• Тарих
  • 04 Наурыз, 2021

АҚТЫҚ СӨЗІН АЙТА АЛМАЙ КЕТКЕН БІР АРЫС (Эссе)

Одақтық медицинада микробиоло­гия және вирусология саласында жаңалық ретінде қабылданған атлас-картаның жекелеген парақтары. Қ.Мәкіровтың «Үндістанның отарлану кезіндегі денсаулығы» атты жабық қорғалған докторлық диссертация­сына қосымша

 

МАЙДАНЕК  ӨЛІМ ЛАГЕРІНДЕ

Сол екі шал маған ерекше ыстық, жерлестері де оларды ерекше жақсы көретін. Кейін көзім жетті, сол екі шал еліміз үшін де ерекше қадірлі екен. Бірде, осыдан тура қырық жыл бұрын, батасын алайын деп екеуін үйіме қонаққа шақырдым. Ишанбай ағам мол денесіне қарамай, ширақ қозғалады, әсерлі әзілдейді, ал Қуаныш ағам құрыштан құйылғандай кесек, әр сөзін саудаға шығарғандай, таразылап отырады.

Қолымыздан келгенше, күтіп жатырмыз. Алматыға жақында ғана көшіп келген бетіміз. Мұндай сыйлы адамдарға дастарқан жаю оңай ма, дегенмен, Ишанбай ағам кем-кетігімізді білдірмей бірден үйіріп әкетті. Алғашқыда қысылып-қымтырылған әйелім де, дастарқан басындағы еркіндікке бой үйретті ме: «Аға, мыналарды өзім дайындадым, дәмін татып көріңізші» деп сөзге араласа бастады.

– Зәуреш айналайын, бұл ағаңның құлағы тосаң, қаттырақ, сөйле, қаттырақ ... – деді Ишанбай ағам.

Зәуре:

– Аға …, – деп, даусын көтере беріп еді, Қуаныш ағам:

– Өте жақсы естимін, қысылма, – деді қоңыр даусымен сөзін бөліп. «Қысылма» дегенмен, қызарып кеткен әйеліме араша түскісі келді ме, көзіне күлкі жүгіріп:

– Әй, Ишанбай, тамақ біреудікі болғанмен, қарын өзіңдікі ғой, аясаңшы, – деп әңгімені басқа тақырыпқа бұрып жіберді. Үнсіздіктің тереңінде байқампаздық қасиеттің де бұғып жататыны қандай жақсы. Халықаралық ортада, «мен» мен «біздің» таразылы кеңістігінде қызмет еткен тағдырлы адамның ерекше ұстамды мінезіне талай рет қайран қалдым. Жақында ғана «Егемен Қазақстанда» «Тегеран конференциясына қатысқан қазақ» атты мақала жарияланды. Авторы Ермек Жұмахметұлы бауырыма қатты разы болдым. Жұмыр жердің ойранын шығарған сұрапыл соғысты тоқтату амалы, сол үшін Отан тапсырмасын адал орындауға өмірін арнаған жеке адамның өз еркінен тыс тағдыры домбыраның қос шегіндей әдемі өріліпті. Тегеран қонференциясы үш империяның – КСРО, АҚШ, Ұлыбритания басшыларының Екінші Дүниежүзілік соғыс алауында ғаламдық бейбітшілікті сақтау мүддесінде өткізілген ерекше маңызды кездесулердің бірі болғаны белгілі. Ал сондай ерекше маңызды конференцияға империялық бұғаудан енді ғана босанған ұлтымыздың бір ұлына сондай ерекше маңызды тапсырма жүктелсе және ол ұл жаңағы Қуаныш ағам болса, мақаланы толқымай оқу мүмкін емес. Оқыдым да, ойландым.

«Ғалым қауіптің орасан зор зардабын білім, тәжірибесімен сезінеді. Әйтсе де, Қуаныш Аманбайұлы бұл туралы жан ­баласына тіс жарып айтпайды. Ол естелік айтатын қарапайым оқиға емес-ті» дейді Е.Жұмахметұлы. Иә, рас, тіпті де қарапайым оқиға емес! Саяси ерекше құпия тапсырма орындаушы ретінде де, сондай-ақ тіршілікті жер бетінен мүлдем жойып жіберуге қабілетті сойқан қарумен күресуге әскери дәрігерлік білімін сарп еткен тәуекелшіл қайраткер ретінде де Қуаныш аға, шын мәнінде, дара тұлға.

Алдымда он екі беттік жұқа оқушы дәптері жатыр. Соның бес-алты беті Қуаныш ағама арналыпты. Деректер, естеліктер. Есімде, тәжірибелі барлаушы, әскери дәрігер өз өмірі жайлы әңгімеге онша құлықты емес еді, сыр-сұхбат алу жөніндегі өтінішімді кейінге қалдыра берді де, бір күні: «Кабинетіме келсейші, асықпай сонда сөйлесейік, бұл өзі баяндаудың да бабын қажет ететін шаруа ғой» деді. Жаңағы дәптер – сол отырыста қағазға түсіріліп, кейін толықтырылған күнделік болатын. «Ойыл» атты кітабымда туған жердің тұлғасы деңгейінде ғана ақпарат берілді де, кең жазудың сәті түспей-ақ қойды. Сөйтіп, арада қырық жыл өте шығыпты. Жазарыңды жаза алмаған да бір дерт, сол дерттен аз да болса айығуға Ермек бауырым себепші болды.

Әке-шешесінен жастай айрылып, жетімдіктің зардабын тартқан бозбалаға өмір қазанында құрыштай қайнаудан басқа жол жоқ-ты. Құрыштай қайнамаса, отызында орда бұза алар ма еді. Әлем көз тіккен халықаралық шараға қатысып, адамзат мүддесін көздеген жауапты істі мойнына алар ма еді. Қой күзеткен жүдеу күндер ... білімін көтеруге қайсар ұмтылыс ... Қызылорда Халық ағарту институтына оқуға түсу ... Мәскеудің №1 Медицина институтына берілген арнаулы жолдама ... Мәскеу ­метросы құрылысына студенттік аттаныс ... метроның алғашқы станциясы пайдалануға берілген кезде екпінді студенттер қатарында табалдырықтан арнаулы салтанатпен аттау ... Ленинградтың беделді Әскери медициналық академиясына қабылдану ... әп дегеннен қыз-қыз қайнаған өмір ...

Енді, міне, Кеңес Армиясының Бас штабына қызметке орналасу ... Бұл туралы мақала авторы: «Қуаныш Аманбайұлы 1939 жылы Кеңес Армиясының Бас штабына қызметке шақырылды» дейді. Қазақ Совет Энциклопедиясының 1975 жылы жарық көрген жетінші томында да дәл осы жыл көрсетілген. Екінші бір жерінде дәл осы жыл, осы айда Ираннан оралып, Бас штабқа ауыстырылғанын тағы да қайталай келіп: «Я был первым офицером из казахов в Генштабе. Счастлив, что доверили мне работать среди лучших офицеров и генералов армии, под руководством выдающихся полководцев» депті. Ағаның: «Есте сақтау қабілетіне ерекше мән берілді. Сынақта алдымызға картаны жайып тастайтын да, ілезде қайта жауып, ондағы жазуларды қайталап сұрайтын» дегені әлі есімде. Демек, Қуаныш аға Бас штабқа 1939 жылы емес, 1942 жылы КСРО Сыртқы істер халық комиссариатынан ауыстырылған және осындай жауапкершілік жүктелген жай қазақ емес, тұңғыш қазақ офицері болыпты.

Бұған тағы бір дәлел, аталған мақа­лада Қуаныш ағаның Қытайдағы, Египеттегі, Ирандағы, Үндістандағы КСРО елшіліктерінде әскери атташе және арнайы кеңесші қызметін атқарғаны айтылады.

Е.Жұмахметұлы Ирандағы құпия қыз­меттің қаншалықты жауапты және күрделі болғанын егжей-тегжейлі баяндаған, сондықтан оны қайталамай, тек мынадай дерекпен толықтырғым келеді. «1944 жылы Варшава үшін болған шайқаста ол ауыр жараланды» дейді мақала авторы. Иә, солай. 1944 жылғы 6 шілдеде Бас штаб Қ.Мәкіровтің 1 Белорусь майданының әскери штабына жетуі туралы бұйрық шығарды. Штаб ­Коваль қаласының оңтүстік-шығысындағы орманға орналасқан. Қуаныш ағаны штаб бастығы генерал М.С.Малинин қабылдап, оны майдандағы жағдаймен таныстырады. 18 шілдеде 1 Белорусь майданы сол қанатының әскері Люблин бағытындағы Коваль ауданынан шабуылға шығады. Қ.Мәкіров осы майдан құрамындағы 47-армия штабына шұғыл аттанады. Шабуыл барысында жаудың осы операция бағытындағы тобы мен күш-қуаты және эпидемиялық ошақтары жайлы маңызды ақпараттар жинайды.

Батыл барлаушы өте құпия және қауіпті жағдайда Майданек өлім лагеріне барды. Мұнда арасында балалар мен әйелдер, қарттар мен қариялар бар екі миллионға жуық тұтқынға оба, тырысқақ, шешек ­ауруларын қоздырушы аса қауіпті микроп­тар қолданатын арнаулы сынақ зертханасы жұмыс істейтін. Адамзатқа қастандықтың мұндай сұмдық тәжірибесінің құпиясын ашу, әрине, түсінген адамға ерен ерлік. Қ.Мәкіров, міне, осындай ерлік көрсетті. Ерекше маңыз­ды, аса құпия эпидемиологиялық деректерді қолға түсірді. Алайда ерлік еш жерде жария­ланбады, барлаушы мен әскери дәрігердің кәсіби міндеті ретінде ғана құпия сақталды.

 

ҚУАНЫШ, ИШАНБАЙ АҒА АРАСЫНДАҒЫ ЖАЗБАЛАР

 

Сол жылғы 10 тамызда 47-ші екпінді армия Варшава түбінде немістердің тегеурінді ­шабуылына тап болды. 12 тамызда Бас штабтың өкілі Қ.Мәкіров полковник Гервасьев басқаратын дивизияның құрамында соңғы рет ашық шайқасқа қатысты. Жер бетінде танктердің, әуеде ұшақтардың көмегімен фашистердің оқ жыландай алға ұмтылған екі жаяу әскер полкі Гервасьев дивизиясын темір құрсауға алды. Осы қанқасапта Қ.Мәкіров Е.Жұмахметұлы айтқандай, қатты жараланып, ес-түссіз күйінде жылжымалы дала госпиталіне әкелінді. Қуаныш ағаға Одаққа белгілі әскери оташы, Мәскеудің №1 медицина университетінің профессоры Юдин ота жасады. Юдинді арнайы орталықтан алдыртты.

Осы жолдарды қағазға түсіре отырып, Қуаныш ағаның жастық шағының балшырынын жұтып әкеткен сұрапыл соғысқа қандай қарғыс айтарымды білмей қатты қиналдым. Ашық соғыс емес, барлау мен бақылаудан, аңду мен іштей арпалысудан тұратын құпиялықтың өзі адам баласын қалай қинап, қажытатынын сезіну қандай азап десеңізші! Қ.Мәкіров осы азапты амалсыз бастан кешірді. Өлімге бас тігіп, өмір үшін сабырмен күресе білді. Бар арманы адам өмірін сақтауға үлес қосу еді, алайда амалсыздан бактериологиялық, химиялық қарудан қорғану үшін бәсекелестерімен жабық майданда шайқасып, осы қарудың «шек-қарнын ақтарып, шелін сыпыруға» жанталасты.

«Бас штабтың тапсырмасын азаматтық парыз ретінде қабылдау жеткіліксіз, оған перзенттік міндетпен бас тігу ­керек. Штеменконың: «Бас штаб – Қызыл Армияның жұлыны» деген қанатты сөзі бар. Штаб мен үшін де Отанымды сүюдің теңдессіз мектебі болды».

Осыны басқа біреу айтса, ол эмоциялық сарындай қабылданар ма еді, ал Қуаныш ағаның әр сөзі нық шегедей қағылған сабырлы әңгімесі мені әрі таңғалтты, әрі сендірді. «Онда маған тағдыры күрделі, өмір жайлы түсінігі қарапайым пайымнан өзгешелеу адамдармен де пікір түйістіруге тура келді. Мысалы, граф Игнатьев сондай адам болатын». Қуаныш аға әңгімесін өзіне тән қоңыр дауысымен сол күндер елесін ертеңгі күнге құмарта жалғады. Граф Игнатьев кім еді? Ол, патшалық Ресейдің ақсүйектер тұқымынан – императордың Орта Азиядағы ерекше уәкілі Куропаткиннің көмекшісі, хатшысы немесе адьютанты. 1905 жылы Куропаткин басқарған орыс армиясының құрамында орыс-жапон соғысына қатысқан. Қазан төңкерісінен кейін шет елге өтіп, Парижде әскери аттеше қызметін атқарған. Орыс армиясының мол байлығына мұрагерлік құқығына ие бола тұра, граф тарихи отанына ауысуды армандайды. Кеңес үкіметінің Париждегі консулы Л.Б.Красиннің қабылдауында болады. Красин оны салқын қабылдайды. Бірақ Отанына оралу графтың көкейінен кетпейді. Отызыншы жылдары сауда-саттық, мәдени байланыстар жөніндегі делегациялар құрамында Кеңес үкіметінің шекарасынан үш қайтара өтеді. Өзінің әскери мол тәжірибесін айтып, Сталиннен үш қайтара Кеңес Одағының азаматтығын сұрайды. Алғашқы өтінішіне Сталин: «Біз өз үкіметімізді эмигранттардың көмегінсіз-ақ құра аламыз» деп кекесін жауап қатқанмен, үшінші өтініштен кейін райынан қайтып, тіпті Қызыл Армияның құрамына, генерал-майор шенінде қызметке алады. 1943 жылғы қазан айының басында Орталық Партия комитеті Саяси бюросының шешімімен КСРО Сыртқы істер комиссариаты жанынан бейбіт келісімдер және соғыстан кейінгі құрылым мәселелерін қарайтын комиссия құрылды. Сонымен бір мезгілде осыған қоса бейбіт келісімді жүргізу мәселелері бойынша арнаулы комиссия ұйымдастырылды. К.Е.Ворошиловпен (төраға), М.Р.Галактионовпен, И.М.Майс­­кий­мен, В.П.Потемкинмен, Б.М.Шапош­никовпен бірге А.А.Игнатьев те осы комиссияның құрамына кіреді. Қ.Мәкіров Сыртқы істер комиссариатында, кейін Бас штабта А.А.Игнатьевпен жақын байланыста болды. Ақылдасып отырды.

Әскери медициналық академияны бітір­геннен кейін қазақтың тұңғыш атты әскер полкіне қабылданған кіші әскери дәрігер, Қызыл Армияның бас инспекторы алғашқы сынақты Өзбек тау-шатқалдарында, Самарқан таулы атты әскерлер дивизиясы құрамында өткізді, тап сол жерден Мәскеуге шақырылды. Мәскеу Иранға аттандырды. «Тегеранға жіберер алдында» дегеннен шығады, ол Иранға ұшақпен немесе поезбен топ ете қалған жоқ. Онда Иран – Түрік трассасы жолындағы оқ пен оттың арасымен, басын өлімге тігіп жетті.

Конференция өтіп жатқан күндерде ­Сталин басқарған делегацияның медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрине, тек осы саламен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі. Қуаныш аға: «Тегеранға жіберер алдында әрқайсымыздың жеке ісіміз Орталық Комитетте бекітілді. Арнаулы қызмет басшысының бұйрығымен біріншісі «құпия», екіншісі «жалпы» деген белгімен екі іс жасақталды» деуі осыған меңзейді. Тегерандағы кезең жайлы көбірек білгім келгенмен, Қуаныш ағаның «құпия құлпын» ашу қиынның қиыны. Сондықтан Сталин басқарған делегацияға қастандық операцияларының жолын кесіп, асқан қырағылық көрсеткен Г.А.Вартанянның ерлігін оқып, аты аңызға айналған барлаушыны іздедім. Қ.Мәкіров те делегацияның медициналық қауіпсіздігіне жауапты топта қызмет етті ғой. Кім біледі, мақсаты ортақ Вартанян мүмкін Қуаныш аға жайлы бір маңызды ақпарат айтып қалар? Мәскеуде тұратын күйеу балам, әскери сынақшы-ұшқыш М.В.Макаров Тегеран оқиғалары кезінде бар болғаны он тоғыз жастағы барлаушыны, кейінгі Кеңес Одағының Батыры Геворк Андреевичті тауып, жүзбе-жүз сөйлесті. Өкінішке қарай, ол Қуаныш аға жайлы ешқандай ақпарат айта алмады. Дегенмен, әйгілі барлаушының қысқа әңгімесі, бәрібір әсерсіз қалған жоқ. Делегация орналасқан аумақтағы құдықты улауға қатысты операция соның бірі ғана. Әрине, делегацияның бүкіл азық-түлігі, оның ішінде ауыз су да, елден алдырылды, мұқият қадағаланды, дегенмен, қастықтың қай бүйірден сақ ете қаларын болжау мүмкін емес-ті.

Соғыс аяқталып, бейбіт заман бастал­ғанда нағыз толысқан шағына жеткен қай­рат­керге Гиппократ антына адал дәрігер­лік парызын өтеуге жол ашылғандай көрін­ген. Қуанды, сілкінді. Туған жерге асықты. Бірақ Е.Жұмахметұлы айтқандай, «Иран шахының жеке қабылдауында болып, ол ұсынған алтын табақтан су ішкен, ағылшын, француз, араб, серб тілдерін еркін меңгеріп, Иран билеушісімен емін-еркін әңгіме құрған» қайраткердің жабық мекемедегі күреске толы күндері, ерлікпен, тапқырлықпен, қажыр-қайратпен ұштасқан кезеңі, қаншалықты өнегелі болғанмен, болашақ бейбіт кезеңіне біраз жыл кедергі келтірді. Көп білуі, тағдыр жазуы босаңсуға мүмкіндік бермеді. Белгілі ғылым, қоғам қайраткері Ишанбай Қарағұловтың респуб­ли­калық мұрағаттағы жеке қорында сақ­таулы хаттар, Ишанбай аға мен Қуаныш аға арасындағы жазбалар, міне, осыған меңзейді.

 

БАС ШТАБҚА ҚАБЫЛДАНҒАН

ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ОФИЦЕРІ

 

Міне, осылай туған жерін сағынған, соғыс ошақтарында ұстараның жүзіндей қылпылдаған аса қауіпті қимылдар үстінде жинаған мол ғылыми тәжірибесін елінде ұстаздық өмірмен жалғастыруды аңсаған Қ.Мәкіров, жоғарыдағы хаттарда байқалғандай, сол сұрапыл соғыстан кейін де біраз жыл әскери саптан босана алмады.

Ақыры, сарыла күткен күн де жетті. 1959 жылы туған жерге оралып, Алматы медицина институтының эпидемиология кафедрасына доцент, кейін ректордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары қызметіне ­орналасты. Табиғатынан демократ, адам өмірінің құндылығын жан-тәнімен сезінген, мақсат-мұратына жетуде табанды күрескерлік қым-қиғаш жолдан өткен Қуаныш аға жаңа қызметіне ерекше құлшыныспен кірісті. Оның жарқын мысалы – эпидемия зардабын тартқан ошақтарда жинақтаған тәжірибесін туған жердің бейбіт аудиторияларында теориялық құндылықпен ұштастыруға ден қоюы. Бас штабқа қабылданған тұңғыш қазақ офицері, «тұңғыш» деген сөзден қашқақтаудың еш жөні жоқ, 1943 жылы алғаш құрыла бастаған Бүкілодақтық «Білім» қоғамының алғашқы мүшелерінің бірі Қ.Мәкіров республикамызда осы қоғамды жетілдірудің алғы шебінде болды. Бұған дейін бұл саладағы жұмыс біртұтас бағдарлама бойынша ұйымдастырылатын. Қуаныш аға тұңғыш рет, оның жергілікті әл-ауқат жағдайы ескерілген, қалалық және ауылдық ерекшеліктер салаланған жаңа үлгідегі оқу әдістемесін жасады. Республикалық қоғамды ұзақ жыл басқарып, денсаулық саласының қалалық және ауылдық үлгідегі мүлдем жаңа халық университеттерінің негізін қалады. Оның жұмыс бөлмесінде, Бас штабтағы ұрыс бағдарларының картасы сияқты, басқа еш жерде кездеспейтін карта, яғни өңірлерге өзі басқарып шыққан ғылыми кешенді бригадалардың арнаулы карта-кестесі ілулі тұратын.

1967 жылдың шілдесі. Сол кездің шындығымен қала халқы қазан төңкерісінің елу жылдығын салтанатпен тойлап жатты. Сол күндерде Ақтөбе медициналық университеті республика астанасынан құрметті қонақты күтіп алды. Қуаныш аға тиісті ғалымдардың, университет оқытушыларының басын қосқан ғылыми бригаданы бастап, облыстың төрт аумағы: Темір –Қарауылкелді – Ойыл – Қобда бағыттары бойынша рейд ұйымдастырды. Ғалымдар бригадасы 200-ден астам шағын және ауқымды медициналық объектілердің жәй-күйімен танысты, 7000-нан астам адамды қамтыған 120 лекция оқыды. 900-ден астам сырқатқа медициналық ақыл-кеңес берді. Аудандық және учаскелік ауруханаларда, туберкулез диспансерлері мен санаторияларында болып, мамандар 600-ден астам адамға тікелей медициналық көмек көрсетті. Ойыл ауданының «Қайыңды» кеңшарындағы кездесу ғалымға ерекше әсер етті. Кіндік қаны тамған, қиын-қыстау күндерде алыстан жанын әлдилеген қасиетті топырақ еді бұл. Осыны айтқанда, қатал тағдырға қанша бой үйретсе де, Қуаныш ағаның жүзіндегі өзгерісті езіле сезінбеу мүмкін емес-ті. Қанша дегенмен, сағыныш өте құдіретті сезім ғой!

Қоғамдық жұмыстарға рухани қажет­тілікпен ұмтылған ғалым, ғылыми ізденісін өмірінің соңына дейін де еш тоқтатқан емес. Өйткені адамзатты эпидемиялық апаттан құтқару көкірек зердесі көшелі ғалымға, жаратушы маңдайына жазып қойғандай, бой жеңілдету мүмкіндігін бұйыртпады. Бейбіт заманда тағы бір аса күрделі, әлемдік деңгейдегі ең қауіпті эпидемия ошағына зерттеу жүргізу жауапкершілігі Қ.Мәкіровке жүктелді. Обаның ойранынан ғасырлап бас көтере алмаған үнділік эпидемияны, жұқпалы аурулардың қалың шоғырын ғалым он бес жыл бойы зерттеді. Үндістандағы обаның үш бірдей табиғи-экзотикалық ошағын өз көзімен көрді, өз аппаратымен суретке түсірді. Соның негізінде тұңғыш рет эпидемия ошақтарының түрлі-түсті атлас-картасын жасады, оны обаның әлемдік деңгейде таралуы жөніндегі тарихи деректермен толықтырды. Е.Жұмахметұлы тілімен айтқанда: «Әлемдегі алғашқы термоядролық бомбы мен атом электростансасының атасы атанған И.В.Курчатовтың ...қазақ ғалымының сол кездегі терең білімділігі мен еңбекқорлығына тәнті болуы», «үнді көсемі Д.Нерудің қазақ ғалымына барлық жағдайлар жасап, елдің басты мұрағатындағы құпия сақталған құжаттармен ­танысуына жол ашуы ... » ерекше маңызды, тек ғаламдық сұранысқа тән оқиғаларға араласа алатын дара тұлғаларға ғана көрсетілетін шынайы құрмет-ті. Қ.Мәкіров 1962 жылы Мәскеуде «Үндістанның ­отарлану кезіндегі денсаулығы» атты жабық тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған кезде дүниежүзіне аты мәшһүр академик В.М.Жданов осы еңбекке: «Оба, ­шешек, безгек ауруларын емдеудің ғылыми жолдарын айқындаған, осы саланың отандық қана емес, әлемдік бос кеңістігін терең теориялық-практикалық ғылыми тұжырымдармен байытқан теңдессіз еңбек» деген өте жоғары баға берді. Осыдан қырық жыл бұрын Қуаныш аға жоғарыда аталған, докторлық диссертациясына қосымша ретінде тіркелген, әлемдік әскери медицинадағы тұңғыш жаңалық ретінде қабылданған атлас картаны: «Сізде болсын» деп маған сыйлаған еді. Мұндай сыйдың терең мәнін түсіну, әрине, өз алдына бөлек толғаныс. Атлас картаны ғалым ағамыздың туған жерінің тарихы топтастырылған аудандық тарихи өлкетану мұрағатына тапсырдым. Қазір ол Қ.Мәкіров өміріне арналған бөлмеде, көрмеде тұр. Ал еңбектің өзі кейін жарияланып, медицинадағы сирек кездесетін іргелі оқулыққа айналды. Оған бір мысал, Украинадан Луганск медицина университетінің биология және эпидемиология кафедрасының меңгерушісі Л.Е.Шпако оқулықты қалай алуға болатынын сұрап, Қ.Мәкіровке арнайы хат жазды. Және бұл жекелген өтініш емес-ті. Алайда осындай құнды еңбекті жарыққа шығару сол кездің өзінде елге кең танылған ғалымға оңай болған жоқ. Өкінішті, бірақ қандай өкінішті болғанмен ол да өзіміздің табиғатымыздан туындайтын өкініш, өз қолыңды өзің кесе алмайсың ғой, әдеттегіше ызалы күлкімен еске алуға тура келеді. Ишанбай ағаның жеке мұрағатында сақ­талған хаттарды парақтағанда, осындай ащы сезімді талай рет басымнан кешірдім.

Бір толғаулы отырыста Ишанбай ағам­ның Б.Момышұлының баласы Бақытжан мен Олжас Сүлейменовке арнап, «Адам ағзасындағы қатерлі вируспен күресу оңай емес, ал адамның рухани әлеміндегі вирус­пен күресу одан да қиын» дегені бар еді. Иә, өмір тек күресуден тұрады. Және сол күресте қайраткерлік биікке көтеріл­гендердің көбінің тағдыры күрделі де ауыр болғанын күрсіне мойындауға тура келеді. Қуаныш ағаның да өмірі пәтерінде, жуыну бөлмесінде, себезгі астында, құпия жағдайда өмірден өтті. Себебін іздегендердің әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Мүмкін, қанша қажырлы, қайратты дегенмен, арқандай шұбатылған арбасулардан, қатерлі микробтары құжынаған ошақтарда кәсіби ерлікке табиғи бас тігулерден қажып, дертке ұшыраған жүректің шыдамдылық шегі осы болды ма?! Белгісіз, белгілісі Қуаныш аға еліне перзенттік парызын қайраткерлік биікте өтеді, тіпті бүкіл әлемді қамтыған қазіргі пандемиямен күресуге өзіндей дара тұлғаның әлі де қажет екенін есімізге салып кетті. Бұдан қандай ой түюге болады? Бүгінгі ұрпақ аға ұрпақтың өнегелі істерін жалғастырушы дейміз. Ал, сол бүгінгі ұрпақ Қуаныш ағаны қаншалықты деңгейде біледі? Алматының өзі дәріс жүргізген медициналық академия ұжымы ерек тұлғаны ұмытқан жоқ, ұлықтап келеді. Одан әрі … ? Туған жеріндегі аудандық тарихи өлкетану мұрағаты жиындар, кездесулер өткізумен шектелмей, аудан орталығынан көше сұрап, бастама көтеруде. Өте орынды бастама. Турасын айтсақ, Қ.Мәкіров еңбегі аудандық қана емес, облыстық, республикалық деңгейде ұлықталуы тиіс-ақ тұлға. Жапон жұрты валютасында, басқа елдердегі сияқты, бір ұлағатты тұлға бейнеленген. Ол Ногути Хидэё бейнесі. Ногути Хидэё – микробиолог, эпидемиолог. Африка құрылығында жұқпалы ауруларды зерттеуде өнегелі із қалдырған ғалым. Жапондықтар оны, туған жерінде қызмет ете алмаса да, адамзат игілігіне қосқан теңдессіз үлесі үшін ұлықтайды. Ойландырады. Әңгіме, тіпті де, атақ үшін бақталастықта емес, әрине, «сүйер ұлың болса сүйсінгенге» не жетеді?! Ногути Хидэёнің ең соңғы демі: «Түсінбеймін» деген жалғыз ауыз сөзбен үзілген екен. Онымен не айтқысы келді? Қ.Мәкіров аға, соңғы сөзін де айта алмай, кенеттен қайтыс болды ғой. Айта алғанда не дер еді?! Сұрақ – шолақ, өмір – күрделі. Өнеге тұтар жайттарға тартады да тұрады.

Одақтық медицинада микробиоло­гия және вирусология саласында жаңалық ретінде қабылданған атлас-картаның жекелеген парақтары. Қ.Мәкіровтың «Үндістанның отарлану кезіндегі денсаулығы» атты жабық қорғалған докторлық диссертация­сына қосымша

 

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ,

журналист

2280 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы