• Мәдениет
  • 22 Сәуір, 2021

ЖҮРЕК ЖЫРЫ немесе «жеті келіншек»

«Өз туған ошағыңнан алыста, өзге өлкеде жүріп өнеріңді өрістету мүмкін емес. Шынайы өнер еш боямасыз, өз топы­рағынан ғана тамыр тартады, топыраққа тартып туады екен.»
Орал Таңсықбаев

Рас, біз ақын-жазушыларымызды, әншілерімізді бір кісідей білеміз, ал суретшілерімізді көп біле бермейтініміз де жасырын емес. Алдағы уақытта «Ана тілінің галереясы» айдары аясында сол олқылықтың орнын (егер солай деп қабылдасаңыз) толтыру үшін қазақ бейнелеу өнерінің ірі тұлғалары мен олардың үздік туындыларының мазмұны жөнінде қысқаша баяндап отырмақшымыз.

Араға ұзақ жылдар салып Орал ­Отанына оралды. Алматыдағы бұрынғы ­Гоголь атындағы көркем-сурет учили­ще­сіне КСРО-ның халық суретшісі, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан сол кездегі одақ бойынша тұңғыш суретші-академик Орал аға Таңсықбаев есімі берілді. Өмірінің бар қызығы мен қиындығын өзбек ағайындар арасында өткізген Оралдың аты тым алысқа кетіп, әлемдік мәдениеттің марқасқаларының біріне айналды.

...Жүрек жұдырықтай ет, ұйыған қан. Адамға тән жүректің қысқа кеспірі, меди­циналық, анатомиялық түсініктемесі осы. Ал суреткер жүрегі ше?.. Мысалы, Таңсықбаевтың жүрегі қандай болды екен деп ойлайсың кейде. Кілең бір көкейкесті күйлердің табиғаты секілді әсершіл, көңіл босатар әсем туындылар жазған осы бір кісінің жүрегі өне бойы сыздап, ұйып, толқындайын тулап өткен секілді. Мұхит асып кетпесе де, туған жерден жырақта бар ғұмырын өткізу басқа-басқа, суреткер адамға оңайға түспесе керек. Суретші картиналарын көрген сайын бітімі бөтен осындай бір жай сыр ашатындай көрінеді. Оның санасы сағынышпен сарғайғандай.

Орал аға елге жете алмай қалды, өмірі шетте өтті деп аса бір уайым жеудің де қажеті жоқ, әрине. Өзбек өзағалығын танытты, аты алысқа кетті. Бәлкім сыртта жүріп, сағыныш күйін бастан кешпеген адам ел мен жердің қа­дірін білмейтін шығар. Бәлкім суретшінің шал­қар шабытының қайнар көзі де осындай бір жағдайлардан бастау алды ма екен?

Орал ағаның «Ғашықтар әні» немесе «Жеті келіншек» (суретте) картинасына ден қойсаңыз жоғарыдағыдай ой ұшқынының бәріне жауап айтатын тәрізді. Сыршыл лиризм мен шынайы реализмнің тоғысынан туған туындыдағы ой мен сезімнің шарпысуы, керім салдай сағы­ныш самалы тал бойыңызды желпіп өтеді. Адамның сұлу сезімінің ең шынайы көрінісін ән ғана жеткізе алса, мына картина сондай саздылығымен сол міндетті тым асыра орындап жібергендей.

«Жеті келіншек» – кешегі күндей күркіреп өткен соғыстан оралмаған жеті жігіттің жеті жарының жүрек жыры. Ұлы суреткердің анасы Қалипа ғажайып әнші, әңгімеші, сыбызғышы болған екен. 1947 жылы жазылған «Жеті келіншек» сол Қалипаның құрбыларының, шешелеріміздің ойға оранған жиынтық ­образы. «Жеті келіншек» – атамекенге деген сағыныш сазы.

Сағыныш дегеннен туындайды. Тағдыр­дың жазуымен бе, әлде қолдан жасалған әрекеттің әсерімен бе топырақтан алыстап кеткен суреткер қай қиырда жүрсе де, ата жұртын аңсаумен өтетін аруана секілді. Орал аға Таңсықбаевтың жүрегінде де көз жұмғанға дейін сол сағыну мен аңсау жатқаны анық. Сондықтан бе екен оның даласы мен тауларының асқақ, әнші болып келетіні. «Үнемі сағынып жүретін суреткерлердің туындыларында саз сарыны басым келіп жатады» дейтін зерттеушілер танымын осы жолы да көкірекке тоқып аласыз.

Орал аға елді сағынғанда Мұхтар досы­ның портретіне екі көзі боталап, ұзақ-ұзақ қарайды екен. Сағыныш сазы кеудесін кернеп кеткенде досының қоңыр даусын есту үшін телефон шалып, ынтызар көңілін білдіретін көрінеді. Қазақтың тауы мен даласын сағынғанда көз алдына Қастеевтің картиналарын елестетіп, Құрманғазы күйлерін сағаттар бойына үнсіз отырып, тыңдайды екен. Мұндай сәтте ойын бөлген кісіні жақтырмаған деседі.

Тауларының аласасы жоқ, даласы әнші оның картиналарына қараған сайын кең дүние құшағын ашып сала береді. 

С.КӨРКЕМБЕК

2034 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы