• Тіл
  • 24 Ақпан, 2011

Тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғым

d0bad18bd180d0b3d0b8d0b7d0b0d0bbd0b8d0b81. Азаттықтың таңы атқалы 20 жылдың жүзі болды. Осынау тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтерген тұста мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін біраз ауқымды істердің атқарылғаны анық. Осы уақыт аралығында тіл мәселесі төңірегінде қалада жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. 2. Тіл мәселесін шешуде түрлі кедергілердің де кездеспеуі мүмкін емес. Соларды атап айтсаңыз. 3. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесі аясында қала көлемінде атқарылар бірқатар шаралардың жоспарымен бөліссеңіз.

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ, Жамбыл облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

1. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыс­тыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл. Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын асыл қазынасы және Тәуелсіздіктің тірегі, қазақ халқының қанына біткен ынтымаққа ынтызар пейілі мен бірлікке деген берекелі ниетінің өзегі деп түсінемін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекетімізде тілдердің даму барысын биылғы қаңтар Жолдауында «бұл – Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген жоқ па? Сондықтан да мен Тіл мен Тәуелсіздікті егіз ұғым деп қараймын. Жылдың бас құжатында алдағы уақытта тілдің тұйыққа тірелген тұстарын түбегейлі шешу мақсатында тілдерді дамыту мәселесіне орай қоғам алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Сондықтан облыста осы жылдары қол жеткен жетістіктерді, оның ішінде мемлекеттік тіл саясатын дамытуға арналған барлық шараларды әрқашанда ел Тәуелсіздігімен тығыз байланыстырып келеміз. Өйткені ана тіліміздің өткен ауыр жолдарын көрнекті қоғам қай­раткерлері мен тіл ғалымдары, тарихшылар аз айтып жүрген жоқ. Уақыт көші оза келе сол қасиетті Ана тіліміздің Тәуелсіздік туына айналары сөзсіз. Өйткені мемлекеттік тіл кешегі жардың шетінде, желдің өтінде тұрған заманнан өтті. Бүгінде мемлекеттік тіл – ұлттық сана мен биік рухты қалыптастыруға апаратын сара жолға айналып келеді. Қоғамда қазақ тілі қажеттілігі орныға бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі салиқалы ойы мен салмақты тірлігінің арқасында мемлекеттік тіл қайта жаңғырды, ел Тәуелсіздігімен бірге қайта түледі. Соңғы жылдары мемлекеттік тіліміздің қоғамның барлық саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде қолдану аясы кеңейіп, тынысы ашыла түскені ақиқат. Мысалы, тоқсаныншы жылдар­дың басында Тараз қаласында бір-ақ қазақ мектебі болса, осы жылдың 1 қаңтарына қаладағы 54 мектептің ішінде қазақ мектептерінің саны 21-ге, аралас мектептер 23-ке жетіпті. Ал облыс бойынша 460 мектептің 312-cі – қазақ тілінде білім беретін мектептер. Сондай-ақ өңірдегі 144 балабақшаның 6-уы ғана орыстілді. Осының барлығы – еліміздің Тәуелсіз даму жылдарында қол жеткен жетістіктер. Облыста өзге ұлттың 1844 баласы қазақ сыныптарында оқыса, 906 жас сәби қазақ топтарында тәрбиеленуде. Міне, көріп отыр­сыздар, бұл ата-аналардың мемлекеттік тілдің келешегіне сеніп, балаларын қазақша оқытатын мектептерге беру үрдісінің жыл санап артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік тілді жүйелі үйренумен қатар, облыста факультативтік сабақтар негізінде дүнген, түрік, күрд және әзірбайжан топтары мен этномәдени орталықтар жанынан ашылған поляк, украин, татар, корей, неміс және грек топтары арқылы ана тілдерін үйренуге мүмкіндіктер жасалды. Жамбыл облысында жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын кеңей­туге арналған шаралар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Ғылыми-прак­тикалық конференциялар, «дөңгелек үстел» отырыстары мен семинарлар ұйымдастыру да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы облыстық Тілдерді дамыту басқармасы өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған ортақ міндеттерді іске асыру мақсатында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен өзара екі жақты Меморандумға қол қойды. Сондай-ақ 2010 жылы облыс әкімі Қ.А.Бозымбаевтың тіке­лей қолдауымен өңірдегі ономастикалық кеңістікті реттеу мәселесі облыс әкімдігі мәжілісінің арнайы күн тәртібіне қоюы арқасында ауылдық округтер мен ауылдарға, көшелерге және де басқа әлеуметтік нысандарға тарихи атауларды қайтару мәселесі қолға алынды. Кеңес Одағының Батыры, даңқты командир, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық торқалы тойы шеңберінде Тараз қаласында жас ақындардың «Мен Бауыржанды жырлаймын!» атты республика­лық жыр мүшәйрасы жоғары деңгейде өткізілді Жақын уақытта қабылдануын қоғам күтіп отырған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасының басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында үздіксіз оқу арқылы үйретуге бағытталғалы отыр. Сондай-ақ болашақ бағдарла­маның алдағы онжылдыққа арнал­ған негіздемесінде мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-кәсіпкерлік саласының барлық ба­ғыттарында мемлекеттік тілді батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыруды қолға алмақ. Сол үшін, бірінші кезекте, өз қандастарымыз, мемлекет құраушы ұлт ретінде мемлекеттік тілді дамытудың қандай жауапкершілік жүгінің жүктеліп отырғанын жете сезінулері қажет деп есептеймін. Ал осы жылдары мемлекет тілдерді дамыту ісіне кең көлемде қолдау көрсетіп, өз қамқорлығын бір сәт те бәсеңдетіп отырған жоқ. 2. Ұлы Абайдың «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген нәрлі нақылын әрмен қарай «тіл игеру үшін тілек те, жүрек те керек» деп жалғастырған тіл жанашырларының ой түпкі-түбірі – біреу-ақ, ол – шын ниет. Ал бүгінде барша жұрттың мемлекеттік тілдің өркендер ортасын іздеп, ұлттық сананы сағынып, солқылдақтықтан сағы сынып, барын түгендеп, жоғын жіктеп жүргендегі мақсаты – ата-бабамыздың бойтұмарындай болған киелі қазақ тілінің сүйкімін кетірмей, сүйегіне дақ салмай, болашақ ұрпаққа қалған аманатын абыроймен жеткізу емес пе?! Сондықтан біз бүгін тұзы жеңіл тіл төңірегінен кедергі болар жағымсыз жақтарды іздегеннен гөрі, оның шешу жолдарын іздегеніміз жөн шығар. Ал мемлекет басшысының алға қойып отырған ең басты мақсаты – қазақ тілін дамытуға барлық қолайлы жағдай жасау болса, әрбір азаматтың, оның ішінде мемлекеттік қызметшінің міндеті – ол мемлекеттік тілді білуі. Біздің облыста да тіл үйренем деушілерге барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылған. Орталықтың өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан Шу, Қордай, Меркі аудандары мен Қаратау және Жаңатас қалаларында бөлімшелері жұмыс жасап келеді. Оқу орындарында апталықтар мен айлықтар өткізіп келеміз. Сондай-ақ бұрын сынға жиі ұшырап жүретін тұстардың бірі – ол мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу еді. Соңғы екі жылда облыс әкімдігі тарапынан жергілікті атқарушы органдардан ісқағаздарын мемлекеттік тілде рәсімдеу жөніндегі талап күшейтілді. Талап күшейген соң орындаушылардың да қатары өсті. Дегенмен әлі де болса мемлекеттік тілде іс жүргізудің көп ретте формальды түрде жүргізілетіндігіне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнес, банк жүйелерінде бұл мақсаттарда біраз жұмыстар жүргізуге тура келері сөзсіз. Тағы бір назар аударатын мәселе, ол – сыртқы жарнама тілі. Бүгінде жарнаманың «баспайтын тауы, бармайтын жері» жоқ. Ол – нарық заманның заңдылығы. Ал оның тілдік сауаттылығына келгенде жарнама берушілер тарапынан жауапкершілік шамалы. Аудармашы орыс тілінен қазақ тіліне қалай аударса, солай жазылып келген. ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес тілдік сауаттылық талаптарына бақылау жасау мақсатында басқарма облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп «келісім парағы» тәсілін енгізіп, маңызы зор бұл жұмысты жөндеуді қолға алдық. Нәтижесі де бар. Өткен жылы облыс орталығындағы 311 сыртқы жарнама жобаларындағы мемлекеттік тілде әзірленген үлгі қайта түзетіліп, сауатты жазылған нұсқалары орналастырылды. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен жеке кәсіпкерлік нысандардың сыртқа шығаратын өнімдер үшін әзірлеген заттаңбаларындағы (этикетка) қателер жойылып, мемлекеттік тілдегі үлгісін ретке келтіруге атсалыстық. Жамбыл облысы – жергілікті ұлт өкілдері басым тұратын, қазақы ортасы мен бай дәстүрі қалыптасқан оңтүстік өңір. Облысымызда бүгінде бірлігі мен татулығы жарасқан 80-нен астам ұлттар мен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Қасиетті Әулиеата өңірін құт мекеніне айналдырған өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құштарлығы да бүгінгі күнмен өлшенбейді. Өйткені бұрын да қазақ тілін ел ішінде еркін меңгерген отбасылардың бүгінгі ұрпақтары сол дәстүрдің жіңішке жібін үзбей жалғап келеді. Бір ғана мысал, олардың тіл шараларына қатысу белсенділігі мен ұлы Абай жырларын жатқа оқитын жастарының қатары жыл санап артуынан көруге болады. Сондықтан тіл үйренем деушілерге арнап қосымша қысқа мерзімді «Тілашар» курстарын да аштық. Мемлекеттік тілді насихаттау шеңберінде жергілікті БАҚ-тармен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ә.Ахметовтің инновациялық жаңалығы – университеттің бас ғимараты алдына орнатылған электронды «жүгіртпе жол» жарнамасы арқылы қазақ тілінің құдіретін асқақтатар қазыналы сөздерді ел ертеңі жастарға жеткізудің ұтымды да үйлесімді жолы болып отыр. Соңғы кезде «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдау жөніндегі тіл ғалымдары орынды ұсыныс көтеріп жүр деп есептеймін. Өйткені өзінің қиын-қыстау жолында даналығымен де, даралығымен де ерекшеленген, десті сөзімен халқының қуанышы мен мұңын, жеңісі мен зарын жеткізген қасиетті қазақ тілінің болашақ ғұмырының өркендеуіне бұл Заңның үлкен қозғау салары ақиқат. Сондай-ақ «Ономастика туралы» Заң қабылдау уақыт талабына айналып отыр. 3. Жамбыл облысы әкімдігінің Тәуел­сіздіктің 20 жылдығын қарсы алу және өткізуді ұйымдастыру туралы жасаған кешенді жоспары аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жөнінде көптеген шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. «Жырлайды елдің бақытын, Тәуелсіз елдің ақыны» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасы, «Ана тілім – айбыным!» және «Тіл – татулық тірегі» атты Тіл фестивальдері, «Тәуелсіз Отаным менің!» атты жазба ақындардың және үш тілді же­тік меңгерген жастар арасындағы «Тілда­рын – 2011» байқаулары, «Тіл тәуелсіздігі – ұлт тәуелсіздігі» атты облыстық кәсіби журналистер мен М.Мақатаев, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің конкурстары, өзге ұлт өкілдері арасындағы «Абай оқулары» мен «Тіл – халық жанын танудың кілті» сияқты облыстық шаралар Тіл мен Тәуелсіздік ұғымдарына басымдықтар бермек. Ал аудандар мен Тараз қаласында, жоғары және арнаулы оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде тіл төңірегіндегі танымдық шаралар жоспарлы түрде ұйымдастырылатын болады. Мерекенің нағыз шарықтау шегі – желтоқсан айында ел бірлігінің символына айналып отырған мемлекеттік тілдің ерекше маңыздылығы мен тарихи танымына арналған «Тәуелсіздік және мемлекеттік тіл» атты ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, алдымызға қо­йып отырған негізгі міндетіміз – қасиет­ті Әулиеата өңірінде Тәуелсіздігіміз­дің 20 жылдығына арналған мерекелік шаралардың идеологиялық мазмұны жалпы жұрттың, оның ішінде жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, бүгінде жалпыхалықтың сеніміне ие болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың беделді бейнесін ұлықтау арқылы қоғамның топтасуын нығайту, ұлттық рухқа тәрбиелеу және рухани құндылықтарды бойларына сіңіру болып табылады. Өйткені біздің бүгінгі таңдағы ең басты құндылығымыз – ол Тәуелсіз Қазақстан, оның жеткен жетістіктері мен өткен тарихи жолдары және алдағы алар биік асулары.

12885 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6486

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5856

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3597

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2983

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2942

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2919

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2649

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2634

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы