• Басты мақалалар
  • 28 Қаңтар, 2021

АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Мемлекеттік маңызға ие Жаркент операциясына – 100 жыл

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

 

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

5. ТОҒЫЗЫНШЫ, СІЗ КІМСІЗ?

«Атаманның ақыры» атты атақты фильмді кім білмейді?! Бұл күнде одан бәріміз де жақсы хабардармыз ғой. Міне, осы кинокартинаның екінші сериясында бір эпизод бар. Ол Сүйдіндегі қауіпті тапсырманы жандарын шүберекке түйіп жүріп орындаған чекистер Қасымхан ­Чадияров пен Махмұд Қожамияровтың шекараның бергі бетіне арып-ашып әрең жеткен сәті. Іңір қараңғылығы түсе бере ескі зираттағы жартылай құлаған күмбезді паналаған оларға қастарындағы қаңтарулы аттары бөтен біреудің келе жатқанынан хабар беріп, құлақтарын қайшылай жер тарпиды. Осы сәтте: «Қасымхан! Бұл мен ғой, қарағым» деген үстінде былғары курткасы бар жігіт ағасының даусы естіледі. Ақ шашты, бурыл мұртты ол кісі қалың шилі өзектен бері беттейді де: «Қалай, аман-есен жеттіңдер ме?» деп атынан түседі. Енді әңгімелесе бергенде шығыс жақтан жойқын ат дүбірі естіледі. Бұл атаманынан айырылып ашынған ақ казактардың қуғыны еді. Оларды алдарқатпақ болған жаңағы қарт кісі Қасымханның бас киімін өзіне ­ауыстырып киеді де тасадан атына қамшы баса атып шығып, жазық даламен ағыза жөнеледі. Улап-шулаған казактар соған қарай бұрылып, қуғын қаупі сейіледі. Осы мезетте қос чекист енді ешқандай қауіп жоқ дегендей атқа қонып, елге бет алады.

Фильмдегі осы бейненің, атақты суретші Әубәкір Ысмайылов сомдаған образдың прото­типі кім? Ол: «Сол кездегі Жаркент милициясы бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісов» дер едік біз. Иә, сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қасымхан Чанышевпен бір мекемеде қызмет атқарған жан. Яғни 1919-1920 жылдары аудандық милицияда біреуі басшы десек, екіншісі оған қосшы болған адам. Атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция ойластырылғанда ЧК өкілдері Әубәкір Жүнісовке жауапты тапсырманы орындаушы ерекше топ мүшелерін арғы бетке аман-есен өткізу, қайтар кезде оларды күтіп алып, ықтималдылық жағдайындағы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Нәтижесінде сөзі салмақты, ісі тиянақты, өмірден көргені мол бұл адам тапсырылған істі тамаша орындап шыққан. Бұған оның кезінде ВЧК тарапынан операцияны тікелей жүзеге асырушы топ мүшелерімен қатар марапатталып, атқарған ісінің бір үзігі жоғарыда сөз еткен фильмде арнайы эпизодқа арқау болуы анық дәлел. Атқарған ісінің бір үзігі демекші...

Өмірбаянына үңілсек, ол 1886 жылы ­Алматы облысының Кеген өңіріндегі Жалаңаш ауылында өмірге келіпті. 14 жасында Жаркенттегі ауылшаруашылық орыс мектебіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы орманшы мамандығы ­бойынша бітіріп шығады. Екі жыл әкесі Ниязбектің тұрмыс-тіршілігіне көмектеседі. Содан соң, еңбек жолын 1906-1916 жылдар аралығында түрлі істер бойынша жергілікті билікке жүгінген Петров, Нагибин, Галицкий, Исаев, Денякин дегендердің бітімгершілік соттарында аудармашы болып бастайды.

Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың 2001 жылғы бізге берген мәліметі бойынша Әубәкір Жүнісовке қатысты деректер негізінен Алматы облыстық мемлекеттік архивіндегі 408-қордың 2-тізімдемесіндегі 468-іс пен Қазақстан ­Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі 5-қордың 8-тізімдемесіндегі 52-істе және 733-қордың 1-тізімдемесіндегі 1-істе сақталған. Сондағы мәліметтерге сүйенсек, кейіпкеріміздің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқанын байқаймыз. Осы әрекеті үшін патша үкіметі оны 6 жылға соттайды. Бірақ Қалжат пен Шарын болысының халқы оны кепілдікке алып, артынан іле-шала майдандағы қара жұмысқа аттандырып жібереді. Сөйтіп, ол Ресейдің Екатеринослав губерниясындағы Ветка, Накопный рудниктерінде десятник болып еңбек етеді. Патша тақтан құлаған 1917 жылдан кейін елге қайта оралып, Жаркентте тілмаш, қалалық атқару комитетіндегі мұсылман бөлімінің хатшысы, күзет бастығы, жергілікті ЧК тергеушісі қызметтерін атқарады. 1920 жылы атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция жұмысына тартылар алдында Әубәкір Жүнісов Жаркент милициясы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген еді. Мемлекеттік мәні зор оқиға сәтті аяқталғаннан кейін Жетісу ЧК-сының бастығы Эйхманс басқалармен бірге біздің кейіпкеріміздің де еңбегінің ескерусіз қалмауына ерекше көңіл бөледі. Оны бұл лауазым иесінің ВЧК-ның Түркістан аумағындағы Уәкілетті өкілі, ВЦИК мүшесі Я.Петерске ұсыныс жасаған хатынан анық байқауға болады. Осыдан кейін билік орындары: «...тов. Жунусову от 134 КА. 1927 г. 1/ІV. За принятия участия над атаманом Дутовым» деген жазуы бар күміс сағат пен үш желілі винтовканы сыйлық ретінде береді.

Сөз орайында айта кетейік, кейде адам үшін құжаттардың сөйлейтіні бар. Иә, архивтегі сарғайған қағаз кейіпкердің толық болмаса да жалпы бейнесінен кәдімгідей мағлұмат беретіні анық. Республикалық Орталық мұрағаттағы Әубәкір Жүнісовке қатысты құжаттарды қарап отырғанда біз, міне, сондай әсерде қалдық. Ол бірбеткей, қайсар адам болған. Қолға алған ісіне немкетті қарамаған. Белгілі бір мәселеге қатысты өзінің кесімді сөзін айта білген. 1920 жылдан кейін Жетісу губерниялық сотының мүшесі, Алматы қалалық адвокаттар мекемесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүргендегі кейіпкеріміздің өзі жазған қағаздар мен оған берілген мінездемелер, міне, осындай тұжырымдарға негіз қалайды. Қызмет буы­на мастанбаған, оның құлақкесті құлына айналмаған ол бұқпай, бүгежектемей сол кездегі өмірде орын алған әділетсіздіктерге қасқайып қарсы тұра біледі. Бірде мынадай оқиға болған. Әубәкір Жүнісов Жетісудың ең шеткі нүктесі Алакөл аймағында іссапарда жүргенде тергеуші Катков дегеннің Үржар мен Мақаншы елді мекендеріндегі жергілікті тұрғындарға жасаған қиянатын әшкерелейді. Өзін талқыға салған ­жиналыста ұлы орыстық шовинизм дертіне ұрынған шенеунік кеудемсоқ, астамшыл әрекетін мойындамайды. Қиямпұрыс мінезіне басып, Әубәкір Жүнісовті атып тастауға ұмтылады. Сол кезде өте әбжіл қимылдаған ол оның қаруын тартып алып, өзін де, өзгелерді де өлімнен аман алып қалады.

Осындай турашылдық, басқа ұлт өкілдерінің өзінің қандастарын басыну әрекетіне деген жаны төзбестік біздің кейіпкеріміздің жауын көбейтпесе, азайтпайды. Жер-жерден жәбір көргендер оны пана тұтып, айналасынан шықпайды. Ал бұл сол кездегі мемлекеттік ­жазалаушы органдар тарапынан Әубәкір Жүнісовке деген сенімсіздік туғызады. Сондықтан жергілікті ОГПУ, НКВД, прокуратура оның әр басқан қадамын аңдуды қолға алады. Соның салдарынан 1924 жылғы БКП (б) қатарын тазалау науқанында ол партиядан шығарылады. 1926 жылы жоғарыда біз өзіміз айтқан сыйлық – ВЧК винтовкасын Жетісу губерниясының ОГПУ бөлімі тартып алады. Осы заңсыздық жөнінде Әубәкір Жүнісов Қазақ АССР-ның ОГПУ бастығы Г.Каширин мен республика Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Е.Ерназаровқа шағымданады. Нәтиже болмайды. ОГПУ қызметкері Маркович: «Үйіңде жата бер, винтовканы іздеп жатырмыз, табылса қайтарамыз» деп шығарып салады.

Өстіп жүргенде 1932 жыл келеді. Бұл кезде Әубәкір Жүнісов Алматы облысының ­Кеген ауданындағы №16 ауылда тұратын. Жала жабылып, үй-мүлкі тәркіленеді. Өзін бала-шағасымен жер аударуға шешім шығарылады. Бірақ Алматыда бұл кісіні білетін адамдар ара түсіп, Кеңес үкіметіне сіңірген еңбегі ескеріліп, аман қалады. Ал 1938 жылы... Мұрағаттанушы ­Зияда Ижановтың осыдан 15 жыл бұрын біздің хатымызға жазған жауабындағы дерек былай сөйлейді.

«...Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ыдырыс Көшкінов халық жауы деп ұсталғанда Әубәкір Жүнісов оны қорғау үшін сот төрағасына «бұл адал, таза адам» деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ сот төрағасы оның сөзін қаперіне де алмайды. Ол соған ашуланып, бөлмедегі үстел үстінде тұрған сия сауытты алып ұрмақшы болады. Осы жерде бұрыннан өшігіп жүргендердің көктен іздегені жерден табылады. Сөйтіп, Әубәкір Жүнісов ұсталып, 4 ай бойы тынымсыз тергеу мен адам айтқысыз азапты бас­тан кешіреді. Тағылған кінәны мойындамай, бәрін жоққа шығарғанына қандары қарайған сот мүшелері есіл ерді 1938 жылғы 5 тамызда ату жазасына кеседі. Өкініштісі, асыл азаматтың Кеңес үкіметін нығайтудағы, ақ бандыларға қарсы күрестегі еңбектері мен елім, жұртым деп атқарған басқа да істері еленбеді. Тіпті ВЧК-ның Түркістан республикасы бойынша Уәкілетті өкілі Я.Петерстің: «Предьявитель сего т. ­Жунусов Аубакир 6-го февраля 1921 года ­совершил акт, имеющий республиканское значение, чем спас несколько тысяч жизней трудовых масс от ­нападения его банд, которому требуется по ­отношению к выше означенному товарищу со стороны советских властей внимательное отношение и означенный товарищ не подлежит аресту без ведома полномочного представителя» деп берген 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1887 куәлігі де ескерілмеді. Ескерілу былай тұрсын, Әубәкір Жүнісов 1938 жылғы 14 тамыздағы үкім бойынша атылғаннан кейін өздерін қорғау мақсатында ­Алматы облысының сот, ­прокуратура, НКВД органдары 4 жыл бойы оны тірі адам есебінде бірнеше «айыптау қорытындыларын» жасап, «қайта тексеруге» жіберген болып, оның «қылмысына сай» енді 10 жылға түрмеде отыруға, 5 жыл сайлау еркінен айыруға жалған үкім шығарды. Сөйтіп, Гогольдің «өлі жандарындай» өтірік «өлі құжаттар» Мәскеу мен Алматы арасында ерсілі-қарсылы үнсіз жөңкіді. Егер ол қағаздарға тіл бітсе: «Жіберіп отырған адамдарың әлдеқашан атылып кеткен жоқ па еді?» деп айтар еді-ау.

Осы арада «мұның бәрі сонда не үшін керек болған?» деген сұрақ туады. «Мәселе мынада сияқты, – деген болатын мұрағаттанушы ­Зияда Ижанов жоғарыдағы хатында. – Әубәкір Жүнісовтің атылғандығы жөнінде оның отбасына хабарланбады, жасырылды. Сондықтан оның тағдыры ел-жұртына белгісіз болды. Есіл ердің туыстары, достары жер-жерге шағымданды. Олар жіберген хаттардан тек асыл азаматтың зайыбы Бопыханның 1939 жылғы 2 ақпанда Қазақ КСР прокурорына: «Менің ерім қайда? Әлі күнге тергеуде ме? Маған хабарлауыңызды өтінемін» деген арызы ғана сақталған. Респуб­лика прокуратурасында бұл хат 1939 жылғы 17 ақпанда 2760-шы нөмірмен тіркеуден өткен. Оның шекесіне: «Дело в облсуде, сообщить об этом жалобщице» деп 15 ақпанда қол қойған. Көрдіңіз бе, тіркеуден екі күн бұрын-ақ бастық қол қойған, әрі жарының тағдырын білмей келген Бопыханды «арызқой» етіп көрсеткен. Сол кезде өмірде жоқ, әлдеқашан атылып кеткен арыс азаматтың ісі облыстық сотта деп жалған сілтеме жасаған».

...Әубәкір Жүнісов 1957 жылы 16 тамызда ақталды. Істі 19 жылдан кейін қайта қараған Қазақ КСР Жоғарғы сотының алқасы онда қылмыс құрамы болмағандықтан, бір кездегі Алматы облыстық сотының үкімін жойды. 32 жасында 6 баламен жесір қалған Бопыхан ана жоғарыдағы хабарды естігенде көз жасына ие бола алмай ұзақ жылады дейді көзкөргендер. Ол сол бір зауалды күндердің зары ма, жоқ әлде қиянат қияметке кетпеді деген тәубе ме, мұны енді ешкім түсіндіріп айтып бере алмайды. Қазақтың қайсар әйелі 40-50 жылдары арыс азаматтың артында қалған ұлдары Смағұл, Әнуар, Батырхан, Әсет пен қыздары София, Рузиданы жетелеп жүріп жеткізіп, олардан тараған немере-шөбересін көзімен көріп, 1978 жылы өмірден озды.

Осы арада сөз ретіне қарай бір әңгіме айта кетейік. Кейіпкеріміздің жоғарыдағы аттары аталған балаларының ортаншысы Батырхан Әубәкірұлы Жүнісовтің мамандығы мұғалім еді. 1965-1969 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауылындағы орта мектепте бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұзын бойлы, зор денелі, көп сөйлемейтін, жүзі сұсты кісі-тін. Екінші дүниежүзілік соғыста артиллерист болыпты. 23 ақпан – Қызыл армия күнінде бүкіл сыныбымыз болып ағайымызды С.Маршактың өлеңдер жинағын беріп құттықтағанымыз есімізде. Сонда үнемі қатал болып көрінетін ол кісінің жүзі сәл жылып, чекист әкесі Әубәкір Жүнісов туралы әңгіме айтқаны бар. Ал өзі қатысқан соғыс туралы: «Шайқаста пехотаға (жаяу әскерге – ред.) өте қиын болатын. Бір атакада-ақ олардың қатары сиреп қалатын. Ал біздің артиллерия... Құдайға шүкір, расчетіміз ондайдан аман болды. Вязьмадан Берлинге дейінгі 4 жылда 4-5-ақ рет пополнение (толықтыру – ред.) алдық» деген сөзі есімізде.

6. КИНО

«Атаманның ақыры» фильмі. Жылдар жылжып, уақыт алға озған сайын мынадай сұрақтың бой көрсетіп қалары анық. Ол: «Кеңес чекистерінің жанкешті ерлігін көрсететін осы кинокартина қалай өмірге келді? Фильм қашан, қай жерлерде түсіріліп, ондағы басты рөлдерде ойнайтын актерлерге таңдау қалай жасалды? Ал сол бір тарихи оқиға ортасында болған адамдар бейнесі ше? Олардың іс-әрекеті мен қимылы осы кинолентада қаншалықты нанымды көрсетілген?» деген сауал. Бұған білетінімізді айтып, қадери-халімізше жауап беруге біздің құқымыз бар ғой деп ойлаймыз. Біз дегеніміз – 60-70 жылдардың ұрпақтары. Жоғарыдағы кино өмірге келгенде студент едік. Таласып-тармасып «Целинный» кинотеатрындағы премьерасына барғанымыз есімізде. Осы фильм туралы «Лениншіл жаста» жарық көрген рецензия да әлі күнге дейін көз алдымызда. Авторы сыншы Сағат Әшімбаев болатын. Кейін университетті бітіріп, газет-журналдарда жұмыс істеп жүргенімізде «Атаманның ақыры» фильмі түсіріліп жатқан кезде «Қазақфильм» киностудиясының ­директоры болған Камал аға Смайыловпен бір ­редакцияда қызметтес, ал сол кинолентада басты рөлді сомдаған Асекең, Асанәлі Әшімовпен меке­мелеріміз іргелес болып, фильм туралы талай әңгімеге қаныққан жайымыз бар. Алды­мен Камал Сейітжанұлының айтқандарына тоқталалық.

– Ұмытпасам, 1967 жылдың аяқ кезі ғой деймін, – деген болатын ол кісі. – Кинорежиссер Шәкен Айманов екеуміз Орталық Комитетке шақырылдық. Ондағы әңгімеде Димекең, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев енді 3 жылдан соң Қазақ КСР-іне 50 жыл толатынын сөз етті. Сөйтті де: «Кеңестік Қазақстанның осы мерекесі қарсаңында аға ұрпақ өкілдерінің ерлік дәстүрін көрсететін 2-3 тақырыпты экранға лайықтап көрсеңіздер қалай болар еді, – деді бізге барлай қарап. – Мәселен, жазушы Д.Фурмановтың «Бүліншілік» шығармасына арқау болған Верныйдағы дүрбелең мен ақгвардияшылардың жойқын шабуылына жанқиярлықпен төтеп берген Орал жұмысшы-шаруа жасақтарының қаладағы 100 күндік қорғанысы және Жаркент ЧК қызметкерлері жүзеге асырған атаман Дутовқа қарсы операция. Бұл оқиғалардың бәрі 1919-1921 жылдары осы Қазақстанда өткен жоқ па?!»

Содан, яғни Орталық Комитеттегі әңгімеден соң, «Қазақфильм» басшылығы жоғарыдағы тақы­рыптарды жиі-жиі сөз етіп, жоба-­жоспарлар жасауды ойластыра бастаған. Сөйтіп жүргенде... Иә, 1968 жылдың 5 ақпаны күні «Правда» газетінде «Мені таң ата атыңдар!» деген өзі де, тақырыбы да өзгешелеу мақала шықты. Онда содан 3-4 ай бұрын өзіміздің Орталық Комитетте әңгіме болған тақырыптардың бірі – шекараның арғы бетіндегі атаман Дутовтың көзін жою оқиғасы баяндалыпты. Мақалаға сәл-пәл тоқталсақ, Жаркент қаласындағы ЧК бастығы Сувориннің (мақалада осылай – ред.) атынан айтылған әңгімеде оның әріптесі Қасымхан Чанышев Қытайдағы Сүйдін қамалына жасырын жіберіледі. Бірақ оның қайтып оралатынына ешкім сенбейді. Сонда Сувориннің (Қасымхан Чанышевтің қалай және неге кеткенін өзі ғана біледі, басқаларға сол сәтте түсіндіруге, сыр шашуға болмайды) айтқан бар сөзі: «Мен ол келеді, тапсырманы орындап оралады деп сенемін» болады. «Егер келмесе ше?» деген сұраққа оның амалсыздан берер жауабы: «Онда мені таң ата атыңдар!» деген сөз.

Біздің іздегеніміз осы ғой. Бұрын еміс-еміс естіп жүрген оқиғаны енді біртұтас күйде көрдік. Бар болған жағдай өзінің ішкі сырымен, жұмбағымен көз алдымызға келе қалды. Содан бір-бірімізбен хабарласқан бәріміз: «Осының негізінде сценарий жазып шығуға болады» деген ойға тоқтадық. Мен сол күні ауырып үйде жатқанмын. Соған қарамастан Мәскеуге телефон соғып, сөзімді екі етпейтін ескі танысым Андрон Кончаловскийге қолқа салдым. «Правдадағы» мақаланы ол да оқыпты. Ойлануға мұрсат сұрады. Үш күннен кейін: «Сізді Мәскеуге келеді деп естідім. Сонда жолығып, әңгімелессек. Ұсынған тақырыбыңыз өте қызықты. Ақылдасайық» деді.

Ақпан айының ортасында Шәкен Айманов­тың жаңа ғана бітірген «Тақиялы періште» атты кинокомедиясын Бүкілодақтық Кинематография комитетіне көрсетіп, тапсыруымыз керек болатын. Белгіленген күні сол шаруамен Шәкең, мен және студияның бас редакторы Әкім Тарази Мәскеуге жүріп кеттік. «Россия» қонақүйіне орналасқан соң әріптестерімізді шақырдық. Онда «Атаманның ақыры» фильмінің болашақ нобайы туралы жақсы пікір алмасу болды. Сценарийді тез жазып бітіру үшін Андрон ­Кончаловский қасына Эдуард Тропининді қосып алмақ ниетін білдірді. Ал Шәкен Айманов осы тақырыпқа байланысты әңгіме басталғаннан-ақ болашақ фильм ой-идеясының басында болды десем, еш артық айтқандығым емес. «Алдаркөсе», «Атамекен» және «Тақиялы періште» туындыларынан кейін ағамыз әрі жұрт қызыға, құмарта көретін, әрі мағына-мазмұны салмақты, келелі де күрделі дүние жасасам деп жүретін. Шәкен Кенжетайұлының жіті көзі қонақүйде әңгімелесіп отырған мәскеулік әріптестер материалынан сондай фильм шығатынын бірден көрді. «Сценарий ойдағыдай жазылып, көңілдегідей болып ұнаса, мен оны өзім қойып шығамын» деді ол кісі нық байламмен.

...Ақыры солай болды да. Сөзіне де, ісіне де берік авторлар сценарийді мезгілінде жазып бітіргеннен кейін, «Атаманның ақыры» фильмін түсіру бірден басталып кетті. Сөйтіп, Шәкең барлық жұмысты асқан шабыт үстінде жүргізді. Соның нәтижесінде қиын дейтін эпизодтардың өзі шамдағай қимылмен шапшаң түсіріліп жатты. Кино алаңында күрделі мәселе туып жатса, олардың бәрін ағамыз өз мойнына алып, өзі шешіп реттеп отырды. Соның нәтижесінде бұл кинотуындының тез түсіріліп біткені есімде.

Камал Смайылов айтқан әңгіме, міне, осындай. Оны біз 1990 жылы ағамыздың өз аузынан естіп, жазып алған едік. Онда ол кісі «Ақиқат» журналының бас редакторы-тын. 1992 жылы аталмыш басылымнан ауысып, «Халық кеңесі» газетіне барғанбыз. Сонда 1994-1996 жылдары Қазыбек би көшесіндегі 40-үйде Асекең, Асанәлі Әшімов басқаратын «Елім-ай» киностудиясымен көрші болып отырдық. Жұмыс аяқталып қалды-ау деген кешкі мезгілде ортамызға шахмат тақтасын көтеріп ағамыз келеді. Ойнауы – сұрапыл. Біреуіміз қарсы тұра алмаймыз. Ол кісі бәрімізді қиратып ұтады. Шахмат соңы жайма-шуақ әңгімеге ұласатыны бар. Сондай кезде Асекеңнен сұрайтынымыз «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» және «Жаушы» фильмдеріндегі эпизодтар, белгісіз-беймәлім жайттар ғой баяғы. Бәлсінбейді. Асықпай айтып береді.

...2012 жылы «Елім-ай» киностудиясына қайта соққаным бар. Сол көше, сол үй, сол екінші қабат. Сол Асекең, Асанәлі аға... Жүздесуіміздің бұл жолғы мәнісі «Атаманның ақыры» фильміне байланысты осыдан 16 жыл бұрынғы айтылған әңгімелерді қайта жаңғырту, кей тұстарын нақтылап, анықтап алу-тын. Біз – сұрақ қоюшы, ол кісі – жауап беруші.

– Бұл кинолентаны түсіру қашан, қай уақытта басталды, Асеке?

– Сценарийдің жазылып бітіп, талқылаудан өтіп, қолға тиген кезі 1969 жылдың ортасы-ау деймін, шамасы. Ал түсіруге әзірлік пен алғашқы жұмыстың басталуы – 1970 жылдың қаңтары. Аяқталған уақыты – сол жылдың қарашасы. Сөйтіп, өзіміз сөз еткелі отырған екі сериялы фильмнің 11 ай ішінде өмірге келгені бар. Бұл кино саласының сол кездегі өлшемімен алып қарағанда рекордтық көрсеткіш.

– Аталмыш кинолентаны өмірге әкелген кімдер? Бұл жерде біз сізден бар жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңған, аты-жөні титрда тұратын шығармашылық топты сұрап отырмыз.

– Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен аға Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов. Ал композиторы – Еркеғали Рахмадиев. Ұмытпай тұрғанда айта кетейін, мұндай екі сериялы, кең панорамалы, түрлі-түсті кинотуындыда тағы бір режиссер болады. Ол жұмысты Қуат Әбусейітов атқарды. Сондай-ақ шығарманы қажет жерінде музыкамен сүйемелдеп отыруды дирижер Ғазиз Дугашев жетекшілік ететін Абай атындағы академиялық опера және балет театрының оркестрі мойнына алса, монтаж жасау Роза Жанғозинаға жүктелді. Киноны дыбыстауға Лина Додонованың қатысып, сурет-безендіру жұмыстарына Валентин Перелетовтің тартыл­ғаны есімде. Қысқаша айтқанда, мен білетін ұжым мүшелері, міне, осы адамдар болатын.

– «Атаманның ақыры» қай жерлерде түсі­рілді? Біздің айтып отырғанымыз сіздердің тілдеріңіздегі киноэкспедиция деп аталатын ұғым ғой. Соған таңдалып алынған қала мен дала, жер-су аттары есіңізде ме?

– Сұрайын деп отырғаның сюжеттік кадрлар мен эпизодтық көріністерге қажет кино түсіру алаңдары ғой. Ондай жерлер Алматыдағы көне шіркеу төңірегі мен Қарғалыдағы Фабричный елді мекенінен және Жаркенттегі Красноармейская көшесі тұсындағы Уәлібай мешіті аумағынан, Шарын өзені мен оның арғы бетіндегі Ақсай жазығы және соның Қайқы асуына жалғасатын тұсындағы Темірлік сайы маңайынан, Хиуа шаһарындағы орталық базар, керуен сарай, қамал қабырғалары мен махалла орамдарынан табылды. Қазір емес, ол күнде де электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе көне қаланың бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Соның бәрі, яғни ХХ ғасырдың 20-жылдарына тән көріністер туу сонау алыстағы Хиуада болып шықты. Сөздің тоқ етер түйініне келсек, былай. Фильмнің 90 пайызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсірілді.

– Осы кинотуынды туралы сөз бола қалса жазушы-драматург Әкім аға Таразидің: «Асанәлі Әшімов қос сериялы «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріне қатар түсіп, ондағы рөлдерді абыроймен тамаша орындап шықты» деп ризашылықпен әлденеше рет айтқанын естігеніміз бар. Жоғарыдағы жағдай нендей себепке байланысты болған еді? Сол уақытта екі рөлді қатар ойнау сізге қиындық келтірген жоқ па?

– 1968 жылы «Қазақфильм» студиясындағы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сцена­рийі бойынша халқымыздың жыр мұрала­ры­ның ішіндегі інжу-маржаны «Қыз Жібек» екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Ондағы кейіпкерлерді сөзбен сомдағанда классик жазушымыз ел аузындағы дөрекі, ұрда-жық Бекежан бейнесін көрерменге мүлде басқа қырынан көрсетіп, сол арқылы оны халқына арашалай жеткізуге тырысыпты. Мұнда ол бұрынғы «атаңа нәлет жауыз» емес, бір басында ақылдылығы да, аңғалдығы да бар, сондай-ақ жақсылығы мен жамандығы да қатар жүретін нағыз дала көкжалы болып шыққан екен. Жасыратыны жоқ, эпос варианттары мен соның негізінде қойылған бұрынғы спектакльдерде де Бекежан бейнесі бізге Төлегеннен бір сүйем жоғары тұрғандай көрінетін. Енді мына сценарийден кейін әкем театрдағы өзімнің сүйікті кейіпкерім тіпті «ақтала» түскендей, бұрынғысынан биіктеп кеткендей әсер қалдырды. Бір күні осы киноға жауапты сарапшылар тобынан сүйінші хабар келді. Олар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлапты! Қуанышымда шек жоқ! «Құдайым көктен іздегенімді жерден берді» деп бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан хабар келсін... «Ата­манның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Чадия­ровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов» деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде, бұл қиын болды ғой?» деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. «Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады» деп шарт ете түсті ол кісі. Жарықтық, қайтымы тез адам еді. Біраз үнсіз отырды да: «Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Чадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық» деді қамқор үнмен.

Екі-үш күннен соң, қос қожайыным – ­кинорежиссерлер Сұлтан Қожықов пен Шәкен аға ­Айманов бірлесіп отырып, менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріндегі мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Арнайы жұмыс кестесі жасалды. Атқарылатын істің үлкен-кішісі демей, бәрі ескеріліп, талқыланды. Ең бас­тысы, түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін – Бекежан, түстен кейін – Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды дер едім. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан «оңайлау беріледі». Қызуқанды, от болып жанып тұрған ­Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Себебі Қасымхан әр ісін он ойланып, жүз толғанып шешер байып пен ақылдың адамы. Өйтпесе, ол барлаушы атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алар ма еді. Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі «жан сарайына кіру» тіптен қиын-тын. Оған төзімді, өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, кең қолтық, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сондықтан сол күндері талғамға талап қоя отырып, психологиялық тұрғыдағы арпалыспен өмір сүруге тура келді. Осылайша, мысалы, атаман Дутовтың кабинетіне келген жас офицер мен Сырлыбайдың алдына кірген жас батырдың сөйлеу ерекшелігі мен өзін-өзі ұстау мәнеріндегі, тіпті жүріс-тұрысындағы титтей де қайталаулардың болмауы сияқты сан сыннан аман-есен өтіп, қос кейіпкерді экранға алып шықтық қой, әйтеуір.

– Енді мына мәселеге қарай ойысайық. Біз осы фильмдегі актерлердің біразының шеттен шақырылғанын білеміз...

– Иә. Бұл дұрыс та болды. Себебі олар анау-мынау емес, алды сол кездің өзінде 40, арты 20 шақты кинотуындыға түсіп, Одақ көрерменіне кеңінен танымал болған тұлғалар еді. Мысалы, атаман Дутовтың рөліне шақырылған Владислав Стржельчикті алып қарайық. Ленинградтағы Үлкен драма театрының артисі ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, 60-жылдардың аяғына дейін-ақ талай марапатқа ие болған адам еді. 70-80 жылдары театр мен кинодағы ерекше еңбегі үшін КСРО халық артисі атанып, кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын тақты. Ал фильмдегі екінші кейіпкер – Жетісу ЧК-сының төрағасы Николай Суворовтың рөлін ойнаған Виктор Авдюшкоға келсек, ол «Мосфильмнің» байырғы актерлерінің бірі-тін. 40-50 жылдардың өзінде «Жас гвардия», «Кубань казактары» атты киноленталарда жалт етіп көрінген бұл әріптесіміз 60-жылдары атақты «Өлілер мен тірілер» және өзіміздің «Қазақфильм» түсірген «Мәншүк туралы ән» фильмдерінде қандай талант иесі екенін дәлелдеген жан болатын. Виктор Антоновичтің түсіру алаңдарындағы сәл толас тапқан бір жұмыс арасында бізге: «Бұл менің кинодағы 46-шы рөлім» деп ғибраты мол қызықты әңгіме айтқаны есімде. Айтпақшы, бұл кісінің қызы қазақтың келіні. Актердің екінші әйелінен туған Варвара Авдюшко Голливудтағы қандасымыз, атақты кинорежиссер Тимур Бекмамбетовке тұрмысқа шыққан.

Енді Жаркент ЧК-сының бастығы ­Давыдов пен орталықтың арнаулы өкілі Юханның бейнелерін сомдаған өнер иелеріне тоқталып өтейік. Оның алғашқысын атақты кинорежиссер Михаил Роммның шәкірті, М.Горький атындағы киностудияның актері Юрий Саранцев ойнаса, соңғысын шығармашылық еңбек жолын Е.Вахтангов атындағы драма театрында бастап, содан кейінгі өмірін Мәскеудегі киноактерлер студиясы театрымен тығыз байланыстырған ­Геннадий Юдин орындап шықты. Олардың екеуі де өз мамандықтарының бір деген білікті өкілдері, сол кездің өзінде әрқайсысы 20-30 фильмге түсіп үлгерген өнер шеберлері болатын. Ал діндар әкей Иона поп ше? «Оны кім орындады?» дейсіздер ғой. Моссовет театрының атақты артисі, киноактер – Борис Иванов. Сондай-ақ өзіміз сөз етіп отырған фильмдегі сатқын Кривенко мен атаман Дутовтың адьютанты Лопатиннің рөлдеріне Владимир Гусев пен Юзеф Мироненконың шақырылғаны да есімде. В.Гусев Мәскеудегі актерлер студиясы театрының талантты өкілі болатын. «Атаманның ақырына» дейін ол Одақ көрерменіне «Солдат Иван Бровкин» «Нормандия – Неман», «Гусар балладасы», «Майор «Вихрь»» және бұлардан басқа да 30-дан астам фильмге түсіп үлгерген танымал тұлға еді. Владимир Михайлович біздің жоғарыдағы шақыруымыздан кейін «Қазақфильм» киностудиясымен өте жақсы шығармашылық қарым-қатынаста болды. Сөйтіп, «Жаушы» мен «Қан мен тердегі» өзіне тапсырылған рөлдерді өте нанымды ойнап шықты. Ал атаман Дутовтың адьютанты бейнесіндегі Юзеф Мироненкоға келсек, ол Ташкент көркем театр институтының түлегі еді. 1965-1968 жылдары Киевтегі Леся Украинка атындағы өнер ұжымында еңбек етті.  1969 жылдан өмірінің соңына дейін Ленинградтағы Үлкен драма театрында қажымай-талмай жұмыс істеді. Сахнада «Король Генрих ІV», «Ревизор», «Борис Годунов», «Пиквик клубының ­хаттары» секілді атақты пьесаларда ойнады. Юзеф ­Николаевич негізінен театр артисі болатын. Кинодағы рөлдерінің ішінен қазір тек ертеректе түсірілген «Андромедтің адасуы», «Оноре де Бальзактың қатесі» фильмдеріндегі бейнелері ғана есімде.

– Дұрыс екен. Енді мына сұраққа ­жауап беріңізші, аға. Өзімізден таңдау кімдерге түсті? Сұрайын дегенім, осы кинолентаға біздің актерлердің қатысуы қалай болды деген ой ғой...

– Әңгімені атақты ағаларымыздан ­бастайын. Фильмдегі атаман Дутовтың оң қолы болып жүретін ақ гвардияшы полковник ­Абылайханов бар емес пе? Міне, сол кейіпкер рөліне ел-жұрт жақсы білетін, бәріміз өзін ерекше құрметтейтін Нұрмұхан Жантөрин шақырылды. Осы кинотуындыда екі-үш-ақ рет көрінсе де көпшілік көкейінде қалып қоятын бір бейне бар. Ол Қасымхан Чадияровты күдікті адам  ретінде ұстап, оны көше аралатып жүргізіп әкеп түрмеге қамайтын қарт қызыләскер образы. Бұл эпизодқа түсу атақты Елағаң, Елубай Өмірзақовқа жүктелді. Ал прототипі Махмұд Қожамияров ­болып ­табылатын Ахмет рөлі республикалық ұйғыр театрының танымал артисі Құрбан Абдрасуловқа берілді. ­Танымал дейтініміз, «Атаманның ақыры» фильміне түсуге шақырылғанға дейін бұл кісі Ташкент көркем театр институтын бітірген, одан соң Алматыдағы өзіміз айтып өткен өнер ұжымы сахнасында қойылған «Анархан», «Ғариф-Санам», «Садыр палван» спектакльдерінде белді рөлдерді ойнап үлгерген талант иесі еді. Енді фильмдегі бас кейіпкер Қасымхан Чадияровтың зайыбы, жас келіншек Салтанат пен сол үйдегі балақай рөлдері жөнінде бірер сөз. Атақты чекистің жарын бейнелеуге конкурстық іріктеу арқылы студент Алтынай Елеуова алынды. Ол сол кезде Алматы халық шаруашылығы институтындағы бухгалтерлік есеп факультетінің екінші курсында оқиды екен. Ұмытпасам, бұл қарындасымыз осы дебютінен кейін тағы екі кинолентаға түсті-ау деймін. Содан кейін өмірден өзінің әу бастағы таңдаған мамандығы бойынша жолын тапты. Ал фильмдегі чекистің үйіндегі бүлдіршін, яғни Салтанаттың ұлының рөліне өзімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген кинооператор Асхат Ашраповтың баласы Тимур түсті.

Сөзімді енді осы кинотуындыдағы соңғы екі кейіпкерді айтумен аяқтайын. Оның біреуі шекараның арғы-бергі бетіне апиын тасып үйренген әккі аткезші Үсен. Көрерменнің есінде ол басына терсіңді тақия киген, ұзын сырма шапанын қаусырына киіп, көзі төңіректі тіміскілей қараудан танбайтын жан ретінде сақталып қалған болар. Міне, сол сылыңғыр қараның рөлін ойнау ұйғыр жігіті Зейнулла Сетековке жүктелді. Ол кезінде Құрманғазы атындағы ­Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген, содан соң «Назугум» фольклорлық халық аспаптары ансамблінің көркемдік жетекшісі болып жүрген өнер иесі-тін. Хо-о-ш... Енді... Иә, ең соңғы айтайын деген кейіпкерім – шабарман-хабаршы Әкім. Құлжадан маңызды мәлімет әкеле жатқан оны ақтардың шолғыншы отряды ұстап алып, қанша қинаса да ештеңе айтпаған соң, өз көрін өзіне қаздырып өлтіреді ғой. Міне, сол қыршын жастың рөлін ол кездегі бозбала, қазіргі белді де белгілі актеріміз Нұржұман Ықтымбаев ойнайды. Нұржұман соның алдында «Қазақфильм» түсірген «Қилы заман» кинолентасында бақыршы баланың бейнесін орындаған болатын. «Атаманның ақыры» фильміндегі біз сөз еткен бейне оның екінші рөлі-ау деп ойлаймын.

– Ғафу етіңіз!.. Елдің есінде ерекше сақталып қалған қытай малай ше? Тыңшы әрі үй күтуші бұл кейіпкер туралы ештеңе айтпадыңыз ғой.

– Е, айтпақшы... Иә-иә, оны және атаман Дутовтың зайыбының рөліндегі актрисаны ұмытып барады екенмін ғой. Сырт көзге иіліп-бүгіліп, бетіңе күле қарайтын, ал былайғы өмірде басқан-тұрған ізіңді аңдып, қараулықпен шұғылданатын малай Лиді республикалық корей театрының артисі ойнады. Оның да ­фамилиясы Ли еді. Аты есімде жоқ. Ал Дутовтың әйелі Натальяның рөлін Елена Немченко орындап шықты. Ол Ленинградтағы Үлкен драма театрының өкілі болатын. БДТ деп аталатын аталмыш өнер ордасы қазір атақты театр тарланы Г.А.Товстоноговтың атында ғой.

...Осымен Асекеңмен арадағы әңгіме аяқ­талды. Жасырмайық, көкейімізде: «Жоға­рыдағы мәскеулік, ленинградтық және қазақстандық әріптестеріңізден бұл күнде кімдер бар, кімдер жоқ? Олардан хабарыңыз бар ма?» деген соңғы сұрақ бар еді. Бірақ бұл ағамызға ауыр тиер деп ойладық. Сөйттік те, ол сауалды қоймадық. Редакцияға оралған соң жоғарыдағы жайдың жауабын интернеттен алмақ болып ­компьютер клавиштерін басқанымызда, ­монитор экраны мына мәліметтерді алдымызға жайып салды. В.Авдюшко (Суворов) 1975 жылы, В.Стржельчик (Дутов) 1995 жылы, Ю.Саранцев (Давыдов) 2005 жылы, Г.Юдин (Юхан) 1989 жылы қайтыс болыпты. Сондай-ақ В.Гусев (Кривенко) 2012 жылы, Ю.Мироненко (Лопатин) да 2011 жылы өмірден озыпты. Өзіміздің отандастарымызға келер болсақ, «Атаманның ақыры» фильмін түсіруге қатысқан шығармашылық және жұмыс тобынан қазір ешкім қалмапты. Ал кинодағы рөлдерде ойнағандардан бес актеріміз аман-есен, сау-сәлемет жүріп жатыр екен. Олар: Асанәлі аға Әшімов (Чадияров), ­Алтынай ­Елеуова ­(Салтанат), Құрбан Абдрасулов ­(Ахмет), Нұржұман Ықтымбаев (Әкім) және Тимур ­Ашрапов (балақай).

Жетісу жеріндегі Жаркент өңірінде болған жоғарыдағы оқиға ішіне сыр бүккен күрмеуі көп күрделі жайт, құрметті оқырман! Біз бұған дейін бұл тақырып жазылған жоқ, сөз болған емес демейміз. Қаламгерлер Жүсіпбек Арыстанов, Алексей Брагин, Кемел Тоқаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Николай Милованов секілді аға ұрпақ өкілдері қалам тартып, 70-80 ­жылдары қадери-халдерінше баяндаған. Бірақ одан бері жағдайдың, уақыттың, өмір талабының өзгергенін есепке алмай болмайды. Атап айтқанда, олар: әдебиеттегі бір кездегі қиял, көркемдік сипат емес, деректілік мәселесінің алға шығуы, соңғы ширек ғасырдағы ақ эмигранттар жазбаларының көптеп жариялануы, мұрағаттардағы құжаттарға қолжетімділіктің артуы сияқты мәселелер. Соның нәтижесінде тың деректер мен соны фактілер қылаң беріп, беймәлім жайдың белгісіз сырлары ашылуда. Сондай-ақ бұған дейін жарық көрген зерттеулер мен жинақтарда сол атышулы операцияға қатысқан адамдардың кейінгі тағдыры жөнінде көп ештеңе айтылмай келді. Олардың ұрпақтарын іздеушілер болмады. Біз, міне, тақырыптың осы жағына да назар аударып, соларды ашып көрсетуге күш салдық. Сөзіміздің соңында оқыңыздар, келтірілген деректерге назар аударып, пікір білдіріңіздер демекпіз.

НҰР-СҰЛТАН

 

48674 рет

көрсетілді

24681

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы