – өзі бар», – дейді халық даналығы. Музыкатанушы, педагог Б.Ғизатовтың екі қызы – Гүлнар мен Ақханым және ұлы Нұрландар әке жолын қуыпты. Мәселен, қызы Гүлнар Ғизатова Т.Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясында табан аудармай 31 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ақханым болса К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте 26 жылдан бері сабақ беріп келеді. Ұлы Нұрлан белгілі дизайнер, шығармашылық топта үзіліссіз еңбек етуде. Сондай-ақ Нұрланның қызы Жанар мен ұлы Әлем де – музыка мамандықтары­ның иелері. Олардың бүгінгі таңда шетелде көр­сеткен өнерлері, алған белестері өз алдына ұзақ әңгіме. – Әкем 1925 жылы Орал облысының Жәнібек ауданында дүниеге келіпті. 1932 жылы Орал қаласында тұңғыш музыка мектебі ашылыпты да, бірінші болып білім ұясының табалдырығынан аттаған екен. Балалар үйінен музыкалық мектеп-интернатқа түскен балаларға сол кезде Мәскеу, Санкт-Петербургтен келген музыканттар сабақ беріпті. Бізбен сыр бөліскен Гүлнар Ғизатова сөзін осылайша сабақтады. 1937 жылы Иосиф Мейф деген скрипкашы ұстаз концерт қояды. Үстіне қара фрак киген, ысқышы бар ішекті музыкалық аспапта небір әуендерді құйқылжытқан мұғалімге менің әкем қатты қызығыпты. Қасындағы құрбы-құрдастары Роза Жаманова, Нағым Меңдіғалиев, Басыр Жүсіпәлиевтер де скрипкаға қарап, көздерін алмаса керек. 1935 жылы қазақтың тұңғыш кәсіпқой ре­жиссері Жұмат Шанин Оралға келеді. «Болат» деген спектакльде, менің әкем ол кезде он жасар ұл ғой, кішкентай баланың рөлін сомдапты. Ылдым-жылдым, пысық Бисенғали сол жолы Темірбек Жүргенов, Мирзоян Эдуард сияқты халық ағарту саласында жүрген азаматтардың назарын өзіне аударған көрінеді. Әкем бала күнінде спортқа, гимнастикаға, биге, суда жүзуге өте әуес болыпты. Тіптен 1941 жылы би фестивалінде бірінші орын алыпты. «Пьеро және Коломбино» атты музыкалық қойылымда бірнеше билерді сәтті орындаған екен. «Мұндай шебер орындаушы алдағы уақытта Мәскеу сахнасында ғана өнер көрсететін болады», – деп ұстазы мақтапты. Өкінішке орай, аз уақыттан соң Ұлы Отан соғысы басталады. «Бір рөлде ойнағанымда бес сом ақша алдым. Соған келгенше кәмпит өлшетіп, барлық балаларға үлестірдім», – деп әкем өткен балалық шағын жиі-жиі еске алушы еді. Спорт лагерінде 13 жасынан бастап еңбек етіп, сонымен қатар мектептегі мәдени шараларға үнемі белсене қатысқан. Әсіресе, «Қаздар мен аққулар» атты 150 бала қатысқан спектакль естен кетер ме?! Осындай үлкен өнер кешінде әкем скрипка да тартқан, хорда тұрып ән де салған және бірнеше билерді орындаған. Соғыс салдарынан 1942 жылы әкем Алматыға келеді. Менің есімде қалғаны, біздің үйге танымал қаламгерлер көп келетін-ді. Атап айтсам, Ілияс Есенберлин, Сырбай Мәуленов, Бердібек Соқпақбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Әлжаппар Әбішев секілді ақын-жазушылардың бейнелері күні бүгінге дейін менің көз алдымда. Анам Райхан Төкенованың мамандығы дә­рігер болатын. Біздер тату-тәтті шаңырақта дү­ниеге келіп, өсіп-өндік. Әкем тарихты және елдің шежіресін жақсы білетін. Үй жануарларын әрбір бала жақсы көреді. Мысықты сипамау, ойнамау, күшікті еркелетпеу мүмкін бе?! «Пеш түбінде мысық отыр, Аздап көзін қысып отыр», – деп әндетіп тұтас бір буын ержетті. Немесе «Күшігім менің саққұлақ, келеді әне шапқылап» деп тақпақтататын жас өркендер қаншама!? Айтуға, ұғымға сондай жеңіл, балалардың жанына етене жақын мұндай әндердің авторы Бисенғали Ғизатов екенін бәріміз бірдей білеміз бе екен? Осыған қоса «Сүйікті Отаным» (сөзін жазған Ж.Тұрбеков), «Гагарин туралы ән» (сөзі Ғ.Жұмабаевтікі), «Мектеп вальсі», «Қарлығаш», «Балғындар маршы» (сөзі С.Жиенбаевтікі), «Оқушылар жыры» (І.Мәмбетов), «Анамызға мың алғыс», «Төлдер» (Ж.Өмірбеков), «Пионерлер жыры» (Ж.Молдағалиев), «Жас спортшылар жыры» (М.Әлімбаев), «Мысық», «Саққұлақ» (Б.Соқпақбаев), т.б. осындай балаларға ар­налған шырайлы жырларға келістіріп тұрып әуен саз жазған Бисенғали Ғизатов екенін біле жүргеніміз абзал. 1979 жылы бесінші курста оқып жүріп-ақ концертмейстер болып еңбек жолымды бастадым. Қанмен берілетін қасиет бәрібір түптің түбінде өз дегенін жасайды екен ғой. Қазақстан Республикасының халық әртісі, актер Кәукен Кенжетаевтың тікелей шәкіртімін. Ол кісінің қамқорлығын көп көрдім деп айта аламын. Кезінде театр институтында кафедра меңгеруші, декан да, шығармашылық сала бо­йынша проректор да болдым. Дәл қазіргі күні оқу-әдістемелік бөлімнің меңгерушісімін. Атап айтқанда, актерлік, режиссерлік, мүсін, бейнелеу өнері, би, кескіндеме, яғни 11 мамандық бойынша оқу құралдарын дайындаймыз. Әрбір мамандық бойынша 26 кафедра бар. Уақытында әкем Ковалевскийдің бағдарла­масы бойынша өлеңдерге музыка жазды, методикалық оқу құралдарын шығаруға атсалысты. Ойлап отырсам, мен де әкемнің ісін айнытпай қайталап, жалғастырып келе жатқан тәріздімін. Нағашы атам Ғұбаш ата Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев дивизиясында қызмет еткен, белгілі партия және кеңес қызметкері болды. Ал Ғұбаш атаның інісі Ғұбайдолла Ержановтың бірқатар өнер адамдарына септігі тигенін біздер мақтан етеміз. Солардың біреуі туралы ғана айтсам, консерватория жанында оқуға түсе алмай, домбыра тартып отырған Жұмекен Нәжімеденовті қолтығынан демеуі, үйіне әкелуі, кейін Қарағанды шахтасында еңбек етуіне, сосын Мәскеудегі Әдебиет инс­титутына оқуға түсуіне бірден-бір себепкер болғанын жасыра алмаймыз. Иә, музыка теориясы, музыка тарихы бойын­ша бірқатар жетістіктерге ие болған Гүлнар Бисенғалиқызының шәкірттері өте көп. Әке ісіне адалдық танытқан Гүлнар, Ақханым, Нұрлан сияқты музыкатанушылардан үйрене­тін өнеге көп болса керек. Нұрлан ҚҰМАР

5342 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6558

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5893

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3634

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3020

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2981

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2957

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2686

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2671

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы