• Білім және ғылым
  • 21 Қаңтар, 2021

МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ А.АЙМАҒАМБЕТОВКЕ САУАЛЫ

Құрметті Асхат Қанатұлы!

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай барлық мектептерді мұғалімдермен 100% қамтамасыз ету қарастырылған.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің еңбекақысы жүйелі негізде едәуір артты. Сонымен бірге «Педагог мәртебесі туралы» Заң – педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін тиімді шешу мақсатында дер кезінде қабылданды деп білеміз. Бұл құптарлық жағдай.

Бірақ біздің депутаттық сауалымыз сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз ету арқылы мектептердегі тұрақты білім сапасын арттыру мәселесіне арналады. Көптеген халықаралық зерттеулер бойынша бұл мәселе педагог кадрлардың білім деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі.

Халықпен кездесу барысында мектептерде сапалы кадрлардың тапшылығы ата-аналардың дайындық орталықтарында репетиторлардың ақылы қызметіне жүгінуде, бұл өз кезегінде білім алуда әлеуметтік теңсіздікті тудыруда. Осы тұрғыдан, мәселені шешуде келесідей ұсыныстар енгіземіз:

Бірінші. Қазіргі педагог мамандардың тапшылығы өтпелі кезеңде мектепте жақсы оқыған түлектердің педагогикалық мамандыққа бармауы, ал педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің ауыл мектептеріне келмеуіне байланысты. Осы тұрғыдан, ауыл мектептерін үздік тамамдаған түлектерді педагогика мамандығына үгіттеу жұмыстарын жүйелендіріп, жандандыру қажет.

Екінші. Педагогика мамандық­тарындағы студент­тердің теориялық білімін педагогикалық методикамен ұштастыру мақсатында педагогтық тәжірибені 2 апта, 6 апта емес, 2 жылға, яғни 3-4-курстарда міндетті бірыңғай әрі үздіксіз педагогикалық тәжірибесін енгізуді қарастыруды ұсынамыз.

Үшінші. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық университеттер түлектерінің көпшілігінде орта мектептерде пәндік және әдістемелік білім деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады. Осы ретте, акаде­миялық адалдық қағидаттарына негізделген тәуелсіз негізде педагогикалық жоғары оқу орындары бітіруші түлектерінің пәндік білім деңгейін тексеру тетіктерін ойластыру керек.

Төртінші. Педагогикалық жоғары оқу орындарында қазіргі замандағы жаңа инновациялық педагогикалық технологияны, педагогикалық әдіс-тәсілдерді студенттерге тиімді үйрету мақсатында онлайн негізде еліміздегі новатор ұстаздардың авторлық методикалық курстарын ұйымдастыруды ұсынамыз.

Бесінші. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның ­«Педагогке кәсіби қызметке рұқсат беру» деп аталатын 10-бабының «Бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға, сондай-ақ педагогикалық білімі жоқ, бірақ даярлықтың тиісті бағыты бойынша жоғары (немесе), жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі мен біліктілігі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен кейін педагог ретінде кәсіби қызметпен айналысу құқығы беріледі» 3-тармағын орындау механизмдерін облыстық, қалалық және аудандық білім бөлімдері бірлесе отырып жетілдіруі қажет. Себебі бұл норма өз кезегінде мектептердегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мұғалімдерінің тапшылығын азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Ағартушы-ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөздері білім саласы үшін әлі де өзекті. Осы ретте, айтылған мәселелерді назарға алып, мәселенің оң шешімін қарастыруыңызды және заңда белгіленген мерзім ішінде жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, «Nur Otan» партиясының

фракция мүшелері, депутаттар

Ж.Әшімжан, Ж.Сүлейменова

3951 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы