• Мәдениет
  • 19 Ақпан, 2009

Сезім құдыреті

Ана тіліміздің дәрежесін көтеру мәселесіне семсердей сөзімен, жүйелі ойымен талай тоңмойындарды да жеңе білген бұрынғы Талдықорған облысы «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы, танымал журналист Кемел Зікірияұлы Құсайынов Жетісу елі ардақтаған аяулы азамат еді. Кемеліне келіп, халқына бергенінен берері көп тұста, ердің жасы елуге жетпей фәни жалғаннан бақилық дүниеге аттанды. Кемелдің қайраткер мінезінен гөрі оның нәзік, таза ақынжанды табиғатын ашатын бір үзік сырды төменде баян етпекшіміз. ...Бірде кеш бата Кемел біздің үйге келді. Сол кезде «Земля любви» сериалы жүріп жатқан еді. – Мына Матео қандай ақымақ. Өзін өлердей сүйетін Розаннаны тастап, ана есуас Джулианаға кетіп қалды, – деп мен күйіп-пістім. Сол кезде Кемел: – Ол махаббаттың құдіреті ғой, Айеке. Ондай махаббат бізде де болған – деді әдемі әзілімен. – Ендеше сол махаббатыңды айтып берші, – деп мен де айтқызбасына қоймай қолқа салдым. – Менің өмірімдегі үлкен махаббатым жанымда жүрген жанжарым Дина ғой. Ол кезде мен ҚазМУ-ды бітіріп, офицерлік оқуда жүрген едім. Бірде іссапармен Алматыға ұшып келсем, бір туыстың үйінде келін түсіру тойы болып жатыр екен. Менің үстімде қыры сынбаған әскери киім, сарт-сұрт етіп тұрған сұңқардай шағым. Өзім жас, көңілім шат. Төбем менің көк тіреп, көкірегім от тілеп тұрған кез еді ғой... Сол тойда тал шыбықтай майысқан, бұрымы тілерсегін соққан, қос жанары жалт-жұлт еткен бір бойжеткен табаны табанына тимей қонақтарға қызмет көрсетіп жүр. Жүрісі қандай! Желдірме күйдің желісіндей. Күлкісі қандай! Су тасының шолпы сыңғырындай. Өзі қандай! Қырда өскен қырмызыдай. Бірден көңілім ауды. Содан дегбірім кетіп, басқан ізін торуылдаумен болдым. Әйтеуір сәтін тауып Динамен жарты-ақ сағат тілдесуге мүмкіндік таптым. Бір жапырақ қағазға мекенжайын да жазып алдым. Ертеңінде қайта ұшып кеттім. Ұшып келемін, жүрегім жырлап келеді. Ұшақта отырып Динаға хат жаздым. Хат емес, ғашық жанның жырын жаздым. Мен өмірімнің сол бір кезеңін тағдырымның тамаша тартуы болар деп қабылдаймын. Егер де мен сол күні Алматыға ұшып келмесем, Динаны көрмесем мүмкін өмірбойы өз махаббатымды кездестірмес те едім ғой. Міне, ұлы сезімнің құдыреті... Сол ұшақта жазған хатымды Дина әлі сақтап жүр. Мен ыстық ықыласымды сақтап келемін. Ал сен болсаң «Матео ақымақ» дейсің... Кемел әңгімесінің аяғын әдемі әзілге айналдырып, рахаттана күліп алды. Қайран достың аузынан естіген осы бір мөлтек сырды елге жария еткеніме Дина маған ренжімес деп ойлаймын. Кемелдей асыл азаматтың аяулы жары, үлкен махаббаты бола білген Дина үшін бүгінгі еске алу ауыр екенін де түсінемін. Кемел жайлы кезінде қаламгер достары қаншама жүрекжарды жырлар, естеліктер жазды. Арқалы да ақжүрек ақын ағамыз Әбен Дәуренбектің «Жамауы жоқ, Ордашы, Кемелі жоқ, көрген күні жездеңнің жеңіл деп пе ең?» – деп жылағанын қалай ұмытамыз. «Өмірден жақсы озса, жарты жұртым көшіп кетті» – деуші еді қариялар. Сол секілді біз де жарты жұрттан айрылғандай ауыр халдеміз. Айгүл АСЫЛБЕКОВА АЛМАТЫ

3675 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы