- Тарих
- 15 Желтоқсан, 2010
Білімдінің келешегі кемел
Биыл Атырау мұнай және газ институтының ашылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішіндегі институттың жүріп өткен жолына көз сала отырып, өзінің адал еңбегімен осы жоғары оқу орнын құруға және де дамытуға өлшеусіз үлес қосқан адамдарды ерекше еске аламыз.
Батыс Қазақстанда жаңа ірі мұнай және газ кен орындарының ашылуымен бірге біздің қаламызда мұнай саласындағы жоғары оқу орнын құру қажеттілігінің бірқатар объективті жағдайлары пайда болды. Біріншіден, өңірдің мұнай-газ ісінің білікті кадр мамандарына деген сұраныстың өсуі. Екіншіден, Гурьев қаласында (Атырау) ғылыми-педагогикалық кадрлар шоғырланған болатын. Бұл жерде Қазақ политехникалық институтының оқыту-консультативтік пункті және бірқатар ғылыми-зерттеу мен өндірістік мекемелер жұмыс жасады. Сол себептен де Атырау мұнай және газ институты басынан бастап-ақ, облыстағы мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлайтын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны және де мұнай, мұнай-химия ғылымын дамытудың басты орталығы ретінде құрылды. Қазақ политехникалық институтының жалпы техникалық факультетінен оқыту-ғылыми орталығына, одан соң атыраулық филиалға қайта құру идеясы менің бастамаммен алға ұсынылып, Қазақ политехникалық институтының басшылығы және бір топ ғалымдарының арқасында мақұлданды. Сол кезеңдердегі Оңайбай Көшеков, Есен Тасқынбаев, Асқар Құлыбаев, Равиль Шырдабаев бастаған облыс және қала басшылары да мұнай жоғары оқу орнының ашылуын қызу қолдап, институттың қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Институт тарихындағы маңызды кезең 1988 жыл болып табылады. Нақ осы жылы «Бұрғылау», «Химиялық технология», «Жолдар мен аэродромдар құрылысы» мамандықтары бойынша үшінші курстан бастап Алматының жоғары оқу орындарында оқуларын кезекті жалғастырумен күндізгі оқу бөліміне алғашқы студенттерді қабылдау жүзеге асырылды. Ал 1990 жылы оқуға қабылданған бірінші курс студенттері мұнай саласы мамандықтары бойынша барлық бес жыл бойына осы жерде оқып және Атырау мұнай және газ институтының дипломын алатын болды. Сөйтіп, 1998 жылы өз алдына Атырау мұнай және газ институты болды. Осылайша көптеген жылдар бойы біздің қаламызда тек өндірістен қол үзбей, кешкі-сырттай оқыту үлгісінде ғана жүзеге асып келе жатқан жоғары техникалық білім беру көптен күткен жаңа күндізгі оқыту үлгісіне қол жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңге қарамастан, еліміздің мұнай өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау ісіне баса назар аударылды. Сондай сәтте Елбасының арнайы тапсырмасымен осы білім ордасын көтеру маған жүктелгені үлкен сенім әрі жауапкершілік деп түсінемін. 2000 жылдан студенттер құрамы елеулі түрде өсті. Оқу аудиторияларының жетіспеушілігінен туындаған күрделі мәселе бірінші кезекте тұрды. Студенттік қалашықтың құрылысын салу туралы шешім қабылданады. XX ғасырдың әр жылы Атырау мұнай және газ институтының тарихында ерекше мәнге ие бола түсті. 2000-2001 жылдары Батыс Қазақстанда бірінші рет «Мұнайхимиясы», «Бұрғылау технологиясы мен ұңғыларды игеру», «Мұнай және газ кен орындарын әзірлеу мен пайдалану» мамандықтары бойынша докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөнінде халықаралық диссертациялық кеңес құрылды. Кеңестің құрамына қазақстандық ғалымдардан басқа Астраханьның, Уфаның, Бакудың, Ташкенттің алдыңғы қатарлы ғалымдары да енді. 2002 жылы Атырау мұнай және газ институты өз міндетіне Каспий маңы елдері университеттері қауымдастығының 7-ші Бас Ассамблеясы мен Махамбеттің 200 жылдығына арналған Каспий маңы мемлекеттерінің екінші универсиадасын ұйымдастыру мен өткізуді алып, халықаралық дәрежедегі шараны абыроймен атқарды. Бұл шараға Қазақстанның, Иранның, Ресейдің, Әзірбайжанның университеттерінен 750 студент жиналды. 2002 жылы тұңғыш рет «Атырау мұнай және газ институтының жаршысы» журналының және Каспий маңы мемлекеттері университеттері қауымдастығының «Ғылым және технология» атты халықаралық жинағының алғашқы сандары жарық көрді. 2003 жылы институт магистратурасы мен Францияның мұнай институты бірлесу нәтижесінде ҚазФраМұнай аталатын халықаралық магистратура ашылды. 2004 жылы Сапа менеджменті жүйесі мен «Бакалавриат-Магистратура» жүйесі бойынша оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді. 2004 жылы экономика факультеті үшін жаңадан №5 оқу корпусы, 2005 жылы Спорт кешені, келер жылы Студенттер сарайы салынды. 2008 жылы механика факультеті жаңа оқу жылын жаңадан салынған №9 оқу корпусында бастады. 2010 жылы Кітапхана ғимаратының құрылысын салу басталды. Қазіргі уақытта Атырау мұнай және газ институты дегеніміз: 6 факультет, 22 кафедра, 3 ғылыми орталық, 3 ғылыми-зерттеу орталығы мен зертхана, 47 магистратура мен бакалавриат мамандықтары, 7 мыңнан аса білім алып жатқан студент, 25 мыңнан аса бітіруші түлектер. Бүгінде Атырау мұнай және газ институтында жұмыс жасайтындар 350-ден аса оқытушылар мен қызметкерлер, Ұлттық Ғылым академиясының 2 академигі, Ұлттық Инженерлік академиясының 2 академигі, 47 ғылым докторы, 111 ғылым кандидаты қызмет етеді. Атырау мұнай және газ институты Қазақстан бойынша Каспий маңы елдері университеттері қауымдастығының жұмысын үйлестіруші болып табылып, Астраханьның, Калмыкияның, Дағыстанның, сонымен бірге Әзірбайжан мен Иранның университеттерімен белсенді түрде бірлесіп қызмет етеді. М.И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университеті, Санкт-Петербургтік ғалымдар одағымен, Ресей Ғылым академиясының А.А.Дородницын атындағы Есептеу орталығымен, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетімен және басқа да көптеген ТМД елдерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелерімен ынтымақтастығымыз жемісті болып табылады. Атырау мұнай және газ институты студенттерінің жетістіктерін санамалап шығар болсақ: республикалық пәндік олимпиадалардағы, Үздік студенттік ғылыми жұмыстар конкурстарындағы, республикалық КТК турнирлеріндегі, дебаттық турнирлердегі, «Интеллектуальные игры» атты телеарналық бағдарламадағы, халықаралық шахмат турнирлеріндегі, Екінші, Үшінші және Бесінші Каспий маңы елдерінің универсиадаларындағы, республикалық «Жас Қанат», «Караоке», «Супер Стар» және де тіпті «Қазақстан Аруы» сияқты шығармашылық конкурстардағы жеңістері мен жүлделерін айтуға болады. Институттың он студенті қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Президентімен белгіленген стипендиялардың, екі студент Қ.И.Сәтбаев атындағы және М.И.Усанович атындағы стипендиялардың, ал 17 студентіміз «Қазэнерджи» атаулы стипендиясының иегерлері. Атырау мұнай және газ институты өзінің отыз жыл өмірінің ішінде еліміздің жоғары техникалық білім беру жүйесінде базалық жоғары оқу орны бола алды деп толық сеніммен айта аламыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері алдында оқыған лекциясында «Біз бірлесе отырып барлық көздеген мақсаттарға қол жеткіземіз және Қазақстанда интеллектуалды ұлт құрамыз» деген болатын. Атырау мұнай және газ институтының барша ұжымы осы сенім биігінен көрінеді. Т.СЕРІКОВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының, Халықаралық Инженерлік академияның академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор

3561 рет
көрсетілді40
пікір