• Тіл
  • 17 Қараша, 2010

Көп тілді меңгеру өз тіліңді жетік білуден басталады

Еліміз тәуелсіздік алғалы күн тәртібінен еш түспеген негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл екені анық. Қазақ тілінің жиырма жылға жуық уақыт аралығында қолдану аясы заңдық негізде де, әлеуметтік-инновациялық бағытта да жолға қойылып келгенімен, әлі де болса оны күнделікті қолданысқа енгізу мен дамыту жағдайы жан-жақты саралауды қажет етеді. Осы ретте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазіргі кезде қаншалықты өз қолдану аясын кеңейтті және оның даму бағыты қалай болмақ?» деген сұрақтарға жауап беріп көрелік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының VIII сессиясында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі қоғам талқысына «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын ұсынғаны белгілі. Осы жобаға қатысты көптеген ғалымдар мен тіл жанашырлары тарапынан БАҚ беттерінде өз ұсыныс-пікірі айтылып, қызу талқыға түсті. Бағдарламаның стратегиялық мақсатын жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады. Біріншісі – мемлекеттік тіл ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, ал соңғы міндет – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Қарап отырсақ, қолдан келетін шаруа, тек істің ретін тауып, тілге жан-жақты қолдау көрсетсек болғаны. Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы: «Қазақ тілі жеткілікті түрде танылып, зерттелген жоқ. Тіліміздің өзіне тән ерекшеліктері мен қағидаларын игере отырып, зерттеу үстінде оның ережелерін тұжырымдауға тура келеді. Ереженің әрқайсысы оның дұрыстығын растайтын халықтың ауыз әдебиетінен алын­ған көптеген үлгі-нұсқаларын зерделеп түйін­деуден келіп шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс – қиындығы мол, еңбекті көп керек ететін іс, көп уақыт пен орнықтылықты қажет етеді». Алаш зиялысының жиырмасыншы ғасырдың басында айтқан сөзі бүгінгі таңда да өзекті мәнге ие болып отыр. Әсіресе, қазақ тілінің мәселесі арнайы бағдарлама негізінде жолға қойылып жатқан кезде біз төл тілімізді әлемдегі сөз қоры бай тілдердің қатарында екенін көрсетіп, оны игеру елімізде тұратын барша ұлт үшін маңызды қадам болатынын дәлелдей түсуіміз керек. Осынау бағдарлама қоғам талқысына түскелі тіл мәселесі көптеген жиындарда айтылып жатыр. Күні кеше ғана Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында тіл мәселесі тысқары қала алмады. Керісінше, мемлекеттік тілге қатысты мәселе көтеріп, оны қолдану мен дамыту бағыттарын ұсынушы өзге ұлт өкілдері баршылық болды. Мәселен, Қазақстан корей­лері ассоциациясының президенті Роман Ким мемлекеттік тілді үйрету мен үй­ренуге байланысты кеңестік кезеңдегі тарихи бауырмалдылықты алға тартты. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары күштеп көшіріліп, осында қоныстанған корейлерге қазақтардың қалай пана болғанын айтқан ол қазір көптеген корейлер мемлекеттік тілде жақсы деңгейде сөйлеп жүргенін айтты. Қазақ тілін үйренуге тіпті сонау Корея елінде де ықылас бар көрінеді. Оның пікірінше, тілді үйрену бұл біздің міндетіміз ғана емес, моральдық және адамгершілік қасиетіміз, сонымен қоса барша қазақстандықтардың парызы болуы тиіс. Бүгінде қазақ ұлты туралы қандай да бір мәселе көтеріле қалса, оны кейбіреулердің өзге ұлттарға жасалған қиянат деп бағамдайтыны рас. Сол күдіктің әлі де бар екенін айтқан Елбасы сессия кезіндегі жарыссөз барысында: «Біз кей елдердегідей тілімізді білмегендерге «елден кетіңіздер» деген талап қойған жоқпыз. Алайда қазақтар өз тілінің болашағына алаңдаса, оны басқаша түсінетіндердің табылатыны бар. Егер Ассамблея мүшелері мемлекеттік тіл мәселесіне көбірек түсіне қараса, біз нағыз біртұтас елге айналамыз. Шынында, көп тіл білген адам – нағыз бай адам. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлттар арасындағы қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі – ақпараттық технологиялар тілі. Әлемде бірнеше тілде қатар сөйлейтін мемлекеттер бар», – деп атап өткен болатын. Одан бөлек, кейбір елдердің тіл саясатына қатысты теріс тәжірибесін мысалға келтіріп: “Біз олай етпейміз. Біз басқаша бітімдегі халықпыз. Біз жұрттың бәрін түсінуге тырысатын, жұрттың бәрін құшағымызға алуға дайын тұратын халықпыз. Ешкім де қазақтарды өзгелерді тілді білмегені үшін кемсітті деп кінәлай алмайды. Ортақ тілді білу қай-қайсымызға да қажет. Осылай ету арқылы біз бір халыққа – Қазақстан халқына бірігеміз, бір-бірімізге жақынырақ бола түсеміз”, – деген еді. Расында, Президент айтқандай, қазақ тілі бар­шамызға ортақ тіл болса, қолданыстағы орыс, ағылшын тілдері қосымша көмекші тілдердің функциясын атқару керек. Елімізде статис­тика бойынша қостілділердің саны 70 па­йыздан жоғары болса, ал үштілділердің (қазақ, орыс, ағылшын) үлесі 5-6 пайыздан асады екен. Көп тіл білу үшін де төл тілінде жақсы сөйлей білу маңызды болып отыр. Мәселен, АҚШ елінде жүргізілген тест нәтижесі өз тілін толық білетін эмигранттың балалары қоршаған ортаның тілін тез игеріп әкететінін көрсетіп отыр. Тесттің қорытындысы бойынша ата-анасы баласымен ана тілінде ғана сөйлесіп, өзге тілден сөздер араластырмаса, оның екі тілді де оңай игеріп кететіндігі анықталған. Яғни көп тілді полиглот болудың негізі – өз тіліңді жетік меңгеру. Неғұрлым ана тіліңе қаныққан сайын басқа тілді ұғынықты қылудың мүмкіндігі артады. Еліміздегі тілдің үштұғырлылық тұжырымдамасын ескерсек, тіл мәселесімен күнбе-күн айналысу керек. Себебі қазақ тілі жетекші ұстанымға ие болмай, оны мемлекетімізде тұратын халықтың басым бөлігі игеріп, тілдік қолданысқа салмай, тіл саясатында анау айтарлықтай жеңіске жеттік деп айта алмаймыз. Бұл бағыттың басында әуелі әуені бір өзге ұлт өкілі емес, біріншіден, намыс пен ұлтжандылықты қам­шылаған қазақ ұлтының өзі болу керек. Сол кезде ғана Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген ұранының үдесінен шығамыз. Қазақстанда туған тілді және өзге тілді игеруге толық жағдай жасалған. Бұл үшін тиісті жұмыстар жасалып, қажетті орта қалыптасып келе жатқаны анық. Бір айта кетерлігі, Елбасы сессиядағы сөздің тоқетерін: “Мен мемлекеттік тілде сөйлеп, сол айтқанымды барша жұрт түсінетіндей күнге жетуді арман етемін”, – деп аяқтаған болатын. Елбасының тіл саясатына қатысты ұстанымын қырағы жұрт енді түсінгендей. Алдағы онжылдыққа негізделе жасалып жатқан «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы» Елбасының арманына сай қалыптасып жүзеге асса, барша қазақстандықтардың ұтары сөзсіз. Сұлтан ТАЙҒАРИН

4416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6602

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5912

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3655

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3039

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3000

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2976

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2705

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2690

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы