• Басты мақалалар
  • 09 Қыркүйек, 2020

Жаһандық жаңалық

Бүгінгі таңға дейін әлем халқы мен адамзат өркениетінің ең түйінді де өзекті мәселелерінің бірі емес, бірегейі және жаһандық астрономия ғылымының ең осал тұсы – күллі адамзат тіршілік етіп отырған ғаламшар хронологиясының бірыңғай жүйесінің болмауы-тын. Бұл біріншіден.
Екіншіден, осы түйткілді де көкейкесті мәселенің қазақ ғалымы Сайлыбай Бекболатовтың зерттеу объектісіне айналғанына да ширек ғасыр толып отыр. Енді міне, сол табанды ғалымның инемен құдық қазғандай, ұзақ та дамылсыз жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі тек қазақ халқының ғана емес, күллі адамзат өркениетінің де игілігіне айнала бастады.

Айтса-айтқандай-ақ, үстіміздегі, 2020 жылы шілде айының 20-сы күні Оңтүстік Африка елінде ағылшын тілінде «Unified, Constant Calender» («Мәңгілік, тұрақты күнтізбе») деген атпен жарық көрген ғажап туындының ­авторы – қазақтың ғалымы, халық­аралық Платон сыйлығының иегері Сайлыбай Бекболатов. Ол – Ха­лықаралық акмеологиялық Ғылым Академиясының (Санкт-Петербург) академигі, бұрынғы Кеңес Одағының өнертапқышы және ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.
Дәл осы тұста сәл шегініс жасап, ғалымның бақ жұлдызы ел ішінде емес, Ұлыбританияда жарқырап жанғанын айту парыз. Өйткені ­Сайлыбай Бекболатов 2014 жылы білім мен ғылым саласындағы жетістіктері үшін халықаралық Платон сыйлығымен марапатталған еді. ­Сосын, дәл сол жылы ­Сайлыбай Бекболатовтың ­ширек ғасыр бойы тер төгіп, үзбей жүргізген терең ғылыми ізденістерінің нәтижесінде қол жеткізген тұрақты да мәңгілік 13 ай/28 күндік күнтізбесінің тұсауы Халықаралық Өнер, Коммуникация, Ғылым және Технология Конгресінің Англиядағы Кембридж университетінде өткен кезекті жиынында кесіліп, сол салиқалы конгрес­ке мүше 40 мемлекеттің айтулы ғалымдарының тарапынан жаппай қолдау тауып, бірауыздан мойындалған болатын. Сонымен қатар дәл сол жиында Сайлыбай ­Бекболатов аталмыш халықаралық конгрестің вице-президенті әрі сол ұйымның Еуропа бойын­ша бас ­директоры болып тағайындалды және Кембридж қаласында орналасқан әлемдегі ең үздік ғалымдардың биографияларын жариялайтын Халықаралық ­Биография Орталығының марапатына ие ­болды.
Осы тұста дана халқымыздың «Елдің атын ер шығарады» деген нақыл сөзінің нағыз шындық екеніне тағы да көз жеткіземіз. Өйткені мұның дәлелі әлгі Орталықтың Бас ­директоры Nicolas S. Law мырзаның қазақ ғалымын ­марапаттау рәсімі кезінде тебірене мәлімдеген мына пайымынан анық байқалады: «Профессор ­Сайлыбай Бекболатов, Сіз – өз мансабыңыздың шарықтау шыңына көтерілген ғалымсыз. Халықаралық Биография Орталығы жариялайтын мыңдаған биография иелерінің ішінде тек санаулылары ғана біздің талаптарымыздың үдесінен шығады. Міне, сол санаулылардың тобына бүгін қосылып отырған Сізге мәңгі тұрақты күнтізбе жасауға сіңірген өлшеусіз еңбегіңізді бағалай ­отырып, Халықаралық ­Биография Орталығының «Pinnacle Achievement» («Табыстың шыңы») марапатын тапсырып тұрғаныма мен өте қуаныштымын!».
Айтса-айтқандай-ақ, ғалым Сайлыбай Бекболатовтың соңғы ширек ғасыр ішінде жүргізген терең ғылыми ізденістерінің нәтижесінде жасақталған 13 ай/28 күндік әрі күллі әлемде, яғни жер шарының қай нүктесінде де, қай заманда да өзгермейтін мәңгі тұрақты күнтізбесінің тек шетелдерде ғана танылып қоймай, ендігі жерде өз елімізде де мәртебелі марапатқа ие болатынына еш күмән жоқ.
Ендеше, айтылмаса сөз жетім демекші, тек қазақ ғылымының ғана емес, әлем ғылымның да, сондай-ақ күллі адамзат өркениетінің де абыройын асқақтатқан заманауи жаңалықтың авторын ең алдымен егемен еліміздің оқырман қауымына сүйінші хабар ретінде үкілеп жеткізуді парыз санаймын. Өйткені әлемдегі ең абыройлы университет мінберінен жоғарыда аталған мәртебелі халықаралық ғылыми конгресс мүшелеріне ғалым Сайлыбай Бекболатовтың өзі баян­даған төл күнтізбесі – астрономиялық әрі математикалық тұрғыдан ешбір кінәратсыз, дәл есептелген әрі мызғымас ғылыми іргетасқа негіз­делген туынды. Бұл біріншіден.
Екіншіден, бұл күн­тізбенің, 1582 жылы Рим папасы XIII Григорийдің бұй­рығымен католик дінді елдерге «Жаңа стиль» деген желеумен енгізген, бірақ ғылыми негізі жоқ 12 айлық жасанды күнтізбесінен де, сосын, әлемде бүгінгі таңда ақпарат және цифрлық технологиялар саласында қолданыста жүрген он шақты күнтізбелерден де, тіпті 13 ай/28 күннен тұратын әрі жаһандық мәні бар 364 күндік «Майя» күнтізбесін де шаң қаптыратын Сайлыбай Бекболатовтың мәңгі тұрақты күнтізбесінің көзге оттай басылатын артықшылығы мен басымдығы жетіп артылады.
Үшіншіден, осыдан 438 жыл бұрын айна­лымға күштеп енгізілген Григорий күнтізбесінде кеткен өрескел қателіктің салдарынан бір жылды құрайтын 12 ай кейде 28, кейде 29, кейде 30, ал кейде тіпті, 31 күнге де тола салады. Сосын, әдетте 365 күнді құрайтын жыл төрт жылда бір рет 366 күнге де теңесе кетеді. Тек ол ғана емес, Григорий күнтізбесінде быжынаған өзге де қателіктер мен кемшіліктер көз тұндырады. Мәселен, «сентябрь», ­«октябрь», «ноябрь», «декабрь» айларының атаулары латын тіліндегі 7, 8, 9, 10 деген ұғымдарды білдіретін «septem», «octo», «novem», «decem» деген түбір сөздерінен туындайды. Солай бола тұра, әлгі айлардың аттары заттарына мүлде сай емес. Себебі ­Григорий күнтізбесіндегі әлгі айлардың реттік саны – 9, 10, 11, 12. Сосын, әлгі күнтізбедегі өзге айлардың атауларынан да жасандылық пен шикілік көзе ұрып тұр. Мысалы, март, май, июнь, январь, февраль, апрель айларының атаулары Марс, Майя, Юнона, Янус, Фебариус, Афродита секілді Құдайлардың есімдерімен байланыстра қойылса, июль атауы байырғы Рим императоры Гай Юлий Цезарьдің құрметіне бола қойылған.
Демек, Григорий күнтізбесінің шынайы болмысы бұл күнде тозығы жеткен құрақ көрпені елестетеді. Сондықтан да, күллі Батыс Әлемін ғана емес, жер шарының басым бөлігін матап алған жасанды күтізбеден адамзаттың арылатын кезі әлдеқашан жеткен-ді. Сосын, адамзат өркениетін жүз шақты жылдан бері мезі қылып, шешімі бүгінгі таңға дейін табылмай келе жатқан ең көкейкесті мәселенің бірі емес, бірегейі де ғылыми іргетасқа негізделген жаһандық әмбебап күнтізбе эталонын жасақтап, қолданысқа енгізу болып келгені жасырын емес. Өйткені бұл іргелі де көкейкесті мәселе алғаш рет 1923 жылы Женева қаласында өткен Ұлттар лигасының отырысында көтеріліп, күнтізбе реформасын жүргізу Халықаралық Комитетке жүктелген болатын. Содан бергі уақытта аталмыш Комитет әртүрлі мемлекеттердің ұлттық ғылыми орталықтарынан келіп түскен жүздеген жобаларды жариялап, бұл мәселеге Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі де араласқан-ды. 1954 жылы аталмыш Ұйымның Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің 18-сессиясында Индиядан келіп түскен күнтізбе жобасы талқыланып, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қарауына ұсынылды. Алайда ешбір шешім қабылданбай, кейінге қалдырылған-ды. Бұл мәселе БҰҰ-да одан кейін де бірнеше рет қайта көтерілгененіне қарамастан, түйінді де түйткілді мәселенің шешімі табылмаған күйде қалып қойды.
Қуанышқа орай, жаһандық мәңгі тұрақты күнтізбенің тағдырын отандық ғалымымыз Сайлыбай Бекболатов түбегейлі шешіп берді. Сәйкесінше, жоғарыда атап өткеніміздей, адамзат тарихындағы ғасырлар жұмбағының қыр-сырын ғалым жоғарыда аталған заманауи туындысында толық сипаттап берді және ғажап туындының электрондық нұсқасы жаһандық ғаламтор жүйесіне де еніп кетті. Демек, кез келген оқырман кез келген уақытта бұл туындының ағылшынтілді нұсқасын GOOGLE іздеу жүйесінен таба алады.
Төртіншіден, Сайлыбай Бекболатов ашқан ғылыми жаңалықтың әмбебаптығы сонда, Жердің мәңгі тұрақты күнтізбесіндегі күндер мен апталар Күннің өзі ғана емес, Күн жүйесіне кіретін Ай, Марс секілді аспан денелерінің күнтізбелеріне де толықтай сәйкес келеді. Себебі әр жыл сайын Жер өз осін 365 рет айналса, Ай Жерді жыл сайын 13 рет айналады. Ал Күн өз осін айналумен қатар, бір жылда «Эклиптика» деп аталатын аспан сферасындағы үлкен шеңбердің бойымен 13 шоқжұлдызды кесіп өтеді және бұл табиғи құбылыстар – мәңгі өзгермейтін жаһандық астрономиялық заң­дылық. Ал Григорий күнтізбесі болса, әр жыл сайын Жерді 13 рет айналатын Ай санын ғана емес, әлгінде ғана аталған 13 шоқжұлдыздың біреуін де ешбір себепсіз қысқартып тастаған. Ең күлкілісі сол, бұл кемістігін жабу үшін, Григорий поп 13 деген санды шайтанмен байланыстырып, оған тыйым салған. Сондықтан да Батыс Әлемінде 13 санын атаудан сескенеді.
Бесіншіден, майя күнтізбесінде де, Григорий күнтізбесінде де 0 (ноль) деген математикалық өлшем бірлігі мүлде есепке алынбаған. Ал шындығында, киелі Кітаптарда айтылғандай, жоқтан немесе нольден бар жасайтын да, бардан жоқ немесе ноль жасайтын да, 18000 мың ғаламның иесі Жаратқанның өзі екенін діндар бола тұрып, Григорий поптың мүлде ескермегені кез келген адамды қатты ойландырады. Өйткені жыл басының көктем кезіндегі күн мен түннің теңелетін кезінен басталалатыны Библияның 1002-бетіндегі «Библия күнделігінде» тұрса, Құранның 10-шы сүресінің 5-аятында да күнтізбеге қатысты мынадай шындық тұр: «Алла күнді жарық, айды сәулелі етіп жаратты. Жылдардың санын, (уақыттың) есебін білулерің үшін айға бекеттер белгілеп қойды». Демек, шындығында да, айдың фазалары әлгі аятта айтылған Алла ілімін толық дәлелдеп тұрғанына күмән келтіру мүмкін емес.
Алтыншыдан, Сайлыбай Бекболатов жасақтаған 13 ай, 28 күндік мәңгі тұрақты күнтізбенің алғашқы айы Наурыздың 21-іне дөп келетін күн мен түннің теңелетін кезінен, яғни аспан экваторын кесіп өтетін Күннің оңтүстік жартышардан солтүстік жартышарға ауысар шағындағы координатының 0 (ноль) градусқа теңелетін сәтінен басталады. Мұндағы 0 (ноль) градустың мәні – майя күнтізбесінен тыс қалған жылдың 365-күні.
Жетіншіден, қазақ ғалымының астроно­мия­лық заңдылықтар мен математикалық терең есептің негізінде мүлтіксіз жетілдіріп, мінсіз жасақтаған мәңгі тұрақты күнтізбесі – галактикалық мәңгі күнтізбе, өйткені бұл күн­тізбені, Григорий күнтізбесі секілді, әр жыл сайын лақтырып тастап, қатесі быжынаған ке­лесі жалған нұсқасымен айырбастаудың мүлде қажеті жоқ. Себебі бұл күнтізбе мәңгі әрі тұрақты.
Сегізіншіден, Сайлыбай Бекболатов жасақ­таған күнтізбеде айлар мен апта күндері еш уақытта да Гриорий күнтізбесіндегідей, жыл сайын сусып, бастапқы орнынан жылжып кетпейді, керісінше, апта сайын да, ай сайын да, жыл сайын да еш мызғымастан, тұрақты бір ғана орнында тұрады.
Тоғызыншыдан, мәңгі өзгермейтін 28 күндік/13 айлық бұл мәңгі тұрақты күнтізбеде әр жылдың басы Наурыз айының 21-індегі күн мен түннің теңелетін сәтіне дөп келетін бірінші жексенбі ғана нольден басталады, ал қалған жексенбілер аптаның үйреншікті жетінші күніне сай келіп тұрады. Ал дүйсенбілер, әдеттегідей, әр аптаның бірінші күніне, сейсенбілер екінші, сәрсенбілер үшінші, бейсенбілер төртінші, жұмалар бесінші, сенбілер алтыншы күніне сай келеді және бұл мызғымас тәртіп 13 айлық күнтізбенің өн бойында мәңгі өзгермей, қаққан қазықтай немесе аспан әлемінің солтүстігіндегі Темірқазақ жұлдызындай, үнемі мызғымай тұрады.
Оныншыдан, қаржы-экономикалық тұр­ғыдан да, бұл күнтізбе ешбір ысырапқа жол бермейді, өйткені бір рет баспадан шыққан бұл күнтізбенің бастапқы нұсқасын ондаған немесе жүздеген жылдар бойы қолдана беруге болады. Сосын, оның электрондық нұсқасы да дәл солай, жылдан-жылға жалғасып, еш өзеріссіз қолданыла береді. Сонымен, сөз соңын түйіндей келе айтарымыз мынау: қазақ ғалымы Сайлыбай Бекболатов сырын ашқан мәңгі тұрақты күнтізбенің түптамыры Алланың адамзатқа өсиет еткен Киелі кітаптарында жатқанын оқырман қауымның назарына ұсынған мына салауатты пайымын мәлім етсек, артық бола қоймас. Өйткені Сайлыбай Бекболатов дана халқымыздың «ұлық болсаң, кішік бол» деген қасиетті ұстанымына сәйкес, былай дейді: «Көріп отырғаныңыздай, мен тек табиғатта бар әділетті заңдылықты қайта орнына келтірдім. Сондықтан әлем халықтары білуге тиісті нағыз шындық мынау: міне, бүгінгі таңда күллі адамзат әрең дегенде шынайы әрі еш уақытта өзгермейтін әрі мәңгі қайталанып тұратын тұрақты күнтізбемен жүздесіп, сол құндылықпен өмір сүру құқына ие болды. Ендеше, адамзат баласы табиғаттың төл баласы екенін бір сәт те есінен шығармай, сол табиғат пен биосфераның заңдарын бұлжытпай сақтауға міндетті».
Демек, ғалым ашқан заманауи жаңалық тек өз еліміздің мүддесі ғана емес, жаһанданған бүгінгі заманда өмір сүріп жатқан күллі адамзат өркениетінің де діттеген мүддесінен шығады.
Бір есте болатын нәрсе мынау: қазақ ғалымы Сайлыбай Бекболатовтың мәңгі тұрақты күнтізбесі неғұрлым тезірек айналымға енгізілсе, бүгінгі таңда күллі әлемді тізгіндеп алған жасанды Григорий күнтізбесінің салдарынан банк және қаржы жүйелерінде; технологиялар мен цифрландыру үдерістерінде; медициналық және биологиялық процестерде; макро және микро ғарыш саласында; қарапайым адамдардың күнделікті өмірінде; сондай-ақ Windows, Linux, MacOS, Android және IOS секілді заманауи операциялық жүйелерде; өсімдік шаруашылығы мен микробиологияда; сол сияқты білім, ғылым, спорт, теміржол транспорты және авиа­ция салаларындағы көптеген кедергілер мен кемшіліктерді түбегейлі жойып, тек өз еліміздің ғана емес, күллі әлемнің экономикалық жос­парлау және оны іске асыру, сонымен қатар бақылау жүйелерін де жетілдіріп, қай салада болмасын, даму процестерін оңтайландыруға зор мүмкіндіктер ашатыны және ең бастысы, планета биоритмі мен сол планетаның төл туындысы адамзаттың биоритмін де бір ізге салып, тәртіп пен сабақтастықты қалыптастыратыны ап-айқын көрініп тұр.Ендеше, өз халқымыз бен мемлеке­тімізді де, жер шарындағы өзге халықтар мен мемлекеттерді де қазақ топырағынан нәр алып, сонда тамыр жайған галактикалық тұрақты да мәңгі күнтізбеге күллі әлемді көшіруге жар сала шақыралық, ағайын! Өйткені тек солай еткенде ғана адамзат санасы қайта жаңғырып, қайта түзеледі де, Жердің биоритмімен адамзат қайта үндеседі және о баста Жаратқан сыйлаған табиғи да адами құндылықтар күллі адамзатқа қайта оралатын болады сондай-ақ, Григорий күнтізбесі туындырып отырған күллі хаос біржолата жойылады.

Әділ Ахметов,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі

4197 рет

көрсетілді

341

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы