• Мәдениет
  • 15 Сәуір, 2021

БАС ОРКЕСТР

Өткен жылғы желтоқсан айының 16-шы жұлдызында Құрманғазы оркестріне «ұлттық» деген құрметті атақ берілді. Енді бұл оркестр Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрі болып аталады. Бұл оркестрмен бірге «ұлттық» атақ Абай атындағы опера және балет театрына, М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына және М.Лермонтов атындағы орыс драма театрына да берілді.
Көптен күткен өте қуанарлық жағдай. Қайсысын алсаң да, өз алдына орны бар, қазақ өнеріне еңбегі сіңген, әбден танымал, ел сеніміне ие болған ұжымдар. 
Осы тұрғыда Қали Сәрсенбай: «... Біз білгенде қазақтың маңдайына біткен төрт руxани төлқұжаты бар еді. Олар – Абай атындағы опера және балет театры, М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Қазақстан Жазушылар одағы және Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі» (Қали Сәрсенбай «Осы бізді күйдің киесі ұрып жүрмесін», «Жас Алаш», 9 желтоқсан, 2004 ж.) деп жазып еді.
Халқының төл өнеріне, ұлттық музыкасына бейжай қарамайтын ұлтжанды азаматтарымыздың бірі Қали Сәрсенбайдың бұдан он жеті жыл бұрын жазған осы бір мақаласындағы орынды айтылған көптеген ойлардың, тұжырымдардың Құрманғазы атындағы оркестрдің «ұлттық» мәртебе алуымен үндесіп жатқаны қуантады. Еліне көңіл бөліп, өзінің күнделікті қызметінде xалқының пікірімен есептесіп отырған өкімет қана жақсы жетістіктерге жете алады деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, осы үрдіс бұдан былай да жал­ғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

«МЕН БҰЛ ҒАЖАП   КОМПОЗИТОРҒА ХАТ

ЖАЗУЫМ КЕРЕК»

Құрманғазы атындағы оркестр туралы сөз қозғағанда әңгімені әріректен, оркестрдің алғашқы құрылуынан, оның іргелі ұжым ­болып қалыптасуынан, орындаушылардан, қазақтың асыл қазынасы – күйлерінен және сол күйлерді дүниеге әкелген ғаламат өнерпаз Құрекеңнің өзінен бастаған дұрыс сияқты. 

Осы арада күй атасы Құрманғазының 190 жылдығына арналған күй фестивалінен кейін қазақтың xалық ақыны Хамит Ерғалиевтен естіген, көп адам біле бермейтін деректі «Атырау» газеті («Атырау», №78, 6 шілде, 2013 ж.) арқылы xалық назарына ұсынған «Құрмет белгісі» орденінің иегері, зейнеткер ұстаз Алдамберген Хамзиннің (туған інісі Өтепберген Хамзин деген азамат көп жылдар бойы Құрманғазы оркестрінде қызмет істеген) «Құрманғазының күй құдіреті» мақаласынан бір үзіндіні келтіре кеткенді жөн көрдік.

«...Сонау Кеңес заманында қазақстандық өнер адамдарынан құрылған топ Америка Құрама Штаттарына сапар шекті. Американың бірнеше қаласында болып, өз өнерлерін көрсетіп, тәжірибе алмасқан еді. Сол басқосуда әр делегация өткізілген шаралар туралы пікірлер айтып, өздерінің шағын сыйлықтарын ұсыныпты. Қазақстан делегациясының басшысы осы мақсат үшін арнайы алып барған күйтабаққа жазылған Құрманғазы күйлерінің жинағын табыс­тапты. Осы басқосуға төрағалық жасап отырған аса беделді музыка маманы: «Бұл қандай шығармалар? Тыңдап көрейік» деп ұсыныс жасаған екен. Ең бірінші орындалған Құрманғазының «Кішкентай» күйі болатын. Делегация төрағасы қол көтеріп, өзара әңгімелесіп тұрғандардан тынышталуын талап етіп, өзі әуенге беріліп, бір қызарып, бір бозарып, ерекше сезімге түсіп, ғажап күйге беріліпті. Күй ойналып болғаннан кейін де біраз үнсіз отырып, тағы да бір күйді жіберуді өтінген екен. Бұл сәтте «Адай» күйі ойналды. Тыңдап отырған төраға көзі шарасынан шығардай қолын сермеп жібергенін өзі де байқай алмай, алапат сезімнің жетегінде отырған. 

Күй тартылып болғаннан кейін Қазақстанның делегация басшысынан осы шығармалардың авторының адресін беруді сұраған екен. Аңтарылып қалған топ жетекшісі шарасыздық ­танытып, аудармашы арқылы бұл өтінішін орындай алмайтынын жеткізіпті. «Неге маған бұл адамның адресін бергіңіз келмейді? Мен бұл ғажап композиторға xат жазуым керек» деп тынышы кеткен төрағаға топ жетекшісі: «Кешіріңіз, бұл адам қазір өмірде жоқ. Ол – бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген композитор» деп жауап берген. 

«Мен бұл адамды өзінің өмір сүрген ортасынан бір ғасыр озық жүрген жан екен деп ойлап едім. О, ғажап, ол өз ортасынан екі ғасыр озған екен ғой!» деп қатты толқып, мұңайып, үнсіз отырып қалыпты».

Сол жылдары КСРО және ҚР Халық артисі, оркестрдің бас дирижері Шамғон Қажығалиевтің басқаруымен, қазақтың xалық ақыны, атақты Хамит Ерғалиевтің қатысуымен күй атасы Құрманғазыға арналған жыл сайын концерт өткізіліп тұратын. Концерт Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы» атты поэмасының негізінде құрылатын. Концертке Х.Ерғалиевтің өзі қатысып, «Құрманғазы» поэмасынан әрбір күйлері туралы түсінік өлеңдер оқылып, артынша оркестрмен сол күйлерді орындап отыратынбыз. Кезінде біз де сол оркестрдің құрамында қызмет еткенбіз.

 

ҮШ ЖАРЫМ МЫҢ

РЕПЕРТУАРЫ БАР ҰЖЫМ

Жылына бір-ақ рет болатын, өнерсүйер қауым күтіп жүретін осы концертке xалық әрдайым көп келетін, тіпті залда орын жетпей қалатын еді. Құрманғазы оркестрі сияқты қазақтың төлқұжаты болып есептелетін мұндай дәрежесі жоғары ірі ұжымға осындай мәнді де мағыналы үлкен ұғымдағы концерттер өткізудің мәні зор. Неғұрлым концерттік бағдарламасының деңгейі жоғары болған сайын оны өткізетін ұжымның да, оны басқарып отырған жетекшісінің де еңбектері зор және оларға деген сый-құрмет пен сүйіспеншілік те жоғарылай бермек. Осының барлығы үлкен еңбек пен қиындығы мен қызығы қатар жүретін ізденістердің жемісі екенінде ешкімнің де дауы болмаса керек. Өйткені жыл сайын, тіпті күн сайын өзгеріп, жаңарып жатқан аққан жұлдыздай өмірімізде «жеттім, болдым, толдым» деуге мүлдем болмайтынын қазір әркім де біледі. Сол себепті өнер адамдарына (жеке орындаушылар болсын немесе бүтін өнер ұжымы болсын) әрдайым өсу, жетілу, келесі биік белестерге қол созу сияқты ізгі ниеттер – ол күн сайынғы әдеттегі жағдай болып есептеледі.

Әңгіме Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрі туралы болғандықтан, келесі бір естелік-сұxбатты КСРО және ҚР Халық артисі, Еңбек Ері, қазақ өнеріне еңбегі сіңген композитор, профессор Еркеғали Раxмадиевтің 2002 жылғы маусымның 27 күнгі «Ана тілі» газетіндегі «Қазақ таңдайына бұлбұл қонақтаған xалық» деген әңгімесінен бір үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік.

«...Ол уақыт – Аxаңның (А.Жұбанов – А.Т.) Ленинград консерваториясының бір-екі курсын бітіріп, Е.Брусиловскийді алып, Алматыға келген кезі.

...Аxаңның көрегендігін айтайын деп отырмын. Сол тұста Ленинградта Андреев атындағы оркестр болған. Орыстың ұлт-аспаптар оркестрі. Соны көрген қырағы ғой. Содан ішінен армандап, «осындай бір оркестр құрсам-ау» деп жүрсе керек. Сол уақытта ағайынды Науша, Маxамбет Бөкейxановтар, Уақап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұxитов, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, тағы басқа осындай домбырашылардан оркестр құрылады. Қазақ өнерінің жалауын желбіреткен Құрманғазы оркестрі, менің естуімше, дүниеге осылай келді. Оркестрдің құрамына кірген домбырашылардың біреуі нота білмейді. Әрқайсысы әр елден, әр жақтан келген, бірі – Құрманғазының мектебі, бірі – Мәменнің, бірі – Тәттімбеттің, бірі – Дәулеткерейдің мектебі. Ол кез – қазіргідей нотаға қарап отыратын заман емес. Уақап Қабиғожин деген өзін-өзі еркін ұстап отыратын серілеу келген азамат екен. Бір күні концертке дайындалып жатқанда Құрекеңнің «Сарыарқасы» ойналады ғой. Аxаң қолды сілтеп келіп қалғанда әр жақтан жиналған «сәйгүліктер» ағып жөнеледі. Алдындағы кішкене нотасына қарап, қолын сілтеп тұрған Аxаң бір уақытта қараса, Уақап домбырасы алдында, аузына насыбайын салып қойып отырған көрінеді. «Уақа, неғып ойнамай отырсыз?» десе, «Әй, менің елдің «Сарыарқасында» шаруам жоқ. Өзімнің «Сарыарқам» әлдеқашан біткен» деген екен. Қазір бізге күлкілі ғой. Ол уақытта мұның бәрі қиямет-қайымның көпірінен өткендей шаруа еді.

...Байқаймын, кейде жігіттер Құрман­ғазы оркестрін симфониялық оркестрге қарай сүйрегісі келеді. Құрманғазы оркестрі – симфониялық емес, оның бояуы да, репертуары да, мәнері де – ұлттық дүниеміз. Басқасына жете алмай, бардан айырылып, екі ортада шөре-шөре боп қалу оп-оңай, меніңше, ондай қауіп бар сияқты».

...Мен 1959-1962 жылдары филармония­да көркемдік жетекші болдым. Ол уақытта Еуропаның симфониялық оркестрінің үлгісі ме екен, саxнаға қарағанда қобызшылар сол жақта, домбырашылар оң жақта отырады. Ал қазақ домбыра тартқанда оң аяғын сол аяқтың үстіне салады. Сол кезде біреудің көн табаны, біреудің резеңке табаны залда отырған xалыққа қарап қалады. Бәрінің бірдей керім аяқ киімі бар дейсің бе – біреуінің табаны қисайып қалған, біреуінің өкшесі желінген, біреуінің тұмсығы жыртылып қалған. Содан ойласып келіп, «Жоқ, бұл болмайды екен. Кімнің қай жақта отырғанында не тұр?» деп шештік. Осы күнгі оркестрдің орналасуы – сол 1959-1960 жылдары ақылдасып шешкен «посадкамыз». Мұның бәрі – батысқа еліктеуден туып жататын олқылық».

«...Құрманғазы оркестрінің құры­луынан басталған заманнан бері қарайғы уақыт – қазақ музыкасының үлкен бір серпілісі, үлкен бір биікке көтерілген тұсы. Бас-аяғы жетпіс жыл уақыт ішінде дүниежүзілік музыка мәдениетінің деңгейіне көтерілдік». 

Иә, 1934 жылдан бастау алып, алдымен 11 адамнан, кейіннен тағы 6 адам қосылып, 17 адамнан тұратын оркестрдің алғашқы тобын сол кезде басқарған А.Жұбанов болатын. Әрбіреуі әр жақтан келген, ноталық сауаттары болмаған, бірігіп, ансамбль болып, ұжымдасып орындаушылықпен таныс емес, бұған қоса әрбіреуі әр орындаушылық мектептің күйшілері және әрқайсысының тек өздерінің орындауларын дұрыс деп есептейтін дарабоз күйшілердің басын біріктіріп, барлығын бір күйді бір уақытта, бірдей тексте, ортақ ырғақта орындауға көндіру – ол кезде оңай шаруа емес екені әркімге де аян. Бұл сияқты түбегейлі іске қанша еңбек керек, қандай шыдам керек, сол кездегі оркестр мүшелерімен тіл тауып сөйлесіп, ортақ мәмілеге келіп, әуелі жеке-жеке үйретіп, сосын оркестрге қосылып тартуға үйрету – ҚР еңбек сіңірген артисі Бахтияр Құбайжанов ағамыздың сөзімен айтқанда: «Сондай қиын-қыстау заманда «оркестр құру» деген сөз қазіргі «ғарышқа ұшқалы жатырмыз» деген сөзбен бірдей жаңалық еді» (Шаймардан Қалиақпаров «Құрманғазының ізбасарлары», Семей, 2018 ж.). Осының бәріне шыдап, шыдап қана қоймай, кейін керемет нәтижеге жеткен А.Жұбановтың еңбегін ешқандай өлшеммен өлшеу тіпті мүмкін емес. Осылай құрылған бір кездегі ҚазЦИК-тің домбырашылар ансамблі бүгінгі таңда сексен алты жылды артқа тастап, тек өзіне ғана тән орындау үлгісіндегі үш жарым мың репертуары бар аты әлемге әйгілі ұжым, бүгінде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрге айналып отыр. Академик А.Жұбановтың ғұламалығы қазақтың қобызы мен домбырасының осы оркестр арқылы бүкіл дүниежүзілік аренаға шығып, басқа елдердің аспаптары сияқты өздерінің ғажайып үндері мен xалқымыздың бай мұрасын бүкіл әлемге жеткізу болатын.

Ұлы Ахаңның бұл ізгі ниеті, түбегейлі бағдарламасы түгелімен орындалды деп толық айта аламыз. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрін білмейтін ел кемде-кем. Оркестр қай елге барса да, кімдердің алдында өнер көрсетсе де, таңдай қағып таңғалмайтындары жоқ. Өзінің ерекше құрылымымен, ешкімге ұқсамайтын үнімен, ұлттық репертуарымен, әрбір шығарманы (күйді) жеріне жеткізе орындайтын виртуозды мүмкіндіктерімен, табиғилығымен ерекшеленетін бұл оркестр – бүкіл дүниежүзілік сахнада өзінің белгілі дәрежедегі орнын алған ұжым.

Осы орайда, тағы бір дерек – («Ана тілі» газеті, №28, 12 шілде 2007 ж.) ­Азамат Қалмахан Омардың «Қазақты өнері құтқарады» деген мақаласында: «...Сол сан ғасырлық мәдениетіміздің ішіндегі ұлтты ұлт етіп қалыптастыратын тамаша өнер түрлері – сөз бен саз – деп айта келіп: «...Құрманғазы атындағы оркестр 1949 жылы Қытайға барған сапарында «Сарыарқа» күйін орындайды. Сонда залда отырған қытай әскерлері құдіретті күйдің әсерімен орындарынан қалай тұрып кеткендерін білмей, ұзақ уақыт қол соғып, оркестрге қошемет көрсеткен».

Міне, осыдан-ақ қазақ халқының музыкасының, оның ішінде Құрманғазы күйлерінің кез келген, тіпті көрмеген, естімеген, танымайтын адамдарға тигізетін әсерін, ықпалын, бүкіл бір ұлтты селт еткізетін ғаламат күшін білуге болар еді.

Осы ғажайып оркестрді академик А.Жұбановтан кейін елу жылдай дерлік басқарған ол кісінің шәкірті, КСРО және ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Сағадинұлы Қажығалиев еді.

Ұлы Ахаңның ол кездегі жас жігіт Шамғон Қажығалиевқа қаратып айтқаны: «Түбінде оркестрді осы азамат ұстайды» деген қанатты сөзі шындыққа айналғанына бүгінде бүкіл еліміз куә.

Құрманғазы оркестрі сексен алты жыл ішінде көптеген оқиғаларды, өзгерістерді бас­тан кешті. Оркестрдің жалпы құрылымы (70-тен 120-ға дейін), аспаптардың жетілдірілуі, репертуар мәселесіндегі көптеген өзгерістер мен жаңалықтар, ұжым ішіндегі тұрақты тыныштық, осының бәріне талмай-шаршамай тер төгіп, оркестрдің мәртебесін көп жылдар бойы биік өреде ұстап және оны әрі қарай дамытқан, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дирижер, екі консерватория (Алматының, Ленинградтың) бітірген, өз ісінің ең жоғары деңгейдегі эрудиты Шамғон Қажығалиев еді.

Ш.Қажығалиевтың басқаруымен 1953 жылы Құрманғазы оркестрі Румынияға (Бухарест) халықаралық фестивальға барып алтын медаль алып қайтқаны туралы Болат Бодаубайдың 2010 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Тұлға» атты романында Е.Рахмадиевпен сұхбат-әңгімесінде баяндалған.

«...Сол жолғы фестивальға әлемнің әр түкпірінен қырық шақты ұлттық оркестрлер қатысқан екен. Содан іріктеле-іріктеле жарыстың ең соңында финалға екі ұжым қатар жеткен ғой, оның бірі біздің Құрманғазы оркестріміз, екіншісі – Румынияның ұлттық оркестрі. Төрешілер алқасы ең соңында алтын медальді екеуіне бірдей берген. Ақтық сында Құрманғазы «Сарыарқа» күйін және оған қоса Сыдық (Мұхамеджанов – А.Т.) марқұмның «Шаттық отанын» орындаған. Егер сол екеуінің біреуі орындалмаса, оркестр бірінші орынға ие бола алмас еді. Онда фольклорлық оркестр болып қалады. Құрманғазының күйі мен қазіргі композиторлық өнер ретінде танылған Сыдықтың шығармасы қанаттасып, ұштасып, бір-біріне әр беріп, нәр беріп тұрғандығы. Сондай-ақ 1953 жылы Құрманғазы оркестрінің жастар труппасының (тобының) да сол Румыния­дан омырауларына мақтанышпен алтын медаль тағып қайтуы тағы да сол Сыдықтың «Шаттық отанының» арқасы болатын. Басқасын былай қойғанда, Сыдықтың осы бір шығармасының өзі-ақ халқымыздың мерейін сонда үлкен биікке бір көтеріп тастаған еді».

 

АХАҢНЫҢ  ОРЫНДАЛҒАН АРМАНЫ

Шынында да, Құрманғазы оркес­трінің алтын қорына енген С.Мұхамеджановтың бұл шығармасы («Шаттық отаны») – оркестрдің үш жарым мыңдық репертуарының ішіндегі ең таңдаулысы және ең әсерлісі.

Оркестрдегі 1958 жылғы аспаптардың ең соңғы өзгерістері де (үш ішекті аспаптар төрт ішекке, екі ішекті аспаптар үш ішекке ауыс­тырылуы) осы Ш.Қажығалиевтың кезінде болды. Әсіресе репертуар мәселесінде оркестрдің негізгі репертуары күйлерден басқа көптеген жаңа шығармалармен толықтырылды. Атап айтсақ, А.Жұбановтың оркестрге арнап жазған «Абай» сюитасы, «Тәжік билері», Е.Брусиловскийдің «Исаның желдірмесі», С.Шабельский, Л.Шаргородскийдің «Той бастары», С.Мұхамеджановтың «Шаттық отаны», М.Қойшыбаевтың «Советтік Қазақстаны», кейінірек осы оркестрге арналып жазылған «Ре-мажорлық симфониясы» (бұдан басқа осы оркестрге арнайы жазылған симфония жоқ). К.Күмісбековтың «Жастық шақ» атаулы вальсі және А.Жұбановқа арналып жазылған «Дала сыры» поэмасы, Н.Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы, Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», «Бұлбұлы» және «Жайлауым бақша жайнаған» әндері, т.б. Бұл тек оркестрдің үш жарым мыңдық репертуарының осы оркестрге арналып жазылған сол кездегі аға буын үлкендерінің шығармаларының шағын ғана тізімі. Осы тізімнен-ақ бұл оркестрде қандай азаматтардың қызмет істегені, шығармашылықпен айналысқаны, оркестр үшін, демек, еліміздің рухани мәдениетінің көтерілуі үшін таза ниетпен, шын жүректен шыққан әрбір музыка маманының жүрекжарды, жанкешті туындылары – бұлардың барлығы бүгінгі таңда үлкен тарихқа айналған дүниелер. Бұл оркестрдің өсу жолын, ол бүкіл қазақ өнерінің, қазақ халқының өсу, даму, шарықтау жолы деп түсінген жөн.

Жылдар өтіп, Ахаң мен Шәкең және тағы да басқа осы оркестрде қызмет еткен майталман дирижерлер сияқты қазақ халқының өз ісіне берілген адал ұлдарының арқасында сүйікті оркестріміз бүгінгі таңдағы жеткен биігінде дүние жүзіне танылды.

Үлкендердің жасы ұлғаяды, орындарына жастар келеді. Ол – өмір заңы. Соңғы жылдары Құрманғазы оркестрінің бас дирижері болып жас маман ­Арман Жүдебаев тағайындалды. Арман – А.Жұбанов атындағы базалық мектепті бітірген, Құрманғазы атындағы консерваторияны домбырадан және оркестрмен дирижерлеу мамандықтарын қоса тамамдаған өте ­дарынды, жігерлі, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас маман.

А.Жүдебаев консерваторияны бітір­ген­нен кейін сол ұжымда ұстаздық қызметке қалдырылады. Халық музыкасы факультетінде өзінің негізгі ұстаздық қызметімен қоса, студенттік халық аспаптар оркестрін де басқарады.

2012 жылы мамыр айында сол кездегі консерваторияның ректоры, ҚР Халық артисі, профессор Ж.Әубәкірованың қолдауымен еліміздің бас қаласы – Астанада өткен концертте А.Жүдебаев өзінің көптен мазалап жүрген ойын, халқымыздың ертеден келе жатқан төл өнері «Күйшілер тартысын» заманымызға сай жаңғырта «Оркестрлердің тартысын» (симфониялық, халық аспаптар оркестрі) жүзеге асырып, екі ұжымды алғаш рет сахнаға алып шықты. Бұрын-соңды алыс-жақын жерлерде мұндай кереметті көрмек түгілі, естімеген, сол күнгі «Қазақстан» орталық концерт залындағы лық толы өнерсүйер көрермен, екі дәстүрдегі, мүлдем екі бағыттағы оркестрлердің келісімді жарысын, бірінен-бірі іліп алып, әрі қарай құлпырта жалғастыруын, қазақтың дәстүрлі күйлері болсын, Еуропаның белгілі шығармалары болсын, бірінен бірінің артық-кемдігі білінбей, керісінше, әр орындаған шығармасымен бір-бірін өзара толықтыра түскен екі ұжымға қатты разы болып, қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Жетілді деген, өсті деген осы емес пе? Бір кездегі қазақ оркестрін алғаш құрған академик А.Жұбановтың арманының орындалғаны емей, немене?

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, респуб­ликалық «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «100 жаңа есім» жобасының мәдениет саласындағы жүлдегері А.Жүдебаев 2013-2018 жылдары ҚР басты ұжымы – Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды. Бұл жылдары оркестрдің материалдық базасы жаңарып, моральді-психологиялық ахуалы тұрақталып, ұжым өзінің шығармашылық жолындағы өсуін еселей дамытып, биік ­белестерге көтерілді. Өзімізде, ТМД елдерінде және алыс-жақын шет елдерде жаңа бағдарламалармен көптеген есте қалатындай мазмұнды концерт өткізді. Соның бірі 2014 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы аты әлемге әйгілі Карнеги-Холл залында өткен оркестрдің концертін тыңдаған бір америкалық конгрессменнің теледидардан айтқан: «Мен жаңа ғана Құрманғазы атындағы оркестрдің концертін тыңдадым. Маған сахнадан бейіштің желі ескендей болды» деген сөзі қазақ күйіне, ­дирижер Арман Жүдебаевқа және ол басқарған оркестрдің орындауындағы қазақ музыкасына берілген үлкен құрмет екенінде ешкімнің де күмәні болмаса керек. 2018 жылы маусымда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен А.Жүдебаев қазақ өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте де Арман ел үмітін ақтайтынына сенімдіміз.

Құрманғазы атындағы оркестр туралы әңгіме болғанда ҚР Халық артисі, академик А.Жұбанов және КСРО және ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ш.Қажығалиев сынды алдыңғы буын ағалар туралы айтуға міндеттіміз.

Сонау 1934 жылдан бастау алған бүгінгі таңда сексен алты жылдық ғұмыры бар әлемге әйгілі бұл оркестрді о баста құрған ҚР Халық артисі, академик А.Жұбанов болатын және кейін жарты ғасыр шамасында оркестрді осы бүгінгі таңдағы жетістіктеріне жеткізген Ахаңның төл шәкірті КСРО және ҚР Халық артисі Шамғон Қажығалиев еді. Осындай іргелі ұжымды басқарып, отызында орда бұзған, ерекше қарқынды талант иесі, жұлдызды азамат Арман Жүдебаевқа болашақта жоғарыдағы ұлы ағаларының жолын беріп, өнер майданының үлкен қайраткері болсын демекпіз.

Кезінде А.Жұбановтың ықыласы шәкірті – Ш.Қажығалиевке түссе, Ш.Қажығалиевтың ықыласы – шәкірті Арман Жүдебаевқа түсті. Халқының көңіліндегі, жүрегіндегі осы үш азаматтың да Құрманғазы оркестріне істеген еңбегі айта қаларлықтай елеулі де ерекше.

Сондықтан бүгінгі таңда оркестрдің «Ұлттық» атаққа жетуі – ең алдымен, оркестрдің қуанышы және осы оркестрді алғаш құрған көреген өнер иесі, ғұлама ғалым, ұйымдастырушы, дирижер, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың еңбегі. Бұдан әрі осы ғажайып оркестрді А.Жұбановтан кейін жарты ғасырға жуық уақыт бойы өсіріп, жетілдіріп, осы бүгінгі күн биігіне жеткізген кәсіби дирижер Шамғон Сағадинұлы Қажығалиевтың еңбегі.

Ең соңында, алдыңғы екі ағасының жүріп өткен жолы бұйырған Құрманғазы оркестрін әлемнің ең таңдаулы сахналарына шығарған, оған қоса осы ұжымды «ұлттық» атаққа ұсынып, өзі оркестрде бас дирижер болып қызмет істеп жүрген кезінде сол кездегі Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мәлім еткен, әрқашан нәтижелі істерімен көзге түсіп жүрген, батыл да іскер, мінезді азамат Арман Жүдебаевтың еңбегі дер едік.

1944 жылы оркестрге Құрманғазы аты берілді, 1967 жылы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген ұжымы», 1978 жылы академиялық оркестр мәртебесі, 1984 жылы «Халықтар достығы» орденді атағы және 2020 жылы «Ұлттық» атағы берілген аты әлемге әйгілі бұл оркестрімізге болашақта да халқымыздың киелі өнерін дәріптеп, бұдан да үлкен белес­терге шыға беруіне тілектеспіз.

Айтжан ТОҚТАҒАН,

профессор, домбырашы,

ұстаз, күй зерттеушісі

2387 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы