• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2010

Ноғайлы

d0bdd0bed0b3d0b0d0b0(Соңы. Басы өткен сандарда)

Іздерінен қалмай қуғандарға садақ жау­дырып, 60-100 қадам жерден діттеге­нін қалт жібермейді. Ат арқасында отырып, қайырылып садақ ату тәсіліне әбден жетілген түздіктер «қаша ұрысу» әдісімен жауды бөлшектеп, аттарын титықтатып, үлкен шығынға ұшыратады, ізіндегілер кері оралып қайта бас құрағанша, тұтқиылдан шабуылға шығып, тап-тап береді. Жетек аттарының тыңдығын пайдаланып, көп жағдайда жаудың алдын орап кетіп отырады. Ал қасқайып қарсы тұрып, шаппа-шап соғысатын жағдайда жел жаққа шығып, жауды күнге қаратып шайқасуға мәжбүр етеді.Шекаралық аймақтардан жылқы алғанда 6-7 сағатта 50-60 шақырымға ұзап кетеді де, табынды келген ізімен бір шақырымдай кері қуып, сосын жан-жаққа бытырау әдісін қолданып, қуғыншыны жаңылыстырып кетеді. Бір тудың астына біріккен рулық жасақ сарбаздары шайқас үстінде бір-бірін ажыратып тану үшін екі білегіне де тудың түсіне сәйкес шүберек байлайды. Үлкен, шешуші шайқастар алдында батырлар жекпе-жегі орын алды. Ауызға ілігіп, жырларға өзек болған көптеген ерлердің аты осындай жекпе-жектерде шықты. Мұндай айқастарды көзімен көрген Барбаро: «Шайқас десе, өмірін көк тиын құрлы көрмей, құлшынатындар жетіп артылады. Олардың жауды жапырған ерлігі қорқақтардың өзін батыр ғып жібереді» деп жазады (Барбаро и Конторини о России. К истории итало-русских связей. Л., 1577, 146-б.). Егер төтеннен шабуылға тап болып, қоршауда қалса, қоршау ішінде шеңбер құрып дөңгелене шапқылап ұрыс салады. Ол нысанаға айналып, иіріліп топталып тұрғаннан көп артық, ат екпінін пайдаланып, қоршауды бұзып шығуға да мүмкіндік бар. Ал шабуылда негізінен «толғама» әдісін қолданатын. 1501 жылы болған шайқаста Мұхаммед Шайбанидің осы әдісті оңтайлы қолданып, өзін қалай жеңіліске ұшыратқанын Бабыр жазып кеткен. «Бетпе-бет келгенімізде Шайбани ләшкерінің оң қанаты менің сол қанатымды орап өтіп, ту сыртымыздан шықты. Оған қарсы ләшкерлерімді бұрғанда, алғы ше­бім оң жақта қалып, басты ортаңғы шеп алды-артымыздан бірдей жауған оққа тұн­шықты». Бабырдың мәлімдеуінше, Дешті Қыпшақта «бірде-бір шайқас толғамасыз өтпейді». Аталмыш автор түздіктердің тағы бір шайқас тәсілінен хабар береді: батырлар, бектер, нөкерлерімен тарпа бас салардай жауға тура аттанады да, оқ жетер жерге тоқтай қалып жебе жаудырып, артынша аттарының басын еркіне қоя беріп, бытырап кері қашады. Әлгілерді соңынан қуған адам міндетті түрде тосқауылға тап болады. Осындай әрекеттерді қайталағандар «толыбатыр» атағына ие болады (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И., 345-б.).

Ноғайлы қалалары және Сарайшық

Тарихи деректер Ноғайлы билеу­ші­лерінің жаңадан қала салдырғанын атамайды. Шамасы, оның қажеті де болмаған. Өйткені Алтын Орданың орталық ай­мағындағы қалалар түгелге жуық солардың иелігіне айналды. Жаугершілік, соғыс зардабынан бүлінгендерін жамап-жасқап кәдеге жаратқан. Жошы ұлысының, яки Алтын Орда империясының Еуразия жотасында 140 қаласы болды. Оның 110-ының орны табылып, ауық-ауық жаңартылып отырғандығы қазба жұмыстары арқылы анықталды. Ал карталарға түскен 30 қаланың күлдігі әзірше таптыртпай отыр. Оның бәрін тізбектеп жатудың қажеті бола қоймас. Тек тақырыбымызға орай ертелі-кеш Ноғайлы жұртының табаны тигендерін атасақ та жеткілікті. Прут-Днестрдегі Ақкермен (қазіргі Белгород Днестровский), Дунайдағы Килия, Молдавиядағы Янги-Шехр (қазіргі Старый Орхей), Днестр мен Днепр аралығындағы Арғымақты Сарай, Ақмешіт, Балықлы, Днепрдің сол жағалауындағы Күшүгүр, Табан (Херсоннан 40 шақырым), Көн, Қырымдағы ескі Қырым (Солхат), Қырықер (қазіргі Чуфут-кале), Керіш (Боспор), Капа (Федосия), Солдея (Судак), Чембала (Балаклава), Дондағы Азақ (Тана) және байырғы атаулары белгісіз, қазіргі Краснохуторское, Павловское, Тишан-Дурновское, Глазуновское т.б. елді мекендердің орны, Солтүстік Кавказдағы Дербент, Тарки, Арух, Джулат, Лығыт, Мажар, Матрега, Қобандағы Қопа, Еділ-Жайық өңіріндегі үлкен Ырғыз, Ор (Оренбург орны), Теңдік, Сарайшық, Еділ бойындағы Бұлғар, Биляр, Сувар, Кашан, Ескі Қазан, Мохшы, Увек (Уақ), Белджамен, Ақтөбе, Сарай әл-Джедид, Сарай, Лапас, Тұмақ, Машайық, Суммеркент, Хаджытархан, Хобдадағы Байтақ, Қарғалы, Нұрадағы Тағағай, Батыс Сібірдегі Төмен, Искер, Қорған, қазақ топырағындағы Джент, Сығнақ, Яссы, Отырар, Созақ, Атбасар, Ордабазар, т.б. Алтын Орда жағырапиясымен те­реңірек танысқысы келгендерге 1320 жылы сызылған Санудо, 1327 жылғы Вес­конте, 1339 жылғы А. Дульцерт, авторы белгісіз 1351 жылғы және осы карталарды қамти отырып сызылған 1367 жылғы итальян көпестері Франциско мен Доменико Пициганидің, 1375 жылғы Католан атласын атап өткеннің артықтығы жоқ. Қала, кент, елді мекен атауларында елеулі бұрмалаушылықтар орын алуы себепті аталмыш тұрақжайлардың баламасын табу оңай болмай тұр. Мәселен, Еділдегі Сарай мен Хорезм астанасы Үргеніш арасындағы қалалардың орналасу тәртібі көрсетіліп, қайсыбірінің аты жазылған: Лайете, Конниликари, Трестаго, Маңғыстау жартыаралындағы қаланы Мелмеселак деп көрсеткен (Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды в XIII-XIV вв. М., 1985, 133-134-бб.). Басқа дереккөздер Маңғыстауда Кабаклы және Қараған атты екі теңіз айлағының болғанын атайды. Сарайдан, Хажытарханнан Бұхар, Үргенішке аттанған саудагерлер осы су жолын көп пайдаланған (Тюркологический сборник, 2002. М., 2003, 142-б.). Ноғайлыны әрлі-берлі кесіп өткен жиһанкездер мен көпестердің Ноғайлыда қала болмады дегеніне сене қою қиын. Олар көбіне-көп Ноғайлыны ел жайлауда отырған жаз айларында жүріп өткенде көргендерін ғана хабарлаған. Ал шындығында жоғарыда аты аталған қалалар мен кенттер бос болмады, малшылар далада қос-қос боп мал жайлап отырғанмен, ауқаттылар елді мекендерде қыстады. Бастан-аяқ Ноғайлы батырларын дәріптеуге арналған Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батырында» батырлардың да, олардың ұстасқан жауларының да бекініс қамалдары бары үнемі ауызға алынады. Ноғайлы дәуірінде айналасы күншілік, аумағы Еуропаның атышулы қамалдарынан да үлкен Сарай әл-Махрусадай шаһар болмағанмен, елді мекендер көп болды. Мәселен, Сағыз өзенінде Таскешу, Жемде Аралтөбе, Сарайшыққа қарама-қарсы Жайықтың бергі бетінде мыс қорытатын Теңдік кенті, Қырық арба, Қарабаудағы Темір кенттерінің орны әлі де көзбен жобалауға жарамды. 1666 жылы Ноғайлының батыс бөлігін сүзіп өткен Эвиль Челеби Жайық өзені туралы төмендегідей мәлімет қалдырған: «Жайық жүздеген қалалар мен мыңдаған қамалдарды жанап өтіп, ақыры Каспий теңізіне құяды» дей келіп, оның жағалау жиегіндегі Салуб-Керман, Суруна-Керман қалаларын атаған (Трепавлов В.В., 596-б.). Әлбетте, бұл қалалардың орны табылған жоқ, жан салып іздеуші де болмай тұр. Ноғайлыны сөз еткен соң, осы өңірдегі көне қалалар туралы азды-кемді мәлімет қалдырған А.И. Левшиннің еңбегін аттап өте алмаймыз: «Қазақтардың айтуынша, Үлкен Қобда өзені бойындағы Байтақ тұрағында бір кезде қала болған. Үйлердің, арықтардың, егіндік жерлердің ізі анық байқалады. 1750 жылы ғимарат іргелері әлі қарайып тұр еді. Поручик Регельман оларды суретке сызып алған-ды. Қазақтар бұл жерді кие тұтып, өлгенде осында жерленгенді қалайды» (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсакских, орд и степей. Алматы, 1996, 108-б.). Әңгіме Асан Қайғының ұлы Абат-Байтақ күмбезі туралы болып тұр. Қобыланды батыр зираты жатқан бұл киелі орынды 1979-80 жылдары археолог С.И.Әжіғалиев зерттеді. «Жоғарыдағыға ұқсас қала орны Ойылда Мәулетберді деген жерде де бар. Рычков өзінің «Оренбург топографиясында» өткен ғасырдың орта кезінде (XVIII ғ.) осы тұрақта 30–40 шамалы қызыл кірпішті ғимарат, арық, жыртылған жер, бау-бақша орны болғанын хабарлайды» (Сонда, 108-109-бб.). «Көне Ноғайлы жолында, яки Сарайшықтан Үргенішке баратын керуен жолында ескі қалалардың орны өте көп: А). Ұзынтам. Сағыз өзенінің оң жағалауында өзеннен өтетін тас көпір де болған. Қашалған тастары әлі шашылып жатыр. Оны Шыңғыс хан балаларының бірі салдырды деген әңгіме бар» (Сонда, 109-б.). Зерттеуші Жемдегі Бақашы әулие, Ұшқан-Ата, Үстірт шыңындағы Мың­суалмас, Самдағы Көнтам, Белеулі, Шұрық, Дәулеткерей елді мекендері туралы мәлімет келтірді. Ноғайлының астанасы, бас қаласы Сарайшық болғаны белгілі. Ол шуруф жіберу тәсілімен там-тұмдап зерттелгенмен, кең көлемді қазба жұмыстарының нысанасына айнала қойған жоқ. Ол Жайықтың арнасына көлденең түсіп көлбеп жатқан мүйісте еді, қарғын суы тасығанда өзен екі рет арнасын өзгертіп, қаланы ша­йып, көлтабанға айналдырып кетті. Қазіргі Сарайшық деп жүргеніміз – зират жақ шеті ғана. Соның өзі-ақ кәдеге жарар, тілге тиек мәлімет беруден олқы емес. Тарихшылар Сарайшықты XIII ғасыр­дың екінші жартысында, Алтын Орданың алғашқы хандарының саяжайы ретінде пайда болған қала деп дәлелдеп баққанмен, оның тарихы қыпшақ дәуіріне, бәлкім, одан әріге де із салып, созылып жатқандай. Шетел зерттеушісі Д.Девиз Сарайшықты Исламға дейінгі Дешті Қыпшақтың мәдени орталығы деп біледі. Өзіміздің белгілі тарихшымыз, қыпшақтанушы Б.Көмеков Дештінің оң қанатының орталығы деп таниды (Кумеков Б., 1994, 34-б.). Орта Азияның көне дәуірінің білімпазы С.П. Толстов та далалық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтың төменгі қабаттары моң­ғолдардан бұрынғы кезеңге меңзейтінін айтып, жазған-ды. Осы қатарлы жаңа бол­жамдарға Осман түркілерінің арасынан шыққан XVIII ғасыр авторы Хаджи Халиф «Джахан-наме» еңбегінде: «Жайықтың теңізге құяр тармағында С.ван.дж. (немесе С.ван.х) деген ескі қала бар, ол бір кезде кумандардың астанасы болған, кейін оны ноғайлар қоныс қылды, хандары да сонда тұрады» деп тосын мәлімет ұсынуы – жаңа ізденістерге жол ашпай қоймайды. Өйткені «С.ван.дж», яки Сван атауы – ғұнның белгілі тайпасы. Угорлар отаны болған оңтүстік Орал тауларынан кейін Еділ-Жайықты біраз уақыт қоныстанып, ғұн тарихында елеулі із қалдырды. Бір бөлігі Кавказдағы Сванетияға барып біржола орын тепкенге дейінгі іздері үздік-создық сайрап жатыр. Ендеше, Сарайшықтың әу бастағы атауы Сван, V ғасырларда осы өңірді оңды-солды шарлаған свандардан қалған жәдігерлік деп тану – Сарайшық тарихын байыта түседі. Еділге кеп орныққан Бату ұлысы өзінің сол қанаты – Шығыс Дешті Қыпшақ және Шыңғыс хан өз қолынан Жошыға сыйлаған Хорезммен, қала берді, империя орталығы Қарақорыммен байланысу үшін Жайықтан өтуі керек-ті. Ал Сарайшық бұрыннан-ақ керуен жолының үстіндегі, өткелге қолайлы елді мекен еді. Ертеде Сван аталып келіп, тек Алтын Орданың алғашқы хандары билік құрған XIII ғ. бірінші жартысында Сарай­шық атына ие болса керек. XIII ғасырдың ортасында осы жерден салмен өткен П.Карпини және Г.Рубрук Сарайшық есімі Сарай қаласына еліктеуден пайда болды деп есептеген. 1334 жылы Ибн Батутта Хорезмге осы Сарайшық арқылы өткенде төменгідей жазу қалдырған: «Сарай қаласынан 10 күн жүріп, Сарайджук қаласына жеттік. «Джук» – кіші деген, демек, Сарайджук – Кіші Сарай деген ұғым. Ол жалпақ, ағысы қатты Ұлысу деп аталатын өзеннің жиегінде, Ұлысу – ұлы су деген сөз. Өзенде Бағдаттағыдай қайықтардан істелген көпір бар (История Казахстана в арабских источниках. Том I. Алматы, 2005, 232-б.). Жиһанкез «Ұлысу» деп Жайық атауы­ның аудармасын берген. Жайықтағы Сарайшық Еділдегі Сарай әл-Махрусамен тығыз байланыста болып, Алтын Орда ханда­рының жазғы саяжайы міндетін атқарған. 1367 жылы сызылған ағайынды Ф. және Д.Пицигани, 1375 жылы сызылған Като­лан атласында Еділ мен Маңғыстау екі аралығын «өлілер қолтығы» немесе «ескерткіштер қолтығы» деп атап, қамал­дың, екі мұнараның, мешіттің, жарты ай бедерлі тудың және Жошы әулетінің таң­басын салған. Бұл Сарайшыққа мең­зеу екені күмән туғызбайды. 1459 жылы сызылған Фра Мауро картасында Жа­йықтың оң жағалауында күмбез көрсетіліп, «Билеушілердің қабірстаны» деп жазылған (Багров, 1912, рис. 16 // Трепавлов ..., 589-б.). Аталмыш сілтемелер Сарайшық туралы тың қорытындылар жасауға итермелейді. Ол Алтын Орда хандарының қорымы да болған. Еділ өзенінің бір сағасы Ақтөбе жиегіне орналасқан Сарай әл-Махрусадан 15-20 шақырымдай оңтүстікке қарай «Хан зираты» болған. 1994 жылы мидай даладан сыртқы қабығы түгелдей сыпырылып түсіп, күмбезі опырылып, аңғал-саңғал боп тұрған үлкен ғимаратты көрдік. Астрахань облысы өлкетану музейінің археологы оны «Жеті ханның күмбезі» деп таныстырды. Біздің ойымызша, Бату әулетінен шыққан хандардың көбі осы зиратта. Ал атақты Өзбек ханның мүрдесі Сарай әл-Джедидте екені көне жазбаларда хатталған. Әбілғазы баһадүрдің мәліметінше, Жә­ні­бек пен Бердібектің Алтын Орда та­ғына отыру рәсімі осы Сарайшықта болған. «Ол Сарайшық тағында отырып, шариғатты қатаң сақтап еді» деп жазады тарихшы (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1992, 116-б.). Созақтан шығып, аттанып барып, Алтын Орда тағына отырған Берке хан мұ­сылмандықты осы Сарайшықта қабылдаған. Тарихи деректер мен ізденістер Алтын Орда хандары Менгу-Темір, Тохтагу (Тохта), Жәнібек пен Өзбектің Сарайшықта жер­ленгенін сенімді түрде куәландырады. Еділ-Жайық арасының өткен-кеткеніне құлағы түрік Шынияз ақын «Сарайшықта бар дейді, тоғыз ханның моласы» деп бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткен-ді. Неге екені белгісіз, ақын өлеңінің соңғы басылымдарында «тоғыз хан», «жеті хан» боп өзгеріпті. Бәлкім, терушілерден кеткен қате шығар. 1459 жылы сызылған картада Сарайшықты «Билеушілердің қа­бір­станы» деп көрсетілгеніне айрықша мән беруге тиіспіз. Жошы тұқымы ата-бабалары жерленген жерді «қорық» деп атаған. Арнайы бөлінген күзетшілер оны мал аяғына басқызбай қорып тұрған. Тұра-келе қорық қорымға айналған. Дешті Қыпшақта қолдары хандыққа жетіп, атағы шығып, дақпырты жайылған төрт әулет қана: Бату, Орда-Ежен, Тоқа-Темір, Шайбан. Бұл төрт әулеттің енші қорымдары болды. Бату әулетінікі Сарай іргесіндегі «Жеті хан» қорымы, Сарайшықта – Тоқа-Темір, Сығнақта – Орда-Ежен, Түркістанда – Шайбан. Ел арасы бүлінген жаугершілік болмаса, осы әулеттердің өлгендері аталық қорымдарына жеткізіліп, жерленді. Сондықтан Тоқа-Темір әулетінің белгілі тұлғаларының көпшілігі Сарайшықта жатыр деуімізге негіз бар. Міне, осы қатарға Қасым ханды да жатқызуға болады. Қ. Жалайыр Қасым туралы «ақыры Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр» деп жазып қалдырған (Қадырғали.., 121-б.). Ал В.В.Трепавлов болса: «XVI ғасырдың басында Жәнібек б. Барақ және Қасым ханға арналған сәулетті күмбез бас көтерді» деп мәлімдеп, Сарайшықта жерленген хандардың санын беске жеткізеді (Трепавлов В.В., 589-б.). Өмірінің соңғы кезеңінде Жәнібек, өлерінің аз-ақ алдында Қасым хан Қазақ хандығының астанасын Сарайшыққа көшірулерінде саяси астардан басқа да сыр жатқан сияқты. Шамалауымызша, осы әулеттің ата-бабалары, атап айтқанда, Орыс хан, оның ұлы Құйыршық, Құйыршық ұлы Барақ, Барақ ұлы Жәнібек, Жәнібек ұлы Қасым хан және қазақтың алғашқы ханы Тоқа-Темір Керей де осында жатқан сияқты. 1395 жылы Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы екінші жорығында әмірінің жанында болып, көрген-білгендерін хатқа түсірген Шарафад-дин Әли Иазди Орыс ханның тұңғышы Құйыршықтың Алтын Орда тағына отыруын жазып қалдырған. Еділ суын өрлей суық шықты, қалың тұманды Бұлғарға қарай қашқан Тоқтамысты өкшелеп келе жатқан Ақсақ Темір Тұратұр өткеліне келгенде Құйыршықтың иығына алтын шапан жауып, белін алтын белбеумен буып, жанына Дешті Қыпшақтың ұландарынан жинақталған жасақ беріп, Сарай тағына отыруға жөнелтеді (Казахстан: летопись трех тысячелетий.., 203-б.). Тоқтамысқа қуып жете алмаған Ақсақ Темір Сарай қаласына келіп қыстайды. Қатты бүлінген Алтын Орда астанасы қыс бойы өртке шалдықты. Берке жинақтаған ұлы кітапхана түк қалмай күйіп кетті. Көтеріліс шығарған Хажытарханды Ақсақ Темір жермен-жексен қылды. Ақсақ Темір кетісімен Құйыршық өлтірілді, өлімі Едіге не соның ұлдарының қолынан болғанында күмән жоқ. Оның сүйегі жер түбіндегі Сығнаққа апарылмай, Тоқа-Темір атасы жатқан Сарайшыққа жерленсе керек. Едіге Алтын Орда тағына өзінің туған жиені Темір-Құтылықты отырғызды. Ал Барақтың Ноғайлыға жорығы әке кегін қайтару еді. Қ.Жалайыр «Барақ Сарайшық қаласына жақын жердегі Қас-Наурыз өңірінде опат болды» деп жазады (Қадырғали.., 114-б.). Ақтық шайқас Қайнар-Сағыз арасында болып, Барақтың басын Сарайшық даруғасы қыпшақ Айиас бек алады (Казахстан: летопись трех тысячелетий.., 209-212-бб.). Пайымдауымызша, Құйыршық, Барақ хандардың тікелей ұрпағы Жәнібек пен Қасымның Сарайшық топырағына жамбас тигізулерінде осындай сыр болса керек. Жоғарыдағы деректер негізінде Са­райшық Алтын Орданың сол қанатының ор­талығы болды деп және Дешті Қыпшақтың көптеген жайсаңдарының сүйегі осында жатыр деп айта аламыз. XV ғасырдың басынан бастап Сарай­шық Ноғайлының астанасы әрі билері мен батыр-бағландарын жерлейтін киелі орынға айналды. Ноғай билері мен мырза­ла­рының орыс патшалығына жазған хаттары мен қарым-қатынас жолдамала­рында: «Жайықта біздің зиратымыз», «Жайықта, Жайықтағы Сарайшықта біздің ата-бабаларымыз жатыр» деп талай рет мәлімдеген. «Қырымның қырық батыры» қатарына іліккен қаһармандардың көпшілігі осында жерленгені күмәнсіз. Тарихи оқиғалардың даму барысына қарағанда Жаңбыршы, Мұса, Орақ, Ма-май, Жүніс сынды тарихи тұлғалардың қабірлері осы Сарайшықта. Сонымен Сарайшық кем дегенде 400 жылға жуық Дешті Қыпшақтың кіндігі, дала жақсылары мен жайсаңдарының ата-баба аруақтары шоғырланған киелі орын болды. Сарайшық Алтын Орда астанасы Сарай әл-Махруса және Еділ бойындағы 17 қалаға баратын керуен жолының тоғысып ажырайтын басты торабы еді. Сарайшықтан шығысқа қарай үш керуен жолы болды: Сарайшық-Хиуа, Сарайшық-Отырар, Са­райшық-Искер. Ал батысқа қарай керуен Хажытархан арқылы Азауға (Тана) дейін созылып жатты. Осы керуен жолдарында әр 30 шақырым сайын бекет: керуен сарайы, құдық, базар болды. Керуен жолдары орыс тарихи әдебиетінде біршама жақсы зерттелген. «Астрахань-Үргеніш арасындағы керуен жолының ұзындығы – 1300 ша­қырым», «Астраханьнан Хиуаға – 30-40 күн­дік жол», Астрахань мен Жайық арасы – 10 күн, Жайық пен Жем арасы – 8 күн, Жемнен Хиуаға – 20 күн», Сарайшық-Сағыз аралығы – 134 шақырым, одан Жемге – 82 шақырым, одан Үстіртке шейін – 130, арғы жағы Айбүгүр көліне дейін – 384, одан Үргенішке – 94, барлығы – 816 шақырым. Зерт­теулерде керуен жолдарындағы бекеттер мен жер-су аттары да аталған. Мәселен: Ұшқан бұлағы, Сағыздағы Тас­кешу қамалы, Қарағаш, Жалғыз, Дуралы, Белеулі, Көкшегөз, Сам, Бұғышат т.б. (Тюркологический сборник. 2002. М., 2003, 142-146-бб.). Сарайшық қаласы Жайық өзенінің тас­қынына ұшырамай тұрып, XIX аяғы, XX ғасырдың басында сырт көз белгілері бо­йынша жүргізілген есептеулер – Сарайшықта екі қорған: бірі – қала сырты қорғаны, екіншісі орталық «Хан сарайы» қорғаны болғанын айтады. Ә. Марғұланның куәландыруынша, сыртқы қабырғалардың ұзындығы 15 шақырымдай. Қазақ ар­хео­логиясының атасы Әлекең қазба жұмыстарын да жүргізіп, Алтын Орда дәуіріне жататын көрік пеші орнын тапты. З.С.Самашев экспедициясы 1999 жылы Сарайшықтан «Хан Орда» күмбезі мен мешіт орнын анықтады. 1909 жылы Сарайшықтан екі метр тереңдіктен 24 бөлшекке шағылған, жазуы бар құмыра табылғаны белгілі. Жазудағы өлең жолдары – XI ғасыр авторы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігінен» алынған шумақтар боп шықты. Кісі көркі – жүз, бұл жүз көркі – көз, Боғаз көркі – тіл, бұл тіл көркі – сөз... ...Бұл құмыраның ішіне Көз жасын құяр болар. (Самойлович А.Н. Тюркское языкознание. М., 2005, 186-б.). XVIII ғасырдың бірінші жартысында Сарайшықта болған Уфа шекара комис­сиясының шенеуніктері сыртқы сылағы шашылып, өзі қирап-бүліне бастаған қазақтың бірінші ханы Жәнібектің күмбезін көрген. Оны сақтап қалу ешкімнің ойына кіріп шықпады. 1578-1590 жылдары Ноғайлыға Орыс би болды. Ресейге жағынам деп өз ұлысына жеккөрінішті болған Ысмайыл балалары арасында орысқа қарсы бағыт тұтынған осы Орыс би еді. Екі ара қатты ширыққанда ел ішіндегі оның абыройын аяқасты ету үшін орыс әкімшілігі Еділ казак-орыстарын астыртын жұмсап, Сарайшықты қиратқызды. 1581 жылы Еділ бойы казак-орыс атамандары Мития Биртоус, Иван Юрьев, Иван Кольцо, Барбошалар Каспий жағалауы арқылы бұқпалап келіп, Ноғайлы астанасы Сарайшыққа тұтқиылдан бас салды. Алтын іздеп, Сарайшықтағы хандардың қа­бірлерін қопарып тастады. Жайық жие­гіндегі тарихи қаланың бағы тайып, құл­ды­рау сатысы енді осы уақиғадан басталды. Бөкей заманында Сарайшықта казак-орыс атаман ләшкерінің кеңсесіне айналған ескі ғимараттар әлі де бар еді. Мәселен, жерасты зынданы әлі де баз қалпында міні құрымай тұрған.

Дайындаған Ғарифолла ӘНЕС

5805 рет

көрсетілді

171

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы