• Руханият
  • 11 Наурыз, 2021

«ЖЕР-АНА» ЕСКЕРТКІШІ

Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін негізі қаланған ескерткіштер аз емес. Олардың әрқайсысының өз тарихы бар. Маңызы ерекше сондай ескерткіштердің бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жер-ана» монументі. 

2008 жылы Нұр-Сұлтан қала­сында биіктігі он метр еңселі ескерт­кіш бой көтерді. Ескерткіш елордадағы Президенттік мәдениет орталығына қарама-қарсы бетте орналасқан. Ғажайып туындының авторы – ресейлік танымал мүсінші, суретші әрі зергер Даша Намдакова. Әсем композицияның ортасында биіктігі жеті метр Тұмар ханым бейнеленген. Оның екі жағында тісімен патшайым қылышын тістеп тұрған екі барыс мүсінделген. Ежелгі дәуір тарихшылары Страбон, ­Полиэн, Кассиодор және Иордан Тұмар ханым туралы көптеген мәлімет қалдырған. Патшайым бейнесін Рубенс, Аллегрини, Лука Феррары, Гюстав Моро сынды суретшілер шеберлікпен салғаны мәлім. Ал мүсінші Северо Кальзетта да ­Равенне Тұмар патшайымның бейнесін темірден соғып мүсіндеген.
Тұмар патшайым – күнгей түркі сақ халықтарының байырғы заманда ел билеген атақты әйел патшаларының бірі, массагеттердің байырғы заманда ел билеген атақты ханшайымы. Грек жазбаларында оның елін «массагет» деп атайды. Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп әлемге танылуы Ахемен әулетінен шыққан, «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста жеңуімен тікелей байланысты. Сақ ­патшайымы Томиристің парсы патшасы Кирді жеңуі туралы алғашқы деректерді Геродот келтіреді. Ол бұл оқиғаны жүз жылға жуық уақыт өткен соң жазады. Томиристің және Кирді жеңу тарихы ежелгі әлемде жақсы танымал болып, аңызға айналды. Геродоттың хабарлауынша, Кир Аракс өзенінен өтіп, массагеттер аумағына бір күндік жорыққа шығып, массагеттерге қақпан құрды. Бар аңсары біреудің елін шауып, олжаға батып, атағын шығаруға ауған Кир ханша ақылын тыңдамай, өзінің шайқасатынын айтып, Тұмардың жаушысын кері қайтарады.
Тұтқынға түскен Тұмардың ұлы Кирден аяқ-қолын босатуын өтінеді. Қолдан бұғау, аяқтан кісен алынысымен, ол қасында тұрған парсы жауынгерінің қаруын жұлып алып, өзін-өзі өлтіреді. Келесі күні екі жақтың арасында бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұрапыл қырғын соғыс басталады. Ақырында далалық ұрыс тәсілін тиімді пайда­ланған сақтар парсылардың әске­рін түгел дерлік жусатып салады. Қоршауға түсіп, бас сауғалар мүм­кін­дігінен айырылған Кирдің өзі де жауынгерлерімен бірге айқас алаңында қаза табады.
«Жер-ана» композициясын зергерлік туынды деп атауға болады. Көлемінің үлкендігіне қара­мастан, монумент нәзіктікті де, батылдықты да әдемі үйлестіріп тұр. Монумент авторы көшпенді халыққа тән сипатты жақсы сезінген. Бұл ескерткіш елорда тұрғындары мен қонақтарының жүрегінде бостандық және өжеттіліктің шамын жағатын көркем символға айналды.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

2064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы