• Ақпарат
  • 19 Ақпан, 2009

Үш күн... Ұлық мейрам несібесі ме?

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін қазақ еліне үш күн бойы тойлау құрметі бұйырғалы тұр. Оған Үкіметтің Мәжіліске тапсырған «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» Заң жобасы куә. Елбасы былтыр бір топ бас редакторларды қабылдағанда «Ана тілі» газетінің басшылығы Наурыз мерекесіне орай бір апта демалыс жариялау жөнінде ұсынысын жеткізген болатын. Айтылған сөз жерде қалмай, жоғары жақтағыларға қозғау салғаны қуантады, әрине. 

«Жаһандану жағдайында байырғы дәстүрлерді сақтаудың, жаңғыртудың мәні арта түсетіні түсінікті жай. Соның бір келісті көрінісі – Наурыз. Бүгінде Наурыз Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мерекеге айналды», – деген еді Президентіміз Н.Назарбаев қазақ баспасөзінің редакторлары бас қосқан жиында. Демек, Ұлыстың ұлы күні – Қазақстан халқын ұйытатын ұлық мереке болуы тиіс. Былтыр қазақ басылымдарында мәдениеттанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлы мен Серік Ерғалидың «Наурызды мерекелеу неге науқанға айналады?» деген тақырыптағы мақаласы жарияланған-тұғын. Авторлардың ойы түсінікті. Жыл сайын жетім қыздың тойындай жетімсіреп өтетін Наурыздың ауқым-аясын кеңейту ғой баяғы. Бірақ сол үшін ата-мұра, салт-дәстүрді жоққа шығаруымыз керек пе? Дихан Қамзабекұлының «Наурыз неғұрлым этнографиялық сипат алған сайын соғұрлым томаға-тұйықтала береді» дегенін қалай түсінуге болады? Одан әрі киіз үйге, ұлттық киімге килігеді. Енді қалғаны өзге ұлт өкілдері түсінбейді екен деп ата дәстүрімізден бас тарту ма? Егер Наурыз мерекесі этнографиялық сипат алмаса, онда ол несімен ұлттық мейрам болмақ? 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп еліміздегі диаспоралар мен этностарды ұлттық киімімен, жөн-жоралғыларымен шеру тартқызамыз. Ол аздай, түрлі мекемелерде солардың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетеміз. Сөйте тұра, ел иесі қазақтың – ата салты ең басты ұлттық мерекемізден орын алмау қажет пе? Бұл жерде тағы да Елбасының «Наурыз Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мерекеге айналды» деген сөзін алға тартқымыз келеді. Қазақстанның шекарасына сыйған өзге ұлт өкілдері қазақтың киіз үйінің шаңырағына сыймайды деп кім айта алады? Ары-беріден соң өзге ұлттардан бұрын туған тілін ұмытқан қазақтардың бетін бері қаратып, төл тарихына ойлы көзбен қарататын ұлттық мейрам, ондағы көрініс табар тамыры тереңге тартқан ата дәстүр емес пе? Ұлттық мейрамның кең көлемде аталмау себебі этнографиялық сипатта емес, әлі де болса патриоттығымыздың дамымауынан, сосын жоғары жақта отырған ақжағалылардың ұлтқа жаны ашымауынан екенін елдің бәрі біледі. Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлерді негіз ете отырып қанат жаюын мектептерге, балабақшаларға «Ұлттық мәдениет», «Ұлттық дүниетаным» пәндерін енгізу арқылы қамтамасыз етуге болары айқын. Осылайша таным мен тәрбиені мерекелік шарамен ұштастыру ел абыройын асқақтата түсері хақ! Алдағы Наурыз жайшылықта да демалысқа, «кішігірім мейрамға» баланатын сенбі, жексенбі күндеріне дөп түседі екен. Талайымызға бұйырған үш күн демалыстың қалыпты күндерден ерекшелейтіні ¬– дүйсенбі күні ұйқыңызды қандырып алуға мүмкіндік туатындығында болмақ... Бәлкім, бүгінгідей дағдарыс қысқан уақытта демалыс кездің өзін тиімді пайдалану жағын ойлаған дұрыс шығар. Ойталқы Сейіт КЕНЕЖАХМЕТ, этнограф: – Наурыз ¬– Шығыс халықтарына ортақ мереке. Ерте дәуірде бұл мейрамды 9 немесе 7 күн тойлайтын болған. Көктемнің, тіпті жылдың басы санатындағы Наурыз қасиетті айға баланады. Осы шақта күн мен түн де теңеледі. Оның бір күнге арналған жөн-жосығы, дәстүр-қағидалары үлкен зерттеулерді қажет етеді. Кеңес өкіметі тұсында Наурызды тойлауға тыйым салынды. Егемендігімізге қол жеткелі бері ұлттық рухымыз бостандыққа шықты. Сонымен бірге Ұлыстың ұлы күні де қайта тірілді. Әйтсе де, Наурыз мейрамының қазіргі тойлануы көңіл тұшындырмайды. Дегенмен, Үкіметтің ұсынысын Парламент мақұл көрсе, ол олқылықтың орны да толар. Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, Мәжіліс депутаты: – Ежелден ұлтымызбен біте қайнасып келе жатқан төл мерекеміз – Ұлыстың ұлы күні. Қызыл империя бір кезде Наурызды діни мереке ретінде жоюға тырысты. Бірақ ол тәуелсіздігіміздің арқасында ортамызға қайтып келді. Бұл мерекені көптеген түркі елдері үш күн тойлайды. Той-томалақ, мейрам деген жақсы ғой. Оның бәрі де – елдегі тыныштықтың нышаны. Наурыз – жалғыз қазақ емес, жалпы Қазақстан халқының ортақ мерекесіне айналарына сенемін. Арман ӘУБӘКІР

3011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы