• Cұхбаттар
  • 28 Қаңтар, 2021

Қайсар ТАБЫНОВ: ЕҢ АЛДЫМЕН ИММУНДЫҚ АХУАЛДЫ БІЛУ МАҢЫЗДЫ

Қайсар ТАБЫНОВ,
ҚазҰАЗУ жанындағы Халықаралық Вакцинология орталығының директоры:

Ол – соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде ғылыми-зерттеу тобымен бірге жоғары патогенді құс тұмауы, бруцеллез, A/H5N1 құс тұмауы мен A/H1N1 шошқа тұмауы сияқты аса қауіпті инфекцияларға қарсы ветеринарлық 7 вакцина мен медициналық 3 вакцинаны сәтті ­жасап шығарған ғалым. Ол жасаған вакциналардың шамамен 60%-ы табысты түрде қолданысқа және өндіріске енгізілген.

Қайсар Табынов  микробиология саласында ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтындағы 15 жылдық, оның ішінде инфекциялық аурулардың алдын алу зертханасының меңгерушісі қызметіндегі 8 жылдық еңбек өтіліне сүйене отырып, қауіпті вирусқа қарсы отандық екпені дайындауға кіріскен санаулы мамандардың бірі. «Ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы Вакцинология орталығының зертханалары мен заманауи материалдық-техникалық базасы,  күрделі ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге қабілетті мамандары білікті» деген ғалым болашақта қазақстандық кез келген вакциналар осындай жерлерде ­дайындалатынына сенімді. Университеттің ғана қаржыландыруымен вакцина әзірлеп жатқан ол өз ісін көпшілікке алдын ала таныстыруға құлықсыз. Ғылыми нәтиже белгілі болғанда ғана көпшілікке жаңалығын сүйіншілегісі келетіндей. Бүгінгі сұхбатымызда қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі – вакцинация мәселесін сөз етпекке бел будық...

– Коронавирусқа қарсы екпені алғаш қабылдаған қазақстандықсыз. Әсері қандай болды? Ол вакцинаның ерекшелігі не еді?

– Австралиялық Vaxine Pty ltd шығарған COVAX-19 вакцинасын қабылдадым. Ол компаниямен ғылыми әріптестік орнатқанбыз, ал ғылыми әріптестіктің бір шарты осы болғандықтан, бұл вакцинаны өз ағзамызда сынап көрдік. Екпе қабылдаған соң иммунитетімнің қаншалықты жұмыс істеп жатқанын білу мақсатында биохимиялық және гематологиялық қан талдауын тапсырдым. Барлық көрсеткіштер қалыпты екенін көрсетті. Вакцинаның клиникалық сынақ хаттамасында адамдардан оқшаулану шарт емес деп жазылған. Тек карантин кезіндегі барлық гигиеналық талаптарды орындау керек. Осы нұсқаулыққа сүйендім.

Иә, вакцина қабылдамас бұрын денсаулығымды скринингтік және биохимиялық толыққанды тексерістен өткізіп, дәрігердің келісімін алдым. Вакцина доминантты емес, егер оңқай болсаңыз сол қолға, ал солақай болсаңыз оң қолға, яғни физикалық тұрғыда салмақ түспеу үшін жүктемесі аздау қолға егіледі. Егілген вакцинаның көлемі – 1 миллилитр. Еккеннен кейін төрт сағаттан соң вакцина салынған жердің аздап ауырғанын сездім. Бұл қалыпты жағдай. Екінші күні қаттырақ ауыра бастады. Физикалық жаттығу жасап, қолды көтергенде ауырсындым. Дене қызуым 37,4-ке дейін көтерілді. Әлсірей түскендеймін. Үшінші күні барлық жағымсыз әсер жойылды. Сол үшінші күннен бастап қалыпты күйге түстім.

Вакцина жақсы жұмыс істесе, тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетсе, оны практикада қолдануға толық мүмкіндігіміз болады деген ойға келдік.

Дәл өзімнің вакцина салдыртуым­ның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің елде қолдануға ұсынатын вак­цинаның қауіпсіздігі мен иммуно­гендігіне көз жеткізгім келді. Екіншіден, COVAX-19-дың құрамындағы Advax-CpG адъвантының күшін анықтасам дедім. Үшіншіден, отандық вакцинаны жасау үшін COVID-19 қоздыр­ғы­шымен тікелей жұмыс істеу керек болғандықтан, денсаулықты қорғауым да қажет болды.

– Жаппай вакцинациялау уақыт еншісіндегі шаруа ғой. Барлық сынақтан өткен вакцина алдымен кімдерге егіледі?

– Жалпы тәжірибе бойынша вакцина алдымен тәуекелі басым кісілерге егіле­ді. Статистикаға қарасақ, коронавирус инфекциясынан көз жұмып жатқандардың көбі – ересек адамдар, сосын қан қысымы, қант диабеті, қатерлі ісік сияқты созылмалы ауруы бар науқастар мен осы індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер. Сон­дықтан, ең алдымен, осындай кісі­лерге вакцинация жасау керек деп есептеймін.

Бүгінгі пандемия жағдайында кез келген вакцинаны жасау процесі, яғни оны әзірлеп, өндіріске енгізуге дейін орта есеппен 10 жыл уақыт керек. Ал біз сонша уақыт вакцинаны күтіп отыра алмаймыз. Қандай вакцина болсын, ең алдымен, оның адамға қауіпсіздігі тексеріледі. Ол адамның денсаулығына зардабын тигізбеуі керек. Екінші ­кезекте тиімділігі тексеріледі. Ол кезде миллиондаған адам бір сәтте вакцинаны қабылдайды және ол адамдардың бәрінің дені сау болуға тиіс. Егер вакцина қауіпсіз болмаса, миллиондаған адамның денсаулығына зиян келеді. Осы жағдайларды саралап барып, вакцинация жұмыстары жүргізілуі керек деп есептеймін. Әрине, індеттің бел ортасында жүрген адамдардың ауру жұқтыру қаупі жоғары, сондықтан өз еріктерімен олардың бірінші болып вакцина алуы әділдік болар еді деп ойлаймын.

– Қазір дүниежүзі мемлекеттері вакцина қабылдауды бастады. Ол вакциналар туралы не дейсіз, маман ретіндегі пікіріңіз қандай?

– Америкалық фармацевтикалық Pfizer компаниясы вакцина ойлап табуда алғашқылардың бірі болып жетістікке жеткені туралы айтып жатыр ғой. Бұл компания Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пенициллин ойлап тапқаны белгілі. Міне, осы компания өз вакцинасының (BNT162b2) 95%-дық қорғаныш беретінін мәлімдеді. 65 ­жастан асқан адамдар үшін 94% нәтижелі екенін баса көрсетті. Яғни екпе егілген әрбір жүз адамның 95-інде тұрақты иммунитет қалыптасады деген сөз.

Moderna инновациялық компания­сының өнімі 94,5% нәтижелі екенін айтады. Ресейдің «Спутник V» вакцинасы 92%-дық қорғаныш беретіні айтылып, жазылып жатыр. Pfizer компаниясы секілді, ресейлік ғалымдар компаниясының да ғасырлық ­тарихы бар. Pfizer-ден айырмашылығы ­Гамалеи атындағы ғылыми орталық Ресей денсаулық сақтау министрлігінің құрылымына кіреді. Ал препаратты мемлекеттік қор қаржыландырады.

Жалпы вакцинациялау ­туралы айтсақ, Британ ғалымдары вакцинацияның аралас тәсілін пайдаланып көргісі келеді. Бірінші вакцинацияда олар вакцинаның бірінші типін, ал қайтара салатын вакцинада екінші типін пайдалануға ұсыныс жасады. Олар аралас тәсілді пайдаланғанда адамдарды толыққанды иммунитет қалыптасуы мүмкін деп сенеді. Біз де соны байқап көрсек дедік.

– Вакцинаны бәрі бірдей алуы керек пе, қалай ойлайсыз?

– Вакцина салдырмас бұрын ­организмде бұл инфекцияға антидене қалыптасқан ба, соны тексеріліп алған дұрыс деп есептеймін. Симп­томсыз ауырып тұрғандар немесе жеңіл формасында ауырғандар бар. Оларға вакцина салдыртудың қажеті жоқ деп есептеймін. Өзі қалыптасқан иммунитетке ештеңе жетпейді. Яғни вакцинаны коронавируспен ауырмаған адамдардың алғаны абзал. Ал ауырып-жазылғандардың бойында табиғи ­иммунитет қалыптасып үлгереді. Дегенмен, бұл өте қауіпті ауру болғандықтан, болашақта қалай құбыларын анықтау әзірге мүмкін емес. Сондықтан елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарына баса назар аударылып, вакцина шығарумен айналысатын зертханалар мен зауыттар ашу керек.

Вакцина – жұқпалы ауруларға қарсы иммунитетті қалыптастыруға арналған медициналық немесе ветеринариялық иммунобиологиялық препарат. Ол әлсіреген немесе жойылған микроорганизмдерден, олардың метаболизм өнімдерінен, гендік инженерия немесе химиялық жолмен алынған антигендерден жасалады. Вакцина салдырған соң, иммунитет 14 күннен кейін қалыптасады. Осы аралықта иммунитетті қинамау керек. Спирттік ішімдіктер ішпеген жөн. Вакцина алғанға дейін бірнеше күн бойы да ішімдік ішпеген абзал. Аллергиясы бар адамдар иммундық жүйені басатын арнайы гормондық препараттар қолданады, осы жағдайда вакцина салдырсаңыз, пайдасыз болуы мүмкін.

 

Менің болжамым бойынша, коронавирус пандемиясы 2021 жылдың ортасына таман азаяды да, одан кейін өзге де вирустар секілді болып қалады. Ал қазіргі кезде инфекциямен дұрыс күрес жүргізу аса маңызды. Біз эпидемиядан біртіндеп шығып келеміз. Кез келген инфекцияның шырқау шегі, таралатын аумағы бар. Жер шары тұрғындарын тұтас организм деп қарастырсақ, ол алып организм COVID-19 індетімен күресте шынығып келе жатқанын байқауға болады. 
 

– Қазірдің өзінде коронавирус ­инфекциясына қарсы 200-ге жуық үміткер-вакцина тіркелді. Біздің еліміз де вакцина жасауды қолға алды.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бес вакцинамызды клиникаға дейінгі сынақтарға арналған үміткер-вакцина ретінде тіркеді. Осы отандық вакциналар туралы білгіміз келеді.

– Дұрыс айтасыз, үміткер-вак­циналар 200-ге жуық, олар ДДСҰ тізімінде тұр. Оның ішінде қазақ­стан­дық бес вакцина бар.

Қазір дүниежүзілік нарықта үш вакцина: матрикалық РНК негізіндегі вакцина, векторлық вакцина, Қытай вакцинасы. Өзге вакциналармен қатар жаһандық клиникалық тексерістен өткен. Олардың ерекшелігі техникалық платформалары әртүрлі. Бұл вакцина­лар­дың ұзақмерзімді салдары қандай болатынын ешкім болжап біле алмайды.

ДДСҰ-ның өз критерийлері бар және оларға әр вакцина сәйкес келуі керек. Егер вакцина осы критерийлерге сәйкес келсе,  клиникалық зерттеулерге кірісуге болады. ДДСҰ-ның вакциналық үміткерлер тізіміне Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚазҰАЗУ халықаралық вакцинология орталығы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің М.Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы бірлесе ­жасап шығарған наноэмульсивті майлы адъювант негізіндегі SARS-CoV-2 (COVID-19) вакциналары да енді.

Яғни қазір елімізде отандық вакцинаны жасап жатқан екі ғылыми топ бар. Екеуі бір-біріне тәуелсіз, өз алдына бөлек жұмыс істейді. Оның бірі – Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты болса, екінші ғылыми топқа Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығы, Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы, АҚШ-тың Огайо университеті және Аустралияның Vaxine компаниясы кіреді. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты қазірдің өзінде оң нәтижесін көрсете бастады. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтында 15 жыл бойы жұмыс істегенмін. Сондықтан ондағы әріптестеріме сәттілік тілеймін. Ал біздің орталықты Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтымен салыстырғанда, осы кезге дейін мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алған жоқпыз. Вакцина дайын­даудың ең қымбат сатысы – клиникалық зерттеулер. Соның ең үлкені – үшінші фаза. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма басшысы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Исабайұлы Есполовтың тіке­лей қолдауымен университеттің ішкі ресурстарын жан-жақты пайдаланып келеміз. Университет арнайы грант бөлген.

Біз жасап жатқан вакцина екеу. Біріншісі NARUVAX C-19, екіншісі – NARUVAX C-19/nano. Бұл – субъбірлікті вакциналар. Яғни пато­ген­нің (вирустың) бір немесе бірнеше тазартылған иммуногенді ақуызынан тұрады. Ал қазақстандық препараттардың құрамындағы адьювант (иммун жауабын күшейтеді) әсерді күшейте түседі. Екі препарат та Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы Халықаралық вакцинация орталығында жасалған. Қазіргі уақытта препараттар Масғұт Айқымбаев атындағы қауіпті инфекциялар ғылыми орталығында клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Бірінші препарат (NARUVAX C-19) синтетикалық жолмен алынған рекомбинант ақуыздар негізінде дайындалған. Оң нәтижеге зертхана жануарына  емес, адамға салу арқылы қол жеткізетін болсақ, препаратты тіркеу процедураларын жеңілдетер едік. Препарат инфекциядан ұзақ уақыт қорғап тұра алады. Бұл – клиника сынағына дейінгі кезеңде алынып жатқан нәтиженің бірі. Препарат коронавирусқа антидене бөліп қана қоймай, организм тіндерін жасуша деңгейінде коронавирусқа қарсы тұруға итермелейді. Бұл вакцина суббірлікті. Ол синтетикалық түрде алынған рекомбинантты ақуыздар негізінде дайындалады. Яғни әңгіме S-ақуыз туралы. Бұл вакцинадағы маңызды компоненттердің бір артықшылығы – сүт түсі. Ол түсті нано-эмульсиялық май адъюванты шығарады. Мұны франциялық серіктестеріміз ұсынған еді. Бұл препарат 20-дан аса мемлекетте әртүрлі вакцинаның құрамында қолданылады. Демек, біз зертханалық жануарларға емес, адамдарға оң нәтиже көрсетсек, бұл процесс осы препаратты тіркеу рәсімін жеңілдетеді. Жалғыз бізде ғана емес, дүниежүзінің кез келген еліндегі тәртіп осындай. Осылайша, препараттың иммуногенділігіне, яғни оның инфекциядан ұзақ мерзім қорғай алатын антиденелерді қалыптас­тыру қабілетіне қатысты жағдайды анықтайды. Вакцина T-жасушалы им­мундық қорғаныш береді. Ол коро­навирусқа қарсы антиденелер түзіп қана қоймайды, сонымен қатар дене тіндерін жасушалық деңгейде қарсы тұруға мәжбүр етеді.

– Екінші вакцина туралы да айтып өтсеңіз.

– Екінші препарат NARUVAX C-19/nano деген атау алды. Оны Огайо штаты университетіндегі серіктестермен бірге жасадық. Әртүрлі полимердің нанобөліктері негізінде әзірленді. Бұл полимерлер табиғи, биологиялық түрде ыдырайды әрі биология тұрғысынан үйлесімді. Яғни организмге түскенде оңай сіңіп кетеді. Нановакцинаның ерекшелігі – бұлшықетке салынбай, жай ғана мұрынға тамызылады. Осының арқасында бірден мұрынның шырышты қабаты қорғалады, сәйкесінше, вирустың қанға енуіне жол берілмейді. Бұл осы вакцинаның бірінші ерекшелігі. Екіншіден, біздің вакцинамыз осы вирустың әртүрлі мутацияларына төтеп беруге мүмкіндігі жетеді.

Қазір маман ретінде жасалып жатқан вакциналардың артықшылығы қайсы, кемшілігі қайсы айтып бере аласыз ба?

– ДДСҰ мамандары тиімділігі 70%-дан асатын кез келген вакцинаны жетістікке баласа, АҚШ билігі 50% -дық (тұмауға қарсы вакцинаның тиімділігі осындай мөлшерде) қорғаныш беретін препараттарды ­сатып алуға дайын екенін жеткізді. Ал Еуропа медициналық агенттіктері тиімділік пайызы одан да төмендеу препараттарды алуға ниеттіміз деп емеурін білдірген болатын.

Бейтараптанған вирус вакцинасын дайындау үшін SARS-CoV-2 коронавирусын алып, оның белсендігін азайтып тастайды немесе өлтіреді, оны тазалап, ағзаға егеді. Ағзаға түскен әлсіз немесе өлген вирусты иммун жүйесі анықтайды және оған жауап ретінде антидене қалыптастырады.

Біреулер бейтараптандырылған вакцинаны (химиялық факторлармен өлтірілген коронавирус), кейбіреулер суббірлікті вакцинаны қолданады. Вакцинология саласының маманы әрі Kazfluvac (құс тұмауына қарсы), Refuvac (пандемиялық шошқа тұмауына қарсы) бейтараптандырылған вакцинаның, сонымен қатар маусымдық тұмаудың үшвалентті сплит-вакцинасын жасаушы ғалым ретінде әрбір вакцина түрінің де өз артықшылығы мен кемшілігі бар деп есептеймін. Қауіпсіздік деп аталатын маңызды көрсеткіш тұрғысы­нан алсақ, суббірлікті вакцинаның артықшылығы көп. Себебі ол вирустың барынша иммуногенді фрагментінен дайындалады, маңызы жоқ өзге вирус ақуыздары болмайды. Яғни ол барынша таза және оны пациенттер де жақсы көтереді. Ал бейтараптандырылған вакцина науқастан алынған COVID-19 вирусынан әзірленеді. Вирусты химиялық заттек арқылы өлтіріп, тазалап, стерильді фильтрациядан өткізіп, адъювантпен біріктіреді.

Менің ойымша, қандай да бір вакцинаға қатысты қауіпсіздіктің, иммуногенділіктің, тиімділіктің ақ-қарасын клиникалық зерттеулердің барлық кезеңінен өткен соң ғана айта аламыз.

– «Ауырмайтын жол ізде» дейтін бір сөз бар ғой. Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда ауырмаудың жолы қандай?

– Халқымыздың иммундық ахуалын білу өте маңызды. Содан кейін ғана ауқымды иммундық науқанды бастауға болады.

Менің болжамым бойынша, коронавирус пандемиясы 2021 жылдың ортасына таман азаяды да, одан кейін өзге де вирустар секілді болып қалады. Ал қазіргі кезде инфекциямен дұрыс күрес жүргізу аса маңызды. Біз эпидемиядан біртіндеп шығып келеміз. Кез келген инфекцияның шырқау шегі, таралатын аумағы бар. Жер шары тұрғындарын тұтас организм деп қарастырсақ, ол алып организм COVID-19 індетімен күресте шынығып келе жатқанын байқауға болады.

Ал ауырмайтын жол – тазалық, ­салауатты өмір салты, күтім, иммундық ахуалды ұдайы бақылап отыру. Осы қарапайым нәрселерді ұмытпасақ, ел аман, жұрт тыныш болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

3808 рет

көрсетілді

281

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы