• Тұлға
  • 24 Ақпан, 2011

Ислам - мәңгі құндылық

d0b5d180d0bad0b8d0bd-d0b4d183d0b0d0bdd0b0d0b5d0b2Еркін қажы Дуанаев, «Қазақстан қажылары қауымдастығы» діни бірлестігінің төрағасы:

– Сіз басқарып отырған қажылар қауым­дастығы елімізде қашан құрылды? Аталмыш қауымдастық қандай қызмет етеді? Алға қойған мақсатын айта отырсаңыз? – Қазақстандағы 20 мыңнан астам қажының басын біріктірген «Қазақстан қажылары қауымдастығы» өз жұмысын жемісті атқарып келеді. Қауымдастықтың басты мақсаты – Елбасымыздың еліміздегі ішкі тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа, дінаралық түсіністікке бағытталған ішкі саясатына қолдау көрсетуді көздейді.

Қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистеріне сүйене отырып, жастарымызды имандылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен. Сонымен бірге қажылар қауымдастығы Қасиетті дініміз Исламның қағидаларымен әлі терең таныспаған, оның адами-рухани құндылықтарынан хабарсыз жамағатпен жұмыс жасайды. «Қазақстан қажылары қауымдастығы» Исламның барша адамзатқа ортақ асыл құндылықтарының елімізде кеңінен насихатталуын көздейді. Халқымыздың жү­­регінде имандылық, адамгершілік, із­гілік, мейірбандық және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруды мақсат еткен мұсылмандардың басын біріктіретін діни бірлестік. Қазақстан қажыларының ұйымы 2004 жылдың 27 мамырында Астана қаласында өткен І құрылтайында құрылды. Қазақстан қажылары қауымдастығы өз қызметін мемлекеттің рухани тәрбие саласына жауапты Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты мүдделі ресми ұйымдармен бірлесіп өз жұмыстарын үйлестіріп отырады. Сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасымен мақсаттары ортақ болғандықтан, қашан да ынтымақтасып бір бағытта қызмет атқарады, яғни оның қоғамдық қанаты. «Қазақстан қажылары қауымдастығы» түрлі мазмұндағы түсіндіру, иландыру жолдарымен діни-ағартушылық бағыттағы іс-шараларды жүзеге асырады. Қажылар қауымдастығы «намаз оқы, ораза ұста, қажылыққа бар» деп тікелей уағыз айтпай, асыл дініміздің тәрбиелік, имандылық жағын барынша жарқырата ашып көрсетеді. Сондықтан да бұқара халықтың көп жиналатын жерлерінде, үлкен мәдениет сарайларында ру­хани-патриоттық кештер өткзіп, дөң­гелек үстелдер ұйымдастырып, әртүрлі діни тақырыптарда лекциялар оқимыз. Осындай мазмұнды кеш­терге теолог ғалымдарымызды, діни қайраткерлерімізді тартамыз. Қа­сиетті Құран Кәрімнің аяттарына, пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, бәрін осы заманмен, бүгінгі тіршілігімізбен байланыстырып, халықты имандылыққа шақырсақ дейміз. – Жалпы, Ислам дінінің тәрбиелік құндылығы жөнінде өз пікіріңізді айтып өтсеңіз? – Тәрбиелі адам болу жолында әркім ата-ана тілін алмаудан, зұлымдық пен қиянат істеуден, өтірік айтудан бас тарту керек. Әділдік пен шындықтың жолына ұмтылу негізгі тәрбиелік құндылықтардың біріне жатады. Сондықтан да дінімізде адамды рақымдылыққа шақыру тәрбиенің негізі болып табылады. Өйткені рақымшылдық – Ислам діні бойынша адамзаттың өмірде ұстанатын негізгі қағидаларының бірі. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамдағы адамдардың арасындағы қарым-қатынаста рақым­шыл­дық қасиеттер жоғалып, бір­тіндеп қатыгездікке бойұсынып бара жат­қандары байқалады. Исламдағы тәр­биелік құндылықтың тағы бірі – қарапайымдылық. Қарапайымдылық деген адамның атақ-даңқ, шен-шек­пеніне емес, адамдық қасиеті­не деген құрмет. Адамзат тәрбиесіндегі бас­ты факторларының бірі – ар-ұят, иман мәселесі. Иман мен ар-ұят – егіз. Ар-ұят адамды теріс пиғылды іс-әрекет пен адам бойындағы жақсы қасиеттерге қайшы келетін дүниелерге тосқауыл болады. Шын мәнінде, Ислам діні – ғылым мен мәдениеттің діні. Қасиетті Құран Кәрім жер басып жүрген барша адамзатқа түсірілген. Адам баласының өмірге келу мақсаты, ата-ана, ел, қоғам, ұлттың алдындағы парызы, үлкенді құрметтеу, кішіні қадірлеу, ата мен баланың, ері мен зайыбының арасында­ғы қарым-қатынас, жетім-жесірлерге деген қайырымдылық, адам мен адамның бір-біріне деген мейірім-шапағаты, махаббаты – осының бәрі «Фатиха» сүресінен бастап, «Нас» сүресіне дейін қасиетті Құранда түгелдей қамтылған. Дініміз ұлы Жаратушыға деген ризашылығын білдіріп, бес уақыт мінәжат жасау мен рухани кемелдікке адамгершілікпен тәрбиелеу жағына аса көп көңіл бөледі. Осыған орай қажылар қауымдастығы қоғамдағы бұл мәселеге үлкен назар аударады. Адамзат қауымы жаңа ғасырға аяқ басып, дамудың келесі иіріміне иек артқан тұста сананы сарсылтқан сансыз сұраққа жауап іздеп, мәңгілік ақиқатқа ұмтылуда. Адамзат қауымы ес жинап, етегін жапқалы бері білім тәжірибесін пайдалана отырып, өзінің алдындағы басты сұрақ: «Әлем қалай жаратылды?», «Өлгеннен кейін өмір бар ма?» деген мәселелердің жауабы төңірегін­де ой қозғауда. Өйткені қалыптасқан көз­қарастардан, дүниетанымнан қоғамның мо­ральдық келбеті, жеке тұлғалардың өмірлік ұстанымдары алға шығады. Сондықтан да кешегі Кеңес мектептерінде білім алған тұтас бір ұрпақтың санасына материалистік дүниетанымның «әлем жоқтан бар болған», «алғашқыны жаратқан ешқандай құдіретті күш жоқ», «өлдің – өштің, ендеше, асарыңды аса, жасарыңды жаса» деген ұғымдар сіңірілді. Осының нәтижесінде тоғышарлық, бейқамдық, бойкүйездік сияқты адам жанын аздыратын ой-сана көңіл түкпірінде жасырынды. Алайда олардың жүзеге асуы­на кеңестік идеологияның ықпалы, заң­ның қаталдығы тосқауыл болған еді. Құндылықтар ауысып жаңа ғасырға аяқ басқан тұста халқымыз жаһандану заманы мен нарықтық экономика кезеңіне тап болды. Осы тұста сананың түкпірінде жасырынған материалдық байлыққа деген құштарлық оянып, рухани жан дүниеміз жұтаңданып шыға келді. Өткендегі әлемді дүрліктірген экономикалық дағдарыс – рухани дағдарыстың заңды жалғасы. Өкінішке қарай, бұл кесапаттан қазақ қоғамы да сырт қалмай отыр. Ең «әттеген-айы», мате­риалистік идеологиямен ауызданып, тұлыпқа еміренген сиырдай «коммунизм елесін» қуып өскен аға ұрпақтың басым көпшілігі ұлы Жаратушының хақтығына күмән келтірген екіұдай сезімді бастан кешіруде. – Қазіргі кезде халықтың көбісі рухани дүниеден гөрі материалдық байлыққа құмар­тып барады. Алайда көшеде түрлі ағымдағы дін таратушылар көбейіп кетті. Осылардың атқарып жатқан ісін қалай бағалар едіңіз? – Көшеде әртүрлі ағымдағы дін өкілдері кітапша таратып жүргені жиілеп кетті. Дінді таратушыларды екі түрге бөліп қарауымыз керек. Біріншісі, ислами ағымдағы дінші­­лер. «Салафилік», «құранит­тер» сынды толып жатқан ағымдар халықты дінге шақырамыз деп алып, өздерінің қате пікірлерімен адас­тыруда. Ал бәрінен де төмендегідей екінші топтағы діншілердің ісі қауіпті­рек. Яғни исламдық әлемге, қазақы болмыс­қа мүлдем жат, христиан, кришнаит, будда дініндегілердің атқарып жатқан қызметі жастардың санасына кері әсер етеді. Осы діндегілердің алдап айтқан сөздеріне иланып мойынсынғандар қатты адасады. Әсіресе, жастарға бұл қауіпті. Себебі ел ертеңі жастар әртүрлі дінді ұстанатын болса, ертең-ақ елімізде түсініспеушілік өзінен-өзі туындап, қоғамның әлсіреуіне апарады емес пе?! Дегенмен бәріне күйе жағудан аулақпын. Елімізде дарынды да саналы жас­тар көбейіп келеді. Оның дәлелі – еліміздегі мешіттерге келетін жамағаттардың 90 пайызын жастар құрап отыр. Қанша жерден өзге діндегілердің үгіт-насихаты көп болғанына қарамастан, көз тимесін, елімізде Ислам дінін ұстанушылардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен әр нәрсеге қырағылықпен қарап, сақтанғанымыз жөн болар еді. Себебі қасиетті Құранда мүмін барлық қауіп-қатерден сақтану керектігін ескертеді. – Қасиетті Құран Кәрім кітабында мұсылмандар бір-біріне бауырмал, бөлінуге болмайды деп жазылған ғой. Алайда қазіргі кезде мұсылмандар не себептен өзара қырық пышақ болып, түрлі ағымдарды қолдан жасап алған? – Жалпы, мұсылман әлемінің бөлінуі түрлі саяси-әлеуметтік, өзара рухани түсініспеушіліктен туындап отыр. Жалпы, қазіргі таңда Исламның әртүрлі себептерден пайда болған ағымдардың бар екені жасырын емес. Десек те, ең бастысы, әртүрлі ағым болғанымен, барлық мұсылмандардың кітабы – Құран Кәрім, құбыласы – Қағба, Пайғамбары – Мұхаммед (с.ғ.с.). Алла тара­пынан түскен кітабымыздың XIV ғасыр өт­кеніне қарамастан, бірде-бір әрпі өзгер­мей, күллі адамзаттың жүрер жолы, шамшыра­ғы болып отыр. Ал Пайғамбарымыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) хадистері, сүннет жолы болса, ол барша адамзатты ізгілікке, мейірімділік­ке, төзімділік пен кешірімділіктің қайнар көзі болып отыр. Осындай хадистерінің бі­рін­де айтылғандай, Пайғамбарымыз: «Мен дүниеден озғаннан кейін мұсылмандар арасында түсініспеушілік орын алады. Олардың арасынан 72 ағым пайда болуы мүмкін. Алайда соның ішінде «Аһли сүнна уа жамаға» деген, яғни сүннет жолындағы жамағаттар деген біреуі ғана дұрыс болады» деген. Міне, Ислам дініндегі бауырларымыздың әртүрлі жікке бөлінуі, бұдан он төрт ғасыр бұрын айтқан Пайғамбарымыздың көрегендікпен айтқан сөзінің орындалуы болар... – Жаңа өзіңіз айтып өткендей-ақ, қазір елімізде Ислам дінін ұстанатындардың басым көпшілігі – жастар. Бұл құбылысты немен түсіндіресіз? – Жалпы, діни сенім – әр тұлғаның еркіне байланысты категория. «Дінде зорлық жоқ». Ешкім ешкімді бір дінді ұста немесе ұстама деп күштей алмайды. Өйткені адамның бір нәрсеге сенуге не сенбеуге ықтияры бар. Дін – әркімнің жүрек қалауымен таңдайтын өмірлік жолы. Сондықтан да әр адам өз ақылына сүйеніп, ерікті түрде діни нанымды қабылдап алады. Алайда адам қаншалықты ерікті болса да, жаратылысы, болмысымен бір дінді ұстануға бейімділік танытады. Жаратушыға деген табиғи таным, ішкі ұмтылыс, Аллаға деген махаббат сенімнің негізі болмақ. Алайда материалистік көзқарасты ұстанған ғалымдар адам баласының дінге деген ұмтылысын жаратылыс құбылыстарының қыр-сырын жете түсінбегендіктен, табиғат апаттарының қорқынышы салдарынан пайда болатын инстинкт деп ұқтыруға тырыс­ты. Ендеше, ғылым-білімнің өркендеген шағында дүниетанымы кең, ғаламтор ар­қылы әлем жаңалықтарын біліп отырған, компьютердің құлағында ойнайтын жас­тардың дінге деген құлшынысын немен түсіндіруге болады? Демек, олардың дінге құштарлығы – адамның өз болмысын тануға ұмтылған саналы әрекеті. Бұдан шығатын қорытынды – ғылым мен техниканың өркендеп, дүниетанымның кеңеюі материалдық дүниеден де жоғары, адамзат санасынан тыс ақиқат әлемінің бар екенін сездіреді. Адамдар ақиқатсыз өмір сүре алмайды. Сондықтан адамдар тек қана ғылымға ғана емес, ақиқатқа да құлшынып, әділдік қағидасын қалыптастыруға мүмкін­дік беретін діни нанымға мұқтаж. Сондықтан да ұзақ жылдар үздіксіз жүргізілген атеистік тәрбиенің әсеріне қарамастан, Жаратушы­­ны тануға, ата дініміз – Исламға деген ұмты­лыс Алланың адам баласының жүрегіне берген ерекше құбылысы. – Әңгімеңізге рахмет! Cұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

3132 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6470

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5848

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3590

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2975

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2935

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2911

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2642

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2626

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы