• Тарих
  • 10 Наурыз, 2011

Ата-ананың бауырын суытып алмадық па?

Баланы тал бесікке бөлеп: «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем!» деп бесік жырын айтып өсірген баланың бойына адамгершілік, инабаттылық, ізеттілік, қарапайымдылық қасиеттер қалыптаса бастайды. Есін білер-білместен «апа», «әке», «ата», «әже», тағы басқа сөздермен былдырлап, ана тілінен нәр ала бастайды. «Бала – ата-ананың бауыр еті». Балаға ананың, әкенің мейірімді аялы алақанына, еркелеткеніне ештеңе жетпейді. «Ботам менің!» деп ата-ананың бауырына басып құшып сүйгеніне не жетсін! Оған қоса халқымыз баланы еңбекке есін білер-білместен баулыған. «Ойыншықтарыңды шашып тастама», «аяқ киіміңді сүртіп, орнына қой», «Киімдеріңді әр жерге тастама», «Шашылған заттар болса жина», «Үсті-басыңды таза ұста», «Үлкен кісіге сәлем бер», «Үйге келсе, ізеттілік көрсетіп қарсы ал» және тағы басқа толып жатқан балалардың жас ерекшеліктеріне қарай еңбекке баули бастайды. Кейін балабақшалар ашылғалы барлық ата-аналар балаларын бақшаға бергісі келетін болды.

Балабақшада тәрбиеленген бала мен үйде ата-анасының бауырында тәрбиеленген баланың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Қазіргі уақытта балабақшаны басты проблема қылып отыр­мыз. Көбіне балабақшаға ата-анасы жұмыста болғандықтан беруге мәжбүр. Ал кейбір ата-аналар, әсіресе, аналар балаларын бағып-қағудан қа­шып, балабақшаға береді. Не үйге «няня» (күтуші) ұстайды. Бұдан бала ата-анаға деген мейірімнен айырылып, суық тарта бастайды. Балабақшадағы тәрбиешілерді кінәлаудан аулақпын. Отыз-қырық баланы бір тәрбиешіге тәрбиелеу оңай емес. Әрқайсысы – бір үйдің еркетотайы. Тәрбиеші бәрін «Айналайын!» деп басынан сипап, бауырына басып отыра алмайды. Тіл алмаған соң ұрсып-нұқып, жұлқитыны көрініс береді. Осыдан бастап бала бойында қатыгездік пайда бола бастайды. Рас, баланы анасы да нұқып қалуы мүмкін. Бірақ «енесі тепкен құлынның еті ауырмайтынын» ескерген жөн. Ол аздай, таң атпастан балбырап ұйықтап жат­қан баласын жұлмалап оятып, дірдектетіп балабақ­ша­ға апарады. «Бармаймын» деп жыласа ұрсып, түйгіштейтін аналар да бар. Сондай-ақ балабақшаға балаларды алу үшін белгілі тәртіп, заң керек. Жұмысбасты ата-аналар балаларын үйде жалғыз тастап кете алмай, қиын­шы­лықтың зардабын тартып жүреді. Ал кейбір аналар ерігіп, балаларын бағудан қашып, бақшаға береді. Содан соң ұзақ-сонар кезек пайда болады. Сон­дықтан кезегі жеткенше баланың мектепке баратын кезі де келіп қалады. Осы себепті балабақшаға алдымен балаларын асыраймын деп аяғынан таусылып, жұмыс істеп, амалсыз балабақшаға беруге мәжбүр болғандардың баласын алу керек. Ерігіп, өз баласын бағудан қашып, жұмыс істемей үйде отырған аналардың балаларын балабақшаға алмау керек. Ол аналардың көбі бай-шенеуніктің әйелдері екеніне еш күмәнім жоқ. Жарнама газеттерін ақтарсаң, «няня» қыз­метін ұсынған қыз-келіншектер қаншама. 1 сағатқа 200-300 теңге, ал бір аптаға 5000-6000, бір айға 40000-60000 теңгеге балаңызды «бағып», тәрбиелейді. Ата-анасы тәрбиелемей, басқа біреуге тәрбиелеткеннен бала бойында әке-шешеге деген мейірімсіздік оянып, суық тарта бастайды. Тәрбиешілер балаға ата-анасының жылуын бере алмайды. Балабақшада не бала күтушілердің тәрбиесінде өскен балалар ата-анасына бара-бара мейірімсіз, қатыгез болып өседі. Олар үшін ата-ана өзін киіндіріп, ас-суын беретін адамдай болып көрінеді. Ата-ана да балаға деген бауырын суытып алады. Тәрбиешілер балаға ата-ананың жылуын бере алмайды. Бұрын қазақта «Қарттар үйі», «балабақша» деген болмаған. Сондықтан «Балабақша ашыла бастағалы бері қоғамда қарттар үйі де қылаң берді» деген пікір тектен-тек айтылмаса керек-ті... Ата-анасын сыйламай қол жұмсап, қатыгездікке барып, зар қақсатып жүрген балаларды көріп жүр­міз. Бұлардың көбі – тар құрсағын жарып шыққан бала­сын өзі тәрбиелемей, бауырын суытып, біреуге бақ­тырып өсірген ата-аналардың перзенттері. Ал біреу­дің тәрбиесінде өскен, ата-ананың ыстық құшағын, мейірімін, аялы алақанын көрмеген баладан не үміт, не қайыр... Бұрынғы уақытта қазақ баланы бауырына алып жататын. Бұл «бауыр етінің» өзінің жүрек жылуын сезініп өсуін тілейтінінен туса керек. Ондағысы перзенті отбасын, бауырларын, елін, жерін сүйетін мейірімді болып өссе екен деген ойы болар. Ендеше, ата-аналар балаларын өздері өсіріп, өздері өркен жайдырса екен деп тілеймін. Айсе Хамзе, ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, педагог-жазушы Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмола ауылы

4169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы