- Тіл
- 24 Қараша, 2010
Орыстілді маман дайындауды азайту керек
Бәрімізге белгілі, тіліміздің еліміздегі үстемдігін орнықтыру оңай шаруа болмай тұр. Өйткені қазақтілділер саны аз. Орыс тілін білетіндер көп. Ал олардың санын азайту керек-ақ. Біздіңше, оны жүзеге асырудың бір жолы бар сияқты. Біз өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап орыстілділерді қазақша сөйлетеміз деп, соған бар күш-қуатымызды жұмсап келдік. Біздің пайымдауымызша, қазақ тілінің болашағы – қазақ тілін өзгелерге оқытып-үйретуде емес, қазақша оқытуда жатқан сияқты. Оның мәнісі мынада. Бір қарасаң, бәрі орынды секілді. Орыстілділерге мемлекеттік тілді оқытып-үйретіп жүрміз. Екінші жағынан қарасаң, еткен еңбегіміздің нәтижесі шамалы болып тұр. Сосын осы орысша білім беретін түрлі деңгейлік оқу орындарындағы қазақ тілі пәні мен тіл үйрету орталықтарының мемлекеттік тілді дамытуға ықпалы қаншалықты болып жатыр екен деген ойға қалып, осы бізден басқа жұртта мұндай мәселе бар ма, жоқ па деп зерттеп-зерделесек, өзін ұлттық мемлекет санайтын және жергілікті ұлт тіліне негізделген мемлекеттік тілі бар дербес елдердің ешқайсысы өзіне қажетті мамандарды көрші ел тілі тұрмақ, халықаралық тіл саналып жүрген ағылшын тілінде де дайындамайды екен. Біз болсақ, Ресейдің мемлекеттік тілінде мамандар дайындап қана қоймай, содан соң оларды мемлекеттік тілімізде жұмыс істете алмай әлек болып жүрміз. Бұл аздай-ақ, енді биылдан бастап еліміздің жастарын ЖОО-да ағылшын тілінде оқытып, жоғары білімді маман етіп дайындап шығаруды қолға алғалы жатырмыз. Олардың кімге, қай тілде қызмет ететінін бір Құдайымыз білсін. Мүмкін олар білім-біліктілікті ағылшын тілінде меңгеріп, ағылшынша мүлтіксіз сайрап, бірақ мемлекеттік тілде әрең сөйлейтіндей дәрежеде бітіріп, маман болып шыққан кезде олардың қарауында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары ағылшынтілді болып кетер. Осындайда білікті мамандар ел тұрмысы үшін керек пе, әлде шетелдіктерге қызмет ету үшін керек пе деген ой келеді екен. Шынында да, аса керек болып жатса, санаулы жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге жіберіп оқытуға болады ғой. Солай етіп жатқан да сияқты едік. Әрине, егер ол жақтан оралып, мамандық алып келгендер өз ана тілін ұмытып қалмай, ел тірлігі үшін қызмет етіп жатса жақсы. Бұдан шығатын қорытынды, басқа елдердегідей (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, т.б.) өз қалтасынан ақы төлеп, шетелдерде оқимын дегендерге жол ашып, керісінше, мемлекеттік грантпен орыс, ағылшын тілінде түрлі кәсіп иелері мен жоғары білімді мамандарды шектеу керек. Сонда ғана елімізде тұрып, тіршілік еткісі келетін орыстілді отандастарымыз өз балаларының болашағын ойлап, қазақ мектептеріне бере бастайды. Бұл дегеніңіз орыс мектептерінің азаюына апарады. Біреулер біздің бұл пікірімізбен келіспей, кәсіби орта және жоғары білімді орысша да, ағылшынша да бере беру керек және ондай білім ошақтарында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытып-үйретудің нәтижесі бар, оларды бітіріп, мемлекеттік тілде жұмыс істей алатындар шығып жатыр десе де, сол уәждеріне олардың арасынан мемлекеттік тілде қызмет етіп жүрген адамды көп кездестірмей, телеарналардан қазақша сөйлеп жүрген бірен-саран өзге ұлт өкілдерін алға тартып, үлгі етер. Бұл дегеніңіз өзімізді-өзіміз алдау ғой! Оларға сол қазақшаны оқу орындарындағы қазақ тілі пәнінің керемет оқулығы, үздік оқытушысы немесе олардың жаңа технологияға негізделген әдістемесі (методика) үйреткен жоқ, өмір үйреткен. Олардың барлығы – қазақы ортада туып-өсіп, тіл меңгергендер. Ондайлардың өзі де елімізде соншалықты көп емес. Осыдан ғой, еліміздегі басқа ұлт өкілдері мен орыстілді қандастарымыз өздерінің мемлекеттік тілден мақрұм екенін осы пәннің оқулығынан, әдістемесінен, мұғалім-оқытушыларынан көріп жүр. Мәселен, жуырда республикалық бір конференцияда үлкен бір дөкей орысша сөйлеп, орыстілділердің қазақша білмейтінін қазақ тілі пәнінің оқытушыларынан көріп, жазғыра сөйледі. Шынында да, осыған мұғалім-оқытушылар немесе олардың әдістемесі кінәлі ме екен? Біздің ойымызша, бұл – мүлдем қате түсінік. Олар әл-қадерінше өз міндеттерін адал атқарып жүр. Енді осы мәселеге кереғар таза қазақи ауылда туып-өскен өзіміздің қаракөздердің орысшаны тез игеріп, сөйлеп кетулеріне не себеп, олар мектепте оқытылған орыс тілі пәні мен оның мұғалімінің арқасында орысша сөйлеп-жазуды үйреніп жатыр ма, әлде біз – қазақтар тіл үйренуге ерекше қабілеттіміз бе, олай болса, орыстілді қандастарымыз «өз ана тілін» неге меңгеріп кете алмай жүр? – деген сияқты сұрақтар туындайды. Біздіңше, мектепте қазақтілділерге орыс тілін үйренудің негізі қаланса да, көп жағдайда одан тілді жатық біліп шығып жүргендер шамалы. Оларды өмір үйретті, қажеттілік үйренуге мәжбүр етті. Бұл, әрине, қазақ мектебі оқушыларына орыс тілі немесе орыс мектебі оқушыларына қазақ тілі пәнінің пайдасы жоқ дегендік емес. Бұл пәндердің әр жеке тұлғаның қабілет-қарымына қарай берері мол екені анық. Бірақ бізге дәл қазіргі уақытта қазақша аздап шүлдірлейтіндерді емес, нағыз қазақтілділердің санын арттыру маңызды болып тұр емес пе?! Оның төте жолы – басты назарды орыстілділерге қазақ тілін оқытып-үйретуге емес, Қазақстан қоғамын қазақша оқытуға, яғни қазақ мектептері оқушыларын және орта, жоғары кәсіби білім беретін оқу орындарының қазақ бөлімі студенттерінің санын арттырып, оларға білім-ғылымды, тәлім-тәрбиені қазақша беруге баса назар аударуда жатыр. Міне, сонда ғана қазақтілділер көбейеді. Бұл дегеніңіз – тілді тұтынушылардың саны артады деген сөз. Олардың саны артса, қазақ тіліндегі түрлі әдебиеттерге, газет-журналдарға, телерадио хабарларына, ғаламтордағы қазақша сайттарға, т.б. ақпарат көздеріне деген сұраныс күшейіп, олардың таралымы, ақпараттары көбейеді. Қазақ ақын-жазушылары мен қазақ газет-журналдары оқырмандарға, қазақ театрлары мен телеарналары көрермендерге, қазақша ғаламтор оны тұтынушыларға қарық болады. Керісінше, тіл үйретуді қажет ететіндердің саны селдіреп, оларға оны қалай үйретеміз, оқулықтың сапасын, оқытушылардың білімін қайтіп жетілдіреміз деген сияқты ұшы-қиырсыз машақаттан құтылып, халық қаражатын нағыз ділгір жерлеріне жұмсар едік. Бейбіт Жалелұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ-дың ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты

3414 рет
көрсетілді2
пікір