• Тұлға
  • 24 Қараша, 2010

Сұхбат сардары

d181d183d185-d181d0b0d180Қажы Қорғанұлы – Қазақ телевизиясының көрнекті ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,«Құрмет белгісі» орденінің иегері. Қазақ телевизиясында 40 жылға жуық қызмет істеген. Ұлттық телевизияның кезінде ең танымал, маңдайалды дикторларының бірі болған. Жампоз тележурналист ретінде де оның «Бір хаттың ізімен» телеэкспедициясы, «Үш бәйтерек» телехикаяты, «Киіз үй», «Төрт түліктің төресі», т.б. көптеген бейнефильмдері Қазақ телевизиясының алтын қорына қосылған.

Редакцияда отырмыз. Теледидардан жергілікті «Жаңа­лықтар» жүріп жатқан. Дикторымыз Гүлмира Уәлиева кезекті материалды оқи бастаған. Құлағын түре, бір сәт тына қалды. – Міне, міне, мәнері, ырғағы – бәрі дұрыс-ақ, төселген, –деді сәлден соң Қажекең. Өмірі осы бір кәсіп десе, басқа әңгіменің бәрі адыра қалып, жанып түсетін, әсіресе, бүгінгілердің біразына назы көп, оңайлықпен аузынан жағымды сөз шыға қоймайтын тарланның мына лебізіне кәдімгідей-ақ ішім жылыды. – Жүргенов атындағы ака­де­мияның түлегі, – дедім мен де қостай кетіп.Құдай қаласа, ғұмырының ең бір жарқын жылдарын сарп еткен кәсібінен сыр суыртпақтайтын сәті түскелі тұр. Сөзге шешен, мінезі ашық бола тұра, өзі туралы айтуға келгенде сараң, ылғи әңгіме ауанын лып еткізіп басқа арнаға бұрып жіберетін әдетін бұрыннан білемін. Бірақ аяқасты­нан сөзді өзі сабақтады: – Дикторлықты біреу ойлайды, дайын дүниені оқып беретін қызмет деп. Күні бүгінге дейін солай. Оның барша журналистер мен редакторлардың еңбегін жүрегінен өткізіп, мыңдаған аудиторияға ұсы­натын аса жауапты қызмет екенін тү­сінгісі келмейді. Саналы адам мо­йындар еді: диктордан керемет журналист шығады. Ал журналистен нағыз диктор шыға ма, әй, қайдам.. – Ал өзіңіз дикторлыққа қайдан «ұры­нып» жүрсіз? – Менің дикторлығым 19 жасымда Құдай айдап Ақтөбеге барып, ондағы филармонияға әртіс болудан басталған. Диктор боламын деген мүлде ойымда жоқ: арманым – әртіс болу. Қатардан қалмай оқу керек болғандықтан, сондағы мәдени-ағар­ту училищесіне оқуға түстім. Оқып жүргенде марқұм Марат Оспановтың әкесі Тұрдыбек Оспанов сол кезде облыстық филармонияның директоры еді. Сол кісі бізге сабақ береді екен. Бір күні сабақ үстінде бәрімізді жеке-жеке тұрғызып, «кім болғың келеді?» деп сұрағанда, мен әртіс болатынымды айттым. Сонда әлгі кісі «бала, онда мұнда неғып отырсың, ертең бізге кел» деді. Ертеңіне бардым, өзім жатқа білетін бір-екі тақпағым, бірауыз көркем сөзім бар-тын, соны оқып беріп едім, бірден қабылдандым. Бірден дейтінім, әлгі кісі «дауысы ғажап» деп, сыртымнан тәнті болса керек. Мақтанды дейсің ғой, дей бер, рас, дауысым­ның өзгелерден ерекшелеу екенін, қа­ді­рін өзім де сезетінмін. ...Ақыры, сен бала, іштегіме іш тартып отырсың ғой, айтайын енді. Менің телевизиядағы бағым­ды ашқан – сахна өнері. Жасым жиырмадан жаңа асқан кез. Алдымен облыстық филармонияда, кейін «Қазақконцертте» Роза Бағланова, Үрия Тұрдықұлова, Жәлекеш Айпақов, Рахила Ақжарова, Мұрат Өскенбаев бригадаларында конференсье болып қызмет істедім. Сондағы сахна оғыландарының орны бөлек еді. Қазақстанның халық әрті­сі Қали Жантілеуов ағайды екінші Құрманғазы десе де болады. Бес жасынан домбыраның құлағында ойнаған әрі ғажайып әнші. Ол кісінің жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы бір ғанибет. Маңғаз, байсалды, керемет гуманист адам. Сол кісімен сапарлас болған кездерім – ең бақытты сәттерім. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәулескер күйші, марқұм Жәлекеш Айпақов – Қазанғаптың сұңғыла шәкірті. Онымен де жүз күн бірге жүрдім. Жәлекеңнің табиғаты Қалидан бөлек. Екеуі екі түрлі әлем, екі түрлі өрнек. Ой-хой, драма әртісі әрі әнші Рахила Ақжарова апай­ды айтсаңшы, хас шебер-ау, хас шебер! Маған өнердің құдіретін, киесін мойындатқан кісілер. Маған өнердің үлкен жауапкершілік екенін ісімен ұғындырғандар еді. – «Жарты жыл конкурс жариялап, қырық бір адамның ішінен таңдап алып едік», – депті сіз турасында сол бір жылдарда Ақтөбе телерадиокомитетінің төрағасы бол­ған М.Козин деген кісі. Небір тарландардың ортасына түсіп, әртіс боламын деген қайран арман гүліңіз бүр жара бастағанында, неге аяқастынан айнып қалдыңыз? – дедім, ептеп қана жылы әзілмен. – «Содан не таптыңыз?» дегің келіп отыр ғой, шамасы. Дикторлық та – өнер. Қыр-сыры көп, технологиясы күрделі өнер. Диктор болғанда сен мәтіндегі бір сөздің реңін бұз­бай оқып отырып, сол мезетте одан кейінгі екі сөзді де өрнекшідей тоқып отырасың. Мен үш сөзді қатарынан көре, тоқи отырайын деп ұмтылдым, бірақ меңгере алмадым. Дикторлық пен журналистік мәтіндерді кейде тік және көлбеу дауыс әдістерімен оқуға тура келеді. Енді бірде бірінші жолды оқып отырғанда астыңғы екінші жолдағы редактордың да, машинистканың да қатесін көзің шалады. Байқайсың да көз-көкейіңмен түзете бересің. Ал тікелей эфирде­гі диктор көбіне саперлер сияқты. Қателеспеу керек. Қателесе берсең, аяғына жем түскен ат та бір, сен де бір. Көрерменнің көңілі қалады. ...Әй, мен бір қызықты айтайын ба, сол кездегі теледидар дикторының даңқы ғарышқа ұшқан ғарышкерден кем болған жоқ, ей! Кешегі Кеңес заманының бір жылы Алматыда жетінші қараша күні орталық алаңдағы мерекелік шеруден репортаж жүргізіп болып, үйге қайтып келе жатсам, алдымнан орыстың бір шалы қарсы кездесіп қалды. «Жігітім, амансың ба? Халің қалай?» деп үйіріле кетті. Күтпеген жерден сәл тосылсам да, таныдым. Сонау алпысыншы жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген Николай Иванович Журин екен. «Біз баяғыда сендерді көшеде көргенде, бұрылып қарап: «Әне, біздің дикторлар кетіп бара жатыр» деп мақтанатынбыз» деді аңқылдап. Өзі орыс, біз сонда Мәриям Айымбетова екеуміз де қазақша оқитын диктормыз. Міне, диктордың беделі, дикторға деген құрмет! Сол алпысыншы жылдары Ақтөбеде жертөле тоқал тамымызда келіншегіміз Клара екеумізге бір күні пештен иіс тиіп, мұрттай ұштық... Мұны сол кез­дегі телерадиокомитеттің бастығы Ми­хаил Николаевич Козин естіп, «ойбай, масқара болдық қой» деп жүрегі тас төбесіне шығып, зәре-құты қалмапты. Содан обкомның екінші хатшысы «дереу келсін» деп шақыртыпты. Мәриям екеуміз бардық. Мұхамеджанов деген кісі. Жай-күйімізді сұрастырып біліп алыпты. «Қарақтарым-ау, сендерде үй жоқ па еді?» деп бәйек болды да қалды. Дереу бір аптаның ішінде маған екі бөлмелі, Мәриямға бір бөлмелі қаланың қақ ортасынан пәтер бөлгізді. Ал не дейсің енді? Ол кезде тоқал жертөледе тұратын, үй ішіне үй тігіп отыратын біз секілді пақырларың жетіп-артылатын. Дик­тордың кім екенін, қандай бол­ғанын енді өзің түсіне бер. Сонда олар, біріншіден, телевизияны сыйлады. Алдымен, соның беделі. Екіншіден, сенің беделің. Жақсы болсаң – сыйлысың. Жаман болсаң, «е, мынау бір ләйліген, дәлдүрлеген біреу екен» деп, көзіңше бір шай беріп, сыртыңнан жамандап отыратындар да болды. Екінші рет сені қабылдамайды да. Беделдің елу па­йызы телевизиянікі де, қалғаны өзіңе байланысты. – Қажеке, менің білетінім, сізге телеғұмырыңыздың басым көп­шілігінде жақсылардың жарығын көруге жазыпты. Еңбек алыптары Жазылбек, Ыбырай және Шығанақ аталарымызды былай қойғанда, еліміздің ауыл шаруашылығы ха­қындағы: «Қорғанов шопандар мұңын жоқтап, оларға қат-қабат ер-тұрман, жиһаздар, киіз үй мен оның бұйымдарын көбейту, сапа жағынан жақсарту мәселесін үш жыл бойы көтеріп, қайта-қайта айтып отырды. Оған министрліктерді де қатыстырды, шопандардың арыз-шағымын тыңдатты, біресе Үштөбе­ге (онда киіз үй жасалады), біресе Георгиевкаға (ер-тұрман сонда жасалады) барып, қайта-қайта көрсетіп, ақыры нақты нәтижеге жеткеніңіз­ді» (К.Смайылов) және басқа да өзекті мәселелер туралы толайым дүниелерді айтпағанда, ұзын саны 45-ке жуық телетоптамаңызда қазақтың небір марқасқалары, ел жақсылары, жайсаңдарымен жүздесіпсіз. Жай бір кездесу болса бірсәрі, сол бейнетаспалар көп жақсының көзіндей әсер қалдырады екен. Оның үстіне өзіңіз құрастырған 15 шақты кітап тағы бар. Дуалы ауыздардан қалған дауа бар шығар? Тереңге тартар сауалды төтесінен қойған мен жайбарақат, Қажекең аз-кем үнсіз ойланып отырды. Сәлден кейін: – «Биік төбеге шықсаң – көзің ашылады, жақсымен жолдас бол­саң – көңілің ашылады» дейді ғой. Жақ­сылардың, рас, жарығын да, ша­рапатын да көрдік. Бұл өзі – шы­ғармашылық адамына керек «оттегі», – деп әңгіме тиегін қайта ағытты. – Мен дидарласқан, кейде сырласқан кісілердің әрқайсысы – бір мектеп. Бірақ журналиске дүниеде кісінің кілтін табудан артық азап жоқ. Бірі бір көргенде жел жағынан жүргізбейтін секілді. Екіншісі жеті атасы­нан қаракөк дерсің. Қытығына тисең, қағанағы қарс айырылды. Үшіншісі – жуас-қоңыртөбел, бірақ ердің сойы. Төртінші, бесінші, ары қарай солай түрленіп жүре береді. Ал сен болсаң отқа үйір қанкөбелектейсің. Сұхбат алу сырт көзге түк қиындығы жоқ секілді. Жібектей есіліп, әңгіме жарасып кеткен сияқты көрінеді. Бірақ қу жүрегің сезеді, кейіпкеріңнің сырлы сандығының кілтін әлі тапқан жоқсың. Осындайда іштей аласұ­рып отырғаның. Мысалға, Қазақстан­ның Халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой суретші, еліміздегі бірегей Абай ескерткішінің авторы, марқұм Хакімжан Наурызбаев ағайды алайықшы. Абай, Жамбыл, Шоқан, Амангелді, Құрманғазы, Дина ескерткіштерінен бастап 300-ден артық бейне бедерлеген бір­туар, жаратылысында тым қарапайым кісі еді. Енді қызықты қараңыз, Хақаңа кемеңгер Абайдың болмыс-бітімін мүсін тілінде сөйлету қандай күрделі болса, маған ағамыздың да жан түкпіріндегі сыр пернесін дөп басу сондай қиын еді. «Мұхаңа Абайдың бірінші жасаған мүсін-нобайым ұнаған жоқ. Ақыл-кеңесін тыңдағаннан кейін дана ақынның мұрасына күн демей, түн демей қайта үңілдім. Ақыры, Абайдың бейнесін түсімде көрдім», – деп басталатын әңгімесін айтқызу үшін шеберханасын шыр айналған шығармын. Ал бекзат болмысты академик Өмір­зақ Сұлтанғазиннің де жаратылысы қарапайым, инабатты. Әйгілі ма­тематиктің «ішіне кіру» үшін сұхбат сабағын туған жерінен бастағанмын. Бір нүктеге қадала біраз үндемей отырып, бір уақытта баяу үні естілді: «Қараобаның әр төбе-қыры, айдын көлі, сайын көкорай жазығы есімнен мәңгі кетер ме. Әсіресе, бала кезімде жылқы бақтық. Жазда түнде далада қонып жатып, аспандағы жыпырлаған сансыз жұлдыздарға қызыға қарап, санап тауыса алмай, ұйықтап кететінбіз», – дегеннен-ақ, Өмірзақ ағамыздың ағынан ақтарылатынына қуанып кетсем де, сыртқа сездірмеуге тырысқаным есімде. Ол кісінің көңіліне сәл болса да алаң кіргізсең, аяқастынан бәрін де кілт тыйып тастауы да мүмкін. Іші тардың таласып тозатынын, іші кеңнің кеңесіп озатынын, ішіндегісі – түрінде, түріндегісі – тілінде дегенді меңзейтін болмысына тәнтімін. Қазақтың марқасқа жампоздары академиктер Манаш Қо­зы­баев, Кен­жеғали Сағадиев, Сағын­дық Са­тыбалдин, қоғам және мемлекет қайраткері Шәңгерей Жә­нібеков, ақын-жазушылар Төлен Әбдіков, Қоғабай Сәрсекеев, Нұр­ғожа Оразов, тағы басқалармен болған телесұхбаттарымда ішкі да­йындықтың көп пайдасын көрдім. Кейіпкеріңнің ғұмыр жолы мен тындырған ісін, сіңірген қызметін білу бір басқа да, адамдық мәнін ашуға келгенде, «қиналған Жамбыл жері осы» болады. Сұхбаттың тізгіні мен шылбырын ұстауға дағдылансаң да, кейіпкердің жан күйінің нәзік пернелерін дөп баса аласың ба?! Ылғи да портреттік сұхбаттың бас­тауында тілге тиек ететінім – туған жері... Өйткені қандай адамның болса да, жақсы-жаманының түп негізі туған жерден қаланатынын ұқтым, – деді Қажекең, кейіпкерлері сияқты өзі де сөзін үзіп, терезе жаққа үнсіз қарады.. Осы сәтте ақтаңгер журналистің әріптес інісі, филология ғылымдарының докто­ры Құдайберген Тұрсынның: «Көңіл түкпіріндегі өнерге деген пәктік тазалығы. Осы қасиетті экранның өн бойына дарытқан «тұлпар ша­быс­ты» майталманның жүргізушілік шеберлігіне талай рет тәнті болғаным бар»; «Қажекең «көгілдір экранның» қынабынан суырылған қылыштай, өткір найзасына айналған «ақберен жұлдыздарының» бірі болды» деген сөздері ойыма оралды (Қ.Тұрсын. «Қазақ теледидары». А.: «Digital Media Asia», 2008 ж.). Ұлт телевизиясына жан жүрегі­мен берілген тележурналист Гүлмә­рия Барманбекова «Түркістан» га­зетіне берген сұхбатында: «Қажы Қорғанов, Ғұсман Игiсiнов сынды шешен де шебер телекомментаторларды пiр тұтып өстiк» деп мақтан тұтады. Шынайы сөз. Зердемде сонау құлдыраған бала кез. Ауылымызда тұңғыш теледидар әкеп орнат­қан біздің үй. Совхоз киномеханигі шатырдың үстіне шығып, ұп-ұзын бақан байлап, төменнен мені қа­рауыл қойған. Міндетім: терезеден бөлме төріндегі теледидар экранын бақылау. Түрлі жолақтар жыбырлап, қырыл-сырылмен біраз уақыт өтіп, әйтеуір бір уақытта жарқ етіп экранда бір кісі пайда болды да: «Сіздерді жаңалықтармен таныстырған – диктор Қажы Қорғанов» деп сабырлы, ашық дауысымен үйге кіріп келгендей болды. Әлі күнге дейін сол бейнесі мен сөзі көз алдымда. Мектепке бармаған, бұрын теледидарды көрмеген ойын баласы үшін бұл үлкен оқиға болатын. Мұны қалай ұмытарсың. Қажекеңнің қосағы Клара Мүр­сәлімқызы Қорғанова да – қазақ телевизиясының бедерлі режиссері ретінде айқын қолтаңба қалдырған ардагер. Кезінде «Алатау» арнасы­ның бас режиссері болып, небір телебаяндарға жетекшілік жасаған ұлағатты ұстаз. Отбасынан қияға ұш­қан үш қызы – Диана, Ұлпан, Дана үйлі-баранды, бақуатты ғұмыр кешіп жатыр. Қажекең екі немересі Дархан мен Фаридасының би өнері үйірме­сіне барғанына іштей сүйсінеді. Қажекең – әлі тың, жанкешті ең­бекқор. Шығармашылық жоспа­ры­ның шет жағасын ептеп сездірген-ді. Оны несіне айтайық, күндердің күні сұхбат сардарының көптен бергі зерттеп жүрген дүниесін оқырманы ерекше бір ықыласпен қабылдайтыны анық, мен оған сенемін. Жанұзақ Аязбеков, Қазақстанның Құрметті журналисі Қостанай

6620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5922

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5552

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3291

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2675

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2636

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2613

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2347

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2329

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы